Ермек Қаныкейұлы. Ақкөл жердің шеті емес...
Ол күнде таңертең қолына имек бас темір сүйменін ұстап, көл үстіне шығады. Бұлтсыз ашық күндерде айнадай жарқырап жатқан мұзға отыра қап, сүйменін қадап жібергенде, айдынның бетіне түсіп тұрған бейнесі быт-шыт болады. Оған керегі осы. Мұздың мөлдірлігін ақ көбік ұнтаққа көміп, үсті-үстіне сүйменмен түйгіштей бастайды. Келсап түйген кемпірлерше құдиып, іске кіріскен оның жанына мұз кесектері шашырап түсіп, шашылып жатады. Ал сәске түсте маңайына жиналып қалған мұздар күн нұрына шағылысып, суық жылтырайды. Ол өзіне қажет аумақтың мұздарын тазалап, шетке ысырап алған соң шеңберін шелек сиятындай етіп, мұзды ары қарай оя береді. Кейде түске дейін, кейде түстен кейін, кей кездері кешке дейін «шаруасын» бітіреді. Асығатындай бұдан басқа жұмысы жоқ. Қай уақта бітірсе де күн батпай, үйге қайтпайды. Ойған жерінен су шыққаннан кейін, бетіндегі мұздарды мұқият тазалайды. Жентектелген мұздарды сыртқа сыпырып алып тастаған соң мөлдіреген «көз» пайда болады. Оның жұмысы «көзге» кеш батқанша қарап отыру. Ойықтағы судан тек өзінің тербетіліп тұратын сұлбасынан басқа ештеңе көрінбейді. Қос құлағын түріп байлаған пұшпақ тымақтың астында бет-аузы күйген терідей бырысқан, қалмақ пішін, қайыс қара, селдір сақалды, арық адамның бейнесі бақыр тиынның бетінде бейнеленетін көсемдердің басындай боп, бұлдырап тұрады. Жел желпіген сүйкімсіздеу сұйық сақал. Мұртын қос, сақалын үш сызықпен бейнелейтін «қытайлық» ұсқын.
Оның осы «шаруамен» айналысқанына төрт айдан асты. Бастабында мұзды бір-екі сағатта ойып тастайтын. Ондай кезде кешке дейін «көзге» қарайды. Ал қыс нағыз қаһарына мінген айларда мұздың беті ақ түтек болып қатады. Кейде боран ұшырған қар жал-жал боп қатып, көл бетін бұйралап тастайды. Осы бұйраттың арасымен ирелеңдеп жыланбауыр бұрқасын жортады. Қатты аяздан сіресіп қатқан көл сықырлап жатады. Мұндайда мұз ойып, «көз» шығару оңай емес. Әне, сол кезде кешке дейін тырбаңдауға тура келеді. Мұздың қалыңдығы бұл уақыттарда бір метрге дейін жетеді. Төбеден төмен қарай үңгіп және ол мұз болса, мұндай қорқынышты тәуекелге бару оңай іс емес. Шахтадағы көмір қазушылардан бұның айырмашылығы – басында фонары жоқ және табыс табу үшін мұз оймайды. Алдында құрдым жатқанын біле тұра, мұзды ойып, оларды қалайы шөміштің басымен (сабы кедергі бола берген соң сындырып тастаған) қырып, тазалап сыртқа шығарып жатқан бұл адамды сыртынан бақыласаңыз, жұмыртқа басу үшін құмға шыққан теңіз тасбақаларының тірілігі дейсіз. Бірақ, мақсаты бірдей емес. Олар өмір дәнін егіп жатса, ал мына адамда ондай ой жоқ.
Оған ауыл адамдары мүсіркеп, кейбіреулері жанашырлықпен қарайды. Ешкім бетіне ұрсып, сөгіп, сын айтқан емес. Сыртынан айтса, айтқан шығар. Онда бұның шаруасы қанша? Ондай нәрселердің енді маңызы жоқ!..
Көл бетіндегі «көзге» күні бойы қарап отыратын оның жанына шаңғы тепкен ұсақ балалар үйір. Олардың әманда сұрақтары көп, бұның балаларға айтатын жауабы жоқ. Кейде коньки тепкен ересек балалар да келіп, амандасып кетеді. Бұл аман-сәлемді алады, әйтсе де ауырсынады. Бейкүнә балалардың қарыз-парызы жоқ ниеттері өзіне біртүрлі ауыр. Тыныштығын бұзғандай.
Ол дүниеге осы ауылда келді. Осы ауылда өмір сүріп жатыр. Осында өлетіні де ақиқат. Көзін тырнап ашқалы осы көлдің жағасында келеді. Өмірінде бұдан терең көл бар екенін білген емес. Сосын, қыран томағасындай қоңыр тау бұның сиынып өскен мекені. Сырғыма құмды осы тау да өзінің шырқау биігі. Туған жері де осы ауыл. Әкесі де, анасы да осы тау, осы көл. Осы көл мен осы тау да Отаны. Басқа ештеңе де емес. Мына айналасындағы шекара (коккей) ойнап, шаңғы тепкен балалар өзінің жастық шағы. Қол ұстасып, конькимен сырғанап жүрген екі жас өткен шақ. Әне, еңкіш тартқан егделеу жұмысшылар ізін басып келе жатқан бауырлары. Құрдастары да осы ауылда. Анау үй іргесіндегі күншуақта отырған ағалары. Ары өткен, бері өткендердің кейбіреулері, әсіресе жастар амандаспай кете ме деп уайым шегеді. Ал амандасқандарға балаша қуанып, қалбақтап қалады. Сосын, айына бір рет зейнатақысын алуға банкке барады.
Сол күні, ақпанның аязы Ақкөлдің мұзын қалыңдатқаны соншалық, су қысылып, көл күңіреніп жатты. Өткен аптада қатты қысымға шыдамай, айрылып кеткен мұздың бетіне қызыл су жүріп, көл бір тыныстап қалған. Бусанып жатқан Ақкөлдің үстінде балалар сырғанақ ойнап, мәре-сәре болды. Өзінің балалық шағы айналасында асыр салып жүр. Осы бір оралмас естелікті көзімен қызықтап, мұз үстінде жалғыз отырды. Күн сайын жаңа бір жерді ойып, «көз» жасау қиындап кетсе де ол өз ісінен таңған жоқ. Ешкім дігірлеп тұрмаса да күндегі тірлігі осы. Қыртысы бір жарым метрге дейін жеткен кезде «көз» шүңеттеніп жатады. Ал қарақошқылданып тербелген суда басы бұлдырап «көзге» үңіліп кісі отыр...
Енді екі-үш айда мұз жұқара бастайды. Оны ою жеңілдейді. Ал одан ары көл ериді, мұз да болмайды. Мұз жоқ деген сөз, көлдің үстіне бұдан кейін шықпайсың. Қазіргідей Ақкөлдің ортасына барып, өзіңмен-өзің, оңаша, жоғалтқаныңды іздеп, жалғыз отырмайсың! Өзіңді іздемейсің! Ол да, олар да жоқ! Тек араға тағы да алты айды салу керек: келесі қысты күтесің!
Осы бір оңбаған ой миына кешеден бері келіп-кетіп жүр. Күн өткен сайын иектеп барады. Ойлап қараса, жаз бойы жағада отыра алмайды екен. Көлдің үстінде отыруы керек және «көз» болуы тиіс қой!
Алдында, құрдым төменде «көз» мөлдіреп жатыр. Сұлу, таза, бейуаз, мөлдір су, әйтсе де опасыз, суық, мейрімсіз, қатал су. Оның «көзіне» енді көктем шыққан соң қарап отыру мүмкін емес екен. Міне, осы шындық өзіне сұмдық бір жат көрініп кеткені сондай ол «көздің» аузына жата ғап, түбіне үңілді. Өзін іздеді, сосын олардағы өзін іздеді. Ізін іздеді. Айғайлады, жылады. Өкіріп қатқан көлдей күңіренді. Қайғыдан қысылып, көзінен аққан жас «көзге» тамды. Көздің жасын «көз» шөп еткізіп сүйіп алды. Осы бір суық сүюде ананың, жардың, баланың сүйісі бардай. Ол осыны іздеп жүрген жоқ па? Жоғалытқаны осылар емес пе?
...Бұл есін білгенде шешесі кемпір болатын. Кемпір шешесі кимешегі қисайып дүниеге келіп, сол күйінде өмірден өткендей. Әкесін көрген жоқ. Тым ерте қайтыс болған екен. Он екі құрсақ көтерген анасы өзін дүниедегі ең бақытты адаммын деп айтатын. Бес ұл, жеті қыздан өрбіген немерелер мен жиендерін «бір класс» деп отыратын. Бұл шешесін баққан жоқ, бұны шешесі өле-өлгенше бағып кетті. Келіні қара шаңырақтың көне босағасынан ың-шыңсыз шығып кеткеннен кейін артында қалған қос немересін көзінің қарашығындай сақтады. Жақсы-жаманның ара жігін былайғы пенделерше қазбалай бермейтін бұл ананың шүкіршілігі мол еді. Кенже ұлдың тұяғы деп санаған ол бейшараларға аналарының орнын жоқтатпады. Аралары екі-ақ жас болғандықтан, бір-бірін жетектеп жүріп, шешейге көп салмақ салған жоқ. Әрдайым бұларды өзіне (бұған кәміл сенеді) қалдырып кеткен келініне қарыздар сезіммен «шүкіршілік» етіп отыратын. «Алып кетсе не болар еді» деген сұрақты жанарымен мегзегенде, кісінің қарауға дәті жетпейтін. Бұл шешесінің жылағанын өмірінде бір-ақ рет көріп еді. Ол кез Өлгейге Қазақстанның ұшақтары түсіп, «КАМАЗ»-дары Ақкөлдің шаңын аспанға шығарып, Орықты мен Шындабаны асып, аймаққа барып жатқан. Міне, соларға ілесіп, әлдебір бейтаныс өлкеге жұртпен бірге кетіп жатқан ұлдары мен қыздарын, «класының» жартысын шығарып салғанда, шешесі ештеңені түсінбей жылап еді. Сонда көп жыл көрші болған урианхай кемпір келіп шешесін жұбатқан. Ол найын тартып отырып, шешесінен арман таң болған. «Сонда қалай, балаларың Қазақстанға біржола көшіп кетті ме? Келмей ме? Мен жайлауға шыққан екен десем?» дегенде, шешесі: «Олар Отанымызға көшіп барамыз дейді» деп жауап берсе, мұңғыл кемпір: «Балалар да айтады екен! Отаны осы емес пе? Жер бетінде сендерден басқа қазақтар бер дегенді көрсем көзім шықсын?! Біз Ақкөлге көшіп келгенде, сендер осы жерде тұратынсыңдар!..» деген еді. Аяғында екі кемпір бірге жыласып, ол Отан дегеніңіз – осы Ақкөлден анау «Қақтың» жайлауына қарай кетіп жатқан жол жақта екен, демек қысқа таман қайтып келеді, себебі ол жақ өте суық деген ұйғарымға тоқтап, көз жастарын сүрткен болатын. Ал бұл көшудің қай көшу екенін өзі қанша ойласа да анау апаларынан ары бара алмаған. Бұның білетін жалғыз шындығы: Ақкөл жердің шеті емес, бірақ Мұңғұлия осы жерден басталады, осы жерден аяқталады... Сөйткен байғұс анасы екі жыл бұрын ешкімге салмағын салмай, кимешегінің шетінен будырап шыға беретін самай шашын жиі-жиі жинастырып қоятын әдетімен оң қолын көтере беріп, жүріп кеткен. Ақ кебінге аппақ болып оралған шешесі енді сол машақаттан мәңгі құтылғанына қуанғандай, тап-тұйнақтай боп жатқанын да көрген. «Әдемі өмір сүрген кісі, әдемі өледі екен-ау!» деп ойлауға болатындай. Ақкөлдіктер «ақ өлім» деп бұны жұбатып, көңіл айтқан.
Әйелі «алғашқы махаббатының» басына түскен бақытсыздығын бірге көтерісемін деп ажырасып кеткен кезде де анасынан айырылған кездегідей жалғыздық пен қорғансыздықты, жетімдікті сезінбеген. Желкілдеп өсіп қалған қыздарын енді кім қарайды деген сұрақ бұның басына түскен өміріндегі ең үлкен бақытсыздық болған еді. Ол жабы айғырдың жалындай қап-қара мұрты бар сүмелек немені бір кездері алмай кетсе де ұмыта алмаған қатынын соншалықты жек көрген жоқ. Мұндай сәттілік бола бермейді: ананың әйелі мезгілсіз қайтыс болыпты. Қайғы шегіп, бұныкіне жылап кепті. Алдына жылап келген еркекті қатын дегеніңіз қандай түсінеді, бір-бірімен құдіреттің бұйрығындай қайта табысуы ұлы үйлесім емес пе?! Бақытсыз болмаған адам, бақыттың не екенін біле ме?! Екі қателік үшінші қателікті болдырмайды, есеп мүлтіксіз шығып отыр: әрқайсысының «өмірбаяндары» бар. «Менің сені сүйгем, ол мына екі қыз. Сен де мені сүйдің, оған сенің көзің кепіл. Біз бір-бірімізге адал болдық, ол Аллаға аян! Осының бәрін өзіңе қалдырып бара жатырмын, аманатым осы! Менде екі-ақ жол бар: бірі – оған біржолата кету, екіншісі – ерлі-зайыптыларға жамалатын жаман атақ... Біріншісін таңдадым. Мені жібер, мен сені мәңгі есіме сақтап өтемін!...» деп ұзақ сөйлескен сол түндегі әйелінің көп сөзінің қысқаша мағынасы осылай болған. Сонда кінәласып, ұрсысып, ағыл-тегіл жыласып, ақырында арсыз нәпсінің жөнсіз, әйтсе де жойқын ләззатына батысып қалған соңғы түн де есте ұзақ сақталмап еді. Осындай ақылды қатын анау қарамұрттың, бір таң қаларлығы, шашы бұйра ақымақтың қай жеріне қызығып жүр екен деп ойлағаны да есінде қалмапты. Тек, кеш үйленіп, ерте жесір қалғаны ғана есінде (бұны еске салатын себептер бар).
Көл үстінде кісі отыр. Бала кезінен осындай ойыққа жата ғап, түбіне үңілгенді жақсы көретін. Ойықты күн көзінен көлеңкелеп қарасаң, алдыңда аквариумде жүзгендей ұсақ балықтар жүреді. Суда аузын ашып-жауып, көзі тас төбесіне шыға бақырайып, жалқау қимылдаған балықтар. Суықтан тоңа ма кім білсін: аузында тілі, көзінде жылт жоқ бұл мақұлықтар көбінесе бір орында қозғалмай тұрады. Олардың мұзға жабысып, қатып қалғанын да талай көрген. Ақкөлде ірі балықтар болмайды, шабақтар, өңкей бір үлкендеу итбалықтар кездесетін. Олар не үшін аузын ашады екен, суда ауа жоқ қой деп таңданатын. Көл түбінде кейбір тұрмыстық заттардың жатқанын байқайтын. Балдырдан жамылғы жауып, жартылай батпаққа батқан: шелек, шөміш, шаналардың сұлбалары, сол сияқты қолғаптар, тымақтар, етіктердің... су астындағы толқында тербеліп тұрғанын көретін. Ал ауырлау заттар тез батып кетеді екен. Өйткені, көлдің батпағы түпсіз тартпа деп отыратын үлкендер. Бірде мұз үстімен төтелеп өтпек болған «КАМАЗ» жым-жылас батып кеткенін көзімен көрген. Сонда Ақкөлден терең көл жоқ деп ой түйген болатын. Ал адамдар айнаны суға қарап ойлап тапқан деп өзінше «жаңалық» ашқаны тағы бар. Байқаса, көл түбіндегі сұрғылт батпақ айнаның артын қаптайтын амальгамаға ұқсайды. Су мен айнаны қатар қойып қарасаңыз, екеуі бір зат қой!.. Осындай өзінің әлемінде ашқан нәрселері аз емес! Бірақ, соның бәрі не? Елес, түтін, көлдегі көбікпен бірдей. Қазір оның несі қызық?!
Бала-шаға емес, жас ортасына келгенде, көлдің бетін тескілеп, «көзге» телміріп отырған кісінің азан шақырып қойған аты – Қалқа еді. Асып тұрған ақылы жоқ, барып тұрған ақымақ емес, бір сөзбен айтқанда, Ақкөлдің қарапайым қазағы. Аталары арғы тегінен ауқатты, өзі де ойып отырған орта шаруа, сондықтан ауылдастарына сыйлы болды. Қорасынан мал, астынан ат, қынынан мүйіз сапты сарымойын керей пышағы, иығынан мылтығы кеткен емес. Ит жүгіртіп, құс салған кезі де болған. Аты бәйгеден келмесе де, аты бәйгеден келген ауылдастың, ағайынның жанында жанкүйер болып талай жүрді. Анасы, аға-қарындас, туыстар, дүйім Ақкөл оны «Қалқатай» деп атады. Шын мәнінде, осы ел берген есіміне лайық болды.
...Ол тағдырдың соңғы соққысын көтере алмай жүр. Белгісіздік оның жанын қинады. Адам ретінде жол берген өз қателігін еш кешіре алмастай түйіліп отыр. «Көзге» үңіліп жата қап, оларды іздеді. Айғайлады, шақырды, жылады... Оның даусынан көл түбінде жүзген балықтар үркіп, балдырды бұзды. Олардан ешбір жауап болмаған соң, ол жауап ешқашан болмайтынын білген соң, өзі іздеп таппаққа, өзі ойған ойыққа екі қолын алдына жазып жіберіп, ақ дамбал, ақ жейдемен сүңгіп кетті. Артында пұшпақ тымағы, барқыт шапаны, күміс белбеуі, ақтабан етігі, қалайы шөміштің басы, сосын темір сүймен қалды. Бұл заттар Ақкөлдіктерге Қалқаның қайда кеткеніне куә боп, үнсіз, қаралы хабар айтып, ойықтың жанында жатты.
P.S. Осыдан бір жыл бұрын қыздары шелекті матырып ойықтан су алып жатқанда, тайып кетіп, қол ұстасқан күйі суға кеткен. «Көз» екеуін сылқ еткізіп жұта салып, көтеріліп басылды, сосын мөлдіреп жатты. Суға сөз жазылмайтыны сияқты, суға кеткендердің қабірі жоқ!
«Қыр әңгімелері» топтамасынан
Ханкей Ермек Қаныкейұлы,
8 қараша 2022 жыл.