Ашаршылық кезіндегі Алаш арыстарының күресі
Жүз жыл бұрын жазылған дүние болғанымен, әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ

Ғасыр бұрын «Қазақ тілі» газетінің 1921 - 1922 жылғы бірқанша санында «Ашаршылықтан құтқару лажы», «Ашыққан ел һәм Семей азаматтары», «Ашаршылық пен күресу», «Қазақ әлі қорлықта» атты Жүсіпбек Аймауытұлы, Міржақып Дулатұлы, Мәннан Тұрғанбайұлының мақаласы.
Жүз жыл бұрын жазылған дүние болғанымен, әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Ашаршылықтан қынадай қырылып жатқан халықтың тағдырына бейжай қарамай, баспасөз беттерінде ашық пікірлерін ортаға салып қана қоймай, қолдан жасалған ашаршылықтың қырғынына ұшырап жатқан қаймана қазақтың қасынан табылып, өңір – өңірге кісі жіберіп жұт болып жатқан жерлерге іс – әркетпен көмектесуді де қолға алады.
Жоғарыда айтып өткен мақалалардың бірінде Жүсіпбек Аймауытұлы:«қырғыншылыққа ұшырап жатқан қазаққа, сұлу сөзден гөрі шынайы іс – қимыл керек» - деп сөз соңын түйіндейді.
Жүсіпбек Аймауытұлы «Ашаршылқтан құтқару лажы» атты мақаласында: «Шынында газет жүзінде талай зарланды. Көмекке жұрт шақырды, әдемі сөздер қан құйдыра сөйледі. Биыл емес, көбден айтылып жүр. Ана жылы Жетісу, Сырдәрия қазақ- қырғызы қырылғандада талай жазылған. Бірақ бұл жолмен біркелкі жәрдем жиналмаған һәм жиналмайды. Қайыршыға берген садақа қауым елді аштықтан құтқара алмайды.
Бұған біз сенеміз осы нөмірде кіндіктегі қазақ азаматтарының аштарға жәрдем жыю туралы қаулысы басылып отыр. Айтады:
«Барлық кіндіктегі, жергілікті партиялық, партиясыз мекемелер, жұмыскер ұйымдары жәрдем беру ісіне кірісуі керек; барлық халық жәрдемдессін; баспа сөз жүзінде жыиындарға жұрт жәрдемге шақырылсын, тығыз бұрсатты полномочнилар сайлансын... » тағы пәлен істелсін дейді. «жоғалсын аштық», «өле жегенше, бөле же,» азаматқа деп газет жүзінде өлең жазып, жұрттың жүйкесін босатпақ болады, әйгілемек болады. Соған жұрттың іші- бауыры елжірей қалғаны. «Аш қадірін тоқ білмей- ақ қойсын.» ашаршылықтан құтқару үшін бұл түк құрал емес, жарапазан айтып жинаған жылу қырылып жатқан елдің халімен салыстырғанда дәрия қасында тамшы. Әдемі сөзден, жақсы қаулыдан аштарға келетін пайда шамалы».
Жүсіпбек Аймауытұлының «Ашыққан ел һәм семей азаматтары» атты мақаласында: « Семейдегі қазақ азаматтарының жалпы жиналысы болды.
Жиналыста болғандар: Х. Ғаббасов, М. Дулатов, Қ. Сәтбаев, М. Тұрғанбаев, Нұралин, Сәрсенов, Ғ. Асхақов, Д. Асхақов, Әйсенғұлов, Жиенғалиев, Ә. Бөкейханов, Мұздыбаев, Айтбаев, Оспанов, Ж. Аймауытов, Ш. Асымағұлов һәм басқалар.
Жиналыс бастығы Ж. Аймауытов, хатшы Сәрсенов.
Қаралған мәселелер:
I Қазақ тілін мекемеде қолдану туралы жасалған жоба;
II Ашыққан елдерге жәрдем беру шарасы;
Бірінші мәселе туралы Ж. Аймауытовпен М. Тұрғанбаев жолдастардың жасаған жобалары қаралып, жиылыс аз қосымшалармен қабыл алды.
Екінші мәселе туралы М. Дулатов жолдас баяндама қылды.
Қазақстанда Семей губерниясынан басқа губерниялар аштық құшағын кіргендігін, ашыққан елдің қайғылы хәлін, аштықтан құтқаруға үкімет жәрдем жібергендігін, қиындығын, ел қырылып жатқанда бір губерниядағы ашбен шұғылданып отыру- жан ашымағандық, азамат борышын атқармағандық, тарих алдында үлкен қылмыс екендігін тағы басқа хәл- жайларды айтқаннан кейін, М. Дулатов жолдастың ұсынған жобасы бір ауыздан қабыл етілді.
Міржақып Дулатұлының «Қазақ әлі қорлықта» мақаласында: «Ашыққан елге жәрдем жинау жұмысымен үш айдан бері Семей облысының үш уезін араладым. Қайда барсаң көретінің, жалақор қазақ, қорлықтан- зорлықтан көзі ашылмаған сорлы қазақ!
Мұның алдында «Қазақ тілі» газетіне де, «Бостандық туы» газетіне де жазғанмын, Ақмоладан шыққан отряд қарқаралы уезінің елдерін тал түсте шапқанын, жаншығанын, елін басып, азаматтарына дүре соғып, қызыл қанға бояғанын. Баянауыл ауданынан шыққан милитцияның қарқаралы еліне шығып, бассыздық қылып, жазықсыз кісі атып, жау шапқандай қылғанын да жазғанмын».
Мәннән Тұрғанбайұлы «Ашаршылық пен күресу» атты мақаласында: «Аштардың не халде екенін естіп отырмыз; тамағынан өтетін шөп, ағаштың үгіндісі, шайыры, тышқан жеп жүр. Жегені дерт орында болып ісіп кеуіп өліп жатыр. Аштық азабына шыдай алмай өзін- өзі өлтіріп жүр, пішендеріне от жағып, шаладай төбсін жауып ыс тигізіп өліп жатыр. Өмірден үміт үзген соң әр кім бір басын ғана ойлап, кемпір- шал, жас баланы тағдырдың билігіне тастап, бас ауған жаққа босып кетіп жатыр. Адам баласының, тұқымдас, діндес бауырларының осындай хәлде жатқанын біліп тұрып жәрдем қолын созбаған, жүрегі имікпеген кісі адамшылық атағын көтеріп жүруге лайық емес. Кініәсіз сәбилер, күшті табиғаттың көк тырнағына ілініп құтқарушы жоқтан өліп жатыр. Өлім алдындағы ашты дауыстарымен, қураған сүйек, қолын бұлғап, жанары азайған көздерін созып көмекке шақырып жатыр.
Қазақ көмегіңді көрсет, бауырларыңды өлімнен құтқар».
Міне, тарих, міне факты жазбаны оқып отырсаңыз, Ж. Аймауытұлы, М. Дулатұлы, Ә. Бөкейхан, М. Тұрғанбайұлы бастаған алаштың кіл мықтыларының «ашаршылыққа ұшырап жатқан халықты қайтсек құтқарамыз», «халықты аман сақтап қалудың қандай жолдары бар», осы тығырқтан шығудың жоба- жоспарларын ұсынып әркет жасағаны баян етіледі.
Қаржылай қолдау болып жатса Жүсіпбек Аймауытұлының 135 жыл толуына орай бүгінге дейін жарық көрмеген құнды еңбектерін топтастыру ойымда бар.
№22 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндерінің мұғалімі Ақжол Қадылбекұлы