Әзілдеріміз арқылы қоғамдағы түйткілдерді қозғаймыз – Ұnight Show актеры

Көрерменнің ойында қалатын түйін жасауға тырысамыз.

Олжас Қасым

  • 10.06.2024

Сатира саңлағы Сейіт Кенжеахметұлы «Күлдіре білу – өнер, күле білу – өмір, күлкіге қалу – өлім» дейді. Қазір телевизия саласында ойын-сауық жобалар көбейіп келеді. Шоу-бағдарламалар саны артқанымен, әзілдің сапасы артты ма? Жастар аудиториясына қандай контент өтімді?

Осы ретте Malim.kz тілшісі НТК арнасындағы Ұnight Show жобасының резиденті Юсуп Еламанмен сұхбат құрды.    

-Тележоба аудиториясы, мақсаты мен ерекшелігі қандай? 

- Ұnightshow, яғни Ұнайды шоу продюсер Ақылбек Досжанов басқаратын Bas production-ның өнімі. Бағдарлама НТК телеарнасынан эфирге шығып келеді. Бұған дейін екі маусымы өткен болатын. Мен тележобаның үшінші маусымында ұжым қатарына қосылдым. Әзілге құрылған шоу бағдарлама негізінен жастар аудиториясына арналған. Олардың тарапынан жобаға деген қызығушылық басым деп айта аламын. Ұnightshow әр жұма сайын сағат 18.00-де НТК арнасынан берілсе, сенбі күндері ютуб арнаға шығады.  

- Цифрлық дәуір жастарын таңғалдыру оңай емес екені мәлім. Жобаның форматын қалай таңдадыңыздар?

- Қазіргі таңда жастар да, ересек көрермендер де «Жайдарман» ойындарын қызығып көретіні белгілі. Өзіміз де көңілді тапқырлар клубының сапында сахнаға шығып, айналамызға танылдық. Бұл тележоба форматы, байқасаңыз, «Жайдарманға» келіңкірейді. Табан астында импровизациямен ұтымды әзіл айтып, келген студия қонағының талғамынан шығуға тиіспіз. Сценарийін жобалап алғанымызбен, мұнда алдын ала дайындалып алу деген болмайды. Қажет кезде шағын скетчті ғана әзірлеп, жазуымыз мүмкін. Негізінен импровизацияға басымдық беріледі. Елге де сол қызық қой. Сондықтан біздің шоуды көруге асығатындар көп. Барлық кезең тікелей көрерменнің көз алдында өтеді.

- Ойын-сауық бағдарламалардағы жеңіл-желпі әзілдер жиі сыналады. Ал сіздер мұндай сындарды назарға алып жүрсіздер ме?   

- Кез келген сынды қабылдауға дайынбыз. Бізде жеңіл әзілдер көп емес, себебі әр әзіліміздің соңында айтар түйініміз бар. Әуенді әзілдер арқылы да қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғаймыз. Мысалы, медицина саласындағы түйткілдер, үй алу, көше балаларының әні, отбасын құру сынды тақырыптарды арқау етіп келеміз. Көріністер де тура солай, көрерменнің ойында қалатын түйін жасауға тырысамыз. Жастарға дұрыс жеткізу жолын білсеңіз, барлық әзіл өтімді болары анық.

- Бағдарламаның айдарлары да ерекше екен...   

- «Ұнаймын» деген айдарымыз бар. Бұл айдарда студияға мейман болып келген белгілі аруларымызға жігіттер «комплимент» жасайды. Тапқыр әзілдерімен өзара бәсекелестікке түскен резиденттерге қонағымыз әділ бағасын береді. Мысалы, қыздың болмысын, нәзіктігін, сұлулығын ерекше креативпен аз уақыт ішінде сипаттаймыз. Сондай-ақ «Реп батл» айдарында резиденттер ұйқасты өлеңмен бақ сынайды. Оларға тақырыпты көрермендер ұсынады. Сол тақырыпты екі топ бөліп алып, бір-біріне қарама-қарсы тұрып рэп айтыс жасайды. Сайысты қызықты, көңілге қонымды етіп алып шығуға тырысамыз.  Ал «Стресс конференция» кезеңінде әртістер белгілі бір образбен шығады. Олар залдағы көрермендердің сауалдарына әзілмен жауап береді. Таяуда «Ұрлайық» (Ұр like) айдары қосылды. Бұл жерде көрермен таңдап алған бір қатысушы караоке түрінде кез келген орысша әнді қазақ тілінде шырқауы керек. Әрине, бұл ретте те импровизация талап етіледі. Ал «Аз-ақ фильм» айдарында жүргізуші фильмнің оқиғасын ұсынып отырады. Қалай болатынын резиденттер алдын ала білмейді. Тез арада сценарий желісімен актерлік шеберлігін  көрсетеді.

- Жобадағы резиденттер құрамына тоқталып өтсеңіз...

- Резиденттер қатарында Нұрсұлтан Үсенов, Есет Мұрзағазиев, Елдар Жұмағалиев, Азамат Жадырасын, Елжан Халиуллин, Нұрбол Сағидуллин сияқты талантты жігіттер бар. Кейінгі толқыннан Елнұр Зұлқарнай, Бақытжан Қаһар және мен қосылдым.

- Бағдарламаның ютуб арнадағы қаралым саны қалай?

- Бастапқы маусымдарда қаралым саны 1 млн 400 мыңды көрсеткен болатын.  Қазір көрілім сәл азайды. Ютубта ең аз дегенде 100 мыңнан бастап, 700-800 мыңға дейін жоғарылай береді. Шоуымызды теледидардан көретіндер аз емес, ал ютуб арнадан тамашалайтындар тіпті көп. Қазір тұрақты оқырмандар легі қалыптасты. Пікірлерін жазып, қолдап, қуаттап, сын пікірін де іркілмей жазып отырады.      

- Шығармашылық турмен аймақтарда жүрсіздер. Павлодар, Өскемен секілді шаһар жұрты қазақша әзілдеріңізді қалай қабылдайды екен? Әр өңірдің табиғатын, халқының болмысын, тіршілігін зерттедіңіздер ме?  

-  Шығармашылық ұжымымыз аймақтарға мәдени турмен барды. Алғашқы мәрте Павлодар қаласында шоу ұйымдастырдық. Концерт бастан-аяқ қазақша өтті. Халық өте жақсы қабылдады. 6-7 маусым күндері Семей мен Өскеменде концерт өткіздік. Ол жақта да көрермен бізді жатсынған жоқ. Қалай дегенмен де Абай, Шәкәрімдерді туған топырақ қой. Бүгін талдықорғандықтармен жүздесеміз. 11 маусым Таразда, 13-16 маусым күні Қызылорда, Ақтөбе қалаларында, 18-22 маусымда Орал және Ақтау шаһарларында боламыз.  

- Сұхбатыңызға рахмет!

Фото: видеодан скрин

Байланысты жаналықтар

Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін «Шекарасыз мәдениет» акциясы жарияланды

13.10.2024

Елімізде ойын-сауыққа ең көп шығындалатын Алматы тұрғындары болып шықты

14.09.2024

Қазақстан медиасы әлі де Назарбаевтардың қолында

18.04.2022
MalimBlocks
Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін «Шекарасыз мәдениет» акциясы жарияланды

Қазақстанда қазан айының екінші жексенбісі – Мүмкіндігі шектеулі жандар күні

Елімізде ойын-сауыққа ең көп шығындалатын Алматы тұрғындары болып шықты

Алматылықтардың орташа шығыны елдегі жалпы көрсеткіштен 2 есе асып түсті

Қазақстан медиасы әлі де Назарбаевтардың қолында

Олардың иелігінде  КТК телеарнасымен қатар, НТК телеарнасы, «Европа плюс Қазақстан», «Русское радио Қазақстан» радиолары, Караван,  Kazakhstan today басылымдары бар.