Депутат Кузиевтің өкілі журналистерді бопсалаушы деп айыптады
Депутаттың көмекшісі: Мынау өрескел қателік. Астана деген қала жоқ.
Өткен айдың соңғы күні депутат Зәкіржан Кузиев өте өзекті мәселе көтерді. «Алматы облысындағы орман және аң шаруашылығындағы 1,5 млн гектар жер 30 адамға ғана тиесілі» деп депутаттық сауал жолдады. Оның ақпаратын бердік. Жиыннан соң тілшілердің сұрақтарына депутаттың «Менде ресми дерек болмағандықтан, нақты айта алмаймын. Бірақ олардың арасында шенеуніктер де, кәсіпкерлер де бар. 15-20 жылдан бері бұл жер солардың меншігінде», — деген сөзін де жарияладық.
Одан кейін бұл тақырыпты жалғастырдық. Оған себеп, ел арасында Кузиевтер әулетінде, оның ішінде Зәкіржанның өзінде жер көп деген сөз бар. Соны нақтылағымыз келіп, депутаттың өзінен сұрадық. Жауабын 1 шілдеде жарияланған мақалада бердік. Кешегі кәсіпкер, бүгінгі депутат бар жерін жасырмады, 500 гектардан астам жердің қожасы екенін ашық айтты.
Экология министрлігіне талап қойған депутаттың кәсіпкер кезінде экологияға келтірген залалын да жазып көрсеттік.
Malim.kz сайты «көп жерлерді иемденіп алған 30 адамның» аты-жөндерін депутат Зәкіржан Кузиевтің өз аузынан білгісі келген еді.
«Менің депутаттық сауалымда олардың қай өңірде және қанша адам екені жазылған. Олардың кім екенін Брекешовтен (экология министрі) сұрап алыңыздар», - деген жауап алдық (З. Кузиевтің бұл сұраққа тіке жауап айтпай, жұмбақтап отыруының себебі мен орман және аң шаруашылығы жерлерін иеленіп алғандардың тізімі сайттарда қалай тарап кеткенін алдағы мақалада арнайы жазамыз).
«Астана деген қала жоқ»
Көріп отырсыздар, «бас жарып, көз шығарған» ештеңеміз жоқ еді, ортаға аяқ-астынан Ришат Асқарбекұлы килікті.
«Мынау өрескел қателік. Астана деген қала жоқ. Запроста Нұр-Сұлтан деп тұр». Ришат Асқарбекұлы бізге осылай ескерту жасады. Астана сөзі кіші әріппен жазылғанын қаперге де алмайды. Редакция қоғамдық көмекшіге депутат Кузиевтің сөзін дәлме дәл емес, автордың баяндауы бойынша беріп тұрғанын ескеруге, ұзақ түсіндіруге тура келді.
Одан кейін мақаланың соңындағы екі абзацты алып тастауды талап етіп шықты. Онда жаркенттіктердің жаз шыға салысымен жағымсыз иіске тұншықанын, қолқаны қабар сасық иіс Кузиевтерге қарасты «Жаркент крахмал-сірне зауытынан» тарағанын, тоспаларында өсіріп отырған балықтары қырылғаны, бұл кемшіліктерді ретке келтіргені жазылған еді.
«Бұл мәселенің көтеріп отырған шаруаға қатысы жоқ» деп бұлқынды. Бірақ, сол екі мәселенің - сасық су иісі мен өлген балықтың дерегі болғанын мойындайды. Тіпті, журналистерді арнайы ертіп барып көрсеткенін жасырмайды.
Осы жерде бізде заңды сұрақ туындады. Ришат Асқарбекұлы біздің редакцияның ішіне араласатын, тапсырма беретін кім? Оған ондай құзыретті кім берді?
(Расын айту керек, «астана деген қала жоқ» деп саяси сауаттылық көрсеткен ол мақалада берілген Зәкіржан Кузиевтің Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбек және Алматы облысының бұрынғы әкімі Амандық Баталовпен бірге түскен фотосына құдайға шүкір, ештеңе демейді).
Зәкіржан Кузиевтің өзіне хабарласып, кім, қайдан екенімізді ашық айтып, сұрағымызды сұрадық.
-Ришат менің ресми өкілім.Соның айтқанын жасаңдар. Неге ақылдаспай істейсіңдер?
-Мақаланы түзетуге тапсырманы сіз бердіңіз бе?
-Оны менің тапсырмаммен істеп жатыр. Бірақ не материал жаздыңдар? Мен бүгін ғана келдім, Ришатпен сөйлесейін, сонымен ақылдасыңдар.
-Бұл әрекетіңізді баспасөз жұмысына қысым ретінде санаймыз, «сіз неге олай істейсіз?
-Мен Ришатпен хабарласайын.
Телефон тұтқасын қоя салды. «Депутаттық сауалды Ришат жазып бердім дейді, сол рас па?» деп сұрау үшін қайтара қоңырау соққан едік, телефонын көтермеді. Алдағы жазатын мақалаға нақтылар сұрақтар да қойылмай қалды.
Есесіне, іле-шала Ришат Асқарбекұлының өзі хабарласты. Айтуынша, Зәкіржан Кузиевке қарасты «Универсал групп» компаниясының ресми түрде баспасөз хатшысы екен. Сондай-ақ, депутаттың қоғамдық деңгейдегі көмекшісі екен.
Қызық, депутат «оны ресми өкілім» дейді. Ал Ришат Асқарбекұлы депутатқа қатысты «компанияның баспасөз хатшысымын» дейді.
«Әр депутатқа көмекшіден бөлек бес қоғамдық көмекшіге дейін рұқсат етіледі. Соның ішінде БАҚ-қа қатысты сұрақтарға жауап беретін адам да қоғамдық көмекші саналады» дейді Ришат Асқарбекұлы.
Депутатқа тиесілі компаниядан ақша алып отырып, депутаттың қоғамдық көмекшісі болу қаншалықты заңға сиятынын тиісті орындарға, Парламент мәжілісі төрағасынан сұрау жолдап, біле жатармыз.
Ал қоғамдық көмекші: «Ол тапсырма берген жоқ (редакция ісіне араласуға). Білмейді (мақаланы). Орыс тілді адам ғой, көп затты түсіне бермейді. Іссапардан келгені бүгін ғана» деді бір жауабында.
Және қызық, депутат «тапсырма бердім» дейді, қоғамдық әлде ресми көмекшісі «берген жоқ» дейді. Онысымен қоймай, депутатты орыс тілді деп ақтайды. Біздің білуімізше, Зәкіржан Кузиев ұйғыр, орыс, қазақ тілдерін жетік біледі.
Бұдан да қызығы, «депутаттың қоғамдық көмекшісі ретінде БАҚ жұмысына араласа алам» деген Ришат Асқарбекұлы өзін «материалға араластырып шығаруға қарсымын» деп шығады.
Депутаттың компаниясынан ақша алатын қоғамдық көмекшінің сөзі Нұр-Сұлтанның күн райындай құбылмалы-ақ екен.
Ал кешке жұмыс уақытан кейін уатсапқа жазған хатында «кешірім сұрайды».
Одан кейін түн ортасына жақын аты-жөнімізді ашып айтпаса да Ришат Асқарбекұлы әлеуметтік желісіндегі парақшасында malim.kz сайты мен тілшілерін бопсалаушылар қатарына қосып, пост та жазып тастайды.
Онысымен қоймай, «бопсалаушы сайт пен киллер журналистке» қалай ақша табу керектігін үйретпек болады.
Әрине, аты-жөнімізді нақты атамаған соң, басқа біреулерді меңзеп тұр деп қоя салуға да болар еді. Бірақ, жауап ретінде жазған жазбаға қарсы ештеңе айтпады. Қайта, сайт директорымен жерлестігін, бір ЖОО-да оқығандығын алға тартып, кешірім сұрағанын және бір көрсетіп, інілігін айтып комментарий қалдырды. Кейіннен онысын өшіріп тастайды. «Бопсалаушы» деп malim.kz сайтын айыптағаны сонымен түсінікті болғандай.
Енді міне, әлеуметтік желіде А-ны айтқан соң, Б-ны да айтуға тура келіп тұр. Тағы да қайталап айтамыз, бопсалау, небір жолмен ақша табу, артқы есікті сығалап жүру Malim.kz сайтының және тілшілерінің жолы, әдеті емес. Қоғамдық немесе ресми көмекшіге, депутатқа сұрақ қойсақ, бар болғаны журналистік жұмысымызды атқардық.
Ришат Асқарбекұлының Зәкіржан Кузиевке қатысты жарияланатын алдағы материалдарды «бопсалаушылардың әрекеті» деп әлеуметтік желіде алдын ала байбалам салуы редакцияға өтпейді.
Ришат Асқарбекұлы, бопсалауды, бопсалаушыны расымен айтқыңыз келсе, өзіңіз білетін бір әулеттің қонақ үйге жасырын камера қойып, атын шығарғанын жазсаңыз, сол ісіңіз абыройлы болар еді. Журналист ретінде сұрақ қою, бопсалау емес.
Басты беттегі фото Зәкіржан Кузиевтің ресми сайтынан.