Иттердің сұлулық конкурсы. «Алабайдан шыққан жыл батыры»
Азық-түлік тапшылығы қысқан Түркіменстанда ел басшысы «жетістіктер» театрда көрініс таппағанына қынжылады. Ал көктемде алабай тұқымды итке арналған стадионда иттердің сұлулық конкурсы өтеді.
Түркіменстан президенті үкіметті де басқаратындықтан, селекторлық жиындардың көбін өзі өткізуге тырысады.
«ХАЛЫҚТЫҢ БАҚЫТТЫ ӨМІРІ»
7 ақпан, жексенбіде өткен жиында ол кейінгі жылдарғы жетістіктер театр сахнасынан тыс қалғанын айтып, мәдениет министрі Атагелді Шамырадовты сынады. Президент Гурбангулы Бердімұхамедовтің айтуынша, «мәдени орталықтар мен театрларда қазіргі жетістіктер мен халықтың бақытты өмірін паш ететін спектакльдер» қойылмай жүр. Осыны айтқан президент мәдениет министріне қатаң сөгіс жариялап, соңғы ескерту жасады.
Түркіменстанда шенеуніктің сыналуы көп ұзамай оның орын босатуына ұласып жатады. Кейбір шенеуніктердің қызметтен алынғаннан кейінгі тағдыры да белгісіз. Адам құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдар түркімен түрмелеріне қамалған адамдардың арғы тағдыры қоғамнан, тіпті ет жақын туыстарына де белгісіз қалатындығына алаңдаушылық білдіріп отырады.
Қаңтар айында президент қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тікұшақтың құлауы да шекара қызметі басшысының қызметтен алынуына себепші болды. Осыған қатысты өткен қауіпсіздік кеңесі жиынында түркімен басшысы Гурбангулы Бердімұхамедов қаза тапқан екі ұшқышты айыптап, техникаға көбірек қамқорлық туралы сөйлеген.
БЕЛГІСІ БАР, ӨЗІ ЖОҚ ІНДЕТ
Түркіменстан биылғы жылды адам құқығын қорғау ұйымдарының есептерінде айтылған сын, ескертпе, айыптауларды жоққа шығарудан бастады. Соның бірі 2020 жылы БҰҰ есебінде айтылған мәселелер. Ашғабад оның бәрін жоққа шығарып отыр.
Түркіменстан – әлемде коронавирусты ресми түрде мойындамаған санаулы елдің бірі. Алайда іс барысында елде «пневмония белгісі бар» сырқаттан көптеген адам қайтыс болып кетті. Олардың ішінде дәрігерлер де баршылық. Адам қазасы көбейген тұста қала маңындағы жаңа зираттарды мен қорымды да билік сырт көзден жасыруға тырысты. Өйткені жазда қала маңындағы қорымның ұлғайғаны туралы спутниктік суреттер қаптап кеткен. Бұған қоса Түркіменстан ресейлік «Спутник V» вакцинасын да Орталық Азияның өзге елдерінен бұрын тіркеп үлгерді.
Соңғы күндері Ашғабадта базарда сатушылар картопты да жасырып сатуға көшкен. Өйткені ешкім мемлекет белгілеген арзан бағаға (15 доллар шамасында) сатқысы келмейді. Елде түркімен манатының қара базардағы курсы да өсе бастаған.
«ТҮРКІМЕН АЛАБАЙЫНАН ШЫҚҚАН ЖЫЛ БАТЫРЫ»
Ал қаңтар айының соңында Түркіменстан басшысы алабай тұқымды иттерге арналған стадион салынып, онда иттер жарысы өтетінін айтты. Бұл туралы өткен кездесуде президент Бердімұхамедовтің ұлы, 2020 жылы пандемия басталған кезде құрылған «Түркімен алабайы» қауымдастығының басшысы, өндіріс және құрылыс министрі Сердар Бердімұхамедов кеңірек түсіндіріп берген. Министр Бердімұхамедов ит жарыстыруға арналаған аджилити сайысының және иттердің сұлулық конкурсы өтетінін айтты. Ал президент Бердімұхамедов осы жарыс кезінде үздік танылған итке «Түркімен алабайынан шыққан жыл батыры» сыйлығы берілетінін мәлімдеді.Алабай итінің құрметіне өткен жылы қараша айында Ашғабад орталығына биіктігі 15 метрлік ескерткіш тұрғызылды. Ал былтырғы жазда түркімен алабайының мерекесі де бекітіліген. Бұл мереке сәуір айының соңғы жексенбісінде атап өтілмек.
МӘЖБҮРЛІК ИТЕРМЕЛЕГЕН ӘРЕКЕТТЕР
Түркіменстан соңы жылдары газ сатуда қиындыққа ұшыраған. Иранмен газ саудасы бойынша cоттасып, халықаралық арбитраждық сот Түркіменстанның пайдасына шешім шығарған. Бірақ содан жүріп кеткен сауда жоқ. Ресей де түркімен газынан тартына бастаған. Қытай ғана Түркіменстан газының бірден-бір тұтынушысы болғанымен, былтырғы пандемия кезінде осы елге шығарылатын газ экспортының мөлшері екі еседей төмендеді.
2015 жылы құрылысы басталған ТАПИ (Түркіменстан-Ауғанстан-Пәкістан-Үндістан) газ құбыры да Ауғанстандағы тұрақсыздық салдарынан тоқтап қалды. Бұл құбыр түркімен газын Пәкістан мен Үндістанға жеткізуге бағытталған. Алайда құрылысы басталған сәтте үмітінен күдігі басым бұл жоба құрылысы тоқтап қалған. Оған себеп – газ құбыры бойындағы кейбір аймақтарды Ауғанстанның ресми үкіметі емес, оларға оппозиция – Талибан күші бақылап отыр. Кабул билігі тәліптермен келіссөзге келеді делінген және тиісті ұмтылыстар да басталған. Шамасы, Түркіменстан да содан үміттенсе керек. Бірақ үміттің таяуда ақталуы екіталай. Дегенмен Түркіменстан өткен аптада Талибан өкілдерін Ашғабадқа шақырып алып, өз мүддесін талқылауға мәжбүр болды. Ашғабад тәліптерге құбыр жобасының тараптарға тиімді екендігін дәлелдеп, олардан құрылыс қауіпсзідігін қамтамасыз етуді сұрады. Қысқасы, бәсі қиын газ саудасы Түркіменстанды түсіндіруі қиын осындай келіссөзге мәжбүрлеп отыр. Келіссөз соңынан Талибан қозғалысының өкілдері осы жобаны қолдайтынын және құбыр бойындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ететінін ресми мәлімдеген. Ресми Кабулдың бұл келіссөзге қалай қарайтыны әзірге белгісіз.
Бұған қоса Түркіменстан қаңтар айында Әзербайжанмен арадағы «Достлуқ» кенішін бірігіп игеру туралы тоқтамға келді. Тәуелсіздік алғалы Каспий теңізіндегі осы мұнай кенішінің иелігі дауға айналып, екі ел елшілерін кері шақырып алып, дипломатиялық қатынасты тоқтатуға дейін барған. Ал таяуда екі ел басшылары даулы кенішті бірігіп игеру туралы келісті. Бұл да газ саудасы айтарлықтай бәсеңсіген кездегі Ашғабадтың амбициядан шегінген мәжбүрлі әрекеттерінің бірі.
ТІРЛІК ЕНДІ БАСТАЛА МА?
Орталық Азия елдерінің бәріне тән құбылыс – пафоспен ұрандатқан алуан бағдарламалар қабылданады да, оның сұрауын ешкім сұрамайды. Әлбетте, Түркіменстанда да мұндай бағдарламалар жыртылып айырылады. Алайда биылдан бастап іске қосылады делінген мемлекеттік бағдарламалар көптігімен таңғалдырады.
Бұл бағдарламаның кейбіреуі мынандай болып келеді:
- 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясаты мемлекеттік бағдарламасы.
- 2021-2025 жылдарға арналған санаторийлерді дамыту бойынша ұлттық бағдарлама.
- 2021-2025 жылдарға арналған гендерлік теңдікті дамыту бойынша ұлттық іс-қимыл жоспары.
- 2021-2025 жылдарға арналған Түркіменстанның энергетикалық дипломатиясын дамыту бағдарламасы.
- 2021-2025 жылдарғы арналған интелектуалды меншік жүйесін дамыту бойынша бағдарлама.
- 2021-2025 жылдарға арналған археологиялық қазбалар жобасы және т.б.
Жинақтай айтқанда, биыл Түркіменстанда саясат бойынша – 37 жоба, экономика бойынша – 13, гуманитарлық салада - 18 жоба, тұтастай алғанда - 68 жоба қолға алынбақ.
Осыған қарағанда, бір жағы халқының әлеуметтік жағдайы қатты төмендеген, бір жағы газ экспортынан қағылған Түркіменстанда өмір енді басталатындай әсерде қалдырады.