Оразбек Сәрсенбаев. «Шаңғытбаев өлеңің нашар екен» деді

Қандай әділетсіздік?!  деп ойладым

Malim Админ

  • 26.08.2022

Қазір жұртты шынайы өмірдің шыншыл көріністері қызықтырады. Өз заманының шындығын бүкпесіз ашық жазған куәгерге сенеміз.  Елімізде күнделік жанрына қазақ қаламгерлері де аз келген жоқ. Жазушы, Мемлекеттік сыйлық иегері   Оразбек Сәрсенбаевтың «Өмірнама» кітабы осы бағытта. Ол бұл еңбегінде өзі және айналасы туралы ашық жазған. Оқырман өткен заман шындығын білуге тиіс. Сол себепті    Malim.kz жазушының күнделік – кітабынан үзінді жариялап отырмақ.  


Қазан 1957 жыл.     

Шиеліден биылғы мектеп бітіргендерден 3 бала оқуға түсіппіз: Тәшев Шәймерден – медицина институтына, Сансызбай – КазГУ-ге және мен КазГУ-дың филфагына орналасыппыз. Сәрсенбек конкурстан өте алмай, ауылға қайтып кеткен. Сансызбай екеуміз бір класта оқыдық. Мектепте жүргенде: «Шіркін, оқуға түсіп кетіп, бірге жүрсек» деп армандаушы едік.   Сол арман орындала бастағанға ұқсайды. Біраз бала Алматыға келіп едік. Көбісі кері қайтты. Әсіресе менің жаным ашығандары Жанұзақ пен Әшімхан болды.  Әшімханның осымен үшінші рет келуі екен.  Қайтерсің, оқуға түсу тағы да бұйырмапты.  Институтқа оқуға түсу деген қазір қиынның қиыны болып тұр ғой... 

Әшімхан  ауылға барысымен армия қатарына шақырылыпты. Ал Жанұзақ Қызылордада былтыр ашылған жазушылар бөлімшесінің белді мүшесі көрінеді.   Сондағы пединституттың  дайындау курсінде оқып жатса керек.  Өлеңдері облыстық газеттерге басылып жүр.  Сәрсенбек әкесімен бірге «Ортақшал» ауылында қой бағуға кіріскен көрінеді.  «Келер жылы қаракөл елтірілерін құшақтап, Алматыға барамын» деп хат жазыпты. 

Алматы университеті әзір мені тым шаттандырып қарсы алған жоқ. Ешқандай дәлелсіз маған стипендия жазбапты. Деканымыз Тауман Амандосовқа барсам: «Сенде еңбек стажы жоқ. Оқуды биыл ғана бітіргенсің. Жарты жылға дейін шыда», - дейді.  Мен қатты ренжідім. Ылғи орта бағамен түскен жалған өндірісшілерге стипендия береді де, бір ғана «4»-ім бар маған қимайды... Қандай әділетсіздік?!  - деп ойладым.  

Ректорға шағым айтып барғаным жоқ. Сөйтіп, 1-семестрде ақшасыз қалатын болдым. 

«Лениншіл жас» газетінің редакциясына бірер өлең апарып едім, онда Б.Ы. деген бюрократ ағамыз отыр екен.  Мен кіргеннен:

-Өй, неге келдің? Не жұмысың бар?»,-деп ажырайды.   Мен тіпті ыңғайсызданып қалдым.  Өлеңдерімді бұл мықтың шала-пұла қарап шықты.  Алдымен көзін жүгіртіп, фамилиямды көрді де: - Нашар. Жаңалық жоқ. Қайта жаз, - деді. Сосын іле-шала: «Басқа жұмысың бар ма? Бала біз ерігіп отырғанымыз жоқ... Редакция өлеңді сендермен ақылдасып баспайды, басқысы келсе, жарамды болса ғана қажетіне жаратады. Түсіндің бе, ей бала? – деп әлденеге қалжыңдаған сыңаймен шығарып салды.  

Бұл кісінің жалпыларға «тип» бола алмайтын адам екенін танысам да, біртүрлі ренжіңкіреп қайттым. Автормен  неге бұлай сөйлеседі.   Жас талапқа кеңес, ақыл бермей ме екен?  О,Алматы!  Көрсеткен өнегең осы ма?!   Армандарын арқалап келген сарауыздарға неге сонша тосырқап қарайсыңдар?  Осылай көп ойланып, көңілсіз жүрмін.  Осы «Лениншіл жас»газеті қарашада, желтоқсанда менің екі өлеңімді басты.  Бірақ бұған көп қуана қойғаным жоқ.  

Бір күні қызылордалық ақын жігіт Ыдырыс Дәрібаев маған келіп:

- Сені Шәміл Мұхамеджанов ағаң шақырып жатыр, - деді. «Жұлдыз» журналының жастар бөлімінде қызмет істейтін Ш.Мұхамеджановқа бардым. Ол мені редактордың кабинетіне ертіп апарды. Редактор столында отырған қара көзді, қара мұртты, толықша денелі келген сымбатты жігіт мені жылы жүзбен қарсы алды: 

- О, келдің бе, Оразбек? Отыр-отыр. – Оның қасында бір-екі кісі бар екен.

- Мені шақыртып едім сені, Оразбек. Кеше редакцияға келген өлеңдерді қарап отырсам, сенің ертеректе жіберген 3-4 өлеңің көзіме түсті.  Оқып көріп, риза болдым. Сондықтан, сенімен танысайық, білісейік деп шақырып едік. Нешінші курста оқисың?

- Біріншіде. 

- Жасың нешеде?

- 19-да.

- О, әлі бала екенсің ғой. Енді екі-үш жылда мықтылар қатарына қосылып кетерсің. Өзің қай облыстан келдің? 

- Қызылордадан.  

- Ә, бізге жақын екенсің ғой. Біздің жігіттер жаман жазбаса керек, - деп бастық жылдамдатып әкетті.  – Кәні, өлеңдеріңді оқып жіберші. 

Мен дауысымды кенеп оқи бастадым.  

- Қалай?! – деп бастық қасындағы серіктеріне қарады. – Бала мықты жатқан жоқ па? Бірақ мында «Бұлт» деген өлеңің нашар екен. Жай арман, сезім ғана. Мына бір өлеңің де жеңіл жазылған. Мына екі жолының байланысы сәлдеу болып тұр...

Бастық өзінің ақыл-кеңесін айтып, шығарып салды.  Мен бұған риза болып қайттым.  Е, Алматыда да есті адамдар бар екен ғой. Бұл сымбатты жігіттің аты-жөні Қуандық Шаңғытбаев еді. «Жұлдыздың» 2-санына «Октябрьге» деген өлеңім басылды... 

Қысқы демалыстан кейін «Қазақ әдебиеті» газетінің есігін аштым. Мұндағы ақын Ізтай Мәмбетов қабағы түсіңкіреп, ручкасын сиясауытқа қайта-қайта матырып алып, менің өлеңдерімді оқуға кірісті.  Бірте-бірте қабағы ашылып, қолындағы ручкасын сиясауытқа сүйеп қойды.  – Өзің... – деп жылы сөйледі... – Әй, сенен бірдеме шығады.

«Қазақстан пионеріне» бардым. Сағи Жиенбаевқа жолықтым. Міне, бұл жігіт маған бірден ұнады. Жарияланып жүрген жырлары қандай нәзік, сырлы болса, өзі де өлеңіне ұқсайтын ақын екен... Ал «Қазақстан пионеріне» қызылордалық жас ақын Нұрхан Ж. Әдеби қызметкер болып келіпті.  1956 жылы Шиеліде радиотораптың облыстық тілшісі болып біраз қызмет істегені бар-ды. Сонда жақсы танысқанмын. Жұмсақ мінезді, тілеулес жақсы ағалардың бірі. 

Алматыға Тілеген Ш. ағамыз көшіп келіпті.  Қазір көркем әдебиет баспасында редактор екен.  Алғаш жолығуымыз да осында болды.   Жерлес кісі. Ақын. Тұңғыш жинағы биыл шығыпты. Өзім жатақханаға орналастым. Айқай-шу. Мазасыз жер екен.  Әр түрлі желбуаз студенттер бар. Жақсылары да кездеседі.  Алматыға келгелі маған өз курсымнан ұнаған жігіт – Марат Нұрғалиев. Өзінің танауы делдиген күлдіргі неме.  Бірақ мінезі кең. Парасатты.  Ә.Кекілбаев деген гурьевтік жас ақынымыз бар. Біраз білімі, білігі байқалады. Бірақ, тым қызбалау, өзін ерекше көрсетуге құмар-ақ. Осы екеуміз көп дауласамыз. Бір жолы қызумен соның жағына салып кеткенім бар емес пе?.. Артынша қатты ұялдым. Бірақ көп ұзамай татуласып кеттік. Ал мына Ыдырыс өте тамаша жігіт. Ақкөңіл, аңқылдақ, күлдіргі мінездері де бар.  Кейде аңқаулау, ұзын бойлы, сопақ бетті, құс тұмсық қара жігіт. Жүргенде екі аяғы екі жаққа кетеді. Жақсы лирик өлеңдер жазады. Біздің облыстың Жаңақорған ауданынан келіпті. Міне, менің Алматыдағы алғашқы таныстарым осылар.  

Жалғасы бар  

Байланысты жаналықтар

Жыр құлагері – Ілияс Жансүгіров

09.09.2024

Шөмішбай Сариевтің өлеңдері

25.08.2024

Әбу Сәрсенбаев өлеңдері

24.08.2024

Есенғали Раушановтың өлеңдері

22.08.2024

Жәркен Бөдешұлының жырлары

22.08.2024

ОМАРҒАЗЫ АЙТАНҰЛЫНЫҢ ӨЛЕҢДЕРІ

21.08.2024
MalimBlocks
Жыр құлагері – Ілияс Жансүгіров

Ілияс Жансүгіров (1894-1838) – ақын, драмашы, прозашы. Қазақ жазба поэзиясын қалыптастырушылардың бірі. 1894 жылы Алматы облысының Ақсу ауданында дүниеге келген. Биыл ақынның туғанына 130 жыл толды.

Шөмішбай Сариевтің өлеңдері

Шөмішбай Нағашыбайұлы Сариев 1946 жылы 15 сәуірде Қызылорда облысында туған. 2021 жылы 15 ақпанда қайтыс болды. Ақын, аудармашы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Барыс», «Парасат» ордендерімен наградатталған. «Тарлан» сыйлығының иегері. Елге танымал көптеген әр сөздерінің авторы.

Әбу Сәрсенбаев өлеңдері

Әбу Сәрсенбаев 1905 жылы 15 қазанда Атырау облысы Құрманғазы ауданы Ботақан ауылында дүниеге келген. 1995 жылы 25 қарашада Алматы қаласында қайтыс болды. Ақын, жазушы, драматург. Қазақстанның Халық жазушысы, «Парасат» орденінің иегері. Ұлы отан соғысының ардагері. Көптеген жыр жинақтарының авторы.

Есенғали Раушановтың өлеңдері

Есенғали Раушанов 1957 жылы 5 қазанда Қарақалпақ АКСР-інде туған. 2021 жылы 16 сәуірде өмірден өтті. Өлеңдері орыс, литва, болгар, чех, украин, өзбек, қырғыз тілдеріне аударылған. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Жәркен Бөдешұлының жырлары

Ақын Жәркен Бөдешұлы 1944 жылы 15 мамырда ҚХР-дың Тарбағатай аймағы Толы ауданындағы Жайыр тауында дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты – Жармұхаммед. 2021 жылдын 22 cәуірінде өмірден озды. «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының, көптеген жыр мүшәйраларының жеңімпазы. Еліміздегі көптеген баспаларда, Дүниежүзі Қазақтары қауымдастығында, Қазақстан Жазушылар одағында қызмет істеді. «Емендер түнде бүрлейді», «Жұлдызға орын ай бермес», «Бұрылыс», «Құбылыс», «Жұлдызтас» секілді ондаған кітаптың авторы.

ОМАРҒАЗЫ АЙТАНҰЛЫНЫҢ ӨЛЕҢДЕРІ

Белгілі ақын Омарғазы Айтанұлы 1931 жылы қараша айының 20 жұлдызында Қытайдың Тарбағатай аймағы Толы ауданы Майлы деген жерінде дүниеге келген. 1997 жылы Үрімжіде қайтыс болды. Ол поэзияға жаңа леп әкелген тұлғаның бірі. Ақынның шығармалары 1960 жылдардың басында «Жұлдыз» журналында жарық көріп, сол кездегі әдеби қауым таңғалысқан деседі. Бұл туралы Мұзафар Әлімбаевтың естелігі бар. Бүгін оқырман назарына 1993 жылы бұрынғы бағытынан да басқа мәнерде жазылған бір топ өлеңін ұсынып отырмыз.