Ермек Қаныкейұлы. Тарғыл төбет
Ит – адамның досы. Демек, оны ұмытуға бола ма?!
Ақкөлге кеткен әкей түнделетіп кіріп келгенде, сырттағы суық ауа табалдырықтан үй ішіне төгіліп кетті. Маған осы көрініс ұнайды. Бір сылтау тауып, есікті ашып қалуға әзір тұратынмын. Өзіңді бұлтта отырғандай сезіну жақсы-ақ, бірақ тыстағы ақпан аязды кім жақтырсын.
Көп күттірген әкейдің қанары қомақты екенін бәріміз көрдік. Қырдан ауылға түстен кейін май шам, сары шай мен дөңсе (махорка темекі) әкелуге кеткен әкейдің қанары болмауға тиіс еді. Дорбаға сиятын заттар ғой. Шешейдің көзінде таң қалу бар. Екі інім сырмақтың үстінде асық ойнап отырған. Ал менің «жігіт» болған күнім болатын. Шешем қойды қоралап жатқанда осылай деп мақтап қойған еді. Содан бері танауым таңырайып жүргем. Бітірген түгім жоқ, бірақ он үшке толыппын. Бүгін туған күнім екен. «Туған күн» деген сөз маған сонда таңсық естілген. Біздің әулетте ешкім де туған күнін тойлаған емес. Ал мүшел жас – бұны еститінбіз.
Біз сыйлық күтіп өскеміз жоқ, мұндай ұғым ол кезде болған да емес. Сондықтан, қанарға және қанар болғанда да қозғалатын қанарға бәріміз таң-тамаша боп қарап қалған едік. Бір уақта әкей оның ішінен бірдеңені шымшып ұстап, алдымызға көзін енді-енді ашқан күшікті қоя салды. Біз шу ете түстік. Ал әлгі күшік тәлтіректеп сәл тұрды да жантайып жата кетті. Сол түні ұйықтамадым, ақымақтанып күшікті де ұйықтатқан жоқпын. Осы бір тірі деп тірі емес, өлі деп өлі емес тіршілік иесіне шектен тыс мазасыздық жасаған кезім болса, осы түн шығар?!
Осы түннен бастап, еске түсірсем, онымен екі жылдай бірге жүріппін. Күшік төбет болды. Бурыл сияқты еді, өсе келе қоңырқай түске айналды. Ақыры, не бурыл емес, не қоңыр емес, екеуі араласқан бір түс шықты. Кеудесінде үшбұрыш ағы бар, басы үлкен, бойы биік, жүндес қазақы төбет. Жүргенде арты бұлғаңдап жүретін. Жүгіргенде бөксесі бірінші кететін. Тұрған бойы күлкі.
Иттің жасын сұрамайтыны сияқты, қырда итке ат та қоймайды. Оның аты болған жоқ. Оны іздесек: «Тарғыл төбет» қайда жүр дейміз, шақырсақ: «көшік-көшік» дей саламыз. Ол көп ұйықтайтын. Аз үретін. Маңғыр еді, бірақ, жалқау емес. Ақылды деп айта алмайсың. Ақымақ та болған жоқ: итке лайық ақылы бар, онда да тәжірибе арқылы келген ақыл. Мысал мынау: отарды белгілі бір жерге барған соң қайырып тастайсың. Соны біліп алған, қойлар әлгі межеге (орыс-мұңғұл шекарасы екенін қайдан білсін!) барғанда, қойшыны әурелемей-ақ қайырып тастап, шошайып отырады. Бұл әрекетін төрт-бес рет қайталаған соң, қойлар да өздерінің хайуани түйсігімен итті әурелемей, өздері қайрылады. Біздер бір-бірімізді осылай түсінісетінбіз.
Ол аңшы ит те болған емес. Аюша қорбаңдап, қолапайсыз қоғалатын. Сол себепті, елге күлкі болып жүретін. Оған өзі ұялмайтын. «Барым осы! Әрекет жасадым! Көріп тұрсыңдар ғой! Қайтем енді!» дегендей аяғын айқастырып, оған басын қойып, жата кететін. Тарғыл төбет қояндарды талай қуды, бірақ біреуін де ұстай алмады. Бірде, «Құлтаның» тауында қоянды жарты сағат қуалады. Ор қоян одан ұзап алады да қарап отырады, бұл жете бергенде, тағы қашады. Ал қоянның бұл әрекеті өзінің түбіне жетті: тау бүркіті төбеден ағып түсіп, отырған жерінде басып қалды. Қуланып нең бар еді?! Қорқаққа – қулық жараспайды екен! Ақ қарда қоянның қаны жатты. Төбет оны иіскеп те, жалап та көрді, сосын қоянды шеңгеліне іліп ап, ұшып бара жатқан бүркітке бір, маған бір қарап алды (ұялған болуы керек) да қайтып келді. Ішегімді ұстап, жалғыз өзім дөй далада күліп жатырмын. Бекер күлдім. Оған қанша рет күлгенімді білмеймін. Тырнағына татымаймын, сөйте тұра... Тағы бірде «Өкіннің» жар тасында іні бар ақ түлкі оны иттей қылғанын көргем. Төбет оны тұра кеп қуады. Түлкіекең құйрығын қар үстіне әсем тастап, секең-секең етіп қашады. Оның қашысында қорлау ма, мазақтау ма, осы сияқты бірдеңе бар. Ұялмай Тарғыл төбет оны қуалайды кеп, бірақ жете алмайды. Жартастағы ініне сып етіп кіріп, жоқ боп кеткен түлкінің соңынан «түсінбедім» дегендей басын қисайтып қарап-қарап ап, қайтып келе жатқан төбеттің артынан әлгі сұмырай ереді. Бәрі қайтадан басталады. Бұған табашыл күлкім қосылып жатса да төбет бұған ренжімейді. Ол ұялған да, ренжіген де болар, бірақ білдірген емес.
Ол жүйрік аңдарға аузы қанданбаса да, суырларды қынадай қыратын. Бұларға келгенде, аққаптал аңшы. «Жырғылынтының» семіз суырларын балаша жылататын. «Жіңбірдің» аласа мойнағынан аса қалғанда, таңғы жайылымда інінен ұзап кетіп, бырдай боп жүрген суырлардың мойындарын бұрап-бұрап алатын. Ол қойлармен бірге «жайылып» келе жатар еді. Отар одан үрікпейді. Қысы-жазы бірге жүретін төбеттің өзі де «қойға» айналып кеткен. Сүйкенісіп жүре беретін. Тіпті, кейбір текешіктер оған мүйізін көрсетіп қоюдан да жасқанбайтын. Ал қу тамақ былай тұрсын, «көп суыр – ін қазбайды, қазса – түзу қазбайды», өзара береке, бірлігі жоқ болғандықтан, суырлардың бірінікін-бірі тартып алатын әдеттері тағы бар. Азулы мен тырнақтылар кеп қалғанда, қайда қашарын жөпелдемеде білмей қап, сасқанынан бұға қалатыны – суырлардың қулығы. Ажал аспанда да, жерде де аңдып жүреді. Жауларына санамайтын қойлардың ішінде де өз ажалдары аңдып келе жатыр-ау дегенді «адамнан азған» бұл мақұлық ешқашан біле алмайды! Міне, бұл Тарғыл төбеттің аңшылық жолындағы тәжірибесі дәлелдеген тәсіл. (Аталарыңнан қалған дәстүр деші, ол сенер ме екен!) Иә, жайлаудағы суырларға ажал дегеніңіз – ешкінің сақалы мен қойдың терісінің жанында да жүретінін білу мәңгілік құпия. Саусағының бірі кем суыр сорлыға жарық дүние опасыз ба, ешкі мен қой опасыз ба?! Олар адамша жылауды біледі, бірақ жыламаудың себебін білмейді.
Төбет суырлардың ірілеу, арқа жүні мыстай боп, қаражалданғандарын аулайды. Мөнденді (баласын) тышқанмен ойнаған мысықтай азаптайтын. Оларды өлтіріп, көміп тастайды. Адамдарға мөнден терісі керексіз екенін білетін. Ал үлкен суырларды ұстағанда, терісін бүлдіріп, таламайтын. Терісі бізге керек екенін төбетке өмір тәжірибесі дәлелдеген. Кигіз үйдің жанында керіліп қалған тері өзі ұстаған суырдікі екені белгілі. Етін жеген. Өзі түсінікті: қарнын тойғызды, ал адамдар оның терісін не істейтінін төбет білмейді, білгісі де жоқ. Ептеп ой жіберіп қараса, олардың басындағы тымақ сол теріден істелгенін анықтар еді. Бірақ, ойсыздық оның табиғаты. Күшік кезінен алдыңғы аяғына басын қойып ап жатқаны – бастауыш сыныпта партада ұйықтап кеткен оқушы сияқты. Ол – баладай қамсыз, баладай ұйқышыл, баладай ойсыз болатын.
Оның өміріндегі өзі ұнататын ісі: әкейге еріп, Ақкөлге бару. Әкейдің «Планета-5» маркалы мотоциклі дыр ете түссе, ол орнынан дүр етіп, тұра қалатын. Содан қырдан ауылға дейін ілесіп кететін. Әкей де жылдамдықты арттырмай, оның жүгірісіне дәлдеп отырады. Төбет тілі салақтап, қайда барса қалмай, еріп жүреді. Қысы-жазы осы әдеті қалмайтын. Әрине, әкей күнде Ақкөлге бара бермейді. Сондықтан, көп уақыты менімен бірге өтті. Мен де онсыз өзімді жалғыз, қорғансыз сезінетін едім.
«Құлтада» қыстап отырған жылы шешей ауырып, Ақкөлдегі эмілгіге (аурухана) жатып қалды. Әкей күн сайын ауылға барады. Төбет те қалмай, барып кеп жүрді. Шешейдің жағдайы ауыр болғандықтан, аймаққа алып кетті. Ал Өлгей мен Ақкөлдің арасы жетпіс шақырым.
Отарды түске дейін жайып келіп, әкей түндегі сойған қойдың етін арсада тоңазып тұрған жерінен қанарға салды. «Қойларды ерте-жарықта қораға қама!» деп тапсырып, аймаққа жүріп кетті. Түнделетіп келемін деді. Мезгіл қыс болатын. Бір қора қой мен екі ініме бас-көз болып қалғаныма іштей дүрдиіп жүрмін. Ол кезде інімнің береуі – сегіз, біреуі – алты жас шамасында болатын. Қыстың күні қысқа ғой, қойды қамап, інілерге тоңазыған ет пен бауырсақты ыстық шілдегі (термос) шәйға салып, жібітіп беріп, пештің қасына ішікке орап, отырғызып қойдым. Өзім от жағам деп пешті тұтатып отырмын. Екеуі ұйықтамайды. Бақырайып маған қарайды. Көздерінде қорқыныш бар. Бірте-бірте олардың көзіндегі үрей бойыма кіре бастады. Батыр болсаң, бопсаға шыда! Далада жаяу борасын басталды. Тау күңіренді. Үй сықырлап, терезе солқылдады. Терезеге аяз өрнек құрды. Біреулер келе жатқан сияқты, біреулер кетіп бара жатқандай, тіпті әлдекім кіріп келе жатыр... Төбеттің де үні шықпайды. Ұшты-күйлі жоқ. Ол бар болса, оның бар екенін біліп отырсақ, осыншалықты қорықпас едік. Ақыры, қорқа-қорқа батыр боп кетпесем де, өзімше бір әрекет істемек болдым. Есіме үйдегі «кәләбір» мылтық түсті. Әкейді төсегінің бас жағындағы кебеженің артында ілулі тұрған жерінен мойнынан ұстап, алып шықтым. Сұп-суық ұңғысы денемді тітіркендіріп жіберді. Оның қолдан орнатқан тіреуіші бар болатын. Соны төмен түсіріп, оқшантайынан бір оқты алып, шақпағын қайырып ашып, көмейіне оқты салдым да қайтадан сарт еткізіп, жауып қойдым. Тетігін түгел тексердім. Бәрі дұрыс екен. Шүріппесін басып қалсаң, тарс ете түседі. Мылтықты тіреуіне қойып, ұңғысын есікке, әлде терезеге қаратам ба деп сәл ойландым. Есікке қарап тұрғаны жөн деп шештім. Осы бір істі үлкендерше істегенім соншалық, інішектердің көздері атыздай. Сондағы «өзіме-өзім сүйсінуім әлей болды!» Бала болсақ та қаруланғанбыз деген ой алаңсыз ұйықтап кетуімізге септігі тиді.
Түнделетіп аймақтан қайтқан әкей есікті ашып қалғанда, өзіне кезеліп тұрған мылтықты көріп, зәресі ұшып кетіпті. «Құдай сақтап, өз үйімде атылып қала жаздадым ғой!», – деп күліп отыратын. Бұл сөзін менен басқа ешкім түсіне алмайтын.
Ал төбет болса, сол күні әкеймен бірге аймаққа барып, шешейді көріп, «сәлемдесіп» келіпті. Палатаның терезесінен шешейдің жылап тұрғанын төбет көрсе де айтпады, ал әкей болса, «сендерді сағынып, жылап жүр» деген еді. Жолда әр жерге бір тоқтап, төбетті күтіп, үйге әрең жеткен әкей оған көпке дейін ұрсып жүрді. «Мен кемпіріме бардым! Ал, саған не жоқ, а! Түнде, ақ қар, көк мұзда, суықта тілің салақтап, жүз қырық шақырым жүгіріп, табаның тілініп, қан-жоса боп келдің! Не ойлағаның бар, ақымақ! Азабыңның аты не? Бұдан кейін сені байлап тастаймын! Көрсетем мен саған далбаңдауды!..» деп. Бірақ, әкей оны байлаған жоқ. Оған ешқашан қарғыбау тағылған емес. Адамға албаты үрімейтін, кісі баласын қаппайтын итті не үшін байлайды?! Осы жағынан ол бақытты болатын.
«Жіңбірді» жайлап отырған жылы еді. «Борқақтың» көлінен қойларды суарып ап, түске таман кілге (шекара) қарай қаптатып жібердім де әдеттегідей торсық толы қымызды сіміріп сап, маужырап ұйқыға кеткем. Қанжығада жүрген қымыз шайқала-шайқала, бетіне тары түйіршігіндей қап-қара май түсіп, әбден бабына келіп тұр екен. Асау қымыз алып соққаны сол еді. Төбет отарды «жайып» жүр. Оған сеніп алған мен де, торы ат та зерігіп жатырмыз. Көлеңке басы ұзарған соң қойларды «Жіңбірге» қарай қайтарып тастап, үйге келдім. Сауын уақыты таяп қалған. Келсем Қуандық досым біздікінде отыр екен. Қаражарысқа қатысып, екінші кепті. Шыныны саусақтарына қондырып ап, шәй сораптап, төрде ширатылып отыр. Аты бәйгеден келгеннен арман. Түкке тұрмайтын бірдеңелерді әңгіме қылдық. Ол да он үшке толған-ау деймін, үлкендерше сөйлеп қапты. Далаға шықтық. Тұра қап, күрестік. Қайта-қайта итжығыс түсе бердік. Аяғында төбелесіп қалдық. «Қаралық жасадың» деп кінәлады, тыртысып мойындамағаным рас. Бұртиып ол үйіне кетті, тіпті есік алдынан тұра шапты, қойшы бала қойға қайқайды.
Қуандықпен қыртыңдап жүргенде, байқамаппын кеш болып кетіпті. Кешкі сауыннан соң жамыраған қойлар сай-сайда шашылып жатыр. Бөлініп қалған қозылы қойлар, қай жағына барып қосыларын білмей, маңырап жүр. У-шу. Торы аттың сүме-сүмесін шығардым. Бөлінген қойларды жинадым. Түннің бір уағында отарды қораға айдап кеп, қозыларды бөлдік. Дала түнін азан-қазан ғып қойлар мен қозылар маңырасады. Аздан кейін жайлауды түн тыныштығы басты.
Түн ортасында Тарғыл төбет тау жаққа қарап үріп-үріп жіберді. Қойлар дүрк етіп үркіді. Көршілердің иттері шәуілдеп жатыр. Төбет тағы бір рет үрді де жүгіре жөнелді. Оған ілескен иттердің дауыстары алыстап бара жатты. Әкей бесатарды алып шығып, тас қараңғы аспанға бес оқты түгел атты. Шақпағынан от шашып, жезін жерге ыршытқан «бесатардың» дауысы маған ғаламат әсер етті. Оның қасында «кәләбірдікі» сақау қатынның «қ» әрпін айтқаны сияқты екен.
«Төбет бұлайша ұзақ үрмеуші еді» деп әкей таң қалып отыр. «Әлде, қой бөлініп қалды ма екен?» Ішім қылп ете қалды. «Итқұс жүрген сияқты» деп әкей қауіп айтты. Көп өтпей қыңсылаған иттердің үндері естілді.
Таңертең «Жіңбірдің» тауында оншақты қой мен екі-үш ешкінің тұрғанын көрдік. Найдмедтің ақ ісегінің құйрығын қопарып кетіпті. Қызыл қан. Тағы біреулердің қоспа қойларының сандары тістелген. Ешкілер аман, бірақ сақалдары дір-дір етіп, ит көрген ешкікөзденіп алыпты. Қасқырдың ісі барлығының түрінен көрініп тұр. Әкей «таныстардың» қоспа малдары итқұсқа таланғанына күйініп, ұят болды дейді. «Енді не деймін, сенбейді олар» деп басы қатып жүр. Мен төбетті ойлап отырмын. Ол қайда? Басқа иттер жараларын жалап, кигіз үйдің іргесінде жатыр. Сүйресең де шығатын түрлері жоқ. Құйрықтарын бұттарына қысып ап, қыңсылауларын қоятын емес.
Әкей үндеген жоқ. Ұрысса екен деп, ары жүрдім, бері жүрдім – тіс жармайды. Содан торы атқа мініп ап, кешегі кеште қойлар жүрген жерлерді қарауға кеттім. Жараланған қойлардың бөлініп қалған маңайын өзімше долбарлап келем. Ондағым: төбеттің қай жерлерде қасқырға кездескенін анықтамақпын. Сол арқылы оны тірі болса өзін, өлі болса сүйегін тауып алмақшымын. Аумағы бір-екі шақырым жерді он рет айналып шықтым. Төбет табылмады. Түс болды – жоқ. Түстен ауды – жоқ. Салым суға кетіп, жыра жағалап келе жатыр едім, торы ат осқырып тұра қалды. Қараймын түк көрінбейді. Алдымда су ақпайтын жыра жатыр. Торы ат сәлден соң құлағын қайшылап, көзі ақшырайып, жыраның жанынан қырындап өтті. Ат бірдеңені сезіп тұр, бұл бекер емес деп ойладым. Тәуекел етіп, аттан секіріп түстім де жыраның жайдақ боп келіп, кілт опырылып кеткен жеріне қарай жүрдім. Бұл жерде күн ыстықта бұзаулар көлеңкелеп жататынын білетін едім. Талай жылдардан бері су ағып кеп, тік құйылып түсетіндіктен, шұңқырайып кеткен. Кішігірім сарқырама сияқты. Көктемдегі қар суы ғана ағатын жыра жазда құр қаңсып жатады. Ішіке қарай қуыс боп кеткен қабаққа үстінен үңіліп қарамасаң, ішінде не барын көру қиын. Қарасам – қуыста сауытына жасырынған ұлу құсап төбет жатыр. Басын қабырғаға қаратып апты. «Көшік-көшік» деп жан даусым шығып кетті. Ол басын көтерген жоқ, бүйірі солқ етіп, әлсіз дыбыс шығарды. Біртүрлі күрсінген сияқты үн. Төбеттің тірі екеніне қуанып кеттім. Мойнынан құшақтап, жатқан жерінен көтеріп алдым. Жеп-жеңіл. Денесі де сондай сіліңгір екенін алғаш рет сезіндім. Сырты дүрдигенмен иттің жеңіл әрі сүйегі нәзік болатынын білгенде, таң қалдым. Жарыққа шығарып қарасам, төбеттің бір құлағы түбінен жоқ. Тұмсығында айқыш-ұйқыш түскен тістің іздері бар. Танауының үстіндегісі тым терең, қан қатып қапты. Ал езуге түскен жырықтарға тілі жететіндіктен, жалай-жалай жылбырап қапты. Жүргізсем біртүрлі бүрісіп қозғалады. Белге соққы тиген сияқты. Ал алдыңғы аяғынан ақсаңдағанын артымнан ергенде байқадым. Басын қайта-қайта сілки береді. Құлағына шыбын қонудан қорқады деп түйдім және ана қуысқа солардан қорқып тығылған болды деп ойладым. Шыбынсыз жаз болмайды! Жаралы иттің жауы – шыбын! Жара иттің тілі жетпейтін жерге түссе, ажал деген – сол, онда да ең азапты өлім!
Төбетті үйге ертіп келгенде, жұрттар соғыстан қайтқан солдатты күтіп алғандай болды. Оған жер бетіндегі ең үлкен атақты берді. Үлкендер осындай даңқты иттердің тарихынан шежіре шертіп, дөңселерін орады. Танауларынан көк түтінді бұрқыратып, шәй сораптады. Насыбайшылар жантайып жатып, насыбай атты, онысын сырмақты көтеріп қап, түкіріп тастайды. Шалдар мүйіз сапты сарымойын пышақтарын жалаңдатып ет кесті. Апалар келіндердің отырған-тұрғандарын бақылап, сақ отыр. Келіндер қолды-аяққа тұрмай ыдыс жуып, іркіт піседі. Жігіттер кеш қашан батар екен деп батысқа қарайды. Бозбалалар ат суарғансып құдық басынан шықпайды: қыздар суға келе ме екен деп. Иінағашқа шелектерін іліп ап, шайқала басып бойжеткен кетіп барады. Балалар үй ішінде үй тігіп ойнайды...
Біз қатарлы «жігіт» боп қалғандар төбеттің қасында жүрміз. Оның жараларына кәрлен жақтық. Итке қандай дәрігерлік көмек берілетін болса, соның бәрін жасадық. Алдына ас қойдық.
Арада үш күн өтті. Төбеттің сыртқы жаралары жазылды. Бірақ, барған сайын мазасы кетіп, дауыс шығарып қыңсылайды. Басын сілки береді. Көзі іріңдеп кетті. Тамақ ішуді қойды. Құр сүлдері қалды. Қайта-қайта далаға қашады. Ұстап әкеп, көлеңкеге байлап қоямыз. Үлкендер оның даңқын көп өтпей ұмыта бастады. Қыр елі бірдеңені ұзақ есте сақтамайды. Оларда табыну мен бағыну деген нәрселер табиғатында жоқ.
Төбеттің қасында бәйек болып жүргенімізді үлкендер жақтырған жоқ. Басқа да жұмыс жетеді. Қой жаю, қозы қайыру, бұзау бағу, отын теру, іркіт пісу, қырықтық, бие сауын... толып жатқан жұмыс бар. Әсіресе, бұл жұмыстарды жайлауда бала-шағалар істейді. Әке-шешеге демалыс деген болуы керек қой. Оны кім береді. Балалары. Қырдағы қойшыларға «еңбек демалысын» бергенін естігендерің бар ма?! Олар еңбек етіп жүріп демалады.
«Жақсы ит – өлігін көрсетпейді» деп үлкендер бізге тәлімси бастады. «Жіберіңдер, азаптамаңдар итті. Ми, ішкі құрлыстары зақымданған. Бәрібір өледі» деп қатал үкім шығарды.
Біз сенбедік. Ақыры, жасырынып төбетті қомқорлыққа алдым. Қой жайғанда ертіп кететін болдым. «Сенің басың ауыра ма?» деп қолымды жақындатсам, төбет басын ала қашады. Көңіліме күдік кірді. Баста бірдеңе бар. Қой жайғанда уақыт өтпейді ғой. Төбетті бір күн бойы айналдырдым. Мақсатым: басын ұстап көру. Ақыры, дегеніме жетіп, басын бит қараған кемпірлерше тексере бастадым. Бұрын қампайып тұратын жүні ауырғаннан бері ұйысып қалған екен. Араларын ашып қалсам, дәл төбесінде тері мен сүйектің арасында ісік бар екен. Оның аузын ашсам, ар жағында араның омартасы сияқты құрттардың ұялап алғанын көрдім. Жыбыр-жыбыр. Қасқырдың тісі тиген жерді байқамаппыз. Жалма-жан рауағаштың кепкен сабағын сындырып, үшкірлеп алып, құрттарды піскіледім кеп. Шұқып-шұқып сыртқа домалаттым. Құмырысқаларға жем еттім. Бейне бір өзімнің басымды кеміргендей, денем түршігіп, бойымды ыза буды. Төбет сүйсініп, басын тіземе қойып мүлгіп жатыр. Екеуіміз бір-бірімізді сонда шын таныдық. Бір тән, бір жанға айналып кеткендейміз.
Күні бойы екеуіміз асыр салып ойнадық. Оның жарасын тапқаныма қуандым, ол жаны тынышталғанына шаттанған болуы керек. Кешке үйге келген соң жараның тесігіне кәрлен құйып, құрттарды түбегейлі жойдым да төбеттің басын матамен таңып тастадым. Шыбынның жауы – кәрлен. Олар енді құрт тастамақ тұрсын, жақындап көрсін!
Төбет жаз бойы жанымнан бір елі қалмады. Ал оны жақсы көрдім десем өтірік болады, табындым. Қасқырмен шайқасу ит біткеннің бәрінің маңдайына жазылмайды. Қасқырды жеңгеніне күмәнім жоқ. Ол өз өмірінде қатерлі қарсыласқа тайсалмай барды. Қойлар мен ешкілерді қорғап қалды. Қасқыр тістеген төбеттің тыртығы жазылды. Бірақ, менің жүрегімде бір тыртық қалып қойды...
Сол жылы жазда мен елден кеттім. Неге кеттім, не үшін кеттім? Білмеймін. Ата, фатиха сүресін дәптерге «қазақша» жаздырып алып, оны қай-қайта оқығанда, сол күні Құдайдан не тіледің?! Апа-ау, кимешегіңді жасқа шылап, сол күні неге көп жыладың?! Отаншылдық сезім менде ол уақытта болған емес. Туған жер деген ұғым да жоқ еді. Бақсам, адамдардың Отаны деген болады екен. Туған жердің бәрі Отан болмайтыны сияқты, Отаның да Туған жерің емес екен. Сөйтіп, жан дүнием екіге бөлінді. Бұдан да жаныма түскен жара аз емес.
...Алматы. Интернат. Оқуға түстім. Ұлттық университеттің бір курсын аяқтап, араға алты жылды салып, елге бардым. «Қызыл үйден» автобустан түсіп қап, жаяулатып үйге тарттым. «Жырғылынтыда» отырған үйге төбесінен түсе қалмақшымын. Баяғы жастық шағымдағы құт мекен, байырғы жайлауымыз ғой! Тік мойнақтан шыға кеп, төменге қарасам, жыраның жағасында қос киіз үй қатар тұр екен. Үлкен үйді таныдым. Кәрі кемпірдей жүрелеп қапты. Қасындағы отауы – ол біздің үй. Әке-шешемнің ошағы. Сағынышымда шек жоқ. Төменге жүгіріп түстім. Мойыншағы түрілген бұзаулар маған қарап қапты. Үрген ит, шыққан адам жоқ. Үйге жақындай беріп ем, алдымнан өлі жүні бөксесінде жалбырап, жұртта қалған тері құсап бір ит шыға келді. Алжыған шал сияқты айналаға мағынасыз көз тастайды. Алға жылжуға қорқып тұрмын, қауып алуы мүмкін ғой. Бір кезде ол маған қарай мойнын жерге сала жақындап келді де қолымды сілекейлеп жалап алды. Итше амандасты. Сосын, секіріп мойныма асыла қалды. Тани кеттім. Ол мені әлдеқашан танып тұрыпты ғой. Байғұс қартайып кетіпті. Ит пен адам құшақтасып тұрмыз.
Демалыс бітіп, Алматыға қайттым. Төбет мені шығарып салған жоқ. Жүрісі ауырлап, ауытқи басады екен, баяғыша көлеңкеде аяғын жастанып жата береді. Көріскенше, қош бол, Тарғыл төбет!
...Араға төрт жылды салып, тағы да елге бардым. Қанша жыл өтті, қаза болғандар аз емес. «Өлімнен ұят күшті!» Жақындарым да ауру-сырқау.
Тұрмыстық жол-жоралғылардың бәрін атқарып болған соң, оңаша қалғанда, әкейден Тарғыл төбетті сұрадым. «Биыл қыста өліп қалған!» деп жауап берді. Олардан иттің неден өлгенін, қалай өлгенін сұрасам, «мынаның дені сау ма?» деп шошуы мүмкін. Ит емес, адам өліп жатыр, тағы біреулер өлейін деп жатыр... қой құрысын!
Тарғыл төбет барлық иттердің өмірбаянымен – қашан, қайда, кімнен туғанын білмей; әкесі мен шешесінен көзін ашпай жатып ажырап; тұрақты қосағы болмай, әрбір ылыққан қаншықпен аз күн ашына боп; ұрпағым мынау деп қалың қарала күшіктердің біреуін де көрсете алмай; аға-іні, апа-қарындастан жұрдай; өз үйшігі болмаса да ұзақ жасап, сондықтан алжып, жалғыздықта, жапан далада, ешкімнің есінде қалмай, ешқашан оны ешкім де есіне алмай, он бір жыл өмір сүріп, қазақтар иттің жасын есептемейді, сөйтсе де эволюциялық жолмен санасаңыз отыз үш жаста ит өліммен өлді. Ол балалық шағымның естелігін өзімен бірге алып кеткен жоқ. Өзіме қалдырды. Оны қағазға түсіргенде өз тыртығымды жалап жазғым келді. Бұл – кім есте қалмаса, соларға арналады!
«Қыр әңгімелері» топтамасынан