Қаңтар қырғыны. Қаза тапқандардың есімін жариялау не үшін қажет?

Журналист әрі азаматтық белсенділер Әсем Жәпішева мен Бэлла Орынбет қаңтар қырғынында қаза тапқандардың аты-жөнін жариялауды талап етіп, петиция ұйымдастырды. Ал құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина бүлік кезінде қаза тапқан, қамауға алынған, жарақаттан және іс-түссіз жоғалған азаматтардың тізімін жасайтын Qantar 2022 сайтын іске қосты. Malim.kz тілшісі олармен тілдесті.

Ақниет Аманжолқызы

  • 20.01.2022

Белсенді Бэлла Орынбеттің сөзінше, петицияға 2 мыңға жуық адам қол қойып үлгерген. Қол жинау апта соғына дейін аяқталып, сосын талап президент әкімшілігіне жіберіледі.

«Ресми деректер «аласапыран қаңтар күндері 225 адам қаза тапты, оның 149-ы Алматы қаласында. Алматыда қаза тапқан адамдардың ішінде 41- лаңкестер» дейді. Алайда бұл құр сан ғана. Жақындарын әлі іздеп таппағандар көп. Олар бұл тізімде бар ма жоқ па? Қазақстанда жоғары жақтан келген статистика жергілікті атқарушы билік үшін аспаннан түскен құранмен тең. Статистикаға сыймай қалған адам тағдырын сызып тастай салу түк емес. Сондықтан түбегейлі сенім үшін тізімді аты-жөнімен толық жариялауды талап етеміз. Талабымызды орындай ма, орындамай ма оны айта алмаймын. Біздің мақсат талабымызды жеткізу», - дейді Бэлла Орынбет.

Белсенділер туыстары қаза тапқан адамдарға «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен көмек беру керектігін де алға тартты.

«Қапияда қаза тапқан бейбіт тұрғындардың жанұясы Отан алдындағы борышын атқарып жүріп қаза тапқан әскерилердің отбасынан кем жетімсіреген жоқ, қайғының артық-кемі жоқ. Демек оларға да қол ұшын созып, жәрдем көрсетілуі керек», - дейді белсенді.

Оқи отырыңыз: «Қазақстан халқына» қорына енгенімде ұйқым қашып, депрессияға түсіп кеттім

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина қаңтардағы бүлік кезінде қаза тапқан адамдарға қатысты ақпаратты олардың жақындары беріп жатқанын айтады.

«Туыстарының өздері хабарласып жатыр. Әртүрлі жолмен хабарласады. Біреулері мені бұрыннан таниды. Кейбіреуі біздің «Қаңтар 2022» деген сайт туралы естіген. Отбасы, туыстары қайғыдан бас көтере алмай, оның үстіне жерлеуге қатысты істермен айналысып жатқандықтан, хабарласа алмаса, достары, жерлеуге барған кісілер маған хабарласып айтып жатыр. «Біздің ауылда 3-4 адам қаза тапты» деп. Мен олардың ақпаратты анықтап алуды сұраймын. «Қай күні қайтыс болды, аты-жөні толық қалай жазылады, қашан жоғалып кетті» деп анықтаймын. Қазір біздің тізімде қаза тапқандар саны 79 болды», - дейді құқық қорғаушы.

Оның сөзінше, қаза тапқан адамдардан бөлек қамауға алынған адамдар да тізімге енген. Олардың көпшілігі өз аттарын жарияламауға өтініш айтады.

«Себебі олар қорқады. Қаза тапқан кісілер емес, қамауға алынған адамдар аттарын жарияламауды немесе жария болған жағдайда сайттан алып тастауды өтінеді. «Тергеушілер туыстарыңның атын өшіріп тастаңдар. Сол кезде босатамыз. Егер олар тізімде тұра беретін болса, біз оларды «террорист» деп есептеп, іс қозғаймыз» деп қорқытады», - дейді Бақытжан Төреғожина.

Ол өздері жасап жатқан тізімді құқық қорғау органдары бақылап отырғанын айтады. Және бұл тізімдегі іс-түссіз жоғалған адамдарды табуға жәрдемдесуге тырысып жатқан прокуратура өкілдері де бар көрінеді.

«Құқық қорғау органдары жасалып жатқан тізім туралы біледі. Және бақылап отырады. Алайда тізімге қосылған адамдарды босатып жатыр деп айта алмаймын. Себебі оларды босату процесіне нақты ненің себеп болып жатқанын білмеймін. Бірақ қазір олар да бейбіт шеруге шыққандар мен провокаторларды бөліп жатыр және соның әсерінен бостандыққа шығып жатқандар да бар. Қазір прокуратура осы біз жасап жатқан тізімдегі адамдарды іздеп, тіпті өздері туыстарымен байланысып, әсіресе іс-түссіз кеткен адамдарды табуға тырысып жатыр. Олар адамның қалай, қай уақытта, қай жерде жоғалғанын анықтайды. Яғни құқық қорғау органдарынан аздаған болсын реакция бар. Бірақ бұл бәрін шеше салады деп айтуға келмейді. Біз жасап жатқан тізім бәрінің қолында бар», - дейді ол.

Төреғожина Қаза тапқандардың аты-жөнін жариялау туралы петицияға қол қоюға әзір екенін айтады. Алайда ол тізімді жариялауда қиындықтар болатынын және адам шығыны 225-тен көп болуы мүмкін екендігін ескертеді.

«Мен петицияны кім бастап жатқанын білмеймін. Бірақ қол қоюға әзірмін. Себебі мен де қаза тапқан азаматтардың аты-жөні жария болғанын қалаймын. Алайда билік кей адамдардың кім екенін білмей отыр. Сондықтан толық тізім жариялануы қиындайды. Билік 225 адам деген цифрды мәйітханадағы мәйіт санымен жасады. Бірақ мәйітханада кім екені белгісіз болып жатқан және туыстары әлі алып кетпеген мәйіт көп. Біздің тізімдегі адамдарды жақындары мәйітханадан алып кетіп, жерлеп үлгергендер.

Оқи отырыңыз: Кенжебек Әбішевке “Халық Батыры” атағы берілді

Одан бөлек 225 адам дегенде әлі толық бекітілген цифр емес. Реанимацияда қиын жағдайда жатқан адамдар барын да ескеру керек. Және сол күндері жарақат алып, ауруханаға бармаған, медициналық көмек алудан қорыққан адамдар да бар. Себебі егер жарақатпен ауруханаға түссе, кейін полиция алып кетеді деп қорқады», - дейді құқық қорғаушы.

Ол жыл басында болған оқиғалар Қазақстан тарихындағы ең қасіретті кезең екенін ескеріп, осы оқиғадан сабақ алу керектігін және тізімдегі адамдардың аты-жөнін жариялау аса маңызды екенін айтады.

«225 мәйіт  қорқынышты сан. Бұл Жаңаөзендегі 17 адам немесе 86 жылғы желтоқсандағы 2-3 адам дегеннен әлдеқайда қорқынышты. Қазіргі 225 олардың жанында «соғыс» болғанмен тең.

Адамдардың атын жариялау өте маңызды шаруа. Біздің мемлекетте өмір сүруге, өз пікіріңді ашық айтуға болатынын түсіну үшін керек. Қазір қаза тапқан адамдарға «террорист» деген ат тағылып отыр. Ойлаңызшы, сізді туыстарыңыз қаза тапқанда, «террорист» деп айыптап жатса, сізге бұл ұнай ма? Аты-жөні белгілі болмаған азаматтарды «террорист» деп айтады да көміп тастайды. Бұл ешкімге керек емес. Біздің болашағымыз бар, балаларымыз бар. Олар не болғанын білуі керек? Неге шу шықты деген сұрақтарына жауап алуы керек. Осы жағдай қайталанбас үшін бәрін анықтап, сабақ алуымыз керек», - дейді ол.

Төреғожина әр адамның неден қаза тапқаны туралы білу қоғам үшін маңызды болғанымен тергеу жүргізуді талап етуге тек олардың туыстары ғана қауқарлы екенін айтады.

«Біз тек адам құқығын қорғаушы азаматтармыз. Біз қаза тапқан адамдар туралы ақпарат жинаймыз, олардың туыстарымен сөйлесеміз. Тек фактілерді көрсетеміз. Ал әр өлімге қатысты тергеу шарасы болуы үшін заң жүзінде тергеуге арыз бере алатын адамдар болуы керек. Ондай арызды қаза болғандардың балалары мен ата-аналары және туыстары ғана бере алады. Бұның бәрі әр отбасының өзіне байланысты. Біз қоғам ретінде мәселенің осынша ушығуына және бұған кімдердің жол бергенін анықтауға қатысты талап қоя аламыз. Әр адамға қатысты тергеуді аша алмаймыз, бірақ жиналғандарға неге оқ атылғаны туралы тергеу болуын талап ете аламыз», - дейді ол.

Қазір еліміздегі адам құқығын қорғаушы Бақытжан Төреғожина жасап жатқан тізім бойынша 300-ге жуық адам іс-түссіз жоғалған. 500-ден астам адам тергеу ге алынған. Құқық қорғаушылар олар адвокат жалдауға көмек берген. Кімнің құқық бұзғанын, кімнің бейбіт шеруге шыққанын тек тергеу анықтай алатынын айтады.

«Кейбір іс-түссіз жоғалған азаматтар болып жатқан қудалаудан қорқып, әдейі тығылып отыруы мүмкін. Себебі адамдар қорқады. Ешнәрсе өзгерген жоқ. Үкімет те, әкімшілік те сол қалпында қалды. Биліктегілер өз орнында. Олар осыған дейін әділдік орнатпай келіп, қазір әділетті болады дегенге сену қиын. Халық ешкімге сенбейді», - дейді Төреғожина.

Қаңтар оқиғалары кезінде қаза тапқандар тізімін жариялау туралы петицияға кіріп қол қоя аласыз.

Qantar 2022 сайтына кіріп, іс-түссіз жоғалған, қаза болған, жарақат алған, қамауға алынған азаматтар тізімін көре аласыз. Егер сіздің жақыныңыз жоғалса, әлеуметтік желідегі Qantar 2022 аккаунттарына хабар берсеңіз болады.

Байланысты жаналықтар

Мектеп оқушыларының киім үлгісі бойынша петиция жарияланды

10.08.2024

ЛГБТ насихатына қарсы петиция: Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұстанымы қандай

02.08.2024

«Уақытты кері қайтару»: Петиция бойынша шешім шықты

02.08.2024

Уақыт белдеуінің өзгеруі туралы петиция: ДСМ қандай ұстанымда

02.08.2024

ІІМ мен Оқу-ағарту министрлігі ЛГБТ насихатына қарсы петицияны қолдайды

01.08.2024

БҰҰ Қазақстан үкіметіне ЛГБТ насихатына қарсы петицияны қабылдамауды ұсынды

01.08.2024
MalimBlocks
Мектеп оқушыларының киім үлгісі бойынша петиция жарияланды

Петиция авторлары киім параметрлерін заңмен бекітуді ұсынады

ЛГБТ насихатына қарсы петиция: Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұстанымы қандай

Біздің ұрпақ алдындағы парызымыз – оларға дұрыс рухани-адамгершілік бағыт-бағдар беріп, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды бойына сіңіру.

«Уақытты кері қайтару»: Петиция бойынша шешім шықты

Жұмыс тобы Денсаулық сақтау, Білім және ғылым министрліктеріне алдағы үш жыл ішінде бірыңғай уақыт белдеуінің халық денсаулығына әсерін зерттеуді ұсынды.

Уақыт белдеуінің өзгеруі туралы петиция: ДСМ қандай ұстанымда

Кейінгі ғылыми деректер мен ғалымдардың қорытындысы бойынша уақыттың бір сағатқа өзгеруі мен оның денсаулыққа айтарлықтай әсері арасында тікелей байланыс жоқ.

ІІМ мен Оқу-ағарту министрлігі ЛГБТ насихатына қарсы петицияны қолдайды

Мәдениет және ақпарат министрлігі ЛГБТ насихатына қарсы петиция бойынша қоғамдық талқылау ұйымдастырды.

БҰҰ Қазақстан үкіметіне ЛГБТ насихатына қарсы петицияны қабылдамауды ұсынды

Сарапшылар «ЛГБТ-насихатқа» қарсы петицияны қараусыз қалдыру керек деген пікірде.