Кинотанушы: Комедияның алға шығуы – қоғамымызға қойылған диагноз

Оларды көрсетуге мемлекет тарапынан міндеттейтін заң жоқ

Олжас Қасым

  • 21.11.2023

«Көрген адамның бәріне түсінікті фильм түсіру мүмкін емес. Немесе бұл өнер туындысы болмас еді. Нағыз өнер туындысы ешқашан наразылықсыз қабылданбайды... Егер мен өзім сене алмайтын сондай фильмдер түсірсем, қорқыныштан өлер едім. Өнер тауға ұқсайды.Таудың шыңы бар және төменде жайылып жатқан төбелер бар. Шыңында тұрғанды бәрі түсіне бермейді»,-дейді әйгілі кинорежиссер Андрей Тарковский. Оның осы сөзі қазіргі қазақ киносының бет-бейнесіне берілген қоспасыз баға секілді. Елдердің арасындағы шекараны жойып, аралықтарды тұтастыратын бұл салада өкінішке қарай, айтар мәселе көп. Осы бағытта Malim.kz тілшісі кинотанушы, Ұлттық киноны қолдау орталығының жанындағы сараптама кеңесінің мүшесі Дана Әмірбековамен сұхбат құрған еді. 


- Отандық фильмдердің біразы белгілі бір мерейтойлық даталарды қамтуға тырысатындай. Бұл үрдіс нені білдіреді?

- Белгілі тұлғалардың мерейтойына немесе тарихи маңыздылыққа ие датаға  дәлдеп фильм түсіру Кеңес Одағы кезінде қалыптасып, бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келе жатқан дәстүр. Осындай ауқымды тарихи-биографиялық жобаларға Голливуд алдын-ала кірісіп, кем дегенде үш жыл, кей жағдайда бес жыл көлемінде іске асырады. Сондықтан да олардың үлкен дайындықпен қолға алатын тарихи жанрдағы кез келген туындысы мәні жағынан да, сапасы тұрғысынан да жоғары деңгейде шығып, қаһармандары көрерменнің көзайымына айналады. Мұндай фильмдерді көріп отырып жүрегі елжіремейтін адам аз. Батыс осылай-ақ өз идеологиясын санамызға сіңіруде. Мұны ғалымдар «Жұмсақ күш» дейді. Ал бізде әбден тақалғанда қаржы бөлініп, абыр-сабыр болып сценарий жазыла бастайды. Асығыс жасалған тарихи фильмдердің басым көпшілігі сапасыз, үстірт әрі біржақты болып шығатыны содан. Ата-бабаларымыздың өткенін болашақ ұрпағымызға аманат етіп қалдыруы тиіс маңызды туындыларды есеп үшін емес, ұлт алдындағы жауапкершілікті ақтау үшін түсірген абзал. 

  Жамбыл Жабаевтың 170 жылдық мерейтойына орай түсірілген фильм 

- Елімізде көбіне комедия жанрындағы фильмдер түсіріліп жатыр. Олардың көрсетілімнен табатын табысы да жақсы. Бұл нарықтық сұраныс па?

- Біріншіден, комедия киноға ақша көзі ретінде қарайтын продюсерлеріміз үшін тиімді жанр. Көп жағдайда заманауи оқиға төңірегінде өрбитін сюжеттерден құрылатын, қабылдауға жеңіл фильмдер  қымбат декорация, арнайы тігілетін костюм, компьютерлік графиканы қажетсінбейді. Киноға КВН-нен келген шоу-бизнес өкілдері үшін күлкілі жағдайлар мен келеңсіз оқиғалардан сюжет құру әлдеқайда оңайырақ, әрине. Өкініштісі олар сол комедияның өзін өз деңгейінде түсіріп жүр деп айта алмаймын. Ал хоррор, триллер, детектив сияқты өзге де киножанрлар драматургиялық шеберлікті, кәсіби біліктілікті талап етеді.

Екіншіден, халықтың жағдайы нашарлаған сайын комедияға көп барады. Жақсы жаңалыққа қарағанда жаман жаңалықты көбірек еститін бүгінгі заманда мәз боп жүрген ешкім жоқ. Баяғыда біреу біреуді өлтіріпті, зорлапты, тонапты дегенді кинодан ғана көретінбіз. Еліміздің ертеңіне қауіп төндіретін сыбайлас жемқорлық өріс алып, бай мен кедейдің арасы жер мен көктей болған бүгінгі заманда күнделікті күйбең тіршіліктен қажыған қоғам өкілдері бір сәт болса да бәрін ұмытып, миға салмақ түсірмейтін нәрсеге күліп, психологиялық тұрғыда рахаттанып қайтқылары келеді.Бұл тұрғыда экранымызда комедияның өріс алуы– қоғамымызға қойылған диагноз.

                  Әртіс Н.Адамбаевтың "Келинка Сабина" комедиясы 

- Бүгінде кино саласының кәсіби мамандары ғана емес, әншілер, вайнерлер, әзілкештер өздері фильм түсіріп жүр. Бұл үрдіске көзқарасыңыз қалай?

- Мәселе жоғарыда есімдері аталған шоу-бизнес өкілдерінің киноға келуінде емес, олардың ұсынып отырған фильмдерінің деңгейінде. Мұндай практика әлем кинематографында да бар. Мысалы голливудтық фильмдерге де атақты Вуди Аллен, Такеши Китано, Луи Си Кей, Джордан Пил және басқа да әзілкештер, cтенд-ап комиктер киноға түсіп, өздері де фильмдер түсірді. Туындылары әлемді шарлап, үздік фестивальдерде мойындалып жүр. Себебі, олар киноны шоумен араластырмайды, кәсіби білікті кино мамандарының тәжірибесін пайдаланып, бірлесе жұмыс істеуден қашпайды.

Киноның табиғатын, оның жеке-дара өнер екендігін түсінбейтін отандық шоу-бизнес өкілдері өздерін экраннан көргеніне риза. Олар үшін кино – өнер емес, көңіл көтеретін, өздерін жарнамалайтын құрал, ақшаны күректеп табуға мүмкіндік беретін бизнес. Халық болса деңгейі төмен, сапасыз дүниелерді көргендеріне мәз. Кинодан хабары жоқ қарапайым көрермен ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін қайдан білсін? Айналып келгенде, бәрі талғамның қалыптаспағанына келіп тіреледі. Ал талғамды қалыптастыру үшін мемлекет кино өнерін қолға алуы керек. Бұл мәселені кинотанушы, кинорежиссер Дәрежан Өмірбаев талай жылдардан бері көтеріп келеді. Кино түсіруге ғана ақша бөлу жеткіліксіз. Елімізге тек кино мамандарын дайындайтын, кино өнерін зерттеп, насихаттаумен айналысатын арнайы институтты ашу ұлт болашағы үшін аса қажет. Әсіресе, халқымыз таңның атысынан кештің батысына дейін жаппай экран алдында отыратын бүгінгі заманда.

- Халықаралық байқауларда көрсетілетін фильмдер кинотеатрларда көрсетілмейді. Талап солай деп айтады мамандар. Олардың шығыны ақтала ма?

- Авторлық фильмдер мемлекетіміздің мәртебесін көтеріп, иммиджін қалыптастыруда аса маңызды рөл атқарады. Дәрежан Өмірбаев, Серік Апырымов, Әділхан Ержанов қатарлы өзіндік стилі бар, қолтаңбалары қалыптасқан авторлардың болуы ұлт өнері үшін үлкен жетістік. Кинофестивальдердің талабы бойынша сайысқа қатысатын фильмдер басқа еш жерде көрсетілмеуге тиіс. Сол себепті де оларды бірден көпшілік қауым назарына ұсыну мүмкін емес. Алайда, фестивальдік шерулерін аяқтаған соң әлемнің үздік кинобәйгелерінде жеңімпаз атанып, қастерлі көк байрағымызды желбіреткен фильмдерімізді көрсетуге отандық кинотеатрларымыздың зауқы жоқ. Қоғамдағы маңызды мәселелерді қаузап, адамзатқа ортақ тақырыптарды көтеретін терең философиялық туындылар көп жағдайда касса жинамайды. Ондай фильмдерді көретін көрермен санаулы болғандықтан, кинотеатр иелерінің бүйірі жеңіл сюжеттерден құрылған, көрермені көп комедиялық фильмдерге бұрып тұрады. Сол себепті бізге Еуропа елдеріндегідей тек авторлық, демек, арт-хаус бағытындағы өнер туындыларын көрсететін арнайы кинотеатрларды ашу қажеттілігі туындап отыр. Қазіргі кинотеатрларымыздың бәрі киноны бизнес көзі ретінде ғана қарастырады. Көрерменнің талғамы төмен болғаны олар үшін тиімді. Себебі, өресі биік көрермен көбейсе кинотеатрлар босап қалар еді.

- Былтыр мемлекеттік тапсырыс бойынша «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының» қолдауымен 12 көркем туындыкөрермен назарына ұсынылды. Сіз сол фильмдерді көрдіңіз бе? Сапасы қалай?

- Кинотанушы, киносыншы болғандықтан, жаңа шыққан фильмдерді көріп, заманауи қазақ киносының өрісін назарда ұстау кәсіби міндетім. Оның үстіне мен биылдан бері Ұлттық киноны қолдау орталығының жанындағы сараптама кеңесінің мүшесімін. Осы ретте мемлекеттің қаржыландыруымен түсірілген әр фильмді көрермен назарына ұсынбас бұрын көріп, соңғы нұсқасын қабылдау немесе қабылдамау біздің тікелей міндетіміз. 2019 жылдан бері мемлекеттің қолдауымен 120-ға жуық фильм жарыққа шықты. Түрлі жанрда түсіріліп, түйткілді мәселелерді көтерген олардың арасында сәтті шыққандары да, сәтсіздері де жоқ емес, әрине. Мысалы Алдияр Байрақымовтың «Паралимпиадашы» фильмі спорттық драма жанрында, Айдын Сахаманның «Досмұқасан» фильмі биографиялық мюзикл жанрында, Серікбол Өтепбергеновтің «Патриоттар уақыты»фильмі әскери патриоттың экшн жанрында түсіріліп, көрермен қауым тарапынан жылы қабылданды. Сондай-ақ, Дәрежан Өмірбаевтің«Ақын», Әділхан Ержановтың «Адемоканың оқуы», Эмир Байғазиннің «Өмір», Айжан Қасымбектің  «От» тәрізді адамзатқа ортақ мәселелерді қаузап, әлеуметтік маңызы зор түйткілді тақырыптарды көтерген  авторлық туындылары кіші прокатта болды. Соңғы аталғандары әлемнің ең беделді кинофестивальдерінде жүлделі орындарға ие болып, еліміздің мәртебесін көтерді.

Бұған дейін мемлекет тарапынан негізінен авторлық, идеологиялық фильмдер ғана қолдау алып, басымдық тарихи жобаларға беріліп келсе, Ұлттық киноны қолдау орталығы құрылғалы қазақ киносында жанрлық түрлену байқалады. Ең бастысы, кинотеатрларымызды арзан, сапасыз комедиямен толтырып отырған әуесқой киногерлермен бәсекелесіп, көрерменге басқа да киноның болатынын көрсетіп, балама ұсынуға болады. Алайда, түсірілген фильмдердің тек он екісі ғана прокатқа шығып, көрермен қауымның назарына ұсынылды. Прокатпен мемлекет емес, жекеменшік компаниялар айналысатын болғандықтан, кинотеатр иелері  өздеріне тиімді, табысты барынша көбірек әкелетін фильмдерді ғана көрсетеді. Оларға белгілі бір фильмді көрсет немесе көрсетпе деп те ешкім айта алмайды. Себебі, прокат жайлы заң  жоқ. Сондай-ақ, фильмді кинотеатрда көрсету үшін қаржы керек. Алайда, біздің мемлекет тарапынан  киноны түсіруге миллиардтаған теңге бөлгенімен, оның дистрибуциясы мен прокатына бір тиын да қарастырылмаған. Демек, әуесқой режиссерлер ұсынып жатқан комедиялардан басқа да түрлі жанрдағы сапалы, ойлы фильмдер де бар. Бірақ оларды көрсететін мүмкіндік жоқ. Қазақ киносы қазақ көрерменіне жетсін десек, ең алдымен прокат мәселесін заң жүзінде ретке келтіруіміз керек.

- Кино – ұлттық құндылықтарды насихаттаудың ұтымды нұсқаларының бірі. Біз де осы бағыт ақсап жатқан жоқ па? Себебі, салыстырмалы түрде алғанда өзге жанрларға қарағанда тарихи фильмдер өте аз.

- Біріншіден, ұлттық кино деген ұғымды дұрыс түсінуіміз керек. Байқағаным, оны әр адам әрқалай түсінеді. Басым көпшілік ұлттық пен  этникалық ерекшеліктерді шатастырады. Ұлттық кино дегеніміз міндетті түрде салт-дәстүрімізді көрсетіп, кейіпкерлерге оюмен өрнектелген киім кигізіп, киіз үйде қымыз ішкізіп, ат үстінде шауып бара жатқан жауынгерлерді таспалау емес. Ұлттық ерекшеліктер деп халықтың сыртқы көрінісін емес, ішкі әлемін, демек, жан-дүниесін, өзіндік дүниетанымын, әлемге деген өзгеше көзқарасын, өмір сүру философиясын қарастыруымыз абзал. Экраннан қазақтың иісі аңқып тұратын әр туынды ұлттық деп аталуы тиіс. Сол себепті де тек тарихи жанрдағы фильмдер ғана ұлттық құндылықтарымызды насихаттайды деу қате пікір.

Екіншіден, тарихи жанрдағы фильмдер жеткілікті деңгейде түсірілуде. Ұлттық киноны қолдау орталығының қаржыландыруымен соңғы төрт жыл ішінде Бекарыс Елубайдың аштықтың зардабын таспалаған «Ақ боз үй», Сәбит Құрманбековтің Өткен ғасырдың 80-жылдарының соңындағы саяси жағдайдан сыр шертетін «Боран», Ерлан Нұрмұхамбетовтің Ахмет Байтұрсынұлының тағдыры жайлы «Соңғы үкім», Жандос Құсаиновтың ақын шығармашылығына негізделген «Жамбыл. Жаңа дәуір», Ардақ Әмірқұловтың ХХ ғасырдың 30-шы жылдардағы қазақ даласын суреттеген «Жел тоқтаған жер», Тамаш Тоттың XX ғасырдың басында орын алған аштық жайлы «Өліара»,  Данияр Саламаттың Бейімбет Майлиннің шығармалары желісімен түсірген «Талақ», Кенжебек Шайқақовтың полигоннық зардабы жайлы «Айқай»,  Талғат Теменовтің Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңін негізге алған «Қара қыз», Елзат Ескендірдің Кеңес Одағы тарап, геосаяси апат болған кезеңді суреттейтін «Әбіл» және т.б. фильмдер түсірілді. Әлі қаншамасы түсіріледі деп жоспарлануда. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында соңғы үш-төрт жыл ішінде Рүстем Әбдірәштің «Қазақ хандығы», Бақыт Қайырбековтің Жақсылық Үшкемпіров жайлы «Жақсылық», Болат Қалымбетовтің Мұқағали Мақатаевтің шығармашылығы мен өміріне негізделген «Мұқағали» және өзге де фильмдер жарыққа шықты. Одан бөлек ұлттық телеарналарымыз да тарихи жобаларды көптеп ұсынуда. Солардың бірі Мұрат Есжанның соңғы кезде қызу талқыға ұшыраған «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмі.

Қарап отырсаңыз, бізде түсіріліп жатқан тарихи фильмдер аз емес. Өкінішке қарай, халықтың қаржысына түсірілген бұл фильмдерді көрсетуге прокатпен айналысатын кинотеатрлардың құлқы жоқ. Оларды көрсетуге мемлекет тарапынан міндеттейтін заң жоқ. Кинотеатрлар мемлекетке тиесілі болмағандықтан, өз фильмдерімізді өз көрерменімізге көрсете алмай отырмыз.

- Қазақ киносының әлемдік кинонарыққа шығу мәселесі жөнінде не айтар едіңіз?

- Бүгінгі таңда әлемдік кинонарықта тек авторлық фильмдеріміз бой көрсетуде. Беделді фестивальдерден бөлек, Дәрежан Өмірбаевтың, Әділхан Ержановтың фильмдері еуропа көрерменінің қызығушылығын тудырады. Осыдан бірер жыл бұрын Ержановтың «Үкілі Камшат» фильмі Түркияда үлкен прокатқа шықса, былтыр Өмірбаевтың «Ақын» фильмі Францияның кинопрокатында бір ай көлемінде болды. Француздардың қазақтың туындысын жоғары бағалағаны  жайлы олардың әлемге әйгілі «Le Monde» газетінде үлкен мақала жарияланды. Болашақта сапалы жанрлық фильмдеріміз де әлемдік прокатқа шығып қалар деп үміттенеміз. Алайда, ол жақын арада іске асады деп ойламаймын. Себебі, біздің коммерциялық фильмдер Голливуд пен Болливудтың танымал фильмдерінің көшірмесін жасаумен шектелуде.Онда да кәсіби тұрғыдан өте әлсіз орындалған көшірме деп айтар едім. Әбден ез болған тақырыптар мен таптаурын сюжеттерге құрылған бұндай фильмдер өзгелерге тұрмақ өзімізге де қызық емес.

Дегенмен, SalemSocialMedia-ның жобалары интернет желілері арқылы жақсы таралымға ие болып, ТМД көрерменінің қызығушылығын тудыруда. Отандық киногерлерімізде идея тапшылығы, сценарий әлсіздігі байқалғанымен, кино түсіру техникасын жақсы меңгерген. Біздің кинооператорларымыз, монтаж мамандарымыз, каскадерлеріміз және т.б. өте білікті. Техникалық тұрғыда Орта Азия аумағындағы алға шыққандардың бірі бізбіз десек өтірік емес.

- Елімізде қандай жанрдағы фильмдер көбірек түсірілуі керек деп ойлайсыз? Қай жанрлар ақсап жатыр?

- Меніңше бізде белгілі бір жанр дамып кетті деп шорт кесіп айту қиын. Себебі, комедия жанрының өзі толық дамымаған. Комедияның түрлері көп: лирикалық комедия, эксцентрикалық комедия, қара комедия... Бізде тек комедияның субжанрларының бірі – отбасылық комедия ғана түсіріледі. Чарли Чаплин, Бастер Китон қатарлы мықты режиссерлер күлдіріп отырып жылататын. Олардың мақсаты екі сағат ессіз күлдіру емес, қоғамды сынға алу, маңызды мәселелерді көтеріп, көрерменге ой салу болатын. Ал біздің отандың киногерлеріміз комедияны белден төмен әзіл арқылы мәнсіз, мағынасыз күлдіру деп ойлайтын сияқты. Одан бөлек, біздің экранымызда хоррор, триллер, детектив қатарлы т.б.  киноның жанрлары қалыптаспаған. Себебі, елімізде жанрларды дамытатын кәсіби білікті кинодраматургтер тапшы.

Сондай-ақ, бізде балаларға арналған фильмдер мен анимациялық туындылар ақсап жатыр. Балаларына «туған тілін менсінбейді, өзге тілде сөйлегенге құмар» деп реніштерін білдіртетіндер көп. Өзіміз оларға арналған қазақ тілінде жетіскен бір фильм түсірмесек, анимациялық туындылар ұсынбасақ несіне ренжиміз?! Жас ұрпақты қазақ тілінде сөйлету үшін бүкіл әлем анимациясына, балаларға арналған үздік фильмдерге қазақша дубляж жасап, оларға өтімді контентті туған тілімізде ұсынғанымыз жөн. Сонда ғана олардың тілге деген құрметі артып, еліне, ұлтына деген сүйіспеншілігі оянады.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Фото: Yernar Almabek 

Байланысты жаналықтар

«Бауырына салу» «Оскар»-ға ұсынылды

16.11.2024

Fitch Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін растады

16.11.2024

«Маған көрсетпеді»: Ханбибі Есенқарақызы «Нұрикамал» фильмі туралы айтты

13.11.2024

Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан Президенттері энергетикалық жүйені интеграциялау жөніндегі келісімге қол қойды

13.11.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Польша Президентін Тәуелсіздік күнімен құттықтады

11.11.2024

Қазақстан хоккейден алғашқы Азия чемпионатының жеңімпазы

10.11.2024
MalimBlocks
«Бауырына салу» «Оскар»-ға ұсынылды

Фильм ауыл өмірінің қиын тіршілігін бейнелейді

Fitch Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін растады

Қазақстан рейтингін сыртқы буферлер ұстап отыр

«Маған көрсетпеді»: Ханбибі Есенқарақызы «Нұрикамал» фильмі туралы айтты

Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан Президенттері энергетикалық жүйені интеграциялау жөніндегі келісімге қол қойды

Құжат Еуропа елдері мен басқа да нарықтарға жол ашады

Қасым-Жомарт Тоқаев Польша Президентін Тәуелсіздік күнімен құттықтады

Президент Қазақстан мен Польша арасындағы байланыс дамып келе жатқанын атап өтті

Қазақстан хоккейден алғашқы Азия чемпионатының жеңімпазы

Шешуші ойында ұлттық құрама Жапонияны ұтты