«Жаңа Қазақстанға» ескі театрлар керек емес

Жұмысқа ала алмайды, себебі, штат жоқ

Олжас Қасым

  • 05.07.2022

Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, қазір Қазақстанда 234 халық театры бар. Аудандарда 166 өнер ошағы болса, облыстарда 68 театр жұмыс істейді.  Аймақтағы театрлардың ең көбі Жамбыл (30), Қызылорда (28), Алматы облыстарына (25) тиесілі. Ақтөбе облысында – 22, Маңғыстау облысында – 20, Қарағанды, Шығыс Қазақстан мен Түркістан облысында 18 театр тіркелген. 


Халық театрлары мейлінше көп орналасқан аймақтың бірі – Алматы облысы.  Қазір аудандарға орталықтан  белгілі мамандар барып, еңбек етіп жатыр.   Актер, сатирик Асқар Наймантаев осыдан екі жыл бұрын Алматы облысының Райымбек және Ұйғыр аудандарынан екі халық театрын ашқан.1950-60 жылдары атағы дүркіреген Нарынқол театры кейін «қысқарып» кеткен.

Қайтадан құрылымдалған өнер ошақтарының қазіргі жағдайы оңып тұрған жоқ. Театр қызметкерлеріне  штат ашылмауы,  мәдениет қызметкерлерінің әлеуметтік мәртебесі, мәдениет бөлімдеріндегі қағазбастылық... тағысын тағы. Наймантаев осы мәселелерді көтеріп, мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринге хат жолдапты.  

Хатта «Хантәңірі» және «Қарадала» театрлары ашылғанымен, үкімет бұл өнер ошақтарын қолдауға  дайын еместігі айтылады. Негізгі түйткіл – штат саны.

«Штат жоқ, ашылғанына екі жыл болса да бір ғана  штат берілді. Театр деген ұжымдық мекеме. Екеуі де аудандық мәдениет үйінен ашылды. Бұрынғы кездей емес, ауылда актер шеберлігін арнайы оқу орнында оқып келген жастар бар. Театр ашылғанда солар алдымен жүгірді. Бірақ, жұмысқа ала алмайды, себебі, штат жоқ! Ол жастар тентіреп «асабалар армиясының» санын көбейтіп жүр. Қашанғы жүреді?» - дейді Асқар Наймантаев.

Наймантаевтың Қаринге хатында осы және өзге мәселелер жазылыпты.«Бұл талаптарымыз үкіметке жетпесе мәдениет министрлігі шеше алмайды. Аудан түгілі облыстың драма театрларына да қауқары жүрмейді», деп Қаринге жіберілген хатта алдын ала ескертілген.

«Ауыл сахналары қазір ақырындап заманауи техникалармен жабдықталып жатыр. Сонымен жұмыс істейтін мамандар жоқ. LED экранды үлкен шаһардың мамандары құрып, қосып-ажыратуын түсіндіріп кетеді. Бүлінсе жөндейтін адам жоқ. Дыбыс студияларын, тіпті видеостудияларды да алған мәдениет үйлері бар. Маман жоқ. Бар маманға штат қарастырылмаған!Тағы бір парадокс – үкімет қыруар қаржыға ауылдың ортасына екі қабат зәулім мәдениет сарайын салып береді, ішінде үш-ақ адам кіріп-шығып жүр. Ауылға, жаңағы зәулім сарайға өзге штат қарастырылмаған. «Еңбекпен қамту» үшін күзетші мен еден сыпырушының 60 мыңын екі адамға бөліп беріп отыр. Сол үш адамдық ұжымнан «платный услуга неге жоқ?! (Ақылы қызмет жоспары) Сендерден бір тиын түскен жоқ!» - деп стол тоқпақтап басшылар отыр. Ол үшеудің біреуі ғана маман болуы мүмкін», - деп жазылған  хатта. 

Солай бола тұрса да  Қаринге кеткен хат Мәдениет және спорт министрлігіне жөнелтілген.  Нақтырақ айтқанда,  Мәдениет комитеті жауап беріпті. «Мен оған шынымды айтсам, ашуландым. Мен жазған фактілерді өзіме қайтадан жазып, олардың айырмашылығы датасын, санын жазған. «Дежурный жауапты» алып, ашуландым да бүктеп қоя салдым. Бұлар бізді әлі ақымақ көреді», - дейді Наймантаев.      

Расында да, министрлік жіберген жауапхатта облыстағы театрлар саны мен  халық театрлары фестивалінің өткені  туралы құрғақ есеп қана берілген. Ал штат жөніндегі жауабы мынадай:

«Жүйелі жұмыстың арқасында бүгінгі күні Халық театрларының  саны 25-ке жеткен. Театрлардың бесеуінде-15, сегізінде-13 штат бірліктері бар. Жаңадан ашылған театрлар жұмыстарын жандандыру мақсатында 28 штат бірлігіне облыстық мәслихатқа Әкімдік тарапынан ұсыныс берілді».

Мұнда бар штат қана, ашылған штат жайлы ештеңе жоқ. Содан бері төрт ай өтіпті. Баяғы жартас, бір жартас. Мәселе сол қалпы мәселе күйінде тұр.  Соңғы кезде аудандық мәдениет бөлімдері қысқарып, оларды аудандық ішкі саясат бөліміне қосып жіберген.

 «Ел аралап жүріп көптеген аудандық әкімшілікте ішкі саясат бөлімі деген аудан әкімінің қол шоқпары, соның қас-қабағын аңдып, баратын жеріне кілем төсеп, болашақта «зам» болуды көксеген уақытша қызмет істеп жүрген кадрларды көргемін. Оның үстіне ішкі саясат бөліміне – мәдениет, спорт, дін істері, кітапхана, мұрағат... осының бәрін үйіп-төгіп бір бөлімге аудара салу дұрыс па? Қазір өнерпаздар «сахнаны емес қағазды ойлайтын болдық», деп зар илей бастады. Бітпейтін фотоотчет, қағаз толтыру. Біздің репетиция, шабыт дегендер жайына қалды деп қиналуда», - дейді Наймантаев. 

Жұмысты  аяқсыз қалдырмайын деген актер екі театр ортасында екі жылдан бері  жаяу-жалпылы, еш ақысыз жүр.

Мәселесі шаш етектен мұндай өнер орталықтары Шығыс Қазақстанда да аз емес.

«Ақсуат мәдениет үйі»КМҚК-ның директоры Шәкен Көпшікбаеваның мәліметінше, Тарбағатай ауданында 5 халық театры жұмыс істейді. Ал аудандағы  Ақсуат, Ақжар, Жаңауыл, Қызылкесік, Көкжыра халық театрларында 200-ге жуық өнерпаз бар.

Шәкен Мәлікқызы бұқараны өнермен сусындатып отырған ауылдағы халық театрларына мемлекеттік қолдау керектігін айтады. Өнерпаздардың штат санын көбейтіп, шығармашылық ұжымдардың үлкен қалаларға шығып, тығыз байланыс орнатуына мүмкіндік жасалғаны керек. Себебі, өз қазанында өзі қайнаған рухани ордалардың ілгерілеуден гөрі іркілісі көп болары анық.  

«Халық театрларындағы өнерпаздардың да көпшілігі кәсіби актер емес , мәдениет саласының мамандары , ұйымдастырушылары, ауылдың басқа кәсіп иелері. Шындығын айтқанда халықтық атағы бар деген осы бес театрдың толық типтік ереже бойынша арнаулы штаттары да мардымсыз. Қойылымдардың костюмдеріне, декороциясына қаржы мүлде қарастырылмаған. Қаржысы аз, хал-жағдайы кісі қызығарлықтай болмаса да, «халық театры» деген атауды өлтірмей келе жатқан осы өнерпаздардың еңбегі еленіп жатқан жоқ. Қазір облыстық көлемде  халық театрларының фестивалі өтпегелі қай заман?!» - дейді Ш.Көпшікбаева.  

Мәдениет және ақпарат министрінің 2007 жылғы 28 наурыздағы №93 бұйрығымен Көркемөнерпаздар ұжымдарына «халықтық» (үлгiлi) атағын беру туралы арнайы Ереже бекітілген. Халық театрларына облыстық халық шығармашылығы орталықтарынан өкілдер  келіп, төрт жылда бір мәрте осы атағын қорғап тұратын. Шығыстағы өнер орындарына  соңғы он жылда ешкім ат ізін салмапты.Күні бүгінге дейін  әр ауыл, ауданда  өнердің отын жағып, жұртшылықты  театр өнерімен тәрбиелеп келе жатқан осы халық театрлары. Атын халықтық деп дабырайтқанмен, қордаланып қалған мәселе  көп.

Жаңа Қазақстанның мәдени өмірі тек үлкен шаһарлардағы театр, музей, мәдениет үйлеріне ғана байланысты емес. Ұлттық  мәдениеттің бесігі – халық театрларына жіті назар аударылуы қажет дейді рухани орталық басшылары. Әзірше халық театрларының мүшкіл халіне бас ауыртатын не идеолог, не министр байқалмайды. «Жаңа Қазақстанға» көнеден келе жатқан халық театрлары керек емес пе?

 

Байланысты жаналықтар

Бұқтырма су қоймасында балықшылар суға батып кетті

18.11.2024

Өскеменде студенттер экологиялық сауаттылығын арттырады

30.10.2024

Елімізде қайтыс болған донордың ағзасы 4 адамның өмірін сақтап қалды

28.10.2024

Бұқтырма су қоймасындағы көпір салтанатты түрде қолданысқа берілді

25.10.2024

Олжас Бектенов Бұқтырма арқылы өтетін еліміздегі ең ұзын көпірді ашты

21.10.2024

ШҚО-да қызметкерлеріне 4 млн теңге жалақы төлемеген кәсіпорын жазаланды

20.10.2024
MalimBlocks
Бұқтырма су қоймасында балықшылар суға батып кетті

Бірі 31-де, екіншісі 38 жаста

Өскеменде студенттер экологиялық сауаттылығын арттырады

«Таза Қазақстан» бағдарламасы бойынша 204 саябақ пен сквер, 323 тарихи-мәдени ескерткіш пен 859 әлеуметтік нысан тазартылды

Елімізде қайтыс болған донордың ағзасы 4 адамның өмірін сақтап қалды

Бұқтырма су қоймасындағы көпір салтанатты түрде қолданысқа берілді

Көпірдің құрылысына елеулі еңбек сіңірген және қолдау көрсеткен азаматтар марапатталды

Олжас Бектенов Бұқтырма арқылы өтетін еліміздегі ең ұзын көпірді ашты

Бұл – маңызды инфрақұрылымдық жоба, әрине, бүкіл еліміздің тұрғындары үшін тарихи нысан

ШҚО-да қызметкерлеріне 4 млн теңге жалақы төлемеген кәсіпорын жазаланды

Ал жалақылары толық берілген