Ертегі оқыған озады. «Балалар әлемі» байқауының жеңімпаздары анықталды
Астанадағы Оқушылар сарайы осы аптада ертегілер еліндегі базарлыққа толы болды. Республика бойынша өткен «Балалар әлемі» оқулары байқауының жеңімпаздары марапатталып, керемет рәсімі өтті.

Бұл байқауға елдің әр түкпірінен 3-10 сыныптың 97 мыңнан астам оқушысы қатысқан. Олар аудандық, қалалық, облыстық іріктеулерден өткен. Байқауға қатысушылар 4 санат бойынша бақ сынады:
«Ертегілер әлемінде» тақырыбында бастауыш 3-4 сынып оқушыларына арналған кітаптар («Қазақ ертегілері» және «Алпамыс батыр»);
«Кел, балалар, оқылық!» тақырыбы 5-6 орта сыныптағы оқушыларға арналған кітаптар («Мен – апамның баласымын» және «Ағайынды Гриммдер ертегілері» атты);
«Ғасырлар тарихты жырлайды» тақырыбы 7-8 сыныптағы жасөспірім балаларға арналған кітаптар («Ұшқан ұя» және «Гулливердің саяхаты»);
«Ұлы Дала эпостары» және «Ұлы Даланың даңқы» тақырыбы 9-10 жоғары сынып оқушыларына арналған кітаптар (І. Есенберлин «Көшпенділер.Алмас қылыш» және Даниэль Дефо «Робинзон Крузо»).
Облыстық турлардың 80 жеңімпазы 2022 жылдың 2 қарашасында байқаудың соңғы сайысына қатысты.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімінде Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров балаларды құттықтап, сөз сөйледі.
«Республикалық балалар оқуына еліміздің түпкір-түкпірінен сүрінбей өткен жүзден жүйрік қатысушыларымызды байқаудың межесіне жетуімен шын жүректен құттықтаймын. Орайы келіп тұрғанда баршаңызды тұғырына қайта қонған ұлттық мерекеміз Республика күнімен де құттықтаймын», - деп ыстық ілтипатын білдірді.
Сондай-ақ, вице-министрдің айтуынша, осындай байқаулар кітап оқу мәдениетімен қатар мемлекеттік тілді үйрену, қолдануда оқушылар арасында кең таралуына үлес қосады.
Ал ертегі оқудан жеңімпаз болған оқушылар депутат Сауытбек Абдрахманов мен Аманжол Әлтай, Қазақстандағы ЮНИСЕФ басшысының кеңесшісі Бағдад Құлназаров, ақын-жазушылар Серік Негимов, Шархан Қазығұл, Дихан Қамзабекұлы, Қуаныш Жиенбай және Роза Мұқановалардың қолынан жүлделі марапаттарын алды.
Сондай-ақ, салтанатты рәсім барысында ең белсенді қатысушыларға алғыс хаттары мен Marwin сертификаттары табысталып, концерт өткізілді.
Бұл байқауды Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолдауымен Қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырған.
Байқаудың мақсаты - балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, қазақ және шетел әдебиетін, ақын-жазушылардың шығармаларын терең зерттеуге тарту, өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру.