Рахат Мамырбек атындағы саяси журналистика байқауы өтеді

Талантты журналист, саясаттанушы Рахат Мамырбек атындағы байқау бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында биыл да жарияланды, - деп хабарлайды Malim.kz.
Байқауға демократия институттары, адам құқығы мен бостандықтары, құқықтық мемлекет, саяси жүйенің дамуы, азаматтық қоғам, еркін сөз бен плюрализм, партиялар бәсекесі, билік тармақтарының легитимдігі және өзге де саяси-қоғамдық тақырыптағы журналистік материалдар қабылданады.
Жанрға шек қойылмайды.
Саяси журналистика саласындағы үздіктерді анықтауға арналған байқауға республика аумағында медиаконтент өндіретін және тарататын республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары және жеке авторлар қатыса алады.
Байқауда «Ең үздік видео» және «Ең үздік мақала» атты екі аталым бойынша жүлде беріледі. Әр аталым бойынша бір жүлдеден.
Байқауға өтінімдерді қабылдау мерзімі – 2025 жылғы 27 мамыр мен 15 маусым аралығы.
Байқау қорытындысы маусым айының соңында – Журналистер күні қарсаңында жарияланады.
Қатысу шарттары:
* Конкурстық жұмыстар 2024 жылғы 1 маусым мен 2025 жылғы 14 маусым аралығында телеарна эфирінен өтуі немесе газетте, журналда, интернет-ресурста жариялануы керек.
* Үміткер бәйгенің екі аталымына да қатысуға құқылы.
* Бір автор байқауға бір аталым бойынша бір материалдан артық ұсына алмайды.
* Ұсынылатын видео ұзақтығы 1 сағаттан аспауға тиіс. Видеоконтенттер YouTube хостингіндегі немесе өзге интернет-ресурстағы сілтеме арқылы қабылданады.
* Мақала көлемі А4 форматындағы 14 шрифтпен 6 беттен аспау керек. Жазба контент баспа материал болса – PDF және Word нұсқаларымен, интернет материалы болса, сілтеме арқылы қабылданады.
* Автор өзі туралы қысқаша мәлімет, байланыс телефондарын көрсетуге тиіс.
Байқау материалдарын тәуелсіз қазылар алқасы бағалайды.
Материалдар baiqau2024@yandex.kz поштасына қабылданады. Байланыс телефоны +7 777 216 27 83
Фото: Азаттық

Ең көп оқылған
