Мұхтар Мағауин. Қазақтың қырғыз руы

Тарихи дәйектеме

Malim Админ

  • 20.07.2021

Алаш ұлының арыдағы жіктеліс жүйесінде әрқилы тармақ, оның ішінде іргелес халықтар есімімен үйлес, үлкенді-кішілі аталар ұшырасады. Мәселен, қытай, қалмақ, ноғай, шеркеш, қырғыз, естек, түрікпен, өзбек, сарт, [қара]қалпақ деген сияқты. Тіпті, орыс та бар – орыс және құнан-орыс. Сонымен қатар, бұлардың ешқайсы да кірме, бөтен тұқым саналмайды. Бәрі де әлмисақтан бергі байырғы қазақ. Әрине, әрбір атаудың өзіндік шежіресі бар. Кейбірі ана тегіне байланысты деп жатады, кейбірі әуелгі бір мекен-тұрақ жөнімен. Немесе еліктеуіш. Қайткенде, бұрна да, кейін де ешқандай алалық болмаған. Осы орайда, соңғы кезде шынымен-ақ некес, анығы – не ұлттық мінез, не тарихи таным жоқ, тіпті, адамгершілік иба, әдепкі санадан тыс әлдебір дүмбілездер тарабынан көтерілген және интернетте әжептәуір дабыраға айналған өзгеше бір жағдаят – қазақтағы қырғыз руы туралы былғаныш әңгіме – біраз жұрттың ренішін туғызған, шетін оқиға болды.

Біз бұл тақырыпта бұдан отыз, отыз бес жыл бұрын сөз қозғамақ едік. Әлгіндей көлденең бықсық, әуелгі бір парықсыз сөзге байланысты. Білгір этнограф, білімпаз әдебиетші саналып жүрген, жадағай, компилятор жазарман Арқадағы Қызыларай өңіріне барады ғой. Қарағанды обылысы, Ақтоғай ауданы. Сонда, араққа мас емес, өзінің өтпелі атақ-дәрежесіне масайған Білгір, топ алдында көсіле сөйлеп тұрып, өзгеше бір кептің шетін шығарыпты: бұл ауыл, бұл совхоздың халқы қырғыз аталады, яғни қырғыз руы. Неге қырғыз десеңіз, баяғы шапқыншылық заманда Алатаудағы қалың қырғыздан бөлініп, осында айдалып келген. Және қалың қазақ ортасында орныққан. Бірақ уақа емес, қырғыз да туысқан жұрт, советтік халықтар семьясында бөтендік жоқ, міне, үкімет пен партияның арқасында бақытты ғұмыр кешіп жатырсыңдар... деген тұрғыда. Бұл тараптағы жұрттың көпшілігі шынында да қырғыз аталады, – қазақ руы және ешқашан қазақтан тыс тағдыр, талайымыз бар деп ойламаған. Үлкен де, кіші де дағдарып қалса керек. Біз қырғыз емес, қазақпыз, руымыздың есімі ғана қырғыз деп ешкім айта алмапты. Онда неге қырғыз атанғансың деген сұрақ дайын тұр. Әлденендей уәж көтерілмеген, көңілге келсе де, дәп сол арада сыртқа сыз бермейді. Оның үстіне айрықша білгір қонақ, атақты жазушы. Жұрт күтпеген, бейсауат бір сөзді ушықтыру қажетсіз, әрі мейманмен дауласып жатуды ыңғайсыз санаса керек. Хош. Сонымен, арада апта, әлде ай өтеді. Әлдебір той. Советтік замандағы жиын, той арақсыз болмайды. Жаппай ішіс. Ақыры, ортақ дастарқан басында, бәлкім, арада кісі жоқ, қатарлас, немесе қарсы отырған екі жігіт әлденеге келіспей қалады. Сол кезде «таза қазақ» маскүнем, ол да ұрттап алған «қырғыз» досына: «Анада үлкен кісі айтып кетті ғой, сен қазақ емес, қырғыз боласың. Ендеше, жер иесі, ел иесі менімен шендесетін жөнің жоқ. Жолың ашық, табаныңды жалтыратып, өз еліңе – қырғызыңа қайт!..» депті. «Естімей қалдым, пысықтап айтшы?» – дейді «қырғыз». «Бір емес, он рет айтам, сен қазақ емес, қырғызсың. Ендеше, орныңды біл. Қырғызстаныңа кет!» – депті жаңағы «таза қазақ». «Кім екенімді білмей жүр екем, рақмет, көзімді аштың, – дейді «қырғыз». – Енді еліме қайтам. Бірақ жалғыз өзім емес, сені де ала кетем! Мінеки!!..» – деп, ет турап отырған қарымды бәкісін суырып, әлде дастарқанда жатқан лөкет пышақты алып, «таза қазақтың» өндіршегіне бойлата сұқты дейді...

Менің ұзынқұлақтан естуім. Бәлкім, өлтірмеді, жеңілдеп жаралады. Бәлкім, пышақсыз, жуан-жұдырық төбелес. Бәлкім, кәдімгі қара-қасқа боқтық... Естіген құлақта жазық бар. Кезінде, немесе кейінірек, осы ауылдың тумасы Серік Ақсұңқарұлы бауырымнан сұрауым керек еді. Ойға келмепті. Өлім неғайбыл, төбелестің болуы, тіпті, осындай оқиғаның өзі күмәнді десек, ақыры тыныштықпен тынған, бірақ ағайын арасына зәрлі сөз тастап кеткен сабаздың есім-сойы анық, жасырмай айтсақ, әйгілі Тарақты Ақселеу. Сейдімбеков. Енді міне, жаңа былыққа куә болып отырмыз. Қаның қайнайды. Бұл – мен. Жүрекке түскен жара қандай. Бұл – ата сойы осы руға қатысты ғажайып бір баламыз – қазақтан озған, әлемдік ең биік деңгейдегі ұлы әнші және елінің атақ-даңқын асқақтатқан ұлтшыл қайраткер. Жасы жиырмаға толар-толмаста дүниені дабылдатқан Димаш Құдайберген. Дәп осы ретте үндемеген – үйдей пәледен тақыр-таза құтыла алмайды. Туған әкенің арғы-бергі ата сойын дәйектеп, шыр-пыр болған азғана лепесі – бар қазаққа сын болды. Көлденеңнен ешкім де, «тәйт» дегеннен асып, баталы сөз таба алмапты. Бұл кезде біз... бұрнағыны айтпағанда, соңғы жиырма жылғы тынымсыз, ауыр жұмыстан соң, шығармаларымыздың көп томдық толық жинағын баспаға әзірлеп бітіп, әліміз құрымаса да, байыз тапқан, өзімізге тұтас алты айлық демалыс жариялаған тыныс үстінде едік. Бұл жазу... талай айтқанбыз, «әйт, шүу, ала атым...» дегенге көнбейтін, кірпияз ғана емес, кілтипаны көп құбылыс. Ақыры, көңіл бекіп, қол босады. Бұрнада, көлденең сорақыны терістеу үшін емес, тарихи айғақ үшін жазылмақ, бірақ үлкен тақырыптардан аса алмай, кешеуілдей берген танымдық шағын мақалаға оралу қажетіне ден қойдық.

Біз көтермек кептің түп дерегі Шоқан Уәлихановқа барып тіреледі. Кейінгі шешімі – Әлихан Бөкейхановта. Ал аралық дәйектеме – Мұхтар Мағауинге, яғни мына бізге тиесілі.

Сонымен, ұлы Шоқан.

Әлкей Марғұлан қалыптап, жарыққа жеткізіп кеткен бес томдық «Шығармалар жинағында» Абылай ханға, қазаққа және қырғыз жұртына қатысты мақала, зерттеулерде әлденеше мәрте қайталанған. Жинақтап айтсақ, аруақты Абылай-бахадұр ханның Ойрат тарабындағы, Шүршіт бағдарындағы әскери және дипломатиялық жеңістерден соңғы кезеңде, бұрнағы Қазақ Ордасының барлық иеліктерін қалпына келтіру майданының бір тармағы – Қырғыз ұлысына қарсы, 1770 жылғы жойқын жорық кезінде орын алған оқиға. Соғыспау мүмкін емес еді. Ақтабан-шұбырындыдан соң, бұрнағы байтақ Шығыс атырап тұрыпты, Жетісуды тұтасымен, Нарынқол, Кегеннен тартып, Қордайға дейінгі, тіпті, одан әрмен, бүткіл Ұлы жүз қонысын басып қалған Дүрбін-Ойрат, әуелде Абылай ханның ұтымды ұрыстары, бұдан соң Цин империясы тарабынан жүргізілген жаппай тазарту, яғни қалмақ геноцидінен кейін біржола босап жатқан. Бұдан бұрын Алатаудың жықпыл-жықпылын сағалап кеткен қырғыз қауымы енді етекке түсіп, ұзын аққан Іле өзенінің сол қабағы, есебі Алатаудың жотасына дейінгі жарым Жетісуды иеленіп қалады. Енді Абылай ханның 1965 жылғы алғашқы майданы нәтижесінде ағайындас, бірақ еншісі бөлек жұрт Нарынқол, Кегеннен ысырылып, Іленің сол жағалауын тұтасымен, бұдан әрі Қордайға дейінгі кең қонысты босатуға мәжбүр болады. Алайда, қақтығыс, қайыра шапқын тоқталмаған. Ақыры, Қырғыз ұлысын біржола жуасыту үшін 1770 жылы, бұрынғыдан әлдеқайда қуатты жаңа жорық ұйымдастырылады. Және ортағасырлық аяусыз қаталдықпен өткерілген. Қырғыздың бірталай руы ойсыраған шығынға ұшыраса, кейбір кіші аталар түгелге жуық қырылып кетеді. Қырғыз жұрты да ұжымдасып, қажырлы қарсылық көрсетіпті. Алайда, күш тең емес еді. Шоқан Уәлихановтың жазуынша, ең үлкен ұрыс Шу өзенінің бастапқы тармақтары – Қызыл-су, Шәмсі бойында болады. Қантөгістің қарымы соншама, кейінгі тарихта «Жайыл қырғыны» аталған зор майдан. Ұрыс даласындағы жеңіспен шектелмеген Абылай хан осы қырғызға тиесілі қаншама жұртты, мал-жаны, бала-шағасымен қоса тұтқындап, өзімен бірге Сары-Арқаға көшіріп әкетеді. Бұлардың көптігі сонша, бүгінде Көкшетау дуанында Бай қырғыз, Жаңа қырғыз аталатын екі болыс болып отыр, деген. Көкше тарабы. Абылай осыған қоса, кейінгі Қарқаралы дуаны, Қызыларай тауының төңірегіне тағы қаншама жұртты орнықтырған. Жаңа қоныстағы бұл ағайындардың барлығы да көп ұзамай-ақ, елдің байырғы салты бойынша,  қатардағы қазақ санатына кіреді. Орта жүз есебінде. Көкшетау төңірегінде арғын тайпасы, он екі тармақ атығай руының бір бұтағы саналған. Ал Қызыларай алқабында – ол да арғын, қаракесек құрамында. Ежелгі дәстүр жөні. Қазақтағы қаншама үлкен рудың құрамын тарқата келсек, әр уақытта әр тараптан қосылған және біте қайнасып кеткен талай атаның ізін табар едік. Бөтен емес, кірме емес, бәрі де тумысы ортақ алаш баласы ретінде.

Алғашқы қоныстан соң, арада жүз елу жыл өтсін. Алаш жұртының жаңа замандағы көсемі Әлихан Бөкейхановтың «Қарқаралы дуанындағы қазақтардың рулық құрамы» дейтін, шежіре негізді ғылыми жазбасы – «Таңдамалы», 1995, 89-119-беттер. Арғын, керей, тарақты және басқа да рулармен қатар, қырғыз руының таңбалы шежіресі. Әлекең осы, «қырғыз» аталатын ру құрамындағы тармақ-тармақ үлкен аталарды түгелдей санамалап шыққан. Жинақтап, теріп айтсақ: қыпшақ, ақжол, төлес, құлболды, жаубасар, құсшы, меркіт... Мұндағы қыпшағыңыз кәдімгі қыпшақ, ақжол – арғын, құлболды – сол арғынның бір тармағы, төлес – өзіміздің төлес, тілес, телеу, ал жаубасар – уақ, меркіт – бүгінде керей құрамындағы ежелгі меркіт, және кәдімгі құсшы бар. Сонда... Абылай хан қалың қырғыз ішінен қазаққа тиесілі руларды көшірген болып шығады. Арғын, қыпшақ, керей, уақ, меркіт... руларының қырғыз ішіндегі жаңқа, жармақтары. Әрине, түгел емес, жорық жолында қолға ілінгені. Бұл ретте құсшы руы туралы дәйектеме бере кету қажет сияқты. Кейінгі шалағай таным бойынша, құсшы – қырғызға баланады. Шын мәнісінде, Шыңғыс хан және оған жалғас кезеңде қалыптасқан, кейінгі өзбек, башқұрт және басқа да халықтар құрамында тұрған іргелі ру. Қазаққа да тән, әуелден-ақ біздің ауыл, кейінгі Шұбартау ауданы шегінде жасайды. Әлекең өз кезіндегі Шұбартау болысында төрт жүз шаңырақ деп көрсеткен. Кемі екі мың жан, ол заман үшін көп халық. Бұл құсшы Шұбартаумен қоса, Қызыларай өңірінде қоныстанған және көпшілік бөлігі де осы тарапта екен. Рас, Абылай заманында қоныс жаңартқан туыстас қауым ішінде түрік текті, бірақ қазақта да, басқада да ұшыраспайтын, тек қана қырғызға тән сары-бағыш пен солты аталады. Бұлардың қарасыны шамалы болса керек, аралас отырған басқа ағайындардан бөлектеп, тастап кетпеген.

Айттық. Бұдан екі жарым ғасыр бұрынғы дәуірдің өзінде арғын тайпасы – атығай, қаракесек руларының бір тармағы саналған қырғыз атасы Абылай ханның ғұзырымен қазақтанды. Қазақтанған жоқ, әуелден-ақ қазақ, ата жұртына қайтадан қосылды, деп айтар едік. Ендеше, сол заманда қырғыз ішіне қайдан барған? Амал жоқ, арғы тарихқа кетеміз.

Қазақ хандығы жаңадан іргелене бастаған даңқты дәуір – ХV ғасырдың соңында қаншама жұртымыз түп көтеріліп, Шәйбани ханмен бірге Орта Азия шегінде ауғаны белгілі. Бұлардың басым бөлігі уақыт оза келе, өзбек халқының құрамына сіңісті. Сонымен қатар, жалғас кезеңде өзінің түп негізін сақтағанын көреміз. Айбынды Тәуекел-бахадұр ханның құдіретті Бұқар хандығына қарсы, 1598 жылғы ұлы жорығының үлкен табысқа жетуінің бір себебі – осы бұрнағы ағайындардың кері толқыған көмегі арқасында болатын. Хош. Тәуекел ханның кең майданы, оған жалғас Есім ханның Бұқардың жаңа өкімі, бұлар да Тоқай-Темір нәсілінен шыққан Аштархан әулетімен жеңісті бітімінен соң, мәуелі Ферғананың терістік-шығыс бөлігі Қазақ Ордасының құрамына өтті. Жер ғана емес, мекенді жұртымен қоса. Әлбетте, бұрнағы бар, кейінгі бар, енді түгелдей қазақ шыққан қаншама жұртымен бірге. Міне, осы, және жалғас дәуірдегі, тек қана Ферғанаға қатысты тауарих мүлде зерттелмеген. Нақты дерек, елеулі оқиғалар сұлбасы, ең бастысы – осы кезеңдегі алаш ахуалы, оның ішінде қантөгісті, жиырма жылдық (1603–1624) Қазақ-Бұқар соғысы күңгірт, жабық күйінде жатыр. Тек біздің «Қазақ тарихының әліппесінде» ғана там-тұмдап айтылады. Әуелгі тыныштық кезең – Аштархан әулетінің алғашқы бес жылы өтер-өтпесте Бақи-Мұхамед хан бастаған жаңа соғыс Уәли-Мұхамед хан тұсында одан әрмен өрістеп, 1611 жылы билікке келген Имамқұлы хан заманында мүлде ушығады. Тынымсыз майдан және үнемі дерлік қазақ қаруы басым түсіп отырған. Айтқанымыздай, Еңсегей бойлы Ер Есім хан дәуірі. Бұл соғыстарда енді Қазақ Ордасына қараған Ақсы, Әндижан өлкесінің әмірі Абылай сұлтан айрықша көзге түсіпті.

Хош. Арада жүз жыл өтсін. Күреске толы, жеңісті, салтанатты, тұтас бір ғасыр. Ақыры, Ата-Қазақ Дүрбін-Ойраттан қирап жеңілді. Бүткіл Оңтүстік өңір, халқының көпшілігі ауа қашып, біразы кіріптар ахуалда қалмаққа бағынып, қиын жағдайға ұшырасын. Ақтабан-Шұбырынды, соған жалғас алмағайып дәуір. Қырғыз ұлысы қазақтан біржола бөлінді, ал ілкіде қазақ орныққан терістік-шығыс Ферғана мүлде сырт қалды. Шамамен елу жыл деп айтайық. Енді Ақсы, Әндижан өңіріндегі ағайын жұрт та жетімге жақын күн кешті. Өлкедегі түрік текті, саны басым ағайындармен тығызырақ қолтықтасты. Бір тарабы, ол кезде айырымы шамалы көшпенді өзбекке бейімделсе, көпшілігі бар жағынан бірлікті қырғызға араласады.

Ақыры, алмағайып заманда Абылай сұлтанның жұлдызы жансын. Біздің тарихта қалыптасқан ұғым бойынша, кейінгі, Түркстан төңірегінде күн кешкен, жеке билігі жоқ, тентек Абылай төренің әулеті емес, баяғы Әндижан-Ақсы әмірі Қанішер Абылайдың тікелей ұрпағы. Мен қазір қазаққа қатысты ескілікті архив, қадым әдебиеттен алыстап кеттім, бізге жалғас зерделі ұрпақ нақтылап, анықтай жатар, қайткенде талассыз шыны – осы. Кейінгі, және өз тұсындағы ауызекі әңгіме, халық аңызы, тіпті, нақты деректерде атап айтылатындай, болашақ Абылай хан Қазақ даласына он төрт-он бес жасында басқа тарап емес, осы арғы, Оңтүстік өңірден келген. «Қаршы менен Құзардан...» «Бөз тоқыған жұрттан...» «Қазақ емес, сарт...» Және басқа да, бөтенге бұрған сөздердің бәрінің астарында Абылай дүниеге келген өңірдің нақты суреті тұр. Аңыздағы әлдебір атасы уақытша ауып барған емес, арғы бабасының өкім құрған мекені. Алғашқы жекпе-жегінде «Абылайлап» шабады ғой. Бұл Абылай – аттас, қатардағы көп төренің бірі емес, арыдағы даңқты, Қанішер, яғни ол замандағы анықтама бойынша, қайтпас қаһарман Абылай сұлтан!

Хош. Олай болмай-ақ қойсын делік. Сөз қумайық. Қайткенде, ыдыраған, әлсіреген Қазақ Ордасын біршама қалпына келтірген Абылай-бахадұр ханның өзгеше бір қадамы. Жеңісті жорықтан соң, қырғыздан мың сан жәсір алғанда, шетінен, оңтайынан қамтымай, ортадан ойып, және тиісінше іріктеп көшірген екен. Әлбетте, бұрнағы Қанішер Абылайдың барлық жұрты емес, оңтайымен қолға ілінген шағын бір бөлшегі ғана.

Туысқан қырғыз халқы тарихтан белгілі заманнан бері Оң мен Солға бөлінген. Нақтыласақ, Оң қанат, Сол қанат. Бүгінде осы екі аралықта Ішкілік аталатын рулар тобы бар. Негізі Қырғыз ұлысының Моғолстан дәуірінен бастап жұғысқан, бұдан әрі Шәйбани хан, кейініректе Тәуекел, Есім хандар заманында ұйысқан. Атап айтқанда: қыпшақ, найман, қаңды (қаңлы), кесек, жаукесек, дейіт, абат, бостон, нойғұт, орғұ... Найман мен қаңлы, қыпшақтың жағдайы талассыз – қазақта ғана емес, Алтын Орда мен Шағатай ұлысынан бастау алатын туыстас өзбек, башқұрт, қарақалпақ, ноғай, және басқа да халықтар құрамында бар. Әуелгі біртұтас рулардың кейінде ажыраған бөлшектері. Қайткенде қазаққа жақын. Сонымен қатар, кесек пен жаукесек те біздегі екі қаракесектің басқа бір тармақтары. Ал дейіт – мұндағы іргелі төлеңгіт, қазіргі Шұбартау ауданында және қоныстанған. Біз Ішкеріге тікелей тиесілі руларды ғана айттық. Ал қырғыздық негізгі құрылымдар Оң мен Солдағы үлкен тайпалар ішіне сіңіскен тағы қаншама туыстас аталар бар: қоңырат, керейт, қатаған, әлтеке, сыйқым, қытай, ноғай-қазақ... Түп тамырымыздың бірлігі ғана емес, бұрынғы-соңғы аралас нәтижесі. Бәрін жинап қойғанда, «нағыз қырғыздық» бұғы, сары-бағыш, солты, саяқ, мұндыз және басқа да рулардың өзінің қазаққа бөтендігі жоқ. Әйтсе де, Абылай хан төңкерген көштің нақты мағнасы талас тудырмаса керек. Яғни, қазіргі қазақ құрамындағы қырғыз руы – туыс десек те намы бөлек қырғыз емес, қиыншылық жылдарда сыртта қалып, үйіріне қайта қосылған, таза қазақ руы.

Шындап келсек, осы сөзіміздің өзі артық. Әлденені дәлелдеу үшін емес, ақиқатты әйгілеу үшін ғана жазылған. Бүгінгі есі шыққан, өзінің қоң етін өзі жұлып жеп жатқан дәрменсіз қазақ, бар қазақ емес, сол қазақ атымен жүрген әлдебір дүрегей, тозғындарға қарата айтылған. Айтпаса да болар еді. Түртпектеп тұрғызып алды.

Шындығында, кез келген үлкен халықтың құралуы – аса күрделі, сонымен қатар, айқын, талассыз құбылыс. Русь па, скандинав, мордва, фин бе, татар мен ноғай ма – қырық темірдің қылауынан ұйысқан бүгінгі орыстың үлкенді-кішілі, шикілі-пісілі, ақылды-ақылсыз кез келген кісісінің ата тегін кім тексеріпті. «Қан тазалығы» үшін қам жеп жүрген – жетесіз қазақ қана. Асыл қазақ ішіндегі дүбара тексіздер. Анау бір жылдары, ойбай, қарақалпақтар қазақ болып жазылып, бізге көшіп жатыр екен, бұл не сұмдық деп шуласты. Менің осыдан азғана бұрын, ендігі өсіп-өнген қазақта паспортқа баяғы советтік бесінші пункт – ұлт атауын жазуды тоқтатқанымыз жөн, сонда ел ішінде жүрген туыстас жұрттың бәрі әуелгі буында болмаса, келесі, арғы буындарда түгел қазақ болып шығады деген сөзіме де өре түрегелгендер болды. Ғаламтор – Өсекторда. Ойбай, онда кім көрінген қазақ болып жазылып, бізді іштен аздырады, ең бастысы – таза қанымыз бұзылады, деп. Жат емес, жақыныңның өзі сырттан аздырып жатқанда. Ал «қан тазалығы» – о, бәрекелді, ХХ ғасырда ең үздік армия түзген, өзгеше құрылымды мемлекет орнатып, қисапсыз қырғын жасап, жарты әлемді ойрандаған Адольф Шикльгрубер ағаңыздың өзі жүзеге асыра алмаған ғаламат. Өз елі, өз жерінде көрінгенге көз түрткі болып жүрген дәрменсіз сорлы Борат-жан енді қан тазалығы жолында күреспек. О, бейшара!.. Міне, аз-кем емес, тура отыз жыл болды, «бізге осы тәуелсіздікті өз қолымен алып берген» данагөй, қаһарман, ұры-қары билігің қазақты жоғарыдан тоздырып жатқанда, мына ұлт патриоттары онсыз да қалтырап, әрең отырған жұртыңды төменнен аздырмақ.

Тағы да хош дейік. Бір сөзден бір сөз шығып кетті. Осыдан біраз бұрын төрт томдық «Шыңғыс хан» эпопеясында бүгінгі қазақтағы әлде отыз, әлде қырық рудың бұрнағы тарихын байыптап едік. Ру тарату мақсатымен емес, тақырып орайында, ұлы қаған ту көтерген заманда әлемдік империяның ұлылығына ұйытқы болған – басқа емес, біздің тікелей аталарымыз екенін айғақтау үшін. Керей мен найман, жалайыр мен қоңырат, қият пен татар, меркіт пен таз, қатаған мен шанышқылы... –«ұлы ақының» мен Академия президенті, және бір данышпандар айтып жүргендей, түгелімен «моңғол» емес, байырғы түрік рулары, ақыр түбі біздің қазақ халқын құраған қауым екенін әйгілеу үшін. Туыстас түрік халықтарының бәріне ортақ жағдаят, бірақ қазаққа көбірек қатысты. Аталмыш рулар басқаларда бөлшек, бөлшектің жармағы болса, бізде қазақ дейтін ұлттың төрт қабырғасы, асты мен үсті – тұтас құрылымның берік қаңқасы. Осы және басқа да қазақ тайпалары тақау төңірегін түгел өзіне сіңіріп, біртұтас қазақ халқын құрады.

Иә, айтпақшы, қазақтағы қырғыз руы неге дәп солай, қырғыз аталған? «Қытай» дегенді естуіңіз бар ма? Анау қытай емес, мынау, қазақ арасындағы «қытай» – бұдан алпыс жыл бұрын көршілес Жүңгө-Қытай мемлекетінің шегінен ата жұртқа қайтып оралған қандастар. Бұдан соң, Моңғол ұлысынан келген «моңғол» қазақтар. Қаптаған «қарақалпақ». Тек Россия – Орыс елінен келгендер ғана «орыс» аталмапты. Есіркегеннен, немесе қорыққаннан емес. Біздің өзіміз тырнақшасыз, таза орыс болып кеткендіктен. Түптеп келгенде, ұлттық санадан айрылып, мақұлық шыққаннан. Бүгінгі түсінікті тілге көшірсек, Боратстандағы борат халқының әдепкі, табиғи мінез-құлқы. Рас, әуелде «қытай» мен «моңғолдың» ешқандай кемісіту мағнасы болмаған. Анығы – мекен, қоныс атауы. Қалған жұрттан бөліп тану үшін. Әлдекімдер теріс мағына берсе, ол – басқа жағдаят.

Қазақ – әуел бастан-ақ біртұтас ұлт. Талай рет айтқанбыз, жазғанбыз. Адамзат тарихына дәп мұндай, тілі тұтас, әдет-ғұрпы ортақ, бар мінезі үйлес, туыстық, ұлттық бірлігі күшті халықтар сирек ұшырасады. Азып, тозу мысалдары советтік заманнан бастау алады, өкінішке қарай, бүгінге жалғасып отыр. Қазақ бұрнада туыстас түрік руларынан құралды. Рулық құрылымның өз заманы үшін қажетті, өмірлік сыпаттары болды. Бірақ қазір басқа дәуір. Қайткенде, бірте-бірте ұмытылуға тиіс құбылыс. Барлы-жоқты ру атаулының саны көбі бар, саны азы бар, бірақ жаманы жоқ. Бәрі де қарға тамырлы қазақ. Ұлтқа жетекші тұлғалар бүгін мына тарап, ертең басқа бір тараптан шығуы мүмкін, мүмкін емес, табиғи жағдай. Халықтар тарихына қарап отырсақ, ұлт тірегі ұлы адамдар міндетті түрде саны ең көп, жетекші ру, тайпалардан шыға бермейді. Мәселен, бұрнағы Наполеон Бонапарт, кейінгі Джохар Дудаев. Өзімізге келсек, арыда сайыпқыран Шыңғыс қаған – жеке ұлыс болып отырған найман мен керей, меркіт пен татардан емес, саны шектеулі, ол кезде Керей тайпасының боданындағы қият руынан шыққан. Анығы – кім қай атадан болса да, ұйысқан үлкен халықтың өкілі. Мен қазақтың қырғыз руынан шыққан, арыдағы от тілді Шөже ақынды, Совет заманындағы биші Шара, атақты математик Орынбек Жәутіков, берідегі жақсы жазушы Естай Мырзахметовты, бүгінгі қазақ поэзиясындағы бірегей Серік Ақсұңқарұлын алға салмай-ақ қояйын. Бір бала Димаштың өзі жүз жылға жетіп жатыр. Десе де...

Ең бастысы – ұлттың ұлы тұлғаларының бүгінде елесі ғана бар, ертең көлеңкеге айналуға тиіс арғын, найман, дулат, беріш, адай, керей... қырғыз емес, пәлен рудың қайсынан емес, қазақ ортасынан шығуы!

Болды! Бір жолғы кейіс сөзіміз осымен тәмам деп білгейсіз.

 

11-12.VІ.2021,

Силвер Сприң, Мэриленд, АҚШ

Байланысты жаналықтар

Димаш Құдайберген Мажарстан премьер-министрін тәнті етті

21.11.2024

«Жұмаққа жетелейді»: Француздар Димаштың дауысына тәнті болды

07.11.2024

Димаш Құдайберген Алматыдағы теннис турнирінде өнер көрсетті

16.10.2024

Димаш Құдайберген - Діндер съезінің Ізгі ниет елшісі

08.10.2024

Көшпенділер ойындары бюджетке 300 миллион теңге пайда әкелді

19.09.2024

Димаш Құдайберген Euronews теларанасына сұқбат берді

18.09.2024
MalimBlocks
Димаш Құдайберген Мажарстан премьер-министрін тәнті етті

Өнер иесі салтанатты қабылдау рәсімінде ән шырқады

«Жұмаққа жетелейді»: Француздар Димаштың дауысына тәнті болды

Николя Саркозидің әйелі Димаш Құдайбергеннің дауысынан алған әсерін бөлісті

Димаш Құдайберген Алматыдағы теннис турнирінде өнер көрсетті

Әншінің тыңдармандары Димаштың үлкен теннис жанкүйері екенінен хабардар

Димаш Құдайберген - Діндер съезінің Ізгі ниет елшісі

Бұл лауазымға 5 адам ұсынылды

Көшпенділер ойындары бюджетке 300 миллион теңге пайда әкелді

Дүбірлі доданы 250 000 көрермен тамашалаған

Димаш Құдайберген Euronews теларанасына сұқбат берді

Димаш Құдайберген Euronews арнасына сұқбат берді. Әңгіме барысында Димаш шығармашылығы, қазақ ұлттық музыкасы жайлы да айтқан. Әлемдік БАҚ-қа жариялаған экслизив сұқбаттың еркін аудармасын Қазақпарат агенттігі ұсынды.