Санда бар, санатта жоқ сала

Аудармашыларды аттестациядан өткізу, оларға біліктілігіне қарай тиісті құжат беру – әлі күнге дейін ешкімнің қаперіне кірмеген, қолға алынбаған шара

Malim Админ

  • 02.03.2022

            Осы біз аударманы өнер деп, әдебиеттану ғылымының сайдауыл саласы деп қабылдай алмай келеміз. Оған деген бір кердең, құлықсыз көзқарас бар. Ал бұл шаруаның қазанында қайнап, тауқыметін тартпаған кейбіреулер болса, тәржімеңізге мұрнын шүйіріп, тәржіманға төбеден қарауға бейім. Тіпті мемлекеттік тілдің тұралаңқы тірлігін аудармадан көретіндер пайда болыпты. Оларға салсаң, осы өнердің батпан жүгін көтерісіп келе жатқан аудармашы байғұсты орынсыз жазғыруға бар. Содан барып баспасөз беттерінде де ілуде бір «Мемлекеттік тілдің өрісінің кеңейіп, көсегесінің көгермей отыруына солар жазықты. Олардан құтылу керек!» деген рәуішті сөздер айтылып қалуда. Мұны өз басым – ұлттың тілін ұлықтау үшін қаламын қамдап, талабын жалдап жүрген «ағарту ісінің кіре тартар күреңдеріне» (А.С. Пушкин) жабылған жала, жағылған күйе деп білемін. Аударма ісін тіл білімі мен журналистикадан, ал аудармашы деген мамандық иесін туған тілдің көкжиегін кеңейтуге қарымын да, дарынын да салып жүрген ақкөйлек жанашырлардан бөле-жара қарауға әсте болмайды. Ол екеуіне қаншама менменси, жатсына қарағанымызбен, аударманың дәл бүгінгі қоғамдық қызметі мен білікті тәржімешіге деген сұраныстың күннен-күнге артып келе жатқанын мойындауымыз керек! Оны бүгін әр кәсіпорын, мекеме, ұйымдағы іс қағаздарын жүргізудің қым-қуыт үдерісінің өзі-ақ дәлелдеп отыр.


Аударма деген түсінген адамға – өрелі өнер, туындыгерліктің ерекше саласы. Бүгінгіше айтсақ – ұлтымыздың сөз қазынасына өзіндік сипат, өзгеше реңкпен қосылған, біраз уақыт бұғалықталып қалған бағы қайтадан жанған тәуелсіздік сыйы. Жаңа дәуірдегі мәдениеттер жақындасуы мен әдебиеттер алмасуы бұл мәселені алдымызға өткірлеу қырынан тартып отыр. Өйткені, қазіргі тілдік ахуал мен ертеңгі уақыт талабы солай. Сондықтан (өзім де аудармашы болғандықтан) осы бір мұңдас та сырлас қауымның қоғамдағы орны мен мәртебесі тұрғысында көкейде жүрген оймақтай ойымды ортаға салуды хош көрдім. 


Иә, барлық жердегі сияқты біздің өңірде де мемлекеттік тіліміздің абыройын арттырып, беделін бедерлеуге үлектей үлес қосып, кез келген мемлекеттік болсын, мемлекеттік емес кәсіпорын, ұйым, мекеме болсын әсте бір тауысылып бермейтін құжат айналымы «арбасын» алға сүйреп келе жатқан аудармашылар армиясы бар. Бірақ сол аудармашыларды аттестациядан өткізу, оларға біліктілігіне қарай тиісті құжат беру – әлі күнге дейін ешкімнің қаперіне кірмеген, қолға алынбаған шара. Содан барып он бес жылдық тәжірибесі бар аудармашы да, күні кеше ғана жоғары оқу орнының тіл мамандығын тәмамдаған көкөрім филолог та «бір терінің пұшпағын бірге илесіп», бір деңгейде мимырт тірлік кешуде. Әрине, оларды сараптап, сынақтан өткізіп, санатқа бөлетін және сол санатына я болмаса біліктілігіне қарай жалақы мөлшерін, күнделікті атқаратын жұмыс көлемін белгілейтін уақыт әлдеқашан жеткен. Алайда, не министрлік жағынан, не республикалық Тіл комитеті тарапынан ондай шаруаларды қолға алып, аудармашының қоғамдағы орнын айшықтап, айбарын асырып қояйын деген ниет, талапты өз басым көріп отырғам жоқ. 


Атқаратын жұмыс көлемі демекші, осы аудармашылардың күнделікті орындайтын жұмыс нормасы да нақты сараланбай, көп даудың көлеңкесінен шыға алмай келеді. Рас, бұдан  жиырма бір жыл бұрын, дәлірек айтқанда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2001 жылғы 24 желтоқсандағы № 275-п бұйрығымен аудармашы уақытының бірүлгі нормалары («Типовые нормы времени на работы по переводу с русского языка на государственный язык и с государственного языка на русский язык нормативных правовых актов и других документов, осуществляемых в государственных органах») бекітілген болатын. Оны мемлекеттік органдардың өзінде біреу білсе, біреу білмейтін шығар деп ойлаймын. Ал біз сияқты мемлекеттік емес кәсіпорындар мен ұйым, мекемелердің аудармашылары ондай құжаттың бар екендігінен де бейхабар. Себебі, ол  құжат (өзі айтып тұрғандай) мемлекеттік органдарға ғана арналған. Жарайды, тіпті онысына да қарамай қажеті болса басшылыққа алып байқайық десек, онда көрсетілген аудармашының күнделікті нормаларын көргенде көзіміз атыздай болды. Құжатты қолға алғандағы қуанышымыз ұзаққа бармады, үмітіміз ақталмады.


Енді неге екенін түсіндірейін. Аталған құжатта аударылатын мәтіндерді күрделілігіне қарай үш топқа бөліпті. Оған ден қойсақ, жеңілдеу деген бірінші топқа жалпы және арнайы мәселелер жөніндегі мәтіндер, екінші топқа жекелеген салалар шеңберіндегі арнайы мәселелер мен көпсалалы тақырып жөніндегі мәтіндер, ал ең күрделі деген үшінші топқа дамуымызға жаңадан енгізілген салаларға байланысты аударылуы ауыр мәтіндер жатады екен. Құжатты әзірлеген «білгіштер» аударылуға жататын бүкіл мәтіндер жиынтығын осылайша үш сапқа тұрғызыпты да аудармашының күнделікті жұмыс нормаларын солардың ерекшелігіне (күрделілігіне) қарай белгілей салыпты. Норма түзушілердің тұжырымына қарасақ, аудармашы әуелі түскен материалдардың қай топқа жататындығын саралап алуы керек сияқты. Егер түскен материалдың барлығы бірінші топтікі (яғни неғұрлым жеңілдеу) болса, ол күніне 11 бет, екінші топтікі (сәл күрделірек) болса – 9 бет, ал ең күрделі деген үшінші топқа жатса – 8 бет аударуы керек екен және әр топтың материалдарының аударылу уақыты көрсетілген. Бұл кестеге қарасақ, аудармашы бір жұмыс күні ішінде (яғни, 8 сағатта) кем дегенде 8 бет мәтін аударуы керек екен. Ол сонда тамақ та ішпей, қажетханаға да бармай, сегіз сағат бойы тапжылмай отыруы керек пе? Ал егер тәржіманға бір жұмыс күні ішінде 3 бет бірінші топқа жататын, 4 бет екінші топқа жататын және соншама көлемде үшінші топқа жататын мәтін келіп түссе, ол  норманың қайсысының құлағынан ұстайсыз? Әлгі белгіленген уақыт қайда қалады? Ондай жағдайда тәржіман байғұстың ол күнгі нормасын қалай орындағанын (яғни жұмыс уақытын қалай пайдаланғандығын) кім және қайтіп анықтай алады? Егер жұмыс беруші мен орындаушы арасында күнделікті жұмыс нормасына қатысты шетін немесе даулы мәселе туындай қалса, бұл екі тарапқа да түйіні қиын нағыз «басқатырғыш» болмай ма?.. 


Бұл – бірінші гәп. Екіншіден, осы басшылық құжатта басқа тілге (бұл жерде – қазақ тіліне) аударылуы өте қиын тиетін ғылыми, техникалық, медициналық тақырыптағы, сондай-ақ металлургия мен геология, геодезия, заң, ақпараттандыру сияқты өзіндік ерекшеліктері бар салалар мәтіндері мүлде ескерілмеген, олардың қай топқа жататындығы назардан тыс қалған. Қоғамда тіпті ондай салалар жоқ сияқты! Ал, өкінішке қарай, дәл осы салаларға арналған сөздіктер өте жұтаң, жетілдірілмеген. Біздіңше аталған салалардың мәтіндерін жеке-дара бөліп алып, аса күрделі деген бесінші топқа жатқызып, 8 сағаттық жұмыс уақытына әрі кеткенде 5-6 бет норма белгілесе, әлдеқайда әділ болар еді. Өйткені, мұрап пен малшы еңбегінің бейнетін сезіну үшін сол шаруаны істеп, оның хикметін бастан кешу керек ғой. Сол сияқты әлгінде өзіміз тізбелеген, екінші тілге аударылуы аса күрделі деген айрықша салалардың мәтіндерін аударудың қандай қиямет екенін соның мехнатын көріп жүрген аудармашы ғана біледі. Сөздіктері 2000 жылы шыққан, шыға салысымен қатты сынға ұшыраған, сөйтіп, көп өтпей-ақ қолданылудан алынып тасталған, көпшілігіміз (әсіресе шығарушылар) «салалық» деп ат қойып, айдар таққан 31 томдық топтамаға кірген осы салалардың мәтіндерін аудару нормасы да, уақыты да (оған мәтінді редакциялау да кіреді) басқаша болуы керек еді, бірақ, аталған министрліктегілер мемлекеттік қызметте ондай мәтіндердің немесе атаусөздердің (терминдердің) кездеспейтінін әу бастан-ақ сезіп, алдын ала «жаназасын шығарып» тастаған сыңайлы. Ал егер ондай өзіндік ерекшелігі бар салалардың бірінде істейтін аудармашыға «күніне 9 немесе 11 бет аудару керек» деп талап қойып көріңізші, оның бір айдан кейін екі қолын төбесіне қойып, безіп кетеріне мен кепіл. Себебі, сондай аудармасы ауыр саланың құқайына көндіккенімізге пәленбай жылдың жүзі болды. Тек оны басынан кешпеген адам біле бермейді...


Аталған бірүлгі нормаларға байланысты үшінші айтпағым – бұл өзі сол кездегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлжан Қарағұсова ханымның тіліміз өз тұғырына қона алмай, аударма деген шаруаның ақ таңы енді атып келе жатқан алакеуім кезде өмірге келген «нәрестесі» екен. Одан бергі уақыт ішінде қаншама оң өзгерістер болды, мемлекеттік тіліміз біршама оңтайланды, аударма мәселесі де өзіндік арнасын тапты. Өмір өзгерді, заман алға басты дегендей. Бірақ аудармашы атты қауымның бұл дүниеде бар-жоғына, оның мәртебесі мен жұмыс тәсіліне, уақыт нормасына және бүгінгі жай-күйіне бас қатырып жүрген ешкім жоқ. Сол жылдары оның күнделікті жұмыс нормасы жөнінде білмек ниетпен республикалық Тіл комитетіне хабарласқан болатынбыз. Ондағылар «ондай шаруамен Еңбек министрлігі айналысады» деп солардың телефон нөмірін берумен шектелді. Ал министрліктегілер орындалмай қалған осы бұйрықты, қолданылмай қалған осы құжатты алға тартқан. Бар болғаны сол ғана. 


Аудармашылық деген бір тілдегі мәтінді екінші тілге сүт құйған сияқты қотара салу емес, ол – туындыгерлік, шығармашылық жұмыс. Ақыл-ой еңбегі. Сондықтан «сен мынандай уақытта мынанша бет мәтін аударуың керек» деп жөн-жосықсыз уақыт белгілеп, қатып қалған қатаң талап қоюдың өзі орынсыз. Бірақ осы бір «8 бет, 11 бет» деген шала ой, шалағай пікір бүгінгі күні көптеген басшылардың көкейіне орнығып алған догма сияқты. Аударма мәселесіне, аудармашыға деген бүгінгі бірмойын көзқарасты осыдан-ақ пайымдай беріңіз. Тіпті ол пақырдың құқығын қорғайтын, арадай талаған әділетсіздіктерден арашалап алар ұйым-сұйым да жоқ бізде. Сондай-ақ Елордадағы басқару академиясы жанынан аудармашылар курсын ашудың да қажеттігі әлдеқашан туған. Ол кімнің құзырындағы мәселе өзі?


Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі жасамыс аудармашының да, жасөрім аудармашының дәрмен-дәрежесі де, мансап-мәртебесі де бірдей. Олардың білім-біліктілігіне үңіліп, «сенің деңгейің мынандай, сенің дәргейің анандай» деп аражігін ажыратып жатқан кім бар? Біздің білуімізше мемлекеттік қызметтегілер іскерлігіне, еңбек өтіліне қарай әуелі қатардағы маман, содан кейін жетекші маман, содан кейін бас маман сияқты баспалдақтардан өтсе керек. Айлық жалақысы да соған қарап өссе керек. Сол сияқты аудармашы еңбегін де басқаша тұрғыдан бағалайтын, сөйтіп, еңбегіне ақы төлеу жүйесін қайта қарайтын уақыт жетті емес пе? Бірақ неге екенін қайдам, біздің бүгінгі заманда ондай тәртіп басқаға жүрсе де аудармашы деген пендеге жүрмейді. Олар әлі сол кейбір басшылар кекірейе қараған алғашқы кездегідей «арбаның бесінші доңғалағы» немесе қажеті шамалы, басы артықтау қосалқы мамандық-сымақтың бейнетқорлары ғана. Қазір, жасыратыны жоқ, көптеген ұйымдар мен мекемелерде іс жүргізуші лауазымына аудармашылықты қоса жапсыра салған. Тіпті «іс жүргізуші-аудармашы» деген жаңа лауазым шығарып алғандар да баршылық! Сонда әлгі әспеттеп отырған аудармамызда қандай қасиет қалды, аудармашыда қандай қадыр қалды? 

 

Көңілде жүрген тағы бір түйткіл – осы күнде не көп – одақ пен қауымдастық және бірлестік деген көп. Жазушылар мен журналистер одақтарынан бастап, сәулетшілер одағы дейсіз бе, суретшілер одағы, әншілер одағы дейсіз бе, асыл тұқымды ит пен мысық асыраушылар қауымдастықтары дейсіз бе, жетіп жатыр. Тек аудармашылардың талап-тілегіне құлақ асып, солардың мұң-мұқтажына жанашыр боларлық бір ұйым-сұйым бар дегенді естігем жоқ. Олар сонда шынымен-ақ «арбаның артық доңғалағы» болғаны ма? 


Мүмкін осындай кербақ келеңсіздіктердің салқыны тигендіктен шығар, кейінгі кездері аударма атты асыл қазынамыздың арыны бәсеңдеп, қадыры кете бастағандай көрінеді маған. Бұл тұрғысында аударма ісінің білгірі марқұм Кеңес аға Юсуптың «Қазақ тілін терең білетін, тәржіме ісінің қадірін білетін майталман тәржімешілердің қатары күннен-күнге сиреп барады» деп алаңдаушылық білдіруі де бекер болмаса керек. Әлде Колумбия жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Габриель Гарсиа Маркестің «... бұл аудармашы байғұстарды қойсаңшы, мұның өзі өте қиын әрі ең бір қадірсіз және ең жаманы – ақы-пұлы төмен жұмыс білем» деп мүсіркеуінде бір шындық бар ма екен?..
Задында, аударма – ел егемендігімен ере келген ұғым. Ал аудармашы – әуел баста әртүрлі тіл заңнамаларында орны айшықталған, мәртебесі айқындалған лауазым иесі. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге иығын да, кеудесін де төсеп келе жатқан нағыз қормалдар сапындағы солдат. Бірақ сөйте тұра оның әлі күнге дейін алшаңдай басып төрге озбай, өгей баланың күйін кешіп босағада қалуы ұлттығымызға ұят нәрсе! Сондықтан осы бір көкейкесті мәселе дәл бүгінгідей екіұдай күй кешіп отырғанда әсіресе «ат үстіндегі» көзі ашық, көкірегі ояу көргенді қауымның мемлекетшілдік жауапкершілігі күшті болуы керек деп ойлаймын. Аударма сияқты алтын көпірге әуелі солар парасаттылық танытып, қамқоршы болуға тиіс. Өйткені, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, оның ішінде аударманың бағын жандыру  – Елордада құрылған Тіл комитеті мен облыстардағы тілдерді дамыту басқармалары  немесе қоғамдық ұйымдар ғана айналысатын шағын ауқымдағы шаруа емес, ол – сайып келгенде, мемлекеттік саясат. Соны ұмытпайық!

* * *

... Ұлттық өркениет пен ұлттық мәдениеттің өркендеуі, әрісін айтқанда ұлт болашағының өзі көп ретте тілге келіп тірелетіні құйма құлақ болса аз айтылып жүрген жоқ. Қазақтың тіліне жаны аши қояр жан болса, селк етпесе де бір сәт селт етіп, «Апыр-ау, қазекеңдердің бұл зиялы қауымы соншама неге шыр-пыры шығып шырылдап жүр?!» деп, солардың жанайқайына құлағын түрер себеп те, салдар да жетерлік. Тіл деген – ат төбеліндей ғана бір шоғыр зиялы қауымның – тіл мамандары мен журналистердің, я болмаса жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген саусақпен санарлықтай саясаткерлеріміздің  ғана еншісіне тиген терінің илеусіз пұшпағы емес, тіл деген  түсінген адамға – мемлекеттік саясат, ұлт айшығы. Тіл тағдыры – ел тағдыры. Сол елдің алға ұстар айбыны, рухани айдыны. Бұл да – дау тудырмас аксиома. Осынау бір киелі ұғымға ешкімнің де бейтарап қарай алмасы анық. Өзін Қазақстанның перзентімін деп ұғар әрбір дегдар жанның осы тіл тағдырына алаңдауы заңды да. «Тіл мерейі – ұлт мерейі», «Тіл қадірі – ұлт  қадірі» дейтініміз содан. Себебі ол бүгінгідей қатаң бәсекелестік кезеңінде рухани саладағы басты проблемаға айналды.

Жұмағазы ИГІСІН
 

Байланысты жаналықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Президентіне көңіл айтты

18.12.2024

«Манчестер Сити» – бірінші, «Астана» – 135-орында. УЕФА клубтар рейтингін жариялады

14.12.2024

ӘЧ: Қазақстан құрамасының іріктеудегі қарсыластары анықталды

13.12.2024

Қазақстанның су дипломатиясы: көршілермен ынтымақтастық және халықаралық бастамалар

13.12.2024

Азия чемпионатының ақтық сынында 9 боксшы алтынға таласады

11.12.2024

Жыл қорытындысы: 6 млн ішкі туристен 224 млрд теңге кіріс келген

09.12.2024
MalimBlocks
Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Президентіне көңіл айтты

«Манчестер Сити» – бірінші, «Астана» – 135-орында. УЕФА клубтар рейтингін жариялады

Рейтингте қазақстандық бірнеше команда бар

ӘЧ: Қазақстан құрамасының іріктеудегі қарсыластары анықталды

Қазақстанның су дипломатиясы: көршілермен ынтымақтастық және халықаралық бастамалар

Азия чемпионатының ақтық сынында 9 боксшы алтынға таласады

Қазақстандық 7 боксшы Өзбекстан өкілімен жұдырықтасады

Жыл қорытындысы: 6 млн ішкі туристен 224 млрд теңге кіріс келген