Нарымбаевпен айтысқан Федоров Қырымды еске салды

Елнұр Бақытқызы

  • 05.01.2021

Киевте тұратын азаматтық белсенді Ермек Нарымбаев Ресей думасының депутаты Евгений Федоровтан сұхбат алып, даулы мәлімдемесі жайлы біраз сұрақ қойды. Нарымбаев сұхбат кезінде Федоровтың бүкіл аргументін жоққа шығаратын құжаттар мен деректерді келтірді, бірақ Федоров оны мойындаудан бас тартты.

Нарымбаевпен айтыс

Ермек Нарымбаев Евгений Федоровтан сұхбатты Youtube-тегі өзінің арнасында алды. Федоров қатысқан хабар сұхбат форматында өтті. Федоровтан бір жарым сағат бойы сұхбат алған Ермек Нарымбаев дума депутатымен айтысқаннан гөрі оны сұрақтың астына алып, бетпердесін сыпыруды жөн деп тапқанын жеткізді. Нарымбаев Федоровқа сұрақ қойып, оның бұрыстығын бетіне басып отырса, Федоров өз ұстанымын қайталаудан жалықпады.

Сұхбат басталмай тұрып Ермек Нарымбаев әуелі бзд 9-7, 6, 5, 4, 3,2,1  ғасырдағы картаны, артынша қазіргі дәуірдің 1-16 ғасыр аралығындағы географиялық картаны көрсетті. Оған сәйкес, 45 ғасыр бойы славян халқы Оңтүстік Польша, Оңтүстік Германия аумағында, ал Қазақстан мен Сібір аумағында түрік халықтары өмір сүрген.

Бұл уәжге Евгений Федоров әртүрлі ұлттардың түрі аймақтарды мекендегенін жоққа шығармайтынын, бірақ мемлекеттілік деген бөлек нәрсе екенін түсіндірмек болды. "Қазақстанның мемлекеттік құрылысына келсек, бұл аумаққа Қазақстанның иелік ететіні туралы куәлікті соңғы рет РСФСР 1936 жылы берді. Русь мемлекетін славяндар ғана емес, басқа халықтар да құрды. Сондықтан бұл ұлттық сипатта құрылған мемлекет емес.Мемлекет құрылысы мен этнос деген бөлек нәрсе. Ресейдің өзі 140 ұлттан тұрады", - деп сытылып кетті.

Ермек Нарымбаев "Совет Одағы заңсыз тарады дейсіз. Сотқа жүгініпсіз. Сот неге арызыңызды қарамады?" - деді. Федоровтың айтуынша, оған "жәбірленушілерді дұрыс көрсетпедің" дегендей бюрократиялық себептер түрткі.

"Сот еш уақытта Совет Одағы заңсыз ыдырады" деген арызыңыз бойынша оң шешім шығармайды", - деп кесті Нарымбаев. Оған саспаған Федоров: "Соттар – белгілі бір процестің бер жағы ғана. Ресей 1991 жылы жасаған қателерді түзеп жатыр. Референдум өтіп, бес ай бұрын "Ресей – Совет Одағының мұрагері" дегенді анықтады", - деді.

Оны түзеген Е.Нарымбаев Ресей тек өз аумағындағы Совет Одағының мұрагері екенін ескертті. "Он жыл бойы сотқа арыз түсіріп келесіз. 110 жыл бойы арыз түсірсеңіз де, сот бәрібір қарамайды", - деп қарымта жауап қайтарды.

Федоров шабуылға көшіп, Нарымбаевтан "Совет Одағы заңды түрде тарады ма?" деп сұрады. Оған Нарымбаев: "Тіпті күмәнді болып көрінген нәрсенің күшін келесі кезеңде қабылданған құжат жояды. Беловеж келісімінен кейін Ресей көптеген халықаралық келісімге, құжатқа қол қойды. Онда "Ресей тәуелсіз мемлекет" деп көрсетілген. Өзіңіз "Ресей Совет Одағының мұрагері" дейсіз, демек, өзіңіз Совет Одағы ыдырағанын мойындап отырсыз", - деп шабуылдың бетін қайтарды.

Е.Нарымбаев "Ресей 1990 жылы 12 шілдеде Егемендік туралы декларацияны қабылдап, Совет Одағын ыдыратуға бастамашы болды. Сол мерекені әлі күнге дейін Ресей күні деп тойлап жүрсіңдер. Яғни Совет Одағын ыдыратуға түрткі болған күнді тойлайсыңдар" деп сұрақты қарша боратты. Федоров ұзақ таластан кейін Совет одағы бұл үшін тарамағанын, бұл тек Совет одағындағы ахуалды нашарлатқанын алға тартты, бірақ Ресей күнін басқа датаға көшіруді қолдайтынын шегеледі.

Бір жарым сағатқа созылған сұхбатта Федоров Совет Одағы заңды түрде тарамағанын, оны таратқан бірде-бір құжат жоқ екенін айтудан жалықпады. Тіпті Ермек Нарымбаев дәлел ретінде көрсеткен Беловеж келісімін мойындамады. "Беловеж келісіміне қол қойған мемлекеттер "Совет Одағы субъект ретінде өмірін тоқтатты" дегені факт қана, ол құжат емес", - дейді Федоров.

Оқи отырыңыздар: Ресейдің Қазақстанға саясаты өзгерді

Е.Нарымбаев "Совет Одағынан шығу туралы" заң бойынша Ресей де одақтан шықпағанын, одақтан шығу және мемлекеттілікті анықтау туралы референдум Ресейге кіретін бүкіл автономды республикаларында өту керектігін Федоровтың бетіне басты. Мұнымен келіскен Евгений Федоров Ресей одақтан шықпағанын, егер шығатын болса, референдум өткізуі тиіс екенін айтты.

Тоқетері, Ермек Нарымбаевтың сұрақтарына жауап берген Федоровтың айтқаны мынау: "Қазақстан Совет Одағының ішіндегі тәуелсіз мемлекет. Бізге доспейіл аумақ. Ал достар бір-біріне сыйлық береді. Осыған сүйенсек, Ресейдің Қазақстанға аумақтық претензиясы жоқ. Өйткені Қазақстан Совет Одағынан шығамын деген бастама көтермеді. Ал егер Қазақстан шығамын десе немесе Украина тәрізді сондай пиғылдағы саясат жүргізетін болса, 1991 жылғы заң іске асады.  Аумақтың мәртебесі туралы іс қаралатын болады".

Және Федоров ондай жағдайда 1945 жылғы аумақ қалпына келуі керек, ал аумақтың мұрагері Ресей дегенді ашық айтты. Нарымбаевтың: "Сонда аумақты қалай аласыздар? Күшпен бе?" деген сұрағына Федоров: "НАТО-мен келісеміз. Вашингтон қарсы шықпайды. Қазақ халқы шақырса, барамыз" деді беті бүлк етпестен.

"Халық сіздерді не үшін шақырады екен?" деген сұраққа Федоров: "Халық өзі шешеді. Мен референдумның өткенін қолдаймын" деп қайырды.

Евгений Федоров "Грузия, Латвия, Литва, Қазақстан Ресейдің көпұлтты мемлекеттілігінің бөлігіне айналуы керек" деп кесті. Оның сөзін бөліп жіберген Ермек Нарымбаев: "Бұл еш уақытта жүзеге аспайды. Ал егер күш қолдансаңдар, Ресейдің өзі күйрейді", - деді.

Федоровтың меңзегені не?

Бір қарағанда, Федоровтың айтқаны депутаттың емес, жатса да, тұрса да Совет Одағын қалпына келтіруді көксейтін ауру адамның сөзіне ұқсайды. Дегенмен Ресейдің билікшіл "Единая Россия" партиясының мүшесі Федоров, біріншіден, бұл мәлімдеме жеке өзінің емес, Путиннің айтқан сөзі, Ресей ұстанымы екенін бірнеше мәрте шегеледі. Екіншіден, осы жолы Ермек Нарымбаевпен айтыста да "Әзірге сендерге тарту еткен сыйлыққа таласымыз жоқ. Өйткені Қазақстан доспейіл ел. Алайда алда-жалда Украина тәрізді саясат ұстансаңдар, басқаша сөйлесеміз. Сендерге Батыс араша түспейді" дегенді ашық айтты.

Бұл Қазақстан жетекшілігі мен элитаға Федоровтың аузымен Путиннің жасаған ескертуі іспетті. Билік транзиті кезінде Ресей мүддесіне қайшы шешім қабылданса немесе билікке сондай адамдар келсе, Кремль шетте қалмайды деген емеурін. Федоровтың "халық бізді шақырса, референдум өтсе" деп Қырым сценарийін Қазақстанға таңып отырғаны тегін емес. Оның үстіне 2024 жылғы кезекті президент сайлауының алдында Путин халықтың алдында ұпай жинайтын әдеті бар. Бұған дейінгі сайлаулар алдында Еуразия эконоика одағын құрып, Қырымды аннексиялап алған Путин бұл жолы халыққа сүйкімді болып көрінудің жолын іздейтіні анық.

Сондықтан Федоровтардың мәлімдемесіне "Ресейдің ресми ұстанымын білдірмейтін қысыр сиырдың сандырағы"деп қарамай, Украинадағы сценарийдің алдын алатын жолдарды қарастырып қамдану артық етпейді. Федоровтың месседжін бізден бұрын жақсы ұққан билік бар болса, ең алдымен солтүстікке көшті тездетіп, көшкен халыққа дұрыс жағдай жасауы тиіс.

Оқи отырыңыздар: “Путиннің ұстанымын айттым. Қазаққа жерді сыйға бердік”

Байланысты жаналықтар

"300 жыл бұрын қайда болдыңдар?": Ресей депутаты Қазақстанға тағы да шүйлікті

11.04.2021

Тоқаев: Федоров пен Никоновқа жауап

05.01.2021

"Путиннің ұстанымын айттым. Қазаққа жерді сыйға бердік"

29.12.2020

Мұхтар Тайжан: Алауыздық тудырған телеарна жабылсын

24.12.2020

Дос Көшім: Қазақ жерін өзінен басқа ешкім қорғамайды

24.12.2020

Қазақстан нотасына Кремль жауап бермейді

23.12.2020
MalimBlocks
"300 жыл бұрын қайда болдыңдар?": Ресей депутаты Қазақстанға тағы да шүйлікті

Тоқаев: Федоров пен Никоновқа жауап

"Путиннің ұстанымын айттым. Қазаққа жерді сыйға бердік"

Мұхтар Тайжан: Алауыздық тудырған телеарна жабылсын

Дос Көшім: Қазақ жерін өзінен басқа ешкім қорғамайды

Қазақстан нотасына Кремль жауап бермейді