Иран шегінді ме?

Таяу Шығыстағы шиеленіскен жағдайға қатысты (Иран мен Израиль арасындағы қақтығыс) Abai.kz ақпараттық порталының бас редакторы Нұргелді Әбдіғани мақаласын жариялады. Malim.kz оның негізгі тұжырымдарын ұсынады.
Кешегі түн Таяу шығыс аспаны қыз-қыз қайнаған түндердің бірі болды. Қара аспан зымыран оттарынан жарқыл-жұрқыл жанды...
ИРАННЫҢ ТҮНГІ ШАБУЫЛЫ ТУРАЛЫ:
Иран Израиль аумағына балистикалық зымырандармен соққы жасады. Алдыңғы күнгі шабуылдан гөрі қарқыны бәсең болғанымен, бұл жолы Израильдің әйдік ПВО-сынан өтіп, дөп тиген соққылар аз болмады. Тіпті гипердыбысты зымырандар да қолданылған.
Иран зымырандарының бірі Хайфадағы мұнай өңдеу зауытына дөп тигені айтылады. Иран зымырандары Хайфа портындағы аммиак қоймасын соққылады.
Тель-Авивтегі Израиль Қорғаныс министрлігінің штаб-пәтері маңына да дөп соққы тиді.
Иран зымырандары Хайфа, Кирят Шмона және Тель-Авивке соққы жасады. Жалпы Иранның бұл шабуылдары Бен-Гурион халықаралық әуежайына, Хайфа портына, Ашкелон терминалына, Орот Рабин электрстанциясына және Димондағы ядролық орталыққа бағытталады деп күтілген.
Иран түнде Израильдің қалаларын салмағы 1,5 тонна болатын зымырандармен атқылаған.
Иранның зымырандары дөп тиген тағы бір қала - Бат-Ям. Онда бірнеше ғимарат тұтастай қирандыға айналды. Ондаған адам қаза тапты. Бат-Ям қаласында Иранның шабуылынан 61 ғимаратқа зақым келген. 9 ғимарат толықтай сүріледі.
Иранның түнгі шабуылдарынан қаза тапқандар саны 11 адамға жетті. 350-ге жуығы жараланған. 35-і жоғалғандар тізімінде (бұл ақырғы есеп емес, өзгеруі мүмкін).
ИЗРАИЛЬДІҢ ТҮНГІ ШАБУЫЛЫ ТУРАЛЫ:
Израиль қарап отырмады. Иранға едел-жедел жауап соққылар жасады. Зымырандар атты. Бірақ, шабуылдардың денін Израильдің әуедегі әскері жүзеге асырды.
Израиль көбіне-көп Тегеранды соққылады. Тегеран маңындағы мұнай базасына дөп соққы жасалды. Қаланың қақ ортасында жарылыстар болды.
Израиль Тегерандағы жанармай терминалын соққылап, терминалда алапат өрт шықты. Бұл Тегерандағы ірі мұнай өңдеу терминалы. Күн сайын Тегеран тұтынушыларына деп 7 млн литр жанармай шығаратын. Осыдан соң ел астанасында жағармай дағдарысы туды.
Израиль сонымен бірге Ирандағы 2 МӨЗ-ге де шабуыл жасаған.
Тегерандағы Иран Қорғаныс министрлігі штабы мен технологиялық университетке де соққы жасалды.
Израиль Иранның Керманшах қаласындағы Имам Хасан әскери гарнизонына соққы берді. Иран аумағындағы зымыран ату қондырғыларына соққы жасауды жалғастырды.
Израиль бір уақытта бірнеше бағытта соғыс жүргізіп: Газаға соққы жасады. Газаның бірнеше елді-мекенінде жойқын жарылыстар болды.
Сонымен қатар Йемендегі Хуситтерге соққы берді.
Ескерту: Бұл тек түнгі шайқастардың сұлбасы. Ал алдыңғы күндердің нәтижесі бойынша Израиль айтарлықтай басымдыққа ие. Иранның әскери һәм ядролық нысандарына жасалған эффективті соққылар мен шабуылдарды сөз етпегенде, Израиль Иранның әскери қолбасшылығын мәжбүрлі түрде алмастырды (қолбасшы генералдардың көзін жойды). 9 бірдей Иранның негізгі ядролық ғалымын өлтірді. Әрине, Иранға бұл 9-дан басқа да ғалымдар баршылық. Бірақ, бұл имидждік тұрғыдан да, кадрлық тұрғыдан да Иран үшін ауыр шығын.
БҮГІН: ИРАН ШЕГІНДІ МЕ?
Сонымен бүгін: Осының алдында аятолла Хаменей бастап, өзгелері қостап, Тель-Авивтің “әкесін көзіне көрсетеміз”, - деген Тегеран шегіністі қадам жасағандай болды.
“Иран өзінде ядролық қару болмайтынына кепілдік бере отырып, келісім жасауға дайын”, - деп мәлімдеді Иран СІМ-і.
Мәлімдемеге сәйкес: Израиль ұрысты тоқтатса, Иран да Израильге шабуылдарды тоқтатады.
Иранның СІМ басшысы Аракчи:
- Бүгін біз АҚШ-пен келіссөздерде өзіміздің ядролық келісім жобамызды ұсынуымыз керек еді. Бұл келісімге келуге нақты қадам болатын. Бірақ, Израиль режимі ешқандай келісімге келуге дайын емес, - деді.
Ескерту: АҚШ пен Иранның “ядролық келіссөзі” бүгін Оманда өтуі тиіс-тін. Өтпеді!
ИЗРАИЛЬ ТОҚТАҒАН ЖОҚ…
Бірақ, Израиль тоқтаған жоқ. Бүгін Израиль Иранның ядролық нысандарына жаппай соққы жасайтынын айтып, Иран халқына ескерту форматындағы үндеу жасады. Ядролық нысан маңындағы халықты жаппай эвакуациялануға шақыруда.
Израиль ұшақтары Иранның ондаған нысанына соққы жасауда. Жанармай және әскери қоймалар отқа орануда.
АРАША
БАҚ, соның ішінде CNN: “Иран билігі Оман мен Катар басшыларын араға салып, АҚШ-пен байланысуға тырысуда”, - деп жазады.
Тегеранның тілегі - АҚШ ықпал етіп, Израильдің шабуылын тоқтату, ядролық келісім жасасу.
Бұл ретте Берлин, Париж бен Лондон арағайындық ұсынып, Тегеранмен тілдесуге дайын екенін айтты.
Алайда, Израильдің тоқтамауы себепті, Иранның Сақшылар корпусы жауап соққы жасайтынын айтуда…
Әрі қарай не боларын көре жатармыз, әзірге осы…
Фото: Tomer Appelbaum/REUTERS

Ең көп оқылған
