Қазақстан шетелдік БАҚ көзімен

  • 11.08.2022

 

Қазақстанның әлемдік саяси аренадағы бастамалары қаншалықты насихатталады? Немесе сұрақты сәл басқаша қойсақ, біздің ел туралы әлем не жазады? Әрине, бұл сұрақ бәрімізді ойлантады, бәрімізге қызық. Дегенмен, біз Қазақстан туралы жақсы сөз жазған авторларды білеміз бе? Әрине, елде болған ірі оқиғалар немесе халықаралық деңгейдегі келіссөздердің жөні бөлек, оның хроникасы мерзімді басылым беттерінде жазылып қалады. Ал, біздің ішімізге үңіліп, асылымыз бен жасығымызды, артықшылығымыз бен кемшілігімізді саралап жазатын шетелдік журналист-сарапшылардың материалдарымен танысып отыруымыз керек емес пе? Оның үстіне, бұл Қазақстан туралы жазып жүрген авторлар үшін де қызық болуы мүмкін. Оларды өздері жазып жүрген Қазақстан жұртшылығы қалай бағалайды, қаншалықты біледі?

«БАҚ – төртінші билік» екенін ескерсек, әлемде бұл күшке мән бермейтін ел кем де кем. Сол себепті, БАҚ өкілдері арасындағы түрлі кездесулер мен халықаралық форумдар, немесе түрлі бағыттағы конкурстар жиі өтіп тұрады. Мұның барлығы – қандай да бір мақсатқа құрылған арнайы ұйымдастырылған шаралар. Ол оның ұйымдастырушыларына не береді? Әрине, ең алдымен өздерінің атқарып жатқан ісін жарияға көрсету мақсатында. Егер сіз қандай да бір бастама көтерсеңіз немесе үлкен бір шаруа істеп жатсаңыз, істеп тастасаңыз, ең алдымен оны өзге жұрт қызығатындай етіп жасау керек. Және оны дұрыстап таныстыру мәселесі де маңызды. Осы жағынан алғанда әлемдік БАҚ өкілдерімен жұмыс істей білу өте күрделі процесс. Қазақстан туралы әлемдік БАҚ алаңында не жазылатынын шамалап болжауға болады. Дегенмен нақтылап айта алмаймыз. Әсіресе, Қазақстанның бейбітшілік пен ядролық қарусыздану бағытындағы бастамалары, дінаралық, конфессиаралық, құрлықаралық, халықаралық бағыттардағы немесе экологиялық тақырыптардағы ұсыныстары мен бастамалары кімге болса да қызық тақырыптар. Осы жағын ескере отырып, осыдан 7 жыл бұрын қолға алынып, өткізіле бастаған шетелдік БАҚ өкілдері арасында байқау ұйымдастырылған. Содан бері дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан бұл конкурс осы уақытқа дейін жүздеген журналистік зерттеу жұмыстарын және түрлі мақалалардың басын қосып, үздіктерін анықтады.

Биыл аталмыш байқау «Жаңа Қазақстан шетелдік БАҚ көзімен» деген тақырыпта өтті. Мәнісі түсінікті, биылғы Қазақстандағы реформалар. Дегенмен, тек қана бір бағытты емес, бірнеше номинацияны қамтитын байқауда тек Қазақстандағы жағдай емес, еліміздің әлімдік саясат сахнасынан айтылған дүниежүзілік бастамалары мен жетістіктері жайлы да сөз болады. Яғни, бұл байқау қалай айтсаңыз да Қазақстанның әлемдік аренадағы имиджінің бір насихаты іспеттес нәрсе.

Иә, сөйтіп биыл жетінші мәрте өткізіліп отырған байқау халықаралық қатынастар, тарих, мәдениет, туризм, денсаулық сақтау, спорт, ядролық қарусыздану, жаңартылатын энергия көздері сияқты тақырыптарды қамтитын материалдар арасында өтті. Оны анықтайтын қазылар алқасы: Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, Бас редакторлар клубының басшысы Бібігүл Жексенбай және «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ  Басқарма төрағасы Талғат Аманбаевтар бастаған мамандар болды. Олар соңғы он екі айда жарияланған материалдарды сараптап, жеңімпаздарды анықтады.

«40 елден түскен шетелдік журналистер мен блогерлердің материалдарымен 50-ден астам өтінімді қарастырды. Үміткерлердің материалдары газеттерде, журналдарда, интернет-басылымдарда, танымал интернет-платформаларда, блогтарда, сондай-ақ подкаст түрінде жарық көрді. Қамтылған тақырыптардың ішінде халықаралық қатынастар, тарих, мәдениет, туризм, денсаулық сақтау, спорт, ядролық қарусыздану, жаңартылатын энергия көздері және т.б. Шетелдік БАҚ елімізде ағымдағы жылдың басынан бері болып жатқан жүйелі өзгерістерге, «Жаңа Қазақстан» аясындағы саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларға ерекше назар аударды», - делінген ұйымдастырушы Сыртқы істер министрлігі таратқан мәлімдемеде.

Биыл бұл байқаудың қорытындысы бойынша жеті автор жеңімпаз болған. Америка аймағы, Еуропа елдері, ТМД және Еуразия кеңістігі, Азия – Тынық мұхиты, Таяу шығыс және Африка елдері деген айдарлармен, аталған аймақтардың авторларынан арнайы үздігі таңдалатын бұл байқаудың ерекшелігі сол – қатып қалған номинациялық тақырып жоқ. Үздік деп танылған, байқауға қатысқан авторларды өз аймағы бойынша жеңімпаз деп таниды.

Енді үздіктерге келсек:

«Америка аймағында Ottawa Life журналының журналисі Донован Маккензидің Қазақстандағы саяси реформалар бағдарламасы туралы мақаласы үздік деп танылды. Еуропа елдері арасында британдық блогер Тристан Хьюздің өтініші ең қызықты деп танылды. Оның подкасты былтыр Кембриджте өткен сақтардың археологиялық мұрасына арналған көрмеге арналған болатын. «ТМД және Еуразия» айдарында грузин сарапшысы Гүлбаат Рцхиладзенің Қазақстан мен Грузия арасындағы тарихи байланыстар тақырыбына арналған мақаласы атап өтілді. «Азия – Тынық мұхиты аймағы» номинациясында Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің (АӨСШК) қызметі туралы мақалалар жариялаған The Korea Herald газетінің журналисі Санджай Кумардың өтінімі үздік деп танылды», - деп хабарлайды ұйымдастырушылар.

Бір қызығы, биылғы байқауда Таяу Шығыс пен Африка елдерінен екі бірдей жеңімпаз таңдалыпты. Бұл екеуі – Марокконың Le Matin және 12.ma басылымдарының журналисі Дрис Лакубидінің өз елі мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық тақырыбына арналған мақалалар топтамасы және ANKASAM-ның Орталық Азия мәселелері жөніндегі түрік сарапшысы Эмрах Кайның «Жаңа Қазақстанды» құру туралы талдамалық мақаласы.

Биылғы байқаудың тағы бір ерекшелігі – туризмге қатысты номинацияның қосылуы. Соңғы кездері әлемде қарым-қатынас жеңілдеген сайын туризм кез келген елдің экономикасы үшін негізгі табыс көзіне айналып келеді. Сол себепті, бұл номинацияның қосылуы өте дұрыс шешім болғанын айта керу керек. Қазақстанның туристік әлеуетін, айшықты жерлерін насихаттау сол туризмге қосылған ең үлкен үлес болмақ. Биылғы алғашқы жүлдені Қазақстан туралы араб тіліндегі электронды кітап үшін кувейттік турист-блогер Халид Альмутаири марапатталды.

Байқау жеңімпаздары биыл қыркүйек айында марапатталады. Астана, Алматы, Түркістан, Бурабайда болып, арнайы саяхаттарға қатысады. Тағы бір айта кетерлігі, бұл топ биыл Қазақстанда өтетін адамзаттың ең ірі конфессияларының жетекші қайраткерлері қатысатын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезіне қатыса алады. Бұл тақырып бойынша да, Қазақстанның туристік мүмкіндігіжәне өзге де жетістіктер туралы тағы бір-бір үздік материал жазса несі бар, ол да Қазақстанның халықаралық қатынастардағы имиджіне қосылған бір үлес болмақ.

Байланысты жаналықтар

Қазақ тарихындағы жылан жылы. 2025 жылдан не күтеміз?

31.12.2024

Қанат Бозымбаев ТЖМ, ІІМ және әкімдіктердің мереке күндеріндегі қауіпсіздікке дайындығын тексерді

09.12.2024

Еліміздегі жолдардың сапасы сын көтере ме? Мониторинг жүргізілді

02.12.2024

Сириядағы соғыс: Асад жанталасуда. Бірақ…

02.12.2024

Елімізде 26 млн ұялы байланыс абоненті бар – Статбюро

30.11.2024

Қыркүйектің басынан елімізде 7 әскери қызметші мерт болды - журналист

14.10.2024
MalimBlocks
Қазақ тарихындағы жылан жылы. 2025 жылдан не күтеміз?

Жыл жағымды жаңалықпен басталады

Қанат Бозымбаев ТЖМ, ІІМ және әкімдіктердің мереке күндеріндегі қауіпсіздікке дайындығын тексерді

Мереке қарсаңында ІІМ мен ТЖМ қызмет көрсетудің күшейтілген жұмыс режиміне көшуде

Еліміздегі жолдардың сапасы сын көтере ме? Мониторинг жүргізілді

Мониторинг қатысушыларының 60% астамы сапасыз жол кесірінен өзі немесе жақындары апатқа түскенін айтқан

Сириядағы соғыс: Асад жанталасуда. Бірақ…

Сирияның “Хаят Тахрир аш-Шам” бастаған антиүкіметтік құрылымдары Мәскеу мен Асад режиміне нағыз “блицкригтің қандай болатынын” көрсетіп бағуда.

Елімізде 26 млн ұялы байланыс абоненті бар – Статбюро

Оның 18,7 млн-ы интернетке қосылған

Қыркүйектің басынан елімізде 7 әскери қызметші мерт болды - журналист