Ұйғыр ауданы тұрғындары киіз үй тігіп, қарсылық көрсетпек
Алматы облысында Ұйғыр атауына қатысты мәселе қайтадан көтерілді.
Алматы облысы Ұйғыр ауданы Кепебұлақ ауылының тұрғындарымыз деген бір топ жастар Ұйғыр ауданының атын ауыстыруды талап етіп, үндеу жариялады. Youtube желісінде Журналисттік зерттеулер агенттігі арнасында жарық көрген видео үндеудің қаралымы сағат сайын өсіп, әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп жатыр.
«Біздің мақсатымыз ұлтаралық қақтығыс туғызу немесе екі ұлттың ортасына от салу емес. Біз тек осы уақытқа дейінгі Амандық Баталов секілді әкімдердің аудан атын ауыстырамыз деп берген уәделерінің орындалғанын қалаймыз. ...Егер ұйғыр ұлты осы елді өз отаным деп санаса, су ішкен құдығына түкірмейтіні рас болса, осы аудан атауының қазақшалануына бірге үлес қоссын» дейді үндеу жариялаған жастар.
Ұйғыр ауданы Қазақстанда ұлт атауымен аталатын жалғыз аудан. Аудан атына Ұйғыр атауы 1934 жылы аудан құрылғанда берілген. Оған дейін бұл аймақты қазақтар Қарадала деп атаған.
Соңғы отыз жылда жергілікті тұрғындар, зиялы қауым өкілдері, тарихшылар тарихи әділдіктің орнауын талап етіп, ауданның атын өзгерту мәселесін қайта қайта көтеріп жүр. Бірақ, жоғары билік халыққа нақты жауап айтпай келеді. Еститін Қазақстан кезеңінде де ел ұсынысын билік естімеген болды. Жаңа Қазақстан дәуірі басталды деген сәтте аудан халқымен кездесуге барған Алматы облысының сол кездегі әкімі Қанат Бозымбаевқа жергілікті тұрғындар бұл мәселені ашық айтқан.
«Аудан атын өзгертуге қатысты Тіл және Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институттары сарапта жасап бітті. Ол орталыққа, мемлекеттік органдарға жіберілді. Алдын ала жұмыстар жүргізіліп жатыр» деген болатын экс-әкім.
Алайда, бұл жұмыстың да ізі көрінбей кеткендей. Билік өкілдерінің бос уәделерінен шаршаған аудан халқы енді міне, қайтадан топтасып, жиналып әлеуметтік желіде видео үндеу жариялап, өз талаптарын айта бастады.
Бір айта кетерлігі, елдегі ұлт пен ұлыстардың бірлігі мен тұтастығын ұстап тұрмыз деп мақтанатын Қазақстан халық ассамблеясы осы мәселеге қатысты өз ұстанымы ашық айтқан емес. Әлі күнге дейін үнсіз отыр. Олардың бұл үнсіздіктері аудан атауын өзгертуді талап етушілерді не елемеу, не менсінбеу сияқты көрінеді.
Біз Қазақстан халқы ассамблеясы атынан мәжіліс депутатының мандатын алған Зәкіржан Кузиевтің Ұйғыр ауданы атауын ауыстыруға қатысты пікірін білгіміз келген. Депутатты бүгін Парламент жиынынан кезіктіре алмадық. Ал WhatsApp желісіне жіберген сұрақтарды оқыған соң, қанша мәрте қоңырау соқсақ та телефон тұтқасын көтермей қойды. Айта кетерлігі, Зәкіржан Кузиевке бұған дейін де жария түрде сұрақ қойған болатынбыз.
Сол сұрақты қайталап қоюға тура келіп тұр:
Қазақстан Халқы Ассамблеясы депутаты ретінде Ұйғыр ауданының атын өзгертуді қолдайсыз ба?
Ұйғыр ұлтының өкілі ретінде Ұйғыр ауданының атын өзгерту керек деп жүрген азаматтардың талаптарын қолдайсыз ба?
Зәкіржан Кузиев саяси сахнаға шыққан соң, Қазақстан Халқы Ассамблеясы өкілі атанған соң, парламент депутатының мандатын алған соң Ұйғыр ауданы атауына қатысты халықтың талабына қандай да бір пікір айтуға міндетті деп білеміз.
Сондай-ақ, егер Қазақстан Халқы ассамблеясының мүшелері осындай мәселелерден қашып, пысып, тығылып жүрмесе, бүгінде ел ішінде осы ассамблеяны тарату керек деген талап та көтерілмес еді деп есептейміз.
Бүгін видео үндеу жариялаған жастар бір айдың ішінде билік өкілдері жауап бермесе, онда заңды түрде митинг өткізіп, киіз үй тігіп, қарсылық акциясын жүргізіп, аудан атын өзгертпейінше шеруге шыға береміз деп отыр.