12 қазан күні кешке Астана, Көкшетау, Петропавл және Қостанай тұрғындары аспаннан жарқыраған белгісіз нысанды көргенін хабарлады. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаларда соңынан ұзын жарық із қалдырған нысан байқалады, деп хабарлайды Malim.kz.
Threads желісінде еліміздің солтүстігіндегі бірнеше қаладан түсірілген кадрлар жарияланды. Астаналық қолданушы "Астана аспанынан мұны тағы кім көрді?" деп сұраса, өзге қалалардың тұрғындары да ұқсас бейнежазбаларын бөліскен.

Алайда жарияланған кадрларға қарап, жұрттың бір нысанды көргенін немесе әртүрлі құбылысты байқағанын анықтау мүмкін емес.
Кейбір желі қолданушылары оны белгісіз ұшатын нысанға балаған. Дегенмен оның не екені әзірге анықталған жоқ. Материал жарияланған кезде осы құбылысқа қатысты расталған түсініктеме болмаған.

Бұл қандай құбылыс болуы мүмкін?
Мұндай жарық метеороидтың немесе адам жасаған ғарыш нысанының, мысалы, зымыранның пайдаланылған сатысының атмосфераға енуінен пайда болуы мүмкін. Екі жағдайда да аспанда соңынан жарық із қалдырған жарқыраған нысан көрінеді.
Бірақ осы жолы тұрғындардың нақты не көргенін айтуға дерек жеткіліксіз. Ол үшін құбылыстың қай уақытта байқалғанын, нысанның қозғалыс бағытын және жарықтың қанша уақыт көрінгенін білу қажет.
Айта кетейік, 8 қазанда да Астана тұрғындары аспандағы ерекше жарықтың кадрларын жариялаған. Сол кезде кейбірі түнде жарқыл байқап, қатты дыбыс естігенін айтқан. Алайда бұл екі оқиғаның өзара байланысты екені расталмаған.