Алматы қаласының Медеу ауданындағы Шоқай көшесінде бір қабатты мансардалы тұрғын үйдің шатыры өртенді, деп хабарлайды Malim.kz.
ТЖМ мәліметінше, оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер шатырдың ашық жалынмен жанып жатқанын анықтаған. Өрттің жақын маңдағы ғимараттарға таралу қаупі болғандықтан, құтқарушылар суды үздіксіз беру жұмыстарын жедел ұйымдастырған.
Өрт 90 шаршы метр аумақта толық сөндірілді. ТЖМ қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында жалынның көршілес құрылыстарға таралуына жол берілген жоқ.
Оқиға кезінде үйде ешкім болмаған. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.