Соңғы сөз

Бағашар Тұрсынбайұлы

  • 29.07.2021

«Адамның соңғы сөзі бәрінен мағыналырақ» депті Толстой. Бүгін Болат Атабаев дүниеден өтті. Көрмегем, танымағам. Бірақ тыңдай бергім келетін.

Атабаев деген атын ғана естігенімізбен, біз оң-солымызды тани бастағанда Германияға кетті. Оның алдында Әуезов театрынан «Қарагөзін» көргем. Бір сахнада екі көріністі қатар қойып, параллельдерді көрерменнің санасына ғана емес, көзіне көрсетіп тұрып, екі есе әсер сыйлаған сол қойылымы ешқашан жадымнан өшпепті. Бірақ маған режиссер Атабаев бәрібір белгісіз болды.

Былтыр әлеуметтік желіде «Атабаевқа көмек» деп ақша жинаған науқанда дертке шылдыққанын білдік. Кейін ақын Есенғали Раушановтың «Керек емес кезде айтылған керек емес әңгіме» деген мақаласы шықты. Бәлкім, соңғы мақаласы. Бәлкім... Ал соңғы жазған өлеңдері бар шығар. Есенғалидың мақаласы шықты дегенде арасына жік салмай оқитын біз одан кейін мақала кездестірмедік. Сонда Есағаң бүй дейді: «Мұндай режиссер қазақтың маңдайына енді қашан бітеді — бір құдайға ғана аян. “Едігеден бастасам ертегіге кетермін”, мен бұл тұста оның қайталанбас қойылымдарына талдау жасап сөзді созбайын. Оның ұлттық театр әлеміндегі орны туралы да сөз қозғайтын тұс – бұл емес. Еуропаға жолым түссе, Бөкеңе соқпай кетпеймін. Ол әуелде Кельн қаласында тұрды. Неміс театр академиясында ұзақ уақыт сабақ берді. Қадірлі болды. Қазақ деген атты биік ұстап жүрді. Әлі де ұстаздығын тастаған емес. Режиссерлігіне қоса, ол – тамаша педогог та. Лекцияларын неміс тілінде оқиды. Бөкеңнің тілі қазақша шыққан. Екінші тілі неміс тілі. Ағылшыншасы тағы бар. Осындай бай тәжірибені, терең білімді, ерен күш-жігерді басқаға жұмсағанша, қазақтың пайдасына жұмсаса екен деп армандаймын. Және бұл ойымды өзіне барған сайын айтам да. Елге қайт деп азғырамын. Көне түсіп барып, қайта қатайып алады. Мен қазір Жаңаөзен оқиғасына талдау жасап, көне жараның бетін қайта тырнағым жоқ. Осы қанды қасапта Болат Атабаевтың кінәсі жоғын айтып та ақтарылғым жоқ. Кімнің кінәсі бар, кім жазықты, кім жапа шекті, кім оққа ұшты – оның бәрі құдай тағаланың есебінде. Бізде шығармашылық зиялы қауыммен жұмыс істеудің нәзік тұстарын жете білетін басшылардың аздығы туралы да айтпалық. Өткеге салауат. Ілияс Омаров пен Өзбекәлі Жәнібеков бүгін жоқ болса, ертең пайда болар. “Әркім қошқар қояды өз тапқанын”, құрысыншы, барымызбен базар бола тұралық.  Менің айтпағым Болат Атабаев секілді қазақтың тума таланты Қазақстанға қайта оралып, қазаққа еңбек етсе деймін. Ол кейбіреулер секілді ердің артқы қасын сұрап, байлық  немесе билік, қызмет талап ететін қазақ емес. Ерекше күй де талғамайды.  Ұлы Ұстазын күтіп жүрген қазақтың қаншама қаракөз жастары, жігіттер мен қыздар үнсіз тұншығуда. Бөкеңнің шәкірттері Қазақстанның қай түкпірінде де бар. Қай қайсысы да ағам қашан қайтар екен деп жолына қарап жүр. Тиісті орындар талантын бағалап, азамат басын сыйлап, елге керектігін есепке алып,  Қазақстанға қайта шақырса, Бөкең келеді. Далаға емес,  Еліне келеді. Өзінің еліне. Өкпеге қидық, ендігі жерде  өлімге қиямыз ба асыл азаматты?».

Ақын ағынан жарылады. Өзі алаңдаған Болатынан ерте кетті. Аяқ асты. Енді, міне, ұлы қазақ Атабаев та, ойламаған жерден кете барды. Алладан келдік, Аллаға қайтамыз. Екеуінің де алды шат болсын. Есенғали айтқан осы сөзді, Есағаң көрсеткен осы құрметті Болат Атабаевқа кім көрсете алды? Кім іздеп тұрды? Еуропаға Раушанов қана барып жүрген жоқ. Бәрі де ел аралап, саяхат қылды. Ал Атабаевқа соқпай кетпейтін сиректің бірі – Есенғали еді.

Атабаев бұл сөзді өзі газеттен оқымапты. «Қазақ әдебиеті» газетіне шыққан. «Тілеуханұлымен сұхбат» бағдарламасында Қанат Тілеухан осы бір сөзді оқып бергенде, көзі жасаурап кетті, өксігін әрең басып, ұстазға тән пауза ұстап барып, айтып еді: «Жақсы ақын. Сапалы ақын. Көп жарнамаланбайды. Сабырлы, тиянақты» деп.

Атабаевтың да ақынға деген құрметі ерекше сезіліп тұрды. Енді екеуі де жоқ. Ол құрмет те жоқ.

Атабаевтың сұхбаттарынан оның ұстаз екені білініп тұратын. Санаңа жеткізіп сөйлейтін. Соңғы арманы да – жастарға режиссерліктің әліппесін үйретсем болды.

Есенғали да ұстаз сияқты адам еді. Ол кісімен Баянауылға барған сапар естен кетпейді. Бір топ жас, бір топ үлкен ақын. Үлкендердің көбі қызып алып, қыз-қырқынды айтты. Дастархан басындағы әңгімені бұзып, бәріне тоқтау айтып: «Осында жастар отыр, олар бірдеңе тыңдағысы келеді ғой» деп, сөзді әдебиетке қарай бұрып еді. Осының өзі үлгі еді. Сол түні жұлдыздар туралы көп айтып еді...

Бірін-бірі құрметтеген екі адам енді ортамызда жоқ. Пенде демесеңіз, екеуі де – тау.

Есенғали сол мақаласында екі нәрсе айтады. Бостандық пен құрмет. Адамға бостандық керек. Адам адамға құрметпен қарауы тиіс.

Болат Атабаев соңғы екі сұхбатында қайталған бір сөз бар. «Қайдағы қазақ? Алдымен адам болып алсаңдаршы».

«Адамның соңғы сөзі бәрінен мағыналырақ»...

Байланысты жаналықтар

Есенғали Раушановтың өлеңдері

22.08.2024

Бишімбаев соттағы соңғы сөзінде Геббельстің цитатасын келтірді

06.05.2024

Бишімбаев пен Байжанов соттағы соңғы сөзін сөйледі

06.05.2024

Өткен жылдың өкініші. Өмірден өткен жақсылар

29.12.2021

Соңғы спектакілін қоя алмай кетті

29.07.2021

Болат Атабаевпен екінші сұхбат

09.07.2021
MalimBlocks
Есенғали Раушановтың өлеңдері

Есенғали Раушанов 1957 жылы 5 қазанда Қарақалпақ АКСР-інде туған. 2021 жылы 16 сәуірде өмірден өтті. Өлеңдері орыс, литва, болгар, чех, украин, өзбек, қырғыз тілдеріне аударылған. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Бишімбаев соттағы соңғы сөзінде Геббельстің цитатасын келтірді

Салтанаттың және өзінің туған-туыстарынан кешірім сұрады.

Бишімбаев пен Байжанов соттағы соңғы сөзін сөйледі

Еске салсақ, бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа 2023 жылдың 9 қарашасында әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айып тағылған. 

Өткен жылдың өкініші. Өмірден өткен жақсылар

Қуаныш пен қайғы қатар жүреді, өмір бар жерде өлім бар. 2021 жылы халықтың қабырғасын қайыстырған қазалы күндер де болды. Арамыздан кетсе де, жұрттың жадынан, көптің көңілінен кетпейтін жандарды еске алғанды жөн көрдік.

Соңғы спектакілін қоя алмай кетті

Болат Атабаевпен екінші сұхбат