Шеше көрмеген... Қабылбек «ұстазға» тоқтам қоятын кім бар?

Ол "шеше деген балаларын тастап кеткен әйел" дейді.

Олжас Қасым

  • 03.10.2023

Кейінгі кездері білімінің таяздығын, дүмшелігін білмей ел алдында уағыз айтатын жалған ұстаздар легі қалыптасты. Өзі білмейтін нәрсені төңірегіне данышпансып сіңіргісі келетін дүмшелер аз емес. Қазір әлеуметтік желіде төңірегі «ұстаз» деп жапырылатын Қабылбек Әліпбайұлының шеше туралы айтқан пікірін халық қатты сынап жатыр. Алдымен айтқан сөзін толығымен келтірейік.   

«Ана бар, шеше бар. Ана деген кім десе, ана бүткіл болмысын, ғылымын, көрген-түйгенін балаларына арнайды. Балаларын шығаруға жұмсайды, соларды ана деп атайды. Шеше деген балаларын тастап кеткен әйел кісі. Қарамаған, бала қалай болса солай өскен. Ұрыс-жанжал, айырылысу керек болса айырылысып кете салған... Анаңның пәленшесі деген боғауыз сөз жоқ, шешеңнің пәленшесі деген боғауыз сөз бар. Шеше деген не десе, балаға еңбегі сіңбеген адам екен. Даже памперсін де ауыстырмаған... Біреуді жалдап, соған қаратады. Сол үшін әйел адамның миссиясы шеше болу емес, ана болу»,-дейді Қабылбек. Ол онымен қоймай, өз сөзіне Абайдың әжесін де мысал етеді.    

«Зере анамыз өте тақуа болған. Сондай ана деп айтылады. Шеше деген кім десе, тек бала тууды біледі, тастап кеткен баланы»,-дейді әлгі «ұстаз».   Алайда, діндар «Абай жолының» бетін ашпаған секілді. Романда Абайға әжесінің ертегі айтатын кезі былай баяндалар еді.  «Кейде әжесі шаршап айтпай қойса, көп әңгіме білетін шешесі Ұлжанға жабысады. Оқымаған шешесінің әлі күнге ұмытпай, білдірмей, сақтап жүрген зейініне таң қалады» деп жазады көрнекті жазушы Мұхтар Әуезов.

Ал, асылында ана мен шеше бір бірінен ажырағысыз ұғымдар. Тіпті ертеде қазақ анадан гөрі «шеше» деп сөйлейтін еді. Дәулескер Құрманғазы «Қайран шешем» күйін тереңнен толғамай, бекер шығармаған болар.  «Шеше» халық түсінігінде адамгершіліктің мектебіндей, биік парасаттың иесі, ділмарлық пен дархандықтың үлгісіндей болатын. 

Сөздің парқын білетіндер дүмше молданың қазақ тіліндегі қасиетті сөзге шабуылдап, ел арасын улап жатқанына ашынып отыр. «Қазақтың «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген мағынасы терең, тәрбиелік мәні жоғары мәтелін білмейтін адамның жұртқа уағыз айтуға хақы жоқ»,- дейді.

Журналист Қарагөз Сімәділдің айтуынша, ана мен баланы құдіретті табиғат бірлікте жаратқан. «Ананың балаға деген махаббаты дүниедегі ең тұрақты махаббат. Ендеше, анасы қызын аналық махаббатқа бөлеп, сырласып, үй шаруасына икемдеп, рет-ретімен санасына сіңіріп, ертең бір шаңырақтың келіні болатынын есіне салып отырады. Шеше көрген тон пішер деп, шешенің тәрбиесін айтып отыр. Ұлтты биіктетін, ұлттың деңгейін, рухын, ар-намысын көтеретін қыздардың тәрбиесі-Шешенің қолында екендігін, қыз болашақ бір шаңырақтың ұйытқысы, болашақ ұрпақтың анасы екендігін еске салады!»,-дейді ол.  

Оқырман жақсы біледі, Әуезовтің «Абай жолы» романында мынадай тағы  бір үзінді кездеседі.

«Бала көп ішінен, ең алдымен өзінің шешесін көріп, соған қарай жүре беріп еді, шешесі анадай жерде тұрып:- Әй, шырағым балам, әуелі ар жағыңда әкең тұр...Сәлем бер! - деді.
Абай жалт қарап барып, жаңа көрді. Анадай жерде, қонақүйдің сыртында, қасында екі-үш үлкен кісі бар – әкесі Құнанбай тұр екен.Ыңғайсыздықпен қысылып қалған бала шешесінің сондайлық салқын сабырының мәнін ұқты да, дереу әкесіне қарай бұрылды...»    Осы үзіктен-ақ үлкендердің үлгісін, дегдарлық тұнған даналық мәнін ұғынасыз! Ақылы дария Ұлжан ана оқудағы баласын сағынбады емес, зарығып күтті.    Бірақ кез келген анаға тән бүкіл сағыныш, уайым, махаббаттың бәрін бір сәтке тежей тұрып, қоңыр қозысын әкесіне қарай бағыттады. Әйтпесе, жетелі ұлын алдымен кеудесіне басса ешкім де оны сөкпес еді.  

Ол аз десеңіз, Әнияр Молдабаевтың баласы Сапарғали өзінің естелігінде: «Менің шешем Абайдың ішетін тамағын дайындап, шайын құйып беріп, сол бөлмені Абайға арнап таза ұстап отыратын»,-дейді. 

Оны оқымаса, Қабылбек жазушы Қарауылбек Қазиевтің «Менің шешем»  деген әңгімесін оқысын. Шығармада соғыс кезіндегі жүдеу-жадау өмірдің салқынын тартқан, жоқшылық тарықтырған баланың шешесінен нан сұрайтын кезі бар. Перзентіне қалған-құтқан дәмнен бөкпен пісіріп отырған ана амалсыз қалады. Далаға зыта жөнелген ұл беті ауған жаққа жүгіре береді. Аздан соң бір тұсқа жата кетіп, үстіндегі шолақ көйлегін суық жел кеулеп кетеді. «Біраздан кейін мені іздеп зар илеген шешемнің дауысы естілді. Тура үстімнен түскенше тістеніп, үн-түнсіз жата бердім»,-дейді.

«Көзіңнің қаспағынан айналайын, бір жапырағым менің, түрегелші» дейтін шешенің мейірімі, одан қалды қан майданда арыстай азаматын жоғалтса да сабырынан танбаған ананы таниымай көріңіз.    «Менің шешем сыр берген жоқ. Жүрегінде жатқан  үлкен махаббаты мен үндемес уайымын тысқа шығармай, ішінде сөндірді»,- деген шым-шым үзіктен шеше мінезін аңғармай қалмайсыз.  Ол аз десеңіз, ақын Қажытай Ілиясов «Менің шешем жиһанкез шетке кеткен, Кісі өлтіріп, керуен тонамаған, Өткізген үрейлі күн өткелектен»,- деп шешесінің кіршіксіз бейнесін, боямасыз таза болмысын  жырға қосады.  Дауылпаз ақын Мұқағали да шешесі баласын тастап кететін көркеуде болса,  «Шеше» деп жаздым ылғи сөз басына» немесе «Аспанға жазам сенің есіміңді» деп жазар ма еді. 

Құрғақ уағызымен көпшіліктің санасын сансыратқан Қабылбек «шеше көріп, тон пішкен» халықты қаралап отыр.  Өткенде де осы Қабылбек Әліпбайұлы билер институтын орыстар қалыптастырды деп шатылғанын да көрдік. Онымен қоймай, ақсақал мен шал арасын ажыратамын деп ақсақалдың оқиғасын белгілі би атына таңып бергенін   білмей отырған жоқпыз. Әліпбайұлын  оқымаған адам деп айтуға да болмайды.

Алматы қаласында орналасқан «Нұр-Мубарак» Египет мәдениеті университетінде, 7 жыл Мысырдағы әлем мұсылмандарының әйгілі Әл-Азһар Ислам университетінің шариғат факультетінің түлегі. Мамандығы ислам заңгері.  Ғаламтор беттеріндегі өмірбаянына қарасақ, Қабылбек Әліпбайұлы 2012-2013 жылдары Алматыдағы «Әбу-Ханифа» медресесінде ұстаздық қызмет атқарған. Алматы қаласының орталық мешітінде және «Таугүл» мешітінде дәрістер оқып, уағыз – насихат жұмыстарын жүргізген. 2013-2015 жылдары  Жезқазған қаласы Ахмет Ишан Оразайұлы атындағы мешітте өкіл имам, 2015-2016 жылдары Алматы қаласы Байкен мешітінде наиб имам, 2016 жылы 15 қаңтарда Астана қаласы «Нұр-Астана» мешітіне наиб имам қызметін атқарғаны жазылған. Қазір ол Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының жанынан құрылған республикалық ақпараттық насихат тобының мүшесі. Мүфтияттың сайтында ол туралы тілдей ғана "белгілі ұстаз" деген ғана дерек бар. Білдей бір ҚМДБ-ның белді мүшесі осылай елдің миын улап отырса, желідегі басқа уағызшылардан не күтеміз?! Осындайда білімнен ада, дүмшеге Абайдың «Қайнайды қаның, ашиды жаның, мінездерін көргенде» деген сөзінен  басқа айтарымыз жоқ.

Байланысты жаналықтар

ҚМДБ мәһірге байланысты маңызды шешім қабылдады

18.11.2024

Рамазан – 2025. Қасиетті мереке қашан басталады?  

17.10.2024

2025 жылы діни күндер кестесі бекітілді

16.10.2024

«Мені ешкім қолдамайды». Айсәуле Бақытбек желіде мәлімдеме жасап, көпшілікті ойландырып қойды

30.09.2024

Қостанай облысына жаңа бас имам тағайындалды

29.07.2024

Түнгі клуб жанында мас күйінде ұсталған қостанайлық бас имам қызметінен босатылды

25.07.2024
MalimBlocks
ҚМДБ мәһірге байланысты маңызды шешім қабылдады

Діни басқарма қалың мал мен мәһірді біріктірді

Рамазан – 2025. Қасиетті мереке қашан басталады?  

Рамазан-мұсылмандардың рухани тазарып, қайырымдылыққа үлес қосатын,  иманын бекемдейтін діни мерекесі

2025 жылы діни күндер кестесі бекітілді

Ораза айы 1 наурызда басталады.

«Мені ешкім қолдамайды». Айсәуле Бақытбек желіде мәлімдеме жасап, көпшілікті ойландырып қойды

Айсәуле Бақытбек жүйкесі сыр беріп жүргенін айтты.

Қостанай облысына жаңа бас имам тағайындалды

Бұл орынға Қостанай қалалық «Марал Ишан» мешітінің имамы лайық деп танылған

Түнгі клуб жанында мас күйінде ұсталған қостанайлық бас имам қызметінен босатылды

Бұған дейін ол Ақмола облысының Бурабай кентінде мас күйінде автокөлікке отырып, жол ережесін бұзғаны үшін он бес тәулікке қамалып, жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылған еді.