Америкалық кәсіпкер әрі инвестор Баладжи Сринивасан Астананың болашағын Дубай мен Сингапурдың дамуымен салыстырды. Ол бұл пікірін Сингапурда өткен The Network State Conference 2026 конференциясында айтты, деп Malim.kz тілшісі Astana TV телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Coinbase криптобиржасының бұрынғы технологиялық директоры елорданың тазалығын, заманауи келбетін және даму қарқынын жоғары бағалаған. Оның пікірінше, Қазақстандағы мүмкіндіктерді халықаралық капиталмен және білікті мамандардың тәжірибесімен ұштастыру жақсы нәтиже бере алады.
"Меніңше, бұл – келесі Дубай, келесі Сингапур", – деді Network School негізін қалаушы. Ол Қазақстанның қажетті рұқсаттар беріп, жұмыс істеуге жағдай жасай алатынын, ал өз тарапының міндеті қаржы мен талантты мамандарды тартып, жобаларды жүзеге асыру екенін түсіндірді.
Сринивасан инвесторларды Alatau City жобасына да назар аударуға шақырды. Кәсіпкер бұл жобаның келешегіне сенетінін білдірген.
Конференция 9 қазанда Сингапурдағы Marina Bay Sands көрме және конгресс орталығында өтті. Ұйымдастырушылар жариялаған бағдарламада Ethereum негізін қалаушы Виталик Бутерин, Binance басшысы Ричард Тенг және Polychain негізін қалаушы Олаф Карлсон-Ви спикер ретінде көрсетілген.
Қазақстан тарапынан Жаслан Мәдиев, Саясат Нұрбек және Alatau City Authority бас директорының орынбасары Баян Қонырбаевтың баяндамалары жоспарланған. Жиында жаңа қауымдастықтар құру, технологиялық жобаларды қаржыландыру және инновацияны дамытуға қолайлы жағдай қалыптастыру мәселелері талқыланды.