«Жарқын Болашақ»: Маңғыстаулық 1 мыңнан астам жас тегін білім алып жатыр

Маңғыстаулық 1000-нан астам жас «Жарқын Болашақ» бағдарламасы аясында тегін білім алып жатыр, деп хабарлайды Malim.kz.
Маңғыстау облысында жүзеге асып жатқан «Жарқын Болашақ» білім беру бағдарламасын биыл 166 жас аяқтап отыр, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы корпоративтік қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2022 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан жоба 12-22 жас аралығындағы маңғыстаулық жастарға еліміздің үздік колледждері мен мектептерінде тегін білім алып, кәсіби және тұлғалық дамуына мүмкіндік беріп келеді.
Биыл бағдарлама аясында 78 түлек мектепті, ал 88 түлек колледжді аяқтады. Жастар Астана, Алматы, Көкшетау, Қарағанды, Өскемен, Петропавл, Павлодар және Тараз қалаларында орналасқан үздік білім беру ұйымдарында білім алған. Таңдаған мамандықтары да сан алуан: туризм, аударма ісі, бағдарламалау, педагогика, менеджмент, құқық және тағы басқа. Айта кетері, бағдарлама қатысушылары 100-ден астам мамандық арасынан өзіне жақын саланы таңдай алады.
Жобаға «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен және Bilim Foundation қорының ұйымдастыруымен жүзеге асып келеді. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының адам ресурстарын басқару жөніндегі бизнес-серіктесі Гүлшара Әбдіқалықованың айтуынша, балалардың үйреншікті ортадан жаңа қалаға көшуі – ата-аналар үшін үлкен уайым. Сондықтан бағдарлама мамандары ата-аналармен үнемі байланыста болып, баланың үлгерімі, тәртібі және жалпы жағдайы туралы ақпарат беріп отырады. Сонымен қатар әрбір грант иесіне арнайы координатор бекітілген. Қажет болған жағдайда балаларға қосымша сабақтар ұйымдастырылып, олардың қатарластарымен тең деңгейге болуы үшін жан-жақты қолдау көрсетіледі.
«Жоба алғаш басталған 2022-2023 оқу жылынан бері 1 247 бала тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды. Ал 2024-2025 оқу жылында Жаңаөзен қаласы мен Түпқараған, Маңғыстау, Қарақия, Бейнеу, Мұнайлы аудандарынан 571 бала грант иегері атанды. Ұлттық компания балалардың Қазақстан өңірлерінде сапалы білім алуына жағдай жасауға ерекше көңіл бөледі. Мәселен, осы оқу жылында бағдарлама қатысушылары еліміздің 11 ірі қаласындағы 60 колледж бен бес мектепте білім алып жатыр. Грант иегерлерінің оқу ақысынан бөлек, жатақханасы, тамағы мен жол ақысы төленіп, әрқайсына жоғарылатылған стипендия тағайындалады», — дейді Гүлшара Әбдіқалықова.
Биылғы түлектер арасында Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының колледжінің студенті Жүсіп Жетгенбай да бар. «Мүсінші» мамандығы жайлы бұрын-соңды естімеген жаңаөзендік жеткіншек үшін «Жарқын Болашақ» бағдарламасы өнер саласында шыңдалуға көмектескен. Бағдарлама аясында бозбала үздік ұстаздардан білім алып, алдағы уақытта мүсін өнерінің дамуына үлес қосқысы келеді. Талабы таудай жас мүсінші Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының грантына ие болған. Болашақта ол Ақтау қаласында мүсін мектебі мен музей ашуды армандайды.
«Бұл жоба жастарға өз жолын тауып, мамандық иесі атануына себепкер болғанына қуаныштымыз. Қазіргі таңда шамамен 40 бала электротехника мен автоматтандыру, авиация, тау-кен ісі сынды жұмысшы бағыттарды таңдап отыр. Оларға сәттілік тілеп, болашақта әрқайсы ел дамуына үлес қосады деп сенеміз», — деп атап өтті Samruk-Kazyna Trust қоры бас директорының орынбасары Досбол Көшербаев.
Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі

Ең көп оқылған
