Жақсылық Омардың пиары немесе саржалдықтардың көз жасы

Шығыс Қазақстандағы Саржал ауылының тұрғындары интернеттің жоқтығынан сан жылдар бойы уланған денсаулықтарын емдей алмай жүр. Ал осы аймақтағы басшылар әлеуметтік желіде бюджеттің ақшасына мақтанып біте алмай жатыр.

  • 30.09.2021

Шығыс Қазақстандағы Саржал ауылының тұрғындары интернеттің жоқтығынан сан жылдар бойы уланған денсаулықтарын емдей алмай жүр. Ал осы аймақтағы басшылар әлеуметтік желіде бюджеттің ақшасына мақтанып біте алмай жатыр.

 Саржал әлемге әйгілі ауыл. Өткен ғасырда Жерді жойып жібере жаздаған Семей полигоны дәл осы ауылдың төрінде. Жарты ғасырда бес жүздей атом сынағы өткен. Атом жарылысын саржалдықтар сұрап алған емес. Зұлмат болып Мәскеудің жіберуімен келді. Адамзат қолымен жасалған апаттан аман қалған бүгінгі саржалдықтар Ақордаға жалтақтап, «Цифрлы Қазақстанның» шапағатын күтумен жүр. 

«Бізше Шүрек дейді, полигонның құжаттарында Телкем-1, Телкем-2 дейді. Осы жерде 1968 жылы сутегі бомбасы тасталған үлкен апан бар. Көл бар. Атылып жердің астынан шыққан су, күні бүгінге дейін жатыр. Содан шыққан топыраққа міне, неше жыл болды? 50 жылдан асты. Бір тал шөп шыққан жоқ. Оны енді, атомның зияны демегенде, не дейсіздер? Сол топырақты тазалап бер деп жатқан жоқпыз. Жергілікті амбулаторияға барсақ, кейде дәрігердің алдында сағаттап отырамыз. Ауырып отырған науқас тоса ма? Шипа іздеп барған жерден керісінше, дертіңді асқындырып қайтасың. Аудан орталығы Қарауылдағы емханаға немесе Семей қаласына интернеттің жоқтығынан, дәрігер бізді керек маманға жібере алмай отырады», - дейді ауыл қариясы Серікбай Ыбырай.

Дәрігерлік амбулаторияның меңгерушісі Аяр Иманғалиева ауыл тұрғынының сөзін растап, осы мәселенің шешілмегені дәрігер жұмысына кедергі келтіріп жатқанын айтады.

«Кешенді медициналық ақпараттық жүйеге ем іздеп келген науқасты тіркей алмай, интернеттің жоқтығынан хирургқа, эндокринологқа,  кардиологқа, ауруына байланысты мамандарға бағыттай алмай отырамыз. Мысалы өткенде он шақты күн интернеттің жоқтығынан бағдарламаға кіруге мүмкіндік болмады. Келген адамды 15 минут ғана қабылдауымыз керек. Бірақ  сағаттап ұстап, направление бере алмай отырамын, - дейді Саржал дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі.

Саржал ауылында 2 мыңға жуық тұрғын бар. Яғни, бүгін-ертең жаба салатын ауыл емес. Аудан әкімі мәселені білеміз дейді. Бірақ, орталық құптаса, қатырамыз ғой дегенге салады.

 «Медеу мен Саржал ауылдық округінің арасына мұнара орнату биыл жоспарда бар. Облыстан қаржы бөлінсе, тұрғындар интерпен толықтай қамтылады»,- дейді Абай ауданының әкімі Нұржан Оразбекұлы.

Жалпы, 2017 жылы бұрынғы президент Назарбаевтың тапсырмасымен «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы қабылданған. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін арнайы министрлік, орталықтар да ашылды. Екінші президент Қасым-Жомарт Тоқаев та цифрландыруды үдетуге бірнеше мәрте тапсырма берді.  2018-2022 жылдарда бағдарламаны іске асыруға 108 миллиард 683 миллион 142 мың теңге де қарастырылды. Осыншама қыруар қаржыны қажетсінген «Цифрлы Қазақстан» деген не еді, өзі? Ол елдің экономикасын, өндірісін, білім саласын, медицинасын, саудасын, көлік қатынасын тағы да басқасын цифрландырып, барлық үрдістерді жылдамдатып, тұрғындарға барынша қолайлы жағдай жасауға тиіс болатын. Мәселен, Саржалдың ауылдық дәрігері алдына келген науқасты «Цифлы Қазақстан» арқылы Семейдегі, не Алматыдағы, не астанадағы салалық дәрігерге қараттырып, диагнозын қойып, ем-домын жасауы керек. Ал қазіргі жағдайда яғни, «Цифрлы Қазақстан» сөз жүзінде ғана өркендеп тұрған сәтте Саржалдың екі мың тұрғыны бір бағанның жоқтығынан дұрыс емделе алмай, орталыққа жолдама ала алмай, бастары қатып жүр. Ал сол бір бағанды орнату соншалықты қиын іс пе?

Аймақ басшысының ісіне қарасаң, Telegram желісіндегі Ras aіtamyn каналының жазуынша, облыс әкімі Даниал Ахметов әлеуметтік желіде өзі жұмысын көрсетуге ақша шашумен келеді.

Арбаның алдыңғы доңғалағы қайда жүрсе, соңғысы да солай жүредінің кебі ме, Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар да бюджеттің ақшасын өз пиарына аямай жұмсап жүр. Мәселен, Ras aytam-ның жазуынша, Жақсылық Омар басқаратын әкімдік жыл басынан бері әлеуметтік желіде (!) қызметін көрсету үшін үш келісімшарт жасасқан (MOST ЖШС-мен 2,5 млн теңгеге , “Шығыс ақпаратпен” алдымен 9 млн теңгеге, шілдеде 7,1 млн теңгеге). Яғни, атқардық деген жұмыстарын әлеуметтік желіде көрсету үшін бюджеттің соншама ақшасын қия салған. Атқарылған нақты іс болса, халық оны әлеуметтік желісіз-ақ көрер еді деп, сөз шығындамайық.

Ал Даниал Ахметовты түсінуге болар, зейнеткер адам, жаңа технологияны түсіне бермес. Әлеуметтік желідегі бір жазбаны  «Хабардың» бір сюжетіндей көрер. Бірақ, жас әкім Жақсылық Омардың бюджет ақшасын әлеуметтік желіге жұмсап жүргені қалай, өзі? Мұнда біз оған мақтанбасын деп отырған жоқпыз. Әкім Жақсылық Омар расын айту керек, кез келген блогерді шаң қаптырады. Әлеуметтік желінің шаңын қағады.  Әлеуметтік желіде кез келген жағдайда тікелей эфир жүргізіп, істеген жұмысын мақтанбай айтқанда алдына жан салмайды. Міне, осындай қабілетті, талантты адамның, еш шығынсыз әлеуметтік желіде жарқырап көріне алатын әкімнің бюджеттен ақша бөлдіріп, сол әлеуметтік желіде әләуләй айтып отырғаны түсініксіз.

(Әлеуметтік желіде Ж.Омардың жұмысын насихаттайтын көп роликтің бірінен скриншорт)

Шоң әкім Ахметов пен кіші әкім Омаровтардың әлеуметтік желіге шашып жатқан бюджет ақшасын осы аймақтағы саржалдықтардың интернетіне қажетті бағанға жұмсаса, екі әкімнің беделі түсіп қалмас еді ғой. Саржағал ауылының тұрғындары да азаптап құтылып, Назарбаев пен Тоқаев айта беретін "Цифрлы Қазақстанның" шапағатын көрер еді. Әлде "Цифрлы Қазақстан" деген Даниал Ахметов пен Жақсылық Омар сияқты әкімдерді әлеуметтік желіде жарнамалайтын бағдарлама ғана ма еді?

Сәке Әкімбай

Байланысты жаналықтар

Өскеменде Конституция және қала күні тойланды

31.08.2024

Саясаттан кеткен Даниал Ахметов Парижде спортшыларға қолдау көрсетіп жүр

05.08.2024

Шығыс Қазақстан облысында әйелге найзағай түсіп, қаза болды

03.07.2024

Шығыс Қазақстан облысында жер сілкінді

24.04.2024

Шығыс Қазақстан облысында қуаты 3,3 балдық жер сілкінісі тіркелді

03.04.2024

Даниал Ахметовтың қызы 51,1 млн субсидия алды

04.07.2023
MalimBlocks
Өскеменде Конституция және қала күні тойланды

Өскеменде Республика алаңында Конституция және қала күніне арналған үлкен концерт өтті.

Саясаттан кеткен Даниал Ахметов Парижде спортшыларға қолдау көрсетіп жүр

Экс-әкім жеңіл атлеттермен кездесу өткізді.

Шығыс Қазақстан облысында әйелге найзағай түсіп, қаза болды

ШҚО ТЖД баспасөз қызметі өз қызметкерлері оқиға орнына шақырту алмағанын атап өтті.

Шығыс Қазақстан облысында жер сілкінді

Сейсмологтардың айтуынша, зілзала - 2 балл.

Шығыс Қазақстан облысында қуаты 3,3 балдық жер сілкінісі тіркелді

Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан көлінің шығысындағы Боран ауылында магнитудасы 3,3 болатын жер сілкінісі тіркелді, деп хабарлайды Malim.kz.

Даниал Ахметовтың қызы 51,1 млн субсидия алды

Даниал Ахметовтың қызы Әделия Ахметова Павлодар облысында өзінің ауыл шаруашылығын дамыту үшін 51,1 миллион субсидия алған,- деп хабарлайды Курсив.