Бүркіт ақынды екінші рет өлтірген кім?

5 миллион қазақтың мүддесін, 250 миллион советтіктердің мүддесінен  жоғары қойған

Олжас Қасым

  • 23.11.2023

Қазақта Алаш рухымен суарылған арыстар сирек. Кешегі кер заманда ұлтын сүйгені үшін түрмеге айдалып, өмірі тозақтай тар қапаста өткен жандар аз ба? Солардың бірі – бүгінде аты мүлдем атаусыз қалған ақын, білгір ғалым, саяси қайраткер Бүркіт Ысқақов. Бүркіт ақын бізге несімен қадірлі, неге іздеуге тиіспіз? Бәрін басынан баяндайық.                            


                         Аштықта арып, соғыста сор кешкен...  

Бүркіт Ысқақов 1924 жылдың төлі. Қарағанды облысы, Нұра ауданына қарасты Көкмөлдір деген ауылда дүние есігін ашқан. Алтын бесік – туған жері туралы ол «бойы бітік бетеге, Жасыл құрақ жағасы, төскейі гүл-текемет, балдан тәтті ауасы» деп балауса өлеңіне арқау етіпті. Жетелі бала қаршадайынан хисса-дастандарды жатқа айтатын болған. Соның ықпал-әсері болса керек, өзі де өлеңге жақын болып өскен. Бүркіт ақын тағдырдың соққысын бала кезінен сезінді. Ашаршылық жылдарында әке-шешесінен айырылып, Қарағандының балалар үйінде тәрбиеленеді. Жүрегі қатайып, ата-анасынан тым ерте ажыраған оның тырнақалды туындысының «Ана туралы жыр» деген атпен жарық көруі бекер емес. Жас өреннің алғашқы балаң жырлары отызыншы жылдардың соңында  «Қарағанды комсомолы» аймақтық басылымына шыға бастайды. 

Ысқақовтың әдеби өмірге кең құлаш сермеуі 1940 жылы Қарағанды мұғалімдер институтына түскен кезінен басталған. Жазған шығармалары «Советтік Қарағанды», бүгінгі «Орталық Қазақстан» секілді өңірлік баспасөзде тұрақты түрде жарияланып тұрды. Институттан түлеп ұшқан соң сол «Орталық Қазақстан» газетіне жұмысқа орналасады. Алайда, көп ұзамай екінші дүниежүзілік соғыс басталып, Бүркіт қан майданға аттанады. Соғыс аяқталысымен елге оралған жауынгер қаламгер қызметін бұрын өзі істеген басылымда жалғастырды.  Ақынның «Ұлы Нұра жағасында»,      «Сарыарқаның жүрегі» сынды очерк, эсселері, өлеңдері осы уақытта жарияға шыққан. Мұнда ол көп тұрақтамай, Алматы барып балалар баспасөзі «Пионер» журналына қазметке тұрады.  Бұдан кейінгі журналистік еңбек жолы «Білім және еңбек», «Жас  Алаш» газеттерінде өткені белгілі. Қызмет ете жүріп, 1948 жылы   ҚазМУ-ге оқуға түсіп, сосын білімін толықтыру үшін Ұлттық ғылым академиясының аспирантурасына қабылданды.Бірақ... 

                        «ЕСЕП» партиясы қалай құрылды?

Зерттеуші Мұхтар Құл-Мұхаммедтің дерегінше, Ысқақов  1951 жылы аспирантураны  тәмәмдаған. Ал жазушы Медеу Сәрсеке жоғары білімін алып  үлгермегенін айтады. Қан жауып, оқ бораған соғыста «Ұлы Отан» үшін деп жан алып,  жан беріссе де Сталиндік жүйе оны аямады. Сол мезгілде, яғни 1951-53 жылдары  Қазақстанда белсенді жүргізілген «Космополотизм мен ұлтшыл-буржуазияшыларға қарсы күрес»репрессиясына ілікті. Жазықсыз  қуғын-сүргін көрген ғалымдар Есмағамбет Ысмайылов, Ермұхан Бекмаханов,   Қажым Жұмалиевтермен бірге тұтқындалды. «Өкіметке қарсы үгіт жүргізген»деп айыпталғандардың қатарына кіргізілді. 

Бүркіт Ысқақов әкімшіл-әміршіл жүйеге алғашқылардың бірі болып қарсы күрес жүргізген тұлға. Себебі, кешегі 37-38 жылдардағы қанды қасапты, қызыл террорды көзімен көрді. Өзіне ұстаз санаған, зердесінің ашылуына ықпал еткен Алаш ардақтыларының нақақтан оққа байланғанын білді. Қалай да, ұлттың рухына сілкініс жасап, енді бұғып жата бермеудің қажеттілігін түсінді. Дегенмен кесір жүйенің тоңы әлі жібіп үлгермеген болатын.

         "ЕСЕП" партиясы туралы және Б.Ысқақовтың өлең кітабы 

 1940 жылдардың басында Арқа жеріндегі  жоғары оқу орындарында оқып жүрген көзі ашық, рухты жастардың басын қосып, «ЕСЕП» партиясын құрды.  Бұл – «Елін сүйген ерлер партиясы» еді. Саяси ұйымның дабысы кең таралмады  дегенмен, 37-ің салқыны басылмай тұрған кезеңде мұндай қадамға бару көзсіз ерлік, үлкен тәуекел саналатын. 17 мен 20 жас аралығындағы жігерлі жастар тұлғаның соңына еріп, ойы бір жерден шығатын пікірлестер саны көбейе түседі. Қатарларына қызметте жүрген алғадай азаматтар, тіпті мектеп оқушылары да төбе қосылды. Олар Кеңес одағының саясатына осылайша наразылық білдіре бастаған болатын.  Сондықтан, «ЕСЕП» партиясын отарлық езгіден құтылуды армандаған,  қазақты рухани егемендікке бастаған ұйым деп толық айтуға болатындай. «ЕСЕП»-тің құрамында Махмет Темірұлы, Кәмел Жүністегі, Зейнолла Игіліков, Кәрім Сауғабай, Рымқұл Сүлейменов, Мақсым  Омарбеков, Сәбит Адаминов, Арман қани  сияқты саяси көзқарасы ерте оянған  жігіттер болды. Журналист, қаламгер Төрехан Майбастың сөзімен айтқанда, «есептіктер 5 миллион қазақтың мүддесін, 250 миллион советтіктердің мүддесінен  жоғары қойды».  Сонымен қатар, қайраткер тұлғаның «Жас қалам» үйірмесін жүргізгені бар.  Тырнақ астынан кір іздеген айыптаушылар оның «Үндістан» атты шығармасына да шүйлігеді.  Ақынның аталмыш  жырыңда  Ілияс Жансүгіровтің «Гималай», Сәкен Сейфулиннің  «Азия» өлеңдерінің  сарыны бар деп күйе жағады.

                             Озбыр жүйе кескен отыз жыл

Осылайша озбыр жүйе таққан жаламен «ұлтшыл»  атанып, Бүркіт Ысқақов  отыз жылға жаза арқалады. Жезқазған жеріндегі атақты «Степлагқа» айдалады. Бұл лагерь ел арасында тозақтың бір түрі деп айтылады.  

Ақын осылайша жеті қат жердің астында шаңға көміліп, ықтиярынан тыс кен қазды. Ауыр жұмыс арыстай азаматтың денсаулығына салмақ түсіріп, еңсесін басты.   Соғыста жаны жараланғаны аздай, енді лагерьде жүйкесі жүндей түтілді. Алайда, соған қарамастан, өзегін өртеген өкінішін, шер-наласын, қасіретін өлеңге төгеді. Жүрегіндегі жырын бір сәтке де жазуын тоқтатпады. Мойынына зіл батпан салмақ артқан қиындықты солайша жеңгісі келді. 

                 Бүркіт Ысқақов қара жұмыс істеген СтепЛАГ 

Ол қазақ поэзиясында «Тұтқын жыры», «Лагерьдегі өлеңдер» деп аталатын поэзияның жаңа түрін бастады. Ақын тар қапаста көрген қайғы-қасіретін ішке бүкпей, жан дауысын жалпақ жұртқа жеткізуге талпынды. Өзі бір сөзінде «ауыр жағдайда жүргенде өлеңді қалай жаздыңыз?» деген сұрағын еске алады. Сонда шайыр: «Мұндай сауалды қоймас бұрын, Мұса Жәлел, Юлиус Фучик, Назым Хикметтерді еске алған дұрыс. Олар фашизмнің тас түрмесінде қалай шығарма жазғанын елестетіңдер. Оларға қарағанда менің жағдайым жеңілірек болды» деп жауап беріпті.  «Тас өзеннің ызғары» деп аталатын өлеңдер топтамасы  қазақ поэзиясында бұрын-соңды ұшыраспаған жаңалық.  Әдебиет сыншысыы  Мұхаметжан Қаратаев «Ақындарымыздың абақтыда отырып жазған өлеңдері бізге жеткен жоқ, сол олқылықтың орнын олардың ақын ұрпағы  Бүркіт  Ысқақовтың жырлары толтырғандай. Оның бұл өлеңдерінен Сәкеннің сыры, Бейімбеттің мұңы, Ілиястың үні естілгендей болады» деп баға берген.

Айтпақшы, 1951 жылы ұзақ сапарға айдалып бара жатқанда Бүркіт ақын мына өлең жолдарын жазып қалдырған екен. 

«Жазығым болмаса да жұртқа қылған,

Басыма бұғалық сап түстім зындан.

Нақақтан жаламенен жазаландым,

Деген соң: «Бөрі аш болса -  қозы құрбан».

Салынар таразыға ақ-қарамыз,

Шындықтың түбін қоймай ақтарармыз.

Қазіргі қаралаушы, жазалаушы,

Жауыздар, сонда шығар масқараңыз!..».

Ақыры,  ақынның айтқаны айдай келді.  «Жауыздардың масқарасы шығып»,  шындық жеңіп, ол бес жылдан соң  1956 жылы Жезқазғанның жер астынан,  түнекке толы түрмеден босады. Сонда ақын: «Сен енді еркінсің,  сыртқа шық!» деген күзетшіге тік қарап, «Азаттық деген лебізді, естігенде жаутаңдап, аяққа іліп кебісті, жөнеле бердім томпаңдап»,- деп жанарынан жас төгіпті.

                                  Ғалымның докторлық жұмысын кім ұрлады?                 

Алайда, Алматыға абақтыдан шығып, арып-ашып қайта оралғанда ол шығарып салған келіншегінен де, баласынан да айырылғанын біледі. Содан жаны жүдейді, шабыты да мұқалады. Біраз уақыттан соң қайтадан шаңырақ көтеріп, бала сүйеді. Ғылыммен белсенді түрде айналыса бастайды. Орыс ақындарының өлеңдерін аударып, жыр жинақтарын шығарады, ән сөздеріне мәтін жазады. Айта кетуіміз керек, Әмен Қайдаров түсірген «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?!» ертегі-фильмі осы Бүркіт ақынның өлеңмен жазған ертегісінің желісімен қойылған. 

1990 жылы Бүркіт Ысқақов «Қазақ әдебиеті мен Еділ бойы халықтары әдебиетінің идеялық-творчестволық байланысы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғауға әзірленіп жүргенде кенеттен дүние салды. Ақынның рухани інісі, белгілі жазушы Медеу Сәрсеке айтқан мына бір әңгіме сай-сүйегіңді сырқыратпай қоймайды. Қаламгердің өмірден өтуі ауыр жоғалту болса, бұл бассыздық өкініштің тіпті зоры деуге болатындай.  «Ғажап іс: Марқұмның жылын беруге жақындаған мезгілде үйіне ұры түсіпті. Жиһаз-мүлкіне тиіспеген, шкафтағы пұл-дүниеге де қол сұқпаған қарақшы ғалымның докторлық диссертациясын, өмір бойы жинаған архив қазыналарын ғана әкетіпті... Соған қарағанда, талантты жанның қайтадан жарқырап шығуын қаламаған қаныпезер жауыздар қырық жылдан соң қайтып оралып, әруақты тағы бір мәрте мұқатқан...»,-деп ашынысын білдіреді. 

Мағжан жазғандай, Бүркіт ақын үшін «сұм өмір абақты ғой саналыға» болды. Келер жылы қайраткер қаламгердің туғанына 100 жыл толады. Елеусіз кеткен есіл ерді ел болып еске алар ма екенбіз? Әй, қайдам...   

Байланысты жаналықтар

«Таза Қазақстан»: Қарағандылықтар орманға 90 түп қарағай көшетін отырғызады

23.04.2024

«Шахтер» футбол командасының бас бапкері қызметінен кетті

02.04.2024

Қазақстанда 1-сыныпқа құжат қабылдау 1 сәуірде басталады

26.03.2024

Қарағандыда жәбір көрген жедел жәрдем жүргізушісі 5 миллион теңге талап етті

07.03.2024

Қарағанды облысында екі рет мас күйінде көлік жүргізген әкімді жұмыстан шығару ұсынылды

07.03.2024

Қарағандылық әскери қате салынған екпеден көз жұмды

04.12.2023
MalimBlocks
«Таза Қазақстан»: Қарағандылықтар орманға 90 түп қарағай көшетін отырғызады

Көшет отырғызу Қарағанды қаласының 90 жылдығына жоспарланған.

«Шахтер» футбол командасының бас бапкері қызметінен кетті

Футболдан Қарағандының «Шахтер» командасының бас бапкері Игорь Солошенко өз еркімен қызметінен кетті, деп хабарлайды Malim.kz команданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанда 1-сыныпқа құжат қабылдау 1 сәуірде басталады

Өтінішті eGov.kz электрондық үкімет порталы арқылы беруге болады.

Қарағандыда жәбір көрген жедел жәрдем жүргізушісі 5 миллион теңге талап етті

Іс бұзақылық бабы бойынша қаралып жатыр.

Қарағанды облысында екі рет мас күйінде көлік жүргізген әкімді жұмыстан шығару ұсынылды

Қарағандылық әскери қате салынған екпеден көз жұмды

Тексеріс барысында жіберілген қателер анықталды