"Жедел жәрдемге" қоңырау шалып әзілдеген ақтаулыққа айыппұл салынды

Ақтауда 29 жастағы ер адам "жедел жәрдемге" қоңырау шалып, көп мөлшерде дәрі ішіп қойғанын айтқан. Алайда оқиға орнына келген жедел жәрдем бригадасы оның өміріне қауіп төніп тұрмағанын анықтады. Әзілдеген жігітке айыппұл салынды, - деп хабарлайды Malim.kz Маңғыстау облыстық жедел және шұғыл медициналық көмек станциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға 22 мамырда сағат 22:00-де болған. "103" қызметіне Ақтаудың 26-шағынауданының тұрғынынан көп мөлшерде дәрі ішкені туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына келген жедел жәрдем қызметкерлеріне ер адам әзіл ретінде қоңырау шалғанын мойындаған.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл шақырту жалған деп танылып, ҚР ӘҚБтК 438-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылған.
Ақтау тұрғынына арнайы қызметтерге көрінеу жалған шақырту жасағаны үшін 117 960 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Анықтама үшін:
ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 438-бабы – Арнайы қызметтерді көрінеу жалған шақыру. Өрт сөндіру, полиция, жедел жәрдем немесе апаттық қызметтерді жалған шақырған жеке тұлғаларға 30 айлық есептік көрсеткіш (117 960 теңге) көлемінде айыппұл салынады.
Фото: gov.kz