Ғасыр кеселі саналатын, кесірі көп есіркімен күрес жұмыстарын жүргізуде Астана қаласы алдыңғы қатардан көрініп келеді. Шаһардың құқық қорғау органдары осы бағытта бірқатар кешенді шараларды атқаруда. Есірткі сату арналарын жою, оны таратумен, сатумен айналысатындардың жолына тосқауыл қою сияқты істер ретімен жүзеге асып жатыр. Жас буынды есірткінің зиянды әсерінен қорғауға бағытталған кездесулер ұдайы ұйымдастырылуда. Мұның бәрі де «Заң және тәртіп» қағидаты аясында өткізіліп келе жатқаны белгілі.
Сондай шараның бірі бүгін Астанадағы Есіл өзенінің жағалауында өтті. Бұл - есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алуға арналған «Ашық микрофон» акциясы. Іс-шараны Астана қаласы Полиция департаменті қала әкімдігімен бірлесіп өткізді. Акцияның негізгі мақсаты – тұрғындармен ашық диалог орнату, жастардың есірткінің заңсыз айналымына тартылуының алдын алу, қоғамда саламатты өмір салтын дәріптеу және есірткіге қарсы азаматтық ұстанымды қалыптастыру. Шара барысында қала тұрғындары мен қонақтары ашық микрофонға шығып, есірткінің зияны, жастар тәрбиесі және дұрыс өмірлік ұстаным жөнінде өз пікірлерін білдірді. Ұйымдастырушылар қатысушыларға түрлі сұрақтар қойып, ең мазмұнды әрі шынайы жауап иелеріне естелік сыйлықтар табыстады.
Астана қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы Әлия Қибатқызының айтуынша, акция қоғамның назарын өзекті мәселеге аударып, тұрғындармен еркін пікір алмасуға мүмкіндік береді.
«Біз бұл шараны Полиция департаменті, қала әкімдігі, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы және еріктілермен бірлесіп ұйымдастырдық. Көздегеніміз – тұрғындардың пікірін тыңдап, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру. Есірткіге қарсы күрес – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан мұндай бастамаларға әр азаматтың қолдау білдіруі маңызды», - деді бөлім басшысы.

Акция аясында Полиция департаментінің кинологиялық қызметі арнайы көрсетілім ұйымдастырды. Келушілерге қызметтік иттердің тыйым салынған заттарды анықтау тәсілдері көрсетіліп, кинологтардың күнделікті жұмысы таныстырылды. Кинологиялық қызметтің кіші инспекторының сөзінше, иттер күн сайын арнайы бағдарлама бойынша жаттығып, кішкентай кезінен бастап үйретіледі. Алдымен негізгі командаларды меңгерген жануарлар кейін арнайы іздестіру жұмыстарына бейімделеді. Қазіргі таңда кинологиялық орталықта 50 қызметтік ит бар.
Шараға еріктілер де белсенді қатысты. Олар тұрғындармен әңгімелесіп, ақпараттық материалдар таратып, жастарды зиянды әдеттерден аулақ болуға үндеді.
«Біз осы акция арқылы қателікке бой алдырған адамдардың өз өміріне басқа қырынан қарап, дұрыс таңдау жасауына ықпал еткіміз келеді. Полиция қызметкерлерімен бірлесіп, есірткінің таралуын азайтуға бағытталған профилактикалық жұмыстарға қатысып келеміз. Бұл – барлығымызға ортақ жауапкершілік»,- деді еріктілердің бірі.
Акцияға қатысқан тұрғындар да бастамаға оң бағасын берді.
«Меніңше, бұл бастаманың маңызы зор. Өйткені жастардың бәрі бірдей есірткінің адам өміріне тигізетін ауыр зардаптарын толық біле бермейді. Бүгін көпшіліктің пікірін тыңдап, өз ойымды бөлісуге мүмкіндік алдым. Полиция қызметкерлері мен еріктілердің халықпен тікелей тілдесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуі көңілге қонымды болды. Осындай кездесулер жасөспірімдер мен жастарға ой салып, саналы таңдау жасауға ықпал етеді деп ойлаймын».
Іс-шара соңында ұйымдастырушылар қоғамның қауіпсіздігі әр азаматтың жауапкершілігінен басталатынын атап өтіп, тұрғындарды есірткіге қарсы күреске белсенді атсалысуға шақырды.
Диамара Қуанышева