Қазақстанның таулары бар, бірақ туристері жоқ: неге?

Парадокс болса да, шындық жайт: Қазақстан аумағында орналасқан Алатау мен Алтай таулары өзінің қайталанбас сұлулығы, ерекшелігі және климаттық жағдайлары бойынша Альпіден кем түспейді, тіпті кей тұста асып түседі. Соған қарамастан, еліміздің тау туризмін ұнататындары Алатауды – Ала-Тооға, ал Алтайды – Гудаури бағытына алмастырып жатыр, деп жазады Malim.kz.
Мәдениет және спорт министрлігі ішкі туризмнің дамуында жетістіктерге жетіп жатырмыз деп мәлімдегенімен, нақты деректер қазақстандық тау туристерінің көрші және алыс шетелдерге жиі шығатынын көрсетіп отыр. Арақашықтық оларды қорқытпайды. Оларды шегіндіретіні – еліміздегі тау курорттарының қымбаттығы мен лайықты сервистің болмауы.
Бұл туралы туроператорлар мен шекара қызметінің деректері дәлел. 2023-2024 жылғы қысқы маусымда Қазақстаннан Грузия мен Қырғызстанға тау туризмі үшін шыққандар саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 15-20 пайызға артқан. Бұл – көңіл көншітпейтін үрдіс.
Иә, патриоттық сезімге жүгінуге болады, бірақ, кешіріңіз, адамдар, қарапайым тілмен айтқанда, “әмиянмен дауыс береді”. Талдау көрсетіп отырғандай, біздің тау курорттарындағы бағалар ұсынылатын қызмет сапасына сәйкес келмейді.
Біріншіден, Шымбұлақ және басқа да қазақстандық тау курорттарындағы қонақүйлер шетелдегі баламаларға (негізінен Қырғызстан мен Грузияда) қарағанда қымбат, ал сервис сапасы айтарлықтай төмен.
Екіншіден, жабдық жалдау, көтергіштер, тамақтану бағасы да қалтаға ауыр, әрі Қырғызстан мен Грузиядағыдан қымбатырақ. Бұл елдерде тура сондай ақшаға турист жоғары деңгейдегі жайлылық пен әсер алады.
Үшіншіден, Қазақстанда тау-шаңғы курорттарының таңдауы тым шектеулі: Алматы маңында шоғырланған 2-3 ғана шынайы жұмыс істейтін нысан бар. Қырғызстанда таңдау үшін кем дегенде 6 курорт болса, Грузияда Гудауриден Бакурианиге дейін әртүрлі деңгейдегі ондаған трасса бар.
Еуропа туралы айтпауға да болады, себебі онда әртүрлі талғам мен бюджетке сай жүздеген курорт табуға болады. Мәселен Словения мен Болгариядағы қолжетімдісінен бастап, Австрия мен Франциядағы элиталық нұсқаларға дейін таңдау бар.
Шындықты мойындайық, Қазақстандағы тау курорттарындағы сервис артта қалған әрі тұрақсыз: білікті кадрлардың тапшылығы, инструкторлардың жетіспеушілігі, сервис мәдениетінің жоқтығы. Туристер жиі әрі орынды түрде кезектерге, көтергіштердің істен шығуына, лас дәретханаларға, жабық асханаларға шағымданады.
Бұған көлік инфрақұрылымының әлсіздігі, ұйымдастырылған трансферлердің, нақты кестелер мен автобус маршруттарының, тұрақ орындарының, сапалы навигация жүйесінің, мобильді байланыс пен Wi-Fi желісінің болмауы қосылады.
Сонымен қатар, отандық тау курорттарында жарқын имидж де, белсенді жарнама да жоқ. Олар тек тәжірибелі туристерге ғана таныс. Қазақстандық таулар дербес туристік бренд ретінде ұсынылмаған, қазақстандықтарды өз елінде демалуға ынталандыратын ірі промо-науқан жүргізілмеген.
Жоғарыда айтылғандар – қалай жасауға болмайтынының мысалы. Ал қалай жасау керек?
Грузиядағы Гудаури, Местия, Бакуриани курорттарында көптеген трасса, дамыған инфрақұрылым, қолжетімді бағалар және жергілікті халыққа тән қонақжайлылық бар.
Қырғызстандағы Чункурчак, Орловка, Қаракол курорттарында баға арзан, әрі жеке кәсіпкерлік белсенді дамуда.
Австрия – ондаған трассасы бар аңызға айналған курорттар, кәсіби сервис, жолға қойылған логистика.
Франция – Les Trois Vallées, Шамони – табиғат, индустрия мен өмір салты арасындағы мінсіз үйлесім.
Словения – бүкіл отбасы үшін қолжетімді Еуропа, ақылға қонымды бағалар мен жоғары сапалы инфрақұрылым.
Дегенмен, сарапшылардың пікірінше, уайымға салынуға негіз жоқ. Қазақстан курорттарының қазіргі жағдайын түзеуге болады. Велосипед ойлап табудың қажеті жоқ. Нүктелік тәсілді емес, кластерлік туризм жүйесін енгізу керек: бір аумақтың өзінде тұру, трасса, демалыс, логистика, қауіпсіздік пен экология біртұтас шешім табуы тиіс.
Сонымен қатар, сервисті және кадр даярлауды басты назарға алған жөн – инструкторлар, әкімгерлер, гидтер, даяшылар, қызмет көрсету сапасының стандарттарын енгізу қажет.
Қалалардан курорттарға трансферді дамыту, көлік шығындарын субсидиялау, қолжетімді қонақүйлер мен хостелдер, отбасылық демалыс аймақтарын салу – курорттардың қолжетімділігін арттырады.
Тағы бір маңызды мәселе – таулар тек қыс мезгілімен шектелмейді. Жазғы треккинг-маршруттарды, йога-туризмді, велошараларды, этнофестивальдерді дамыту керек – бұлар әлемде үлкен сұранысқа ие.
Дегенмен бұл мәселелерді тек бизнес өз күшімен шеше алмайды. Инфрақұрылымға инвестициялар бірігіп салынуы керек: мемлекет жол мен коммуникацияны салып берсе, бизнес – қонақүй мен қызметті дамытсын.
Сарапшылар мынадай қорытындыға келіп отыр: әзірге шетелдік курорттар үлкен басымдықпен алда келеді, бірақ Қазақстанда солармен бәсекелесуге мүмкіндік беретін бірегей табиғи ландшафт бар. Бұл – табиғаттың қасиетті сыйы. Қалғаны – осы байлықты дұрыс пайдалана отырып, туризмді дамыту, брендинг жасау, қолжетімділік пен сервисті жолға қою. Сонда ғана қазақстандық туристер өз елінде демалуға бет бұруы мүмкін.
Олай болмаған жағдайда, Қазақстан өз курорттарын халықаралық деңгейге шығарып, оларды экономиканың өсу нүктесіне және, кешіріңіз пафос үшін, ұлттық мақтанышқа айналдыру мүмкіндігінен айырылып қалуы мүмкін.
Қазақстандағы тау туризмінің қазіргі жағдайына қатысты пікір білдірген «Туризм және қонақжайлылық халықаралық университетінің» аға оқытушысы Нұржан Әбдіразақов былай деді:
Біріншіден, тау туризмі дамымай отыр деп кесіп айту үшін нақты эмпирикалық зерттеулерге негізделген фактілер керек. Мәселен 2024 жылы Қазақстанға келген шетелдік туристердің жалпы саны рекордтық көрсеткішке жетті, яғни 11 миллионнан адамнан асты. Бұл соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіш. Бірақ бұл сан тау туризмін нақты көрсете алмайды.
Тау туризмі дегеніміз не? Тау туризмі – бұл таулы аймақтарда серуендеу, альпинизм, треккинг, шаңғы тебу, сондай-ақ экологиялық және приключение (шытырман оқиғалы) туризм түрлерін қамтитын бағыт. Ол туризмнің ең күрделі, бірақ ең тартымды бағыттарының бірі.
Сонымен қатар, тау туризмі инфрақұрылымға, қауіпсіздікке, гидтер біліктілігіне, метео қызметтерге, маршрут навигациясына тікелей тәуелді.
Сондықтан "қазақстандықтардың көбі өзіміздің Алатауға неге бармайды?" деген сұраққа жауап іздейтін болсақ, субъективті жауап бермей, ғылыми тәсілмен қарау қажет. Қазақстандықтар үшін Алматы маңындағы тауға шығу кейде шетелге барудан да қымбатқа түседі (мысалы, Шымбұлақтағы көтергіш бағасы немесе отель бағасы).
Көпшілік халық тауға шығу жолдары, қауіпсіздік шаралары немесе қайда баруға болатыны туралы нақты ақпарат білмейді. Шетелге қыдыру дегеніміз (Түркия, БАӘ, Египет) – дайын пакет, жайлылық, теңіз, all inclusive. Ал тауға шығу – күш пен дайындықты талап етеді.
Фото: Shymbulak Mountain Resort