Бельгия королі Филипп пен патшайым Матильда Қазақстанға мемлекеттік сапармен келе жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен өтетін сапар 11-14 қазанға жоспарланған, деп хабарлайды Malim.kz.
Король мен патшайым Астана және Алматы қалаларына барады. Олармен бірге 110 адамнан тұратын делегация келеді. Оның құрамында министрлер, 25 компания басшысы және 10 университет ректоры бар. Бұл Филипптің мемлекет басшысы ретінде Қазақстанға және жалпы Орталық Азияға алғашқы сапары болмақ. Бұған дейін ол елімізге мұрагер ханзада ретінде 2002, 2009 және 2010 жылдары келген.
Сапардың ресми бағдарламасы 12 қазанда Ақордадағы салтанатты қарсы алу рәсімінен басталады. Одан кейін кеңейтілген құрамдағы келіссөздер өтеді. Сол күні король мен патшайым Астанадағы Ұлттық балаларды оңалту орталығына да бармақ. ҚазАқпараттың мәліметінше, бұл бағыт патшайым Матильдаға жақын: ол логопедия мамандығы бойынша білім алған.
13 қазанда мәртебелі қонақтар Қазақстанның Ұлттық музейін аралап, бельгиялық суретші Джеймс Энсордың көрмесінің ашылуына қатысады. Сондай-ақ Назарбаев университетінде маңызды минералдар жөніндегі дөңгелек үстел және "Қазақстан – Бельгия" іскерлік кеңесінің отырысы жоспарланған.
Бағдарламада Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығына бару да қарастырылған. Мұнда қонақтар студенттермен кездесіп, екі ел университеттері ректорларының форумына қатысады. Ал 14 қазанда делегация Алматыға ұшып, Ядролық физика институты мен Алматы өнер музейіне барады.
Бельгия король сарайының ресми сайтында сапар барысында көлік, денсаулық сақтау, маңызды минералдар, технология, жасанды интеллект және мәдениет салаларындағы ынтымақтастыққа басымдық берілетіні айтылған.
Ақорданың хабарлауынша, сапар қорытындысында бірлескен мәлімдеме қабылданып, бірқатар екіжақты құжатқа қол қойылады деп күтілуде.