Жидебайға жемқорлық емес, қамқорлық керек     

Бұл жөнсіздікке қатысты адам деп Абай музейінің директоры Тұрдықұл Шаңбайдың аты аталды

Олжас Қасым

  • 26.05.2023

Құрылғанына аз ғана уақыт болған Абай облысында туристерді тартатын тарихи жерлер аз емес. Соның бірі – Абай ауданындағы киелі өңірлер. Абай, Шәкәрім кесенелері, Еңлік-Кебек ескерткіші, Жидебайдағы кемеңгердің мұражай-үйі, Ақшоқыдағы Құнанбай әулетінің қорымына баратын қонақтардың аяғы үзілген емес. 


Шыңғыстау өлкесінің қойыны-қонышы тарихқа тұнып тұр. Абай облысы дербес шаңырақ көтергенде де  ойшылдың туған жері одан әрі құлпырып, гүлдене түседі деп жергілікті жұрт бөркін аспанға атып қуанған болатын. Иә, Семей аймағындағы  тағы бір қастерлі  жердің бірі – Кеңгірбай би кесенесі. Кеңгірбай Жігітекұлы заманында Абылай ханнан, қаз дауысты Қазыбек бидің немересі Тіленші биден бата алған. Шәкәрім Құдайбердіұлының «Еңлік-Кебек» дастанында да Кеңгірбайдың ауызы дуалы, сөзі уәлі тұлға болғаны жазылады.  Елдің ұйытқысы болған абыз атын  жергілікті жұрт  төбесіне тұтып, ерекше ардақтайды.   Оған арнап  19-ғасырда салынған кесене тарихи және мәдениет ескерткіші ретінде Қазақстанның қасиетті жерлерінің тізіміне енген. 

Алайда, солай бола тұра  киелі жерді табыс көзіне айналдырып,  республикалық маңызы бар кешенге иелік еткісі келетіндер туралы жергілікті азаматтар дабыл қағып жатыр. Бидің ұрпақтары   Қанат Мұсабеков пен Төлеубек Нұртазиндер   бұл келеңсіздікке қарсы шығып,   мәселенің алдын алуға үндеп отыр.  Абайлық қоғам белсендісі  Зәуреш Абзалқызы    Кеңгірбай би мазары орналасқан жерді Ақан есімді кәсіпкерге жалға бермек болғанын айтады. Бұл жөнсіздікке қатысты адам деп Абай музейінің директоры Тұрдықұл Шаңбайдың аты аталды.  Жергілікті кәсіпкерге Кеңгірбай би кешенін жалға беруді мақұлдап, қолдау көрсеткен сыртқы күштер бар деген әңгіменің басы қылтиды. 

Би ата мешіті. Сурет ашық дерекөзден алынды 

«Кеңгірбай би мазарына шырақшы болып отырған Абай музейінің жұмысшыларына «Орыныңды босат! Жидебайдағы қызметтік үйге көш!» деп қысым көрсетілген. Қасиетті орынды «жалға беру»  шарасы басталғанда кешен шырақшысы Кеңгірбай би ұрпақтарына хабар берді. Мәселенің дер кезінде айтылғаны үшін музей жұмысшысы, әулиелі жердің шырақшысына алғысымызды да айтамыз. Бірақ, зейнеткер директор Тұрдықұл Шаңбайдың қол астындағы жұмысшысына қысым көрсетуі ол әлі де болса ашық тақырып болып қала береді»,- дейді Зәуреш Абзалқызы.

Жидебайдағы Абай музей үйінің меңгерушісі Нұржан Байтөстің айтуынша, Кеңгірбай би кесенесін көруге келетін туристер саны жылдан жылға көбейіп келе жатыр. Дегенмен, ағылып келген қонақтарды ұялмай қарсы аларлық инфрақұрылым қалыптаспай отыр.   

Кешенге   келетін туристер  Абай айтпақшы «соқтықпалы, соқпақты» жол кешіп, мазасы кетеді.  «Еспе сөзді есіп, көбік сөзді көпіртіп жүрген музей директоры Тұрдықұл Шаңбайдың тағайындалғанына ат төбеліндей 4 жыл болған. Сол аралықта Кеңгірбай би кешенінде атқарылған жұмыс мүлдем жоқ! Кеңгірбай би кесенесіне баратын 7 шақырым жолдың өзі қонақтар үшін бір бейнет. Оны айтқанда жүзіміз қызарып, жүрегіміз ауырып тұрады. Музей басшысы ол туралы ресми хат жолдап, мәселе көтермек түгілі, жақ ашпаған. Кешеннің бояу-сылағын жергілікті жұмысшылар жүргізіп келеді»,- деп ашынады З.Абзалқызы.   

Осы ретте айта кету керек, Нұржан Байтөс қыс пен көктем мезгілдеріне Кеңгірбай би мазарына жолдың мүлдем жабылатынын жеткізді. «Мәдени ескерткішке баратын 7 шақырым жолды қыстың қытымыр уақытында қар басып қалады. Оны үнемі аршып, тазалап отырғанға Жидебай бөлімінде арнайы техника жоқ. Абай, Шәкәрім мемориалдық кешенінің өзін жігіттер қалың қар құрсауынан күрекпен жүріп аршиды. Соңғы жылдары жергілікті жерлердегі жол мекемесінің ауыр техникалары музейдің алды мен Абай ауданының орталығына баратын жолды тегін тазалап беріп жүр. Абай мен Шәкәрімге деген құрметіміз деп көмек қолын созады»,-дейді ол.  

ҚР Мәдениет және Спорт министрлігіне қарайтын  мекеме туристердің сынына да жиі ұшырайды.    Кеңгірбай би кешеніндегі мешіт, қонақ үй, асхана мұның барлығы   ұрпақтары мен демеушілер көмегімен салыныпты. «2020 жылы демеушілік арқылы құдығы да қазылды. Бірақ, соңғы ширек ғасырда музей тарапынан қайта жаңғырту    жұмыстары мүлдем жүргізілмей келеді. Оны да халық көріп отыр. Сонда қаражат қайда жұмсалып жатыр? Қазыналық кәсіпорын немен айналысып отыр? Қорық аймағының көк шалғын шөбі жылда жалға беріліп, шабылады. Оның қаражаты қайда? Музейлердегі кассалардан түсетін қаражат қалай жұмсалады? Мұның бәрі үлкен сұрақ. Жемқорлық бар жерде туризм дамымайды!»,- дейді Зәуреш Абзалқызы.      

Танымдық блог жүргізетін автордың тағы бір мәліметіне жүгінейік.  «Кеңгірбай би кесенесінің алдында келушілер ниеттеніп салатын садақа жәшігі тұр. Оған да қыруар қаражат түсетіндігі туралы ақпарымыз бар. Бірақ, киелі мекеннің дамуына ешқандай қаражат, азғана көңілдің өзі, жүректің көзі түспей келеді. Садақа жәшіктеріндегі қаражат қайда кетті? Музей директорының халықпен кездесуін, шаруашылық жұмыстары (ғылыми емес) бойынша есебін тыңдағымыз келеді».  

Енді шағымданушы азаматтар арнайы қоғамдық комиссия құрғалы отыр. Олар   Мәдениет және Спорт министрлігіне және құзыретті органдарға бұл мәселені тереңінен тексеріп, зерттеп, бақылауға алуды сұрайды.  Облыс әкімі Нұрлан  Ұранхаев аталмыш жағдаяттардан хабардар ма екен?  Әлде  Абай ауданына баруға қолы тимей жатыр ма?   Ал, бұл түйткілге Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби мемориалдық қорық- музейінің директоры Тұрдығұл Шаңбай мырза не дейді?!  Мәдениет және спорт министрлігінен  Абай ауданындағы  тарихи жерлердің ахуалын қайта қарап, шешім шығаруын талап етеміз!   Абай-Шәкәрім мемориалды кешенінде қордаланған проблема аз емес. Ол туралы жеке мақала жазылады.  

Байланысты жаналықтар

Жигулиіне сиырларды тиеп алған адам ұсталды

18.09.2024

Күдікті көш. 1 млрд теңгеден астам қаражат жымқырылған

12.09.2024

Абай облысында 34 жастағы ер адам өз үйінде өртеніп кеткен

26.08.2024

Абай облысында депо басшысы 3 мың тоннадан астам жанармай ұрлаған

22.08.2024

Түркістан қаласына ерекше мәртебе беріледі

30.05.2024

Тағылымы терең өнер байқауы

29.02.2024
MalimBlocks
Жигулиіне сиырларды тиеп алған адам ұсталды

35 жастағы жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Күдікті көш. 1 млрд теңгеден астам қаражат жымқырылған

Мұндай жағдайлар ШҚО, Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Абай және Ұлытау облыстарында анықталды

Абай облысында 34 жастағы ер адам өз үйінде өртеніп кеткен

Өрттің шығу себебі анықталып жатыр

Абай облысында депо басшысы 3 мың тоннадан астам жанармай ұрлаған

920 млн теңгенің дизель отынын заңсыз иемденген

Түркістан қаласына ерекше мәртебе беріледі

Бұл ретте қала аумағында тарихи-мәдени мұра объектілеріне қауіп төндіретін құрылыс, шаруашылық қызметті жүргізуге тыйым салынады.

Тағылымы терең өнер байқауы

«Наурыз мерекесінің алғашқы көрінісі саналатын «Ұрпақтан ұрпаққа» атты бұл байқаудың отбасылық тәрбиеде мәні зор