Қыл қалам ұстаған Қаңтар балалары не сурет салды?
Қаңтарда қамқоршысынан айырылған балалардың «Маусым» жобасында салған суреттері аукционда 500 мың теңгеге дейін сатылды.
Онлайн және офлайн форматта өткен аукцион 3 сағатқа созылып, онда 30 сурет сатылымға қойылды. Тікелей эфир арқылы бұл аукционға Жапониядан да азаматтар қатысты. Суреттерге ұсынылған ең төменгі баға 25 мың теңге болса, орташа баға 70 мыңға, ең жоғарысы 500 мың теңгеге дейін бағаланды.
Ұйымдастырылған көрме мен тартысты өткен аукцион не үшін, кім үшін қажет болды деген сұраққа жауапты Әмина Кемелбай іздеп көрді.
Бұл Қаңтар оқиғасы кезінде әкесінен айырылған 6 жасар Әділеттің «Ішімде» картинасы. Кенептегі күңгірт бояулардан мұң мен қайғыны көріп тұрғандайсың. Ал екінші суретін «Шаттық» деп атаған. Бұндағы сары түс қоғамның Әділетке көрсеткен қолдауы мен қамқорлығы секілді елестейді. Балақайдың өзімен көріспесек те салған суреті арқылы тілдескендей болдық.
Әділет секілді 17 баланың салған суреттері ілулі тұрған бұл көрме «Маусым» деген ат қойылған. Маусым айы балаларды қорғау күнімен басталғандықтан Бэлла Орынбет бастаған бір топ ерікті Қаңтарда қамқоршысынан айырылған балаларға бір қуаныш сыйлағысы келген. Содан олар өз ойларын әлеуметтік желіге жазып, халықтан жылу жинауды бастаған. Белсенді топтың айтуынша, бұл шараға қолдау білдіргісі келгендер шамаларына қарай көмек көрсеткен. Бірі 100 теңгеден, енді бірі 100 мың теңгеге дейін, жалпы сомасы 1 миллионға жуық қаражат аударған. Бұл ақшаға сурет салуға қажетті бояу, кенеп, қағаз, қарандаш сияқты қажетті құралдар сатып алынған. Ал Арыстанбек Шалбаев, Батан Шаттық, Нұрбол Нұрахмет, Мөлдір Сағындықова, Алмас Нұрғожаев сияқты кәсіби суретшілер 17 балаға 3 күн бойы тегін сурет салу сабағын өткізген.
«Балаларға сурет салуға көмектестім. Мен оларға бірдеңе үйрете алдым деп айта алмаймын. Керісінше, менің олардан үйренгенім көп болды. Көптеген кәсіби суретшілер академиялық оқудан кейін бала сияқты шынайы жұмыстар салуға тырысады. Алайда, алған білімінің шеңберінен шыға алмай жатады. Нағыз өнер – балалардың жасаған өнері. Оларда біреуге ұнау, көрмеде сату деген ой болмайды. Суретті өте таза, шынайы салады», - дейді балаларға дәріс берген суретші Мөлдір Сағындықова.
10 жастағы Әміржан жап-жасыл етіп салған орманын Абай облысындағы Семей орманындағы өрттен әсерленіп қараға бояп тастаған. Екінші суретінде тіз қатар тізілген күнбағыс алқабын суреттеген. Суретші күн салуға кеңес берсе, ол бастартқан.
«Сен құртқан жұмыс» суреті қызық атауымен көптің назарына ілікті. 9 жасар Әрсен көк аспанды байқаусызда басқа түспен бояп, суретті бүлдіріп алып, көрмеге шығарғысы келмеген. Бірақ, суретші Мөлдір ханым Арсенге өнерде шектеу жоқ екенін ескертіп, бұл суретке ат қой деп ұсыныс тастайды. Өз жұмысына бұлданып тұрған Әрсен суретті «Сен құртқан жұмыс» деп атаған.
Әнелдің бұл суретінде әдемі табиғат пен суда жүзген аққуларды көреміз. «Неге мұны салдың?» дегенде аққулар ешқашан бір бірінен ажырамайды деп жауап берді. Үй ауласында гүл суғарып жүрген баланы салған 6 жасар Нұрбол аулада әкесімен өткен мамыражай күндерін осылай еске алады.
«Көрмеде ұлымның екі суреті ілініп тұр. Суретшілерден сабақ алған баламның сурет салуға деген құштарлығы артты. Үйге келгенде менен альбом мен түрлі түсті бояулар алып беруімді сұрады. Сатып берген заттарымды қолданып күні бойы отырып сурет салды. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Балалардың шығармашылығын шыңдайтын мұндай шаралар көптеп ұйымдастырылса», - дейді 3 баланың анасы Айдана Аманжол.
Көрмені тамашалауға келіп, сөз алған әлеуметтанушы Ғалым Жүсіпбектің айтуынша, Қаңтарда қамқоршысынан айырылған балалар үшін бұл көрме – психологиялық реабилитацияның жолы. Өйткені бұл отбасындағы балалар өткен айларда өте үлкен стресске ұшырап, травма алған.
«Қайғырып отырғанша позитивті амал етіп, жан жарасын жазуға көмектесуіміз керек. Әрі мұнда келген кісілердің материалдық қызығушылығы жоқ. Идея үшін, балаларға, отбасыларына қолдау үшін келіп отырмыз. Менің ойымша бұл үлкен мотивация. Балалардың табиғаты мен психологиясы нәзік, көпшіліктен жатырқауы мүмкін. Бірақ қоғам оларға жылы пейіл танытса, жасаған өнер туындыларына жақсы баға берсе, балалар ашылады. Тек қана сурет салуға ғана емес, басқа нәрсеге кіріссе де мен мұны істей алам деген стратегиялық мотивация болады. Қандай нәрсені қолға алса да жемісті, нәтижелі бітіреді. Қателесуі мүмкін, бірақ тастап кетпейді»,- дейді Ғалым Жүсіпбек.
«Маусым жобасының басты ұстанымы болған сөз – «Қажетінен сәл артық мейірімді бол». Осы көрме сіз бен біздің сәл ғана артық мейіріміміз арқылы дүниеге келді»,- дейді жоба ұйымдастырушыларының бірі Баубек Сағындық.
Осы көрмені ұйымдастырушылар осы уақытқа дейін қаңтар оқиғасынан қаза болған азаматтардың отбасына түрлі сыйлықтар мен қаржылай көмек көрсеткен. Бұл жолғы шара олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталды.
Ал көрмеден кейінгі аукционда көпшіліктің назарын аудартқан 6 жасар Қуат Әділеттің «Шаттық» картинасы 205 мың теңгеге өтті. Көліктердің нөмірі бейнеленген Әлинұрдың «KZ» картинасы 500 мыңға бағалады.
Бұл қолына алғаш рет қыл қалам ұстаған бүлдіршіндердің алғашқы туындыларына берілген баға. Аукционнан түскен қаражат сурет салған балалардың отбасыларына беріледі.