Шәкәрімнің Саят қорасы туристік нысанға айнала ма?
Қоршауы болмағандықтан, малдың табанына тапталып, жаңбыр шайып, қар астында қалған тарихи ескерткішті сақтап қалуға шақырған болатын.
Шоғырлы жердің шоқысындай болған тұлғалардың рухани бастауы ар-ұждан ілімінен тамыр тартып жатыр. Халыққа еселі еңбек етіп, ақ жолдан айнымауға үндеген ғаламдық ақыл-ойдың дариясы Шәкәрім Құдайбердіұлы. Кемел кемеңгер қай салаға түрен салса да реформа жасаған, қазақ әдебиетін, дін мен пәлсапасын жаңаша жаңғыртқан көрнекті тұлға. Алаш ардақтысы әлем классиктерінің санатына қырда жатып-ақ қосылып үлгерді.
Биыл ақын, философ, тарихшы Шәкәрім Құдайбердіұлының дүниеге келгеніне 165 жыл. Бұл ел руханияты үшін айтулы мерейтойлық дата. Осыған орай, жер-жерде ойшылдың құнды мұраларын насихаттап, дәріптеу мақсатында түрлі іс-шаралар өткізілуде.
Сондай тағылымды шараның бірі - Алматыдағы Ұлттық кітапхана ұйымдастырған ақынға арналған сирек жинақтар мен қолжазбалар көрмесі.
Кемеңгер тұлғаның ұлттық кітапханада сақтаулы тұрған туындыларының ішіндегі ең бағалысы – оның шығармаларының қолжазба нұсқалары. Атап айтқанда, ақынның перзенті Ахат Құдайбердиевтің екі дәптерге өз қолымен көшірген қолжазбасы дер едік. Жауһар мұраны 1936 жылы Ахат кітапхана қорына ықтияттап, табыстаған екен. Араб қарпімен жазылған еңбектердің бір парасы 1930-шы жылдардағы есеп-қисап туралы. Дәптерлер көлемді, мұқабасы қатты қағаздан жасалыпты. Қолжазбадағы Шәкәрім жазбаларының тізімі латын қарпімен жеке дәптерге көшірілген және алғашқы парағында А. Құдайбердиевтің суреті бар. Тізімнің соңғы жағында ақынның ұлы әңгімелерді әкесінің өз қолжазбасынан көшіргенін жазған. Шәкәрімнің өлеңдері мен пәлсапалық толғаныстарының біршамасы тірі күнінде баспаға жөнелтілгенін, өз қолымен қағазға түскен еңбектері Қытайға ауған баласы Зияттың қолында кетуі мүмкін екенін болжайды. Ал өзі баспаға «Әділ Мария» және «Нартайлақ - Айсұлу» атты әңгімелерін бергенін айтады. Уақыты 1936 жылдың 8 мамыры күні деп айқындалып жазылыпты.
Сонымен қатар, ақынның «Қалқаман-Мамыр» поэмасының қолжазбасы екі түрлі қағазға жазылған. Қолжазбаның аяқ жағында Абай Құнанбайұлының атасының інісі екені көрсетіледі. «Тарихи дерек Ахат Шәкәрімұлының жазу мәнеріне ұқсамайды»,- дейді кітапхана қызметкерлері.
Сондай-ақ, кітапхана қорында Шәкәрімнің 1920-30 жылдар аралығында жарыққа шыққан шығармаларының біразы сақтаулы тұр. Олар «Қазақ», «Таң», «Айқап» секілді басылымдарға шыққан. Айталық, Алаш арысы 1907 жылы Физули дастанын негізге ала отырып, «Ләйлі-Мәжнүн» шығармасын жазып, оны тұңғыш мәрте «Шолпан» журналында жариялағаны белгілі. «Ұлтшылдық туралы» мақаласы Семейден шыққан «Абай» журналының 1918 жылғы үшінші санында оқырман назарына ұсынылған.
Ғұлама адам жаратылысының жан сыры туралы жүйелі танымды зерделегені мәлім. Ол өзіне дейінгі кемеңгерлердің кемел адам жайлы ой-пікірлерін таразылап, өзінше байыпты байламдар жасады. Философ ағартушылықты өмірдің рухани қайнар-көзі ретінде ұсынып, ар ілімін басшылыққа алу керектігін тұжырымдаған.
Ғалым Мекемтас Мырзахметов Шәкәрімнің ар ғылымының мән-мағынасын ашып, арнайы кітап та жазды. «Шәкәрімнің ар ғылымы мейірге, ынсапқа байланысты айтылады. Ар дегеннің не екенін түсіндіреді. Бұл хакім Абайдың ілімін ары қарай жалғастыру деп білемін. Үзілмейді екеуінің арасы. Абайдың «Толық адам» ілімі мен Шәкәрімнің ар ғылымы өзара байланысып, бірін бірі толықтырған еңбектер» -дейді ол.
Шәкәрім ел өмірінің шындық көріністерін көркем бейнелеуге айтарлықтай үлес қосты, әдебиетімізге сан алуан поэзиялық туындылармен қатар проза мен аударма саласында да мәні зор еңбектер қалдырды. Әйгілі төл туындыларынан тыс ол араб, парсы, орыс әдебиетінің асыл үлгілерін де қазақшаға аударып, әдебиетімізге үлкен олжа салды.
Шәкәрім Шақпақтағы Саят қорада 1925 жылдан бастап өмірінің соңғы кезеңіне дейін мекендегені мәлім. Оның бірнеше ірі шығармалары осы қияндағы тұрақта жазылды. Сондықтан, саят қора еліміздегі тарихи әрі туристік орынға айналуға тиіс нысан. Алайда, абайтанушы ғалым Жандос Әубәкір жақында Шәкәрімнің соңғы тұрағы жылдан-жылға тозып бара жатқанын айтып, дабыл қаққан еді. Қоршауы болмағандықтан, малдың табанына тапталып, жаңбыр шайып, қар астында қалған тарихи ескерткішті сақтап қалуға шақырған болатын. Мәселе Абай ауданы әкімдігінің назарын аударып, Саят қора қоршауға алынғанын жеткізді. Дегенмен, бұл іс аздық ететін сияқты. Жаз мезгілінде туристер баруы үшін Саят қораның орнында арнайы ғимарат бой көтеріп, оған баратын жол күрделі жөндеуден өтуге тиіс.