Болат Атабаевпен екінші сұхбат

Олжас Қасым

  • 09.07.2021

Режиссер Болат Атабаев «Тілеуханұлымен сұхбат» бағдарламасына тағы қонаққа келді.

Режиссер бұл жолы да театр тағдырына, ел болашағына байланысты ойларын ортаға салды. Кәсіби маманның кәсіби көзқарасы – қашанда қызық, тартымды. Халық үшін жаны ауратын адамның кісілікті болмысы сұхбаттың өне бойында көрінеді. Көлгір сөзден ада, пафостан алыс, мақтаннан мақұрым тұлғаның сөзі шынайы, өтімді сезіледі.

Сұхбат театр жайындағы сөзбен басталады.

Назарларыңызға сұхбатта айтылған ойлардың тезистерін ұсынамыз.

 

Ғибадатхананы адамдардың ішіне қайтару керек

Есіңде болса, тәңіршілдік дінінде храм адам ішінде болған. Санада, жүрегінде. Сол храмды кейінгі діндер сыртқа шығарып жіберді. Шіркеу, мешіт соқты. Адам рухының менеджерлері сол жерге барып кіріп алды. Молда болды, поп болды. Билігі бар адамдар оларға ақша бере бастады. Халықтан өздері ақша жинады.

Театр а дегенде алаңда басталған еді. Көне Грекияда. Сонда адамды өзгертуді, жаңа деңгейге көтеруді ойлады. Олардың идеологиясында адам қоғаммен араласуы керек. Қоғаммен араласпаған адамды «идиоттар» деген. Қазіргі идиот деген сөз содан шыққан. Ал қоғамға араласып, өздерінің пікірін айтатын адамдарды «полистер» деген. Қоғамда сондай бір құндылық пайда болды. Егер қоғамның ісіне аралассаң, сенің деңгейің бар, интеллектуал адамсың дегенді білдіретін.

Қазір табиғаттан алыстап кеттік. Храм деген ішкі дүниедегі өзіңнің сапаңды өзің өзгертіп жұмыс істеу. Иман дейміз, ұят дейміз. Сонымен жұмыс істемесең, ештеңе өзгермейді. Мешітке барып уағыз тыңдап, үйге кеп ұйықтасаң, қалай өзгересің? Ол адам өзгеруінің қысқа бір түрі. Сондықтан театр осы мәселеде үлкен жұмыс істеуі керек. Адамды өзгерту керек. Станиславский кезінде айтқан болатын: «Көрермен өзін ұмыту керек залда отырғанда. Ұмытып, әртіспен бірге күліп, бірге жылау керек» деген. Оған Брехт келіспейді. Мен де келіспеймін. Өйткені Брехттің ойынша, көрермен әртіспен келісу де керек, келіспеу де керек. Индивидум жасау керек. Көрермен – бақылаушы.

Станиславский ұрлаған. Конрад Экхоффтан, Франческо Риккобонидан. 100 жыл бұрын Станиславскийға дейін өмір сүрген адамдар. Ол Луначарскиймен дос болған. Луначарский – Ресейдің бірінші халық ағарту комиссары. Ленин айтады: «Біз жаңа мемлекет құрдық. Енді біздің театр саласында да өзіміздің доктринамыз болу керек» деп. Соны Луначарский досы арқылы жасаған. Өздері бала күннен бірге өскен, әке-шешелері дос болған. Бірақ реалистік театрдың дамуына Станиславский мен Немерович-Данченко үлкен үлес қосты. Бірақ теорияны аналардан алдым деп айтқан жоқ.

Театр адам харам болмау үшін, храмды қайта ішіне кіргізу керек. Мен соған жұмыс істеуім керек. Кеше мысалы, «Құлагерді» көрдің. Біз де қойдық Германияда. Біз муза туралы, шабыт туралы қойдық. Ал мына жерде жүйрік туралы. Ой жүйрігі, сана жүйрігі. Оны өлтірді. Адам өлтірді. Жүйріктерді өлтіре берсек не болады? Қоғамды алға сүйрейтін жүйріктер ғой. Храмды адамды ішіне қайтару үшін көп жұмыс істеуіміз керек.

 

Толстой Шыңғысханның жолын ұстанды

Біз Шыңғысханды жекешелендіргіміз келеді. Кезінде Шыңғысханның әлемді жаулаймын деп ала шапқын болғанының себебі сол...

Ол түркі халықтарының бәріне ортақ. Мәселе Шыңғысханда емес, бізде. Біз ғой соны жұлмалап жатқан. Әрқайсымыз приватизация жасағымыз келеді. Өзіміздің атамыз жасағымыз келеді. Одан не пайда? Дүниежүзілік дамудың бір жолына түсудің орнына өткен-кеткенді сөз ғып, қашанғы отырар екенбіз. Ал Шыңғысхан жалайыр болды, ал дулат болды. Не өзгерді? Соны айтқаннан қышуың қана ма? Осындай әңгімелерді естігенде жыным ұстайды. Тыйып тастаймын. Қаным қараяды. Шыңғысхан бізге керек! Не үшін? Жоғарыда айтқан адам кеудесінде әуелде болған ғибадатхананы қайтару үшін де. Қаған отырықшыларға қарсы болды. Олар қоршаған ортаны құртты. Одеколон деген шықты. Немістің Кёльн деген қаласының суы деген мағына береді. Мен ол қалада тұрдым. Сол иіс суды жуынбау үшін үстеріне жақты. Бас жумау үшін парик киді. Шыңғысхан табиғатпен үйлескен өмірді қалады. Қазір бәрі оның сүйегін іздейді. Іздеудің қажеті жоқ. Ол өзі өсиет еткен: «Мен табиғаттан жаралдым, соған айналамы» деп. Толстой да: «Мен өлгенімде жерге көміп, жермен  жексен етіңдер, басыма белгі қоймаңдар» деп еді ғой.

 

 

Герағаң және Есенқұлдың анасы

Теміртаудағы неміс театрына баратын кезде Герольд Бельгерге бардым. Қазақы жолмен бата алғым келді. Содан бөстім кеп. Гете, Шиллер, Брехті қоямын деп. Герағаң: «Оны Германиядағылар өздері қояды. Біз Теміртау театрынан өзімізді көргіміз келеді» деді. Мен түсінетін емеспін. Бұл кісі не айтып кетті деймін. «Біз мүлде басқа халықпыз» деді ағам сөзін сабақтап. Кейін бәрін түсіндім. Совет немістері неміс болғаны үшін өз ана тілінде сөйлей алмайды екен ғой. Бұл трагедия емес пе?! Қорқады. Өз тілінде сөйлесе оларға: «фашист» дейді. Қазір де Қытайда сол жағдай қайталанып отыр ғой. Қазақ, мұсылман болғаны үшін адамдар түрмеде отыр. Осыған қалай күйінбейсің.

Мен Герағаңмен немісше сөйлескім келетін. Бірақ ол кісі қазақша сөйлеп тұрып алатын. Алайда, қазақ болуға тырысқан емес. Бірақ сөзі, ісі, әрекеті қазақтікі. Қазақтың шынайы ақындарының бірі – Есенқұл Жақыпбектің ауылында болдым. Анасы Лиза апайды көрдім. Балаларын ертіп шалының басына барды. Араларында мен жүрмін. Өзі ұлты украин ғой. Шалымен сөйлесті кеп. «Шал-ау, міне бала-шағаңды жеткіздім. Ортасындамын. Саған реніш жоқ. Басында туғандарың мені жақтырмады. Өмір ғой. Жә, өтті-кетті. Кейін менен артық келін болмады. Менде бәрі жақсы. Тек украин халық әндерін сағынамын» дегені. Осы сөз сұмдық әсер етті. Есенқұлдың кешін "Ақсараймен" жасайсыз деп жүргенбіз. «Қой Лиза апайға арнап Украина әнін салайық» дедім. Есенқұл бірден келісті. «Мен шешемді орыс» деп жүр десем деп күліп қояды. Лиза апайда жанымен қазақ еді. Соғыс кесірінен ерте Қазақстанға қоныс аударған. Қазаққа сіңген. Шыт тартысы, сөйлегені, тіпті, ернін шылп еткізгені де қазақша еді ғой.

 

Комада болған жоқпын

Германияда ауырғанда, комада болған жоқпын. Есіме бір келіп, бір кетіп жаттым. Бүкіл қан уланған жоқ. Ес кірген кезде бірдеңе айтайын деймін, айта алмаймын. Бірақ соны кома деп жазып жіберіпті. Қазір түсінсем, ақша жинау үшін.

Өмірхан Алтын, Сүлеймен Шаткам деген жігіттерге ризамын. Солардың себебімен тірі қалдым. Солар мені Кельннен машинаға салып алып, Мюнхенге жеткізді. Сүлейменнің таныс дәрігері арқылы ауруханаға жатып, ота жасатып, жаным қалды. Әйтпесе бүкіл денеге у тараған. Гонгрена жоғары кеткен.

Бұлар ақша жинауды бастаған. Есім кіріселі-шығасылы. Қарындасыма, Ислам деген досыма звондаймын. Бәрі маған: «араласпа» дейді. Бұлар не істеп жатыр десем, ақша жинап жатыр екен. Жиналған ақшадан отчет жоқ. Өмірхан Алтын отчетін берді, Сүлеймен бермей қойды. Алса алсын ақшаны. Ақша деген боялған қағаз ғой. Ондағылардың айтуынша бұлар елшіліктің тыңшылары. Бұрыннан еститінмін. Өзім де шырамытатынмын. Кейін соны түсіндім. Неге менің телефонымды алып алады? Неге үйге ғана хабарластырады.

 

Рахат Әлиевтің жаназасы, Айсұлтанның көз жасы.

2015 жылы Рахат Әлиев Австрияның Вена қаласында дүниеден өтті. Иә, мен жаназасына қатыстым. Мен оның кітабын толықтай оқып шыққан едім. Барлық істегенін мойындайды. Оған да күш-жігер керек қой. Бірақ ол марқұмның жасаған қылмыстарын ақтамайды. Ұзынқұлақ оны өлтірген дейді. Тапсырманы Шешенстанның жігіттері орындады деген әңгіме бар. Жаназада көп адам сөйлеген жоқ. Адвокаттары бұл істі соңына дейін жеткіземіз деген сөздер айтты. Үлкен ұлы Нұрәли Әлиев орнынан қозғалмай отырды. Эмоциясын шығармады. Айсұлтан Назарбаев қатты жылады. Жоқтауы сүйегімнен өтіп кетті. Өзі бір өзгеше бала еді ғой. Ішіндегісін жасыра алмайтын. Бір шынайлықтары болды. Байқұс бала кейін өзі де өмірден өтті.

 

Қажыгелдин Бекжан Тұрыс, Ерлан Біләл, Ғани Құлжановқа үй алып берді

Бұлар театрды бәрін сатып, құртты ғой. Қажыгелдин премьерліктен кетті. Кірейін десем, Қосанов деген кіргізбейді. көмекшісі болды ғой. Әрең дегенде кірдім. Асылбек Қожахметов кіргізді. Барып айғай салдым. «Тоқтаңыз, тоқтаңыз!» деді. Қазақша сөйледі деп ойладым. Бәрін айтты, не болғанын. Бірақ оның аргументтері маған аргумент болмады. «Сенбеймін», – дедім. «Ақша табу үшін істедіңдер», – дедім. «Бәрін ұстауға ақша жоқ», – дейді. Ғимараттарды ұстау керек. От жағу керек. Бірақ ештеңе жоқ. «Не істеймін?», – дейді. «Пәтер беріңіз. Актерлар театрдан кетейін деп жатыр», – дедім. «Тізім беріңіз?», – деді. Ал кімді берем? Ондайға дайындалмағанмын ғой. Алдыңғы үш адамның тізімін бердім. Олар кетейін деп жатқан. Ерлан Біләл. Ұлы да, қызы да сары аурумен аурып жатты сол кезде. Әйелі қызымен, өзі ұлымен жатты. Базарда жүрді. Ғани Құлжанов, Бекжан Тұрыс. Осы үшеуінің атын атадым. Үшеуіне ертесі отыз мың доллар әкеп берді. Театрға. Аналарға айттым: «Ақша келді, алып кетіңдер» деп. Ғани: «Аға, күлмеңізші, не сұмдық? Мазақтамаңыз», – деді. «Келші», – дедім. Келді. Бердім.

Бір басшымыз: «Ең болмағанда әрқайсысынан өзіңе екі мың доллардан алып қалмадың ба?», – дейді. Жақсы бопты. Қайыршы қайыршыдан жырымдап тұрайық сол. Олар пәтер сатып алды. Сөйтіп жандары аман қалды. Жастар, театрдың репуртуарын ұстап тұрғандар. Олар кетсе, қайта жұмыс істеуіміз керек. Бекжан сияқты әртістер театрдан кетсе, не болады? Қажыгелдиннің жақсылығы осындай болды.

Кейін мені Көшербаев шақырып алды. Мәдениет министрі еді. «Итке тастаған сүйек сияқты. Қайтесің оны? Қайтарып бер», – дейді. «Не хуйя!», – дедім. Тура осылай айттым. «Сен лақтыршы отыз мың. Жерге түсірмей қағып алайын», – дедім. «Храпуновқа айтып бердірем», – деді. Кейін бергізді. Дулыға үй алды. Көп адам алды.

Аналарға: «Ешкімге айтпаңдар», – дегем. Бірақ айтып қойыпты. Кешке театрдан шықсам, Құрманғазы оркестрінің мүшелері, театр әртістері мені далада күтіп жүр.  Бәрі бір ауыз сөз айтпақшы...

 

Сұхбаттың толық нұсқасын «Жаңа Алаш» ютуб арнасынан көре аласыздар.

 

Байланысты жаналықтар

Өткен жылдың өкініші. Өмірден өткен жақсылар

29.12.2021

Мамин мектептерді ашпақшы. Қауіп жоқ па?

11.08.2021

Соңғы сөз

29.07.2021

Соңғы спектакілін қоя алмай кетті

29.07.2021

Министр Райымқұлова – ойыншық

20.05.2021

Қытай геноцидіне қарсы акция тоқтамайды

13.05.2021
MalimBlocks
Өткен жылдың өкініші. Өмірден өткен жақсылар

Қуаныш пен қайғы қатар жүреді, өмір бар жерде өлім бар. 2021 жылы халықтың қабырғасын қайыстырған қазалы күндер де болды. Арамыздан кетсе де, жұрттың жадынан, көптің көңілінен кетпейтін жандарды еске алғанды жөн көрдік.

Мамин мектептерді ашпақшы. Қауіп жоқ па?

Соңғы сөз

Соңғы спектакілін қоя алмай кетті

Министр Райымқұлова – ойыншық

Қытай геноцидіне қарсы акция тоқтамайды