Тәуелсіздік символы: патриот болу үшін керемет батырлық таныту міндетті емес
Әлемде 3000 мыңнан астам этнос бар десек, ол ұлттар 200-ге жуық мемлекетте өмір сүріп жатыр. Нақтырақ айтсақ, Біріккен Ұлттар Ұйымына қазіргі кезде 193 тәуелсіз мемлекет мүше. Осы мемлекеттердің тәуелсіздігін паш ететін негізгі белгілер болатынын білесіздер. Ол мемлекеттің орналасатын территориясы, өзінің азаматтары, басқаратын билік жүйесі және тәуелсіздігі. Сонымен бірге, әр тәуелсіз мемлекеттің қажетті атрибуттары болады. Оған елдің заңдарын, астанасын, валютаны, қарулы күштерді және мемлекеттік рәміздерін жатқызуға болады.
Мемлекеттік рәміздер дәстүрі ежелден қалыптасқан. Бір-бірінен тілі мен діні немесе басқашалай да бөлінетін адамзат қауымы айрықша белгілер арқылы өздерін көрсетуге және оларды ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырған. Ұлан-байтақ қазақ жерін мекендеген тайпалар мен одақтардың тамғалары мен әскери ұрандары болған. Ұрысқа шыққанда сол тамғасын ұстап, ұрандатып рух шақырған.
Заманауи мемлекеттік рәміздердің негізі сол ру-тайпалық белгілерден туындады. Алғашқы мемлекеттер пайда болғанда геральдикалық белгілер ел билеуші аристократиялық тектің иеліктерін білдіретін болған. Әрбір аристократиялық тек өзінің геральдикалық нышандары, ең алдымен герб мен тулары болды.
Қазіргі уақытта әр мемлекет халықаралық қауымдастықтың алдында өзін көрсететін символдарын қалыптастырады. Ол мемлекеттің халықаралық қауымдастық мүшесі ретіндегі және егемендігінің айрықша белгісі.
Мемлекеттің ең басты рәміздері - туы, елтаңбасы мен гимнінде әр халық өзінің тарихы мен рухын бейнелеуге тырысады. Елтаңба мен тудағы түстер, өрнектер, күн, жарты ай, жұлдыз және басқа геометриялық пішіндер, гимндегі шумақтар мен әуендер ұлттың бірлігі идеясын, оның мәдени құндылықтарын, өткенмен байланысын және болашаққа ұмтылысын бейнелейді.
Кейде мемлекеттік рәміздер қатарына ұлттық ұранды да жатқызады. Ол мемлекеттің және оның азаматтарының өткен мен болашаққа қатысты үміттері мен армандарын сипаттайды. Мысалға, Чехияның ұлттық ұраны - "Ақиқат жеңеді", Францияныкі - "Еркіндік, теңдік, бауырластық", Түркияныкі - "Өзін түрік санайтын адам бақытты" немесе "Егемендік халықтыкі", Грекияда - "Еркіндік немесе өлім". Ұлттық ұран кейбір мемлекеттердің туы мен елтаңбасында бейнеленеді.
Дегенмен көпшілік елдерде ұран мемлекеттік рәміз ретінде жарияланбаған, ол мемлекеттік гимнінде көрініс табады. Мысалға, Ұлыбританияның гимніндегі "Құдайым, королеваны сақтай көр" деген сөздер конституциялық монархияны ұлттық бірліктің символы ретінде көздің қарашығындай сақтайтынын білдіреді. Ұлттық рәміздерден француз бен немістің, түрік пен испандықтың, жапон мен португалдықтардың рухын көруге болады.
Осылайша, ту, елтаңба және гимн - жалпы әлемде қабылданған мемлекеттің рәміздеріне жатады. Рәміздер азаматтың жеке куәлігіндей, мемлекеттің халықаралық аренадағы идентификациялық белгілері болып табылады. Мемлекеттің атрибуты ретінде рәміздер мемлекеттің бар екенін жария етеді. Басқалармен терезесі тең егеменді мемлекет екенін жариялайды.
Қазақстанда және басқа да посткеңестік елдерде мемлекеттік рәміз деп аталса, басқа елдерде ұлттық рәміз (national symbols) деп атайды. Бұл мемлекет атауы мен ұлт ұғымдарының қолданылуына байланысты болса керек. Ұлт атауы посткеңестік елдерде этнос ұғымына қатысты айтылса, одан тысқары жерде ұлт ұғымы көбінесе мемлекет ұғымының синонимі ретінде қолданылады.
1991 жылы тәуелсіздігімізді жариялаған бақытты сәт туындады. Ол кезде 10 жасқа жаңа келген баламын. Барлық газеттерде бірінші беттері "Тәуелсіздік құтты болсын", "Тәуелсіздік жасасын!" деген хабарларға толы болды. Бодан мемлекетте туған мен сияқты балаға бұл түсініксіз сөз еді. Тәуелсіздік ол не? деген сұрағыма, Анамның: тәуелсіздік - біздің енді еркін ел болғанымызды білдіреді деп, жауап бергені есімде қалыпты.
Тәуелсіздікті жариялау жаңа мемлекет құрудың ең басы ғана болатын. Мемлекеттің алдында үлкен де маңызды істер күтіп тұрды. Жаңа мемлекетті құрудың аса жауапты кезеңі, соның ішінде мемлекеттің атрибутын - өзіміздің мемлекеттік рәміздерімізді анықтау қажет болды. Қазақстан Республикасы - Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мұрагері болса да, жаңа мемлекет кеңестік символдарды қолдана алмайтын болды. Мемлекеттің сипаты, саяси жүйесі, идеология және сонымен бірге қоғам, оның санасы өзгерді. Жаңғырған Жаңа Мемлекетке жаңа рәміздер қажет еді. Бұл рәміздер ата-бабалар армандаған тәуелсіздік идеясын жарқыратып көрсету тиіс болатын.
Өзінің 2017 жылы шыққан "Тәуелсіздік дәуірі" деген кітабында Елбасы, Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев сол кездерді сипаттай отырып: "Рәміздер – мемлекеттіліктің атрибутикасы. Жас республикаға өзінің ерекшелігін айшықты да қысқа, түсінікті бейнеде ұқтыратын символдар қажет болатын. Осынау жауапты міндеттің шешімі көп күш қуат талап етті, " деп жазады.
Рәміздерді әзірлеуге мемлекеттік байқау жарияланып, ұзаққа созылған жұмыс Елбасының белсенді қатысуыммен, 1992 жылдың жазында аяқталды. Сол жылдың 4 маусымында Шәкен Ниязбеков ұсынған жоба - мемлекеттік ту, Жандарбек Малибеков және Шот-Аман Уалиханов ұсынған жоба - мемлекеттік елтаңба болып бекітілді. Тудағы бейнеленген күн және оның шуақтарының, қыран құстың, ұлттық өрнектің және аспан түстес көк түстің біздің халқымыз үлкен символдық мәнге ие. Дөңгелек пішіндес елтаңбадағы шаңырақтың бейнесі одан күн шуағындай таралған уықтар, мифтік тұлпарлар, жоғары жағындағы бесбұрышты жұлдыз біздің болмысымызды бейнелейді.
Сол жылғы байқау қорытындысы бойынша Қазақ КСР гимнінің музыкалық редакциясын сақтау туралы шешім қабылданды. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы гимнінің музыкасының авторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди болды. Сөзінің авторлары болып байқауда жеңіске жеткен Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева танылды. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы гимні 14 жыл мемлекеттік және салтанатты шараларда қалықтады.
2006 жылдың 6 қаңтарында парламент Елбасының бастамасымен Шәмші Қалдаяқовтың "Менің Қазақстаным" әнінің негізінде жаңа мемлекеттік гимнді бекітті. Сөздерінің авторлары Жүмекен Нәжімедденов және Нұрсұлтан Назарбаев. Жаңа гимн 2006 жылы 11 қаңтарда мемлекет басшының салтанатты инаугурациясы кезінде алғаш рет орындалған болатын.
Мемлекеттік рәміздерді қорғау мемлекеттің маңызды функцияларының бірі. Осының белгісі ретінде үкімет қаулысымен 4 маусымның мемлекеттік рәміздер күні болып анықталуын айта аламыз. Қоғамдағы мемлекеттік рәмізді қолдануға байланысты 2007 жылдың 4 маусымында "Мемлекеттік рәміздер туралы" Қазақстан Республикасының заңы қабылданған болатын. Осы заңға негізгі мақсаттарының бірі - мемлекеттік рәміздерді қорғау және азаматтардан республиканың рәміздеріне құрметпен қарауын қамтамасыз ету. Мемлекеттік рәміздерге құрметсіздік танытқан жағдайда әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Бірақ та, мемлекеттік рәміздерге құрметті күшпен таңу мүмкін емес. Ол құрмет шынайы және шын жүректен шығуы қажет. Бұл жерде өзіміз үлгі бола отырып құрмет танытсақ жастар көргенін істейді. Баланың қоршаған ортасына қарап бой түзейтіні белгілі.
Мемлекеттік рәміздердің жас жеткіншіктердің патриоттық сезімдерін қалыптастырудағы алатын орны ерекше. Менің ойымша, патриот болу үшін керемет батырлық таныту міндетті емес. Ең бірінші, патриот адам өзінің отбасын, жақындарын жақсы көретін адам, екіншіден, өзі өмір сүретін қоғамның құндылықтарын сыйлайтын және үшіншіден өзінің мемлекетінің заңдарын сыйлап, өмір сүретін азамат. Ал мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау конституция талабы. Мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауды тәрбиелеу арқылы, мемлекетке құрметпен қарауды үйретеміз. Мемлекетін жақсы көретін азамат өз отандастарына қарсы қылмыс жасап, өз мемлекетінің байлықтарын тонауы мүмкін емес шығар. Мемлекет үшін патриоттарды тәрбиелеу қажеттілік. Ол ұғым тек Отан қорғауға ғана байланысты емес. Ол кеңірек ұғым.
Кез келген мемлекет азаматтарымен мықты. Мемлекетті құрайтын азаматтар. Азаматтық - тұлғаның мемлекетпен саяси-құқықтық байланысы. Бұл байланыс жүзеге аспаса, халық жәй ғана тобырға айналады. Ал санасыз тобыр қауіпті. Сананың төмендеуіне мәдениет деңгейінің төмендеуі, ал оған білім дәрежесінің әлсіреуі тікелей ықпал жасайды. Сондықтан, мемлекет пен азаматтар арасындағы идентификациялық байланысты қалыптастыру ұлттық қауіпсіздігіміздің маңызды шарттарының бірі. Мемлекеттік рәміздерге құрметтің қалыптасуы ұлттық идентификацияның жүзеге асуының белгісі. Мемлекеттік рәміздер тақырыбын қозғағанда, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ресми нышандарға құрметпен қарау жөніндегі жеке өнегелі үлгісіне тоқталмауға болмайды. Оның көріністері – тұңғыш тәуелсіздік рәміздері қабылдаңған күнді – 4 маусым күнін өз Жарлығымен «Мемлекеттік рәміздер күні» ретінде еліміздегі санаулы мерекелік даталар қатарына қосуы, тікелей тапсырмасы бойынша астанамызда мен барлық облыс орталықтарында түрлі ресми салтанатты жиындар өтетін «Мемлекеттік рәміздер» алаңдарының ашылуы.
Президент мемлекеттік немесе ресми сапармен басқа бір елге барғанда, ең алдымен, Отанымызға деген құрметті, рәміздерді орындау арқылы білдіреді. Спорттық жарыстарда жеңімпаздың құрметіне туымыз желбіреп, әнұранымыз шырқалғанда бойымызды кернейтін асқақ сезімді тілмен жеткізуге бола ма екен?
Барлық отандастарымызды мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтай отырып, көк туымыз асқақтап, еліміздің іргесі беки берсін дегіміз келеді.
Жұмағұлов Е.Т.,
Е.А.Бөкетов атындағы
Қарағанды Мемлекеттік университінің
саясатану және әлеуметтану кафедрасының
аға оқытушысы