"Миллионер" «Шымбұлақ» жаңа маусымын ашты
«Шымбұлақ» былтыр, яғни, 2021-22 жылғы маусымда жеке рекордын жаңартты. Кез келген туристік орталықтың өлшемі келушілермен өлшенеді, бұл жағынан біз айтып отырған тау-шаңғы курортының даму қарқынын пандемияға дейін және пандемиядан кейін деп, екі кезеңге бөлуге болады.
Жаңа рекорд және жаңа жобалар
2021-22 жылғы маусым – қыс пен жазды қосқанда шатқалға 1 000 237 адам келген. Ал, одан бұрынғы пандемия кезіндегі (2020-2021 ж.ж.) көрсеткіш те одан бұрынғы келушілерден көп –789 613 адам. Бір жыл ішінде курортқа келушілер саны 48 пайызға өскен. «Шымбұлақ» десе елдің аузына ең алдымен іліне кететіні – тау шаңғы спорты. Бірақ, бір қызығы курортқа жазда келушілер саны қыста келушілермен қарайлас: 500 206 адам қыста, 500 031 адам жазда келіпті. Бұл тау-шаңғы курортының тек қысқы спорт түрлерін ғана емес, шатқалдың сұлу табиғатын да жақсы пайдалана алып жатқанын көрсетеді. Алдыңғы маусымда қыста 482 743 адам қыста, 306 870 адам жазда келгенін ескерсек, курорттың жазғы демалыс пен жазғы тау спорттарына көңіл бөлуінің нәтижесінде екі көрсеткіштің теңелгенін көруге болады.
«Шымбұлаққа» келушілердің денін негізінен спортшылар емес, тауды жақсы көретін, табиғат аясында демалуға келгендер құрайды. Демек, алдығы уақытта Шымбұлақ шатқалы қысы-жазы адам үзілмейтін үлкен демалыс орнына айналады деген сөз. Курорт биылғы маусымға не дайындап отыр, қандай жаңалығы бар? Біз бұл туралы «Шымбұлақ тау-шаңғы курортының 2022/2023 шаңғы маусымының ашылуы аясында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында білдік.
Журналистердің алдында биылғы жаңалықтармен таныстырған, сұрақтарға жауап берген «Шымбұлақ» компаниялар тобының қаржылық директоры Алмас Кеделбаев пен «Шымбұлақ» ТК бас директорының орынбасары Ләззат Бастаубаеваның айтуынша, биылғы ең үлкен жаңалық қысқы шаңғы жолына +3 шақырым қосылуы. Жоба «Құрғақ сай» аталады. Бұл 3 шақырымдық жолдың артықшылығы – жаңадан шаңғы үйренушілерге зор мүмкіндік. Тау-шаңғы спорты қауіпті спорт түрлеріне жататындықтан, мұнда кәсіби, әуесқой спортшылар мен жаңадан «аяққа тұрған» спортшылардың қатар шабуы – қауіпті саналады. Сол себепті, шаңғышы белгілі бір деңгейге жеткенге дейін арнайы «жеңіл» жолдарда машығын арттырғанша құмардан шыққанша жүре алады.
Бұл қосымша жолдардың тағы бір артықшылығы – алдағы уақытта курорт басшылығы сноубордшыларды да «бөлек шығармақ». Қазір «сноубордшылардың» көбейіп келе жатқаны белгілі, бұл шаңғы жолдарының тез мұздануына әкеп соғады. Сондықтан, бұл мақсат іске асса, тау шаңғысын сүйетіндер мен сноубордты ұнататындар үшін қуанышты жағдай болмақ.
Тауға, тау спортына қызығушыларды қолдау
«Әлеуметтік бағдарлама шеңберінде Шымбұлақта мүгедектер, зейнеткерлер, 5 жасқа дейінгі балалар үшін тегін жүру және
сырғанау мүмкіндігі беріледі. Өткен маусымда бұл бағдарламаны 90 160 бала мен 8 962 зейнеткер пайдаланған. Ал, Көп балалы отбасылар үшін арқанжолмен жүруге 30% жеңілдік қарастырылып отыр. Ал, «Жаңадан бастаушы» және «Жастар» тарифтері бойынша студенттер мен жаңадан бастаушылар үшін де жеңілдіктер бар. Бұл жеңілдікті өткен маусымда 92 617 адам пайдаланды», - деді Алмас Кеделбаев.
Мұның барлығы «Жеңілдікпен жүру» бағдарламасы аясындағы шаралар. Бұл курортқа келушілер санын арттыруға және шаңғы теуіп көрсем дейтіндерге мүмкіндік беретін жоба. Оған өосымша «Балаларды үйрету» жобасы бар. Онда, балаларды ең алдымен тауда болуға үйретеді, яғни, барлық қауіпсіздікті сақтай отырып, шеберлігін шыңдаудан бастап сырғанауды үйретуге дейінгі мүмкіндіктер қарастырылған. Биылғы маусым айында «Шымбұлақта» балаларға арналған «El Kiddo Shymbulak» тау лагері ашылып, онда 6 мен 15 жас аралығындағы балалар қабылданғанын да айта кету керек.
Жаздыгүні тауға шығудың қандай деңгейде дамып жатқанын айттық. Онда да мүмкіндіктер аз емес. Тауға шығушылар белгілі бір биіктікке жеткен соң, қайтар жолда аспалы жол қызметін пайдалана алады. Оған төлейтін ақша да қол жетімді – жыл бойы 500 теңге. Тәжірибелі гидтер мен экскурсия жетекшілері Алатаудың қуыс-қуысын бірге аралайды, тиісінше көптеген ақпарат береді.
«Шымбұлақ» жаңа маусымда...
«Шымбұлақтың» биылғы жаңалығы курортта биылдан бастап іскери кездесулерді, мәжілістерді және шеберлік сағаттарын өткізуге арналған Эдельвейс мәжіліс залының ашылуы (алғашқы баспасөз конференциясы осында өтті). Бұл да курорттың коммуникация мен PR-ға жіті көңіл бөле бастағанын көрсетеді.
Биыл «Шымбұлақ» бірнеше ірі шаралар өткізуді жоспарлап отыр. Almaty Extreme Game, Shake Fest, Tan Media Cup әуесқойлар сайысы сияқты жобалар курорттың халықаралық деңгейдегі мүмкіндіктерін көрсетіп бере алады.
Аталған жобалар ішінде ерекше атап өтері – Almaty Extreme Game фестивалі. Бұл фестиваль Алматыда алғаш рет өткелі отыр. Әлемнің әр түкпірінен келген шаңғы мен сноуборд спортының үздік өкілдері үш күн бойы өздерінің трюктерін көрсетеді. Фестивальде өзге де көңіл көтеру бағдарламалар қарастырылған. Онда тек жергілікті өнерпаздар ғана емес, әлемдік жұлдыздар да өнер көрсетеді деп отыр. Швейцария, Польша, Қазақстан, Австрия, Швеция және Финляндия елдерінің спорт шеберлері қатысады. Фестиваль күндері «Шымбұлақтағы» бұл доданы 10 000 көрермен арнайы келіп көреді және онлайн трансляция арқылы 500 000 адамға дейін тамашалай алады деп есептеп отыр курорт басшылығы.
Былтыр келушілер саны миллионнан асып, "миллионерлер" сапына қосылған "Шымбұлақта" қысқы маусым көктемге дейін жалғасады.