Көш басында Түркістан – Жаңа Қазақстан кедейлер елі бола ма?
2019 жылдан бері өсумен келе жатқан аш-жалаңаш қазақстандықтар Тоқаевтың Жаңа Қазақстанында
2022 жылдың ІІ тоқсанында аш-жалаңаш күйде өмір сүріп жатқан халықтың саны артқан. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы (ҰСБ) хабарлады. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне қарасты бұл бюро зерттеуді «үй шаруашылықтарын іріктемелі зерттеу» тәсілі бойынша жүргізген.
Бюро келтірген мәлімет бойынша, ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табыспен күнелтіп жатқан халықтың үлесі 5,1 пайызды құрайды.
«Үй шаруашылықтарын іріктемелі зерттеу бойынша табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі (кедейлік деңгейі) 2022 жылғы II тоқсанда 5,1% құрады, бұл 2021 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 0,3 пайыздық тармаққа жоғары. Кедейлік қаупіне үй шаруашылықтарының көлемі қатты әсер етеді. Осылайша, 5 және одан да көп адамнан тұратын үй шаруашылықтары арасындағы кедейлік деңгейі 2022 жылғы II тоқсанының қорытындысы бойынша 9,3%-ды құрады, бұл жалпы кедейлік деңгейінен 2 есеге жуық артық», - делінген агенттік таратқан ақпаратта.
Жалпы, әлемде кедейлік деңгейін анықтау үшін бірнеше көрсеткішке мән береді. Соның ең негізгісі – әр отбасында күнделікті тұрмысқа қажетті заттардың болуы. Егер ол жоқ болса және отбасы оны сатып алуға қауқарсыз болса, онда ол кедейлік деңгейінде өмір сүріп жатқан отбасылар қатарына кіреді. Егер басында баспанасы болмаса немесе баспана жалдауға қауқарсыз болса, онда олар аштыққа ұшыраудың алдында тұрған, қайыршылық деңгейіне жатады.
Ал, Қазақстанда бұл көрсеткіштер негізінен ең төменгі тұтыну себетi арқылы есептеледі. Адамның өмір сүруі үшін қажетті тамақ өнімдерінің, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің заттай және құн түріндегі ең төмен жинағын білдіреді. Ол азық-түлік себетінен және азық-түлік емес тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге жұмсалатын шығындардан тұрады. Демек, Қазақстанда дәл қазір 5,1 пайыз адам қайыршылықтың аз алдында өмір сүріп жатыр деген сөз. Және оның негізгі бөлігі көпбалалы отбасылар деп қарауға болады. Себебі, бюро келтірген деректе 5 және одан да көп адам тұратын отбасылардың үлес салмағы 9,3 пайызды құрайды.
Енді аздап түсіндіре кетсек. Бюро айтып отырған 5,1 – елімідегі жалпы кедейлік деңгейінде өмір сүріп отырған халықтың пайыздық көрсеткіші; ал, 5 адамнан артық адам тұратын отбасылардың кедейлік көрсеткіші бұдан екі есеге жуық көп. Яғни, Қазақстандағы барлық көпбалалы отбасылардың 10 пайызға жуығы өлместің күнін көріп отыр деген сөз.
Бюро ұсынған мына бір мәліметті де келтіре кетейік: 4 мүшесі бар отбасылар – 2,4, үш адам – 1,1, екі адам – 0,4 пайыз. Қазақсанда 4 баласы бар отбасылар көп балалы отбасы саналатынын ескерсек, 5 мүшесі бар толық отбасылар көпбалалы отбасы категориясына жатпайды, яғни, тиісті жәрдемақы алмайды. Ал, төрт баласы бар толық отбасылар жәрдемақы алады. Демек, бұл қиын жағдайда қалғандар арасында мемлекеттен жәрдемақы алатын отбасылар да бар деген сөз.
Агенттік биыл жаңа құрылған Абай – ШҚО, Алматы – Жетісу, Қарағанды – Ұлытау облыстарына ерекше мән берілгенін жазыпты. Ал, жалпы көрсеткіш бойынша, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылар Түркістан облысында көп екен. Қазақстандағы аш-жалаңаш отбасылардың 10,4 пайызы осы облысқа тиесілі. Екінші, үшінші орында Маңғыстау (6,4%) және жаңа құрылған Жетісу (6,4%) облыстары тұр. Бұрынғы атауы қайтарылайын деп жатқан Астана қаласы кедейлері аз қала есебінде (1,8%) тіркелсе, жаңа құрылған Ұлытау облысы 1,6%-бен кедейі ең аз облыс ретінде аталыпты. Жалпы, жаңа құрылған облыстар ішінде Абай облысы 5,7 пайыздық көрсеткішпен көш бастап тұр.
Айта кету керек, ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы 43 100 теңгені құраған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі жолдауында ең төменгі жалақы мөлшерін 70 мың теңгеге көтеру керек деді, бұған дейін 60 мың болған. Демек, Тоқаев айтқан 70 мыңдық меже жоғарыда келтірілген 5 адамдық отбасылардың жағдайын жақын арада түзей алмайтыны анық. АЕК пен жәрдемақы, зейнетақылар өсіп келе жатыр, бірақ, олардың өсу көрсеткіші елдегі қымбатшылықтың екпініне ілесе алмайды. Бұл ел экономикасының құлдырай бастағанын және теңгенін құнсызданып бара жатқанын көрсетеді.
Салыстыру үшін айта кетейік, 2020 жылдың І тоқсанында табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 4 пайызды құраған. Сол кездің өзінде бұның 2019-бен салыстырғанда рекордтық көрсеткіш екені айтылған. Яғни, бір жыл ішінде 20,1 пайыз жоғарылаған. Ал, қазір бұл тізімге 5,1 пайыз қазақстандық кірген. Демек, соңғы екі жылда 1,1 пайыз отандасымыз жаңа аш-жалаңаштар қатарына қосылған. Тоқаев жыл басында жеке адамдардың банкроттылығы туралы заң әзірлеуді тапсырған (әзірге үнсіз). Егер бұл заң іске қосылса, Тоқаевтың Жаңа Қазақстанында банкрот жариялаушылар аз болмайтын сияқты.