Тілек Сұлтан. Ақ кимешек астынан сені көрем...(видео)

Этно-дизайнер Тілек Сұлтан қазақ кимешегі мен ұлттық киімін сонау Америкаға дейін өз күшімен барып насихаттап жүр. Жас жігітке заман көшінен қалған кимешекті дәріптеп не қажет?

  • 03.11.2023

Осы сұраққа жауап іздеп, Тілек Сұлтанды сөзге тарттық.

–Әже тәрбиесінде өскен ұлмын. Әжемнен кесте тігу, аңыз-әңгімелер мен ертегіні көп тыңдағандықтан шығар көнеге, әдемілікке құмар болып өстім.  Оқуымды бітіріп өз қолым өз аузыма жеткен кезден бастап, жәйлап ескі кимешектерді сатып ала бастадым.  Қазір менде көне кимешектің отыз данасы бар. 

–Этнографтардың зерттеуінше, кимешектің 16 түрі белгілі, оның 12 түрі орталық музей қорында сақталған. Ал сізде отыз деп отырсыз....

–Мен де отыз шақты болғанда, әр рудан бірнеше кимешегім бар. Көне өзіндік ерекшелігі болса, коллекцияма қосып алып, түпнұсқаға қарап отырып көшірме жасап, кестелеп шығамын. Атыраудан Алтайға дейінгі атырапты алып жатқан ел болғандықтан әр жердің өзінің табиғатына байланысты, үш жүз руларының өзіне ғана тән кимешектері болған. Яғни әр рудың өзіндік ерекше стилі бар. Тұңғышын босанғаннан бастап киетін кимешекке қарап-ақ қай елдің анасы, жас мөлшерін, тұрмыс-жайын, тіпті жүріс-тұрысына дейін анық ажыратып алуға болады екен. Сондықтан аналырымыз ақ кимешегін кір шалдырмай қадірлеген. 

–Энциклопедияда қазақ әйелдерінің ұлттық бас киімі кимешек деп жазылған екен. Бірақ бүгінде кимешек туралы көп айтыс-тартыс болып жатқан сияқты, жалпы этногроф ретінде, кимешекті ұзақ уақыттан бері зерттеп тігіп жүрген маман ретінде бұған  не айтасыз?

–Кимешектің шығу тарихи туралы екі түрлі пікір бар. Біріншісі ислам дінін қабылдағаннан кейін кимешекті сол кездегі аналарымыз ислам дінінің шариғат үкімдеріне қарай тігіп, дайындаған дейді. Екінші пікірде ислам діні кірмей тұрып, түркі халқында кимешек бар тұғын дейді. Өйткені, бұрынғы көне суреттерде Қытайдың бұрыңғы тарихи деректерінде және «Құпия шежіреде» Шыңғысханның жары Бөрте ханымның миниатюрасында кимешек киіп тұрған суреттері бар екен. Соған қарағанда аналарымыз ислам дінінің енуіне дейін кимешек киген.

–Кимешектің түрлері туралы нақтылап айтып берсеңіз...

– Ең әдемі жақ кестесі түрлі-түсті жіппен оюланған, моншақ-күміспен сәнделген кимешекті жас келіндер киген. Балалары есейіп, келін түсірген аналарымыз кимешектерінің жақ кестесіне сары түсті зер қосып «сар жақ» болады. Ал егер  отағасы қайтыс болып жесір болса, кимешектің жағын сәндемей тек сырып «ақ жақ» болған. Байқап отырсаңыз, қазақ ұлтының данышпандығы сонда әр жастың өзіне тән стилі бар және сұрамай-ақ жағдайын біліп отырған. Жалпы, үй шаруасында жүрген кезде негізі кимешектің өзін ғана киіп, үстінен кішігірім орамалдар тартқан. Ал енді салтанаттарда сәндік үшін күндік ораған көрінеді. 

–Қазір жастар ғана емес, үлкен кісілердің өзінде кимешекті қарт әжелер ғана киеді деген түсінік қалыптасқан. Бұл қайдан шыққан ұғым?

– Рас, кимешекті қарт әжелер, егде жастағы әйелдер киеді деген қате түсінік қоғамда әбден қалыптасып алған. Оның себебі Кеңестер одағы қазақ әйелдерін жаппай қара жұмысқа салды. Оған дейін қазақ анасы қара жұмыс істемеген. Ер азаматтардың бәрі соғысқа кетті де  аналарымыз жер қазды, мал бақты, одан қалса трактор, комбаин айдады, зауыт-фабриканың барлығында дерлік әйелдер жұмыс істеді. Соның салдарынан ақ кимешекті кір жұқтырмай жас келіншектердің киіп жүруге мүмкіншілігі де, жағдайы да болмады. Кимешекті киюге қызыл белсенділер шектеу де қойып,  «көненің сарқыншағы» деп, тіпті бүкіл ауылдың әйелдерін жинап алып, кимешектерін күшпен шештіріп, сол жерде өртеп, бір-бір шаршы орамалды бастарына байлап берген деген де ақпарат бар. Яғни, жұмысқа жарамды қыз-келіншектерге орамал тақтырғанда үйде отырған үлкен кісілерге тиіспеген. Содан Кеңес дәуірінде өскен қазіргі буын кимешекті үлкен кісілер ғана киеді деген түсінікпен өскен.     

–Рас, кимешек десе ойымызға қарқарадай күндік оранған әжелеріміз ғана түседі, күндікті сәндік үшін таққан ба.... 

–Иә десек те болады, бірақ күндіктің ұзындығы жиырма алты метрге дейін барған.  Сонша  ұзын матаны басына неге орап жүрген дегенде оның да өз пайдасы бар.  Жалпы жылулық үшін де, күннен күнқағар деген атаулары да бар және көшпелі болғаннан кейін мата қол жетімді бола бермеген. Сондықтан, жолда келін босанып қалса, күндікті жөргектің орнына пайдаланса, адам қайтыс болған жағдайда осы күндікті кебін ретінде пайдаланған деген нұсқалар бар. Негізі қазақ барлық нәрсені  ақылға қонымды, сол кездерде көшпелі халықтың тұрмыс жағдайына байланысты пайдаланылған.

–Сіз тіккен қазақ қызының тақиясы ЮНЕСКО-ның жүлделі орын алыпты... 

–Былтыр қазақ қызының үкілі тақиясы ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік қолөнер кеңесінің Сапа белгісі бойынша жүлделі орын алып, «ЮНЕСКО-ның қорғауында болатын болды» деген хабар келгенде шын қуандым. Өйткені қазақтың ұлттық киімі оның брэнді болу керек қой. Мысалы өзбектің ала шапаны дегендей.... Негізі біз   ұлттық киімнің байырғы нұсқасының көбісінен айырылып қалғанбыз. Мысалы, ұлттық мерекелерде ішіне кардон қағаз салынған кимешек киген аналарымызды көргенде тіпті не ойларымды білмеймін. Мен көріп өскен сән-салтанатты, кестеленген, күміс қалып пен маржандар басылған, күміс шекелік орнатылған көздің жауын алатын сәнді кимешектерді кисе қандай жарасар еді, басқа ұлт бір көргенде-ақ қазақтың қолөнері деп айтар еді....

–Қыз баланың бас киіміне тоқталып кетсеңіз....  

–Бес жасқа дейін қазақ баланы нәресте деп ұл-қызға бөлмеген. Ақыл-есі кіргесін үкілі тақия кигізген. "Үкілеп өсірген қызымыз" дегеннің сыры осы. Қазақ нанымында үкі тіл-көзден сақтайды деген сенім бар. Байқасаңыз, қазақ еш уақытта қызын орамалмен тұмшаламаған. Ал ұзатылған кезде сәукеле киіп, тойдан кейін босанғанша желек жамылып жүрген. Тұңғышын босанғаннан кейін енесі «осы елдің анасы болдың» деп өзі дайындаған кимешекті кигізген. Сондықтан кимешек ананың бас киімі деп айталады.   

– Ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз руларының кимешектері қандай болған? Қожа, төре мен төлеңгіттер кимешек киген бе? Қазіргі қазақ әйелдеріне кимешек кигізу мүмкін бе?

Тілек Сұлтан бұл сұрақтарға әр рудың кимешегін көрсетіп, видео түрінде жауап берді. Видео төменде тіркеліп тұр,  қарай отырыңыз.

Ал Тілек Сұлтанның еңбегімен танысамын десеңіз, оның Instagram желісіндегі парақшасы:  sultan_tilek_kz

(Материалды дайындаған Жанар Жанапия)