Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Самарқанд төрінде түркі рухы жаңғырды

Мәдениет
Самарқанд төрінде түркі рухы жаңғырды
Gov.kz

Көне Самарқан тағы да тарихтың тірі куәсіндей түркі дүниесінің рухани тынысын сездірді. 2025 жылдың қарашасында ЮНЕСКО Бас конференциясының 43-сессиясы аясында Түркі мәдениеті және мұрасы қоры ұйымдастырған салтанатты іс-шарада түркі өркениетінің терең тамырын, мәңгілік мұратын және ұлтты ұлықтайтын рухын айшықтайтын бірегей жобалар көпшілікке таныстырылды.

Бұл жиын – түркі елдерінің ортақ мәдени жадын жаңғыртып, рухани тұтастығын нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды. Самарқан төрінде өткен бұл сәт — ғасырлар бойы қалыптасқан бауырластықтың жаңа тынысы, мәдени сабақтастықтың мерейлі көрінісі іспетті. Себебі, бұл жолы әлем мәдени кеңістігінде түркі дүниесінің дауысы бұрынғыдан да айқын естілді.

Бұл игі шараның басты мақсаты — түркі халықтарының бай мәдени мұрасын сақтау, оны әлемдік өркениет кеңістігінде лайықты таныту және келер ұрпаққа аманаттау. Осы орайда Қор әзірлеген “Түркі әлемінің мәдени коды” атты көптілді каталог пен көптомдық “Түркі фольклорлық мұрасы” антологиясы таныстырылды. Бұл еңбектер “Түркі әлемінің келешегі – 2040” және “TURKTIME” стратегиялық құжаттарының рухына сай дайындалып, барша түркі жұртының ортақ мәдени тамырын бір арнаға тоғыстырған рухани көпірге айналды.

Аталған жобалар Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев мырзаның бастамасымен және түркі мемлекеттері басшыларының қолдауымен жүзеге асып, түркі өркениетінің асыл қазыналарын заманауи үлгіде жүйелеу мен ғылыми тұрғыда зерделеудің жаңа белесін ашты. Бұл — мәдениет пен руханият саласында ынтымақ пен бауырластықты тереңдетудің нақты көрінісі. Сондай-ақ осы сессия барысында 2025 жылғы 3 қарашада қабылданған ерекше тарихи шешім – 15 желтоқсанның “Дүниежүзілік түркі тілдері күні” болып жариялануы да атап өтілді. Бұл – түркі халықтарының ортақ рухани тамырын, тіл мен мәдениет арқылы жалғасқан бірлігін әлемдік деңгейде мойындаған маңызды қадам.

Аталған шешім – түркі тілдерінің байлығын ғана емес, олардың адамзат өркениетіне қосқан үлесін терең бағалаудың, ортақ рухани кеңістігімізді ұлықтаудың айқын дәлелі. Самарқандтағы тұсаукесерге Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Түрікменстан, Өзбекстан және Мажарстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдері, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық корпус өкілдері, ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері қатысты. Олардың барлығы түркі мәдениетінің терең тамырларына тағзым етіп, бүгінгі ұрпақтың осы құндылықтарды сақтауға деген жауапкершілігін ерекше атап өтті.

Кеш соңында этно-фольклорлық “TURAN” ансамблі түркі рухының мәңгілік сазын әуелетіп, тыңдарман жүрегіне жол тапты.

"Бұл өнер — түркі елдерінің ортақ жаны мен үні екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Түркі мәдениеті және мұрасы қоры атынан ЮНЕСКО мен Өзбекстан Республикасына көрсеткен қолдауы мен қонақжайлылығы үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Біз үшін бұл тек мәдени шара емес, бұл — рухани сабақтастықтың, бауырластықтың және ортақ тарих пен тағдырға деген адалдықтың көрінісі. Біз түркі халықтарының мәдени мұрасын сақтау мен дәріптеу ісінде ұлт пен ұрпақ шекарасынан биік тұратын миссияны жалғастырамыз. Өйткені мәдениет — мәңгілік, ал сол мәдениетті біріктіретін рух — біздің ортақ тамырымыз",- деді Түркі мәдениеті және мұрасы қорының Президенті Ақтоты Райымқұлова. 

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу