Жоғалған жанрлар. Әдебиет бағытынан жаңылды
Күрделі жанрда қалам тербейтін жазушылар жоқтың қасы
Қазір қазақ әдебиеті мен журналистика саласында жанрлар жоғалып барады. Жанр біз сөзбен айтқанда, ізденістің көрінісіндей, шығарма атаулының аййнымас темірқазығы, бағдары еді. Басылымдардан репортаж, новелла, очерк бұл-бұл ұшса, әдебиетте поэма, сатиралық фельетон, мысал, породия, памфлет тәрізді жанрлар із-түссіз кеткендей.
Белгілі ақын Асқар Тоқмағамбетовтің "Бидай мен қаңбақ" деген әйгілі мысал өлеңі бар. Сол туындыда жөн-жосықсыз тиіскен қаңбаққа бидай былай деп жауап қатады.
«-Ашып айтсақ дұрысын,
Осы қай жүрісің?
Белгілі тұрағың жоқ,
Бас түгіл құлағың жоқ,
"Уф " десе ұшасың,
"Суф " десе қонасың,
Қаңғырған қаңбақсың,
Кімге тұлға болмақсың ?!". Былай қарағанда ұйқастары жеңіл-желпі болғанымен, мысал жанрының көтерер жүгі ауыр. Өмірде болып жатқан кез келген жайтты, жақсы мен жаманды, достық пен дұшпандықты, бай мен кедейді, жемқорлық пен ашкөздікті тағы басқа көріністерді мысал арқылы мінеп, шенеуге болады. Жоғарыда біз сөз еткен қаңбақтың сипаттамасын қазір де айналамыздан кездестіріп жүрміз. "Уф" десе ұшар, "суф" десе қонар қаңбақтар әлі де арамызда жүр. Әсіресе сайлау кезінде жұртшылыққа өзін салмақты кейіпте көрсетіп, нәтижесінде нағыз "қаңбақ" екенін дәлелдеп бергендерді ел біледі. Кейінгі уақытта осы мысал жанры кенже қалып бара жатыр. Бүгінгі қаламгерлер бұл жанрдың салмағын, астарын сезінбейтін сыңайлы. Оны тақ-тұқ еткен тақпақ ретінде қарап, қалам тартпай жүргендей әсер қалдырады.
Қазіргі таңда сатира жанрлары да оқырман жадынан өшкіндеп, жоғалып бара жатқаны жасырын емес. Кезінде Оспанхан Әубәкіров, Шона Смаханұлы, Мыңбай Рәш, Үмбетбай Уайдин секілді сатира саңлақтары өрісін кеңейткен эпиграмма жанры да екпінінен жаңылғандай.
Шона Смаханұлының эпиграммалары қандай еді?!
Жазушы Хамза Есенжановқа арнаған әзіл өлеңін оқып көрелік.
«Бірінші кітап-"Ақ Жайық",
Екінші кітап- "Ақ Жайық".
Үшінші кітап-" Ақ Жайық",
Жайыққа Жайық қосылып,
Суға кетіп қалмайық»,- дейді. Екі-ақ ауыз өлеңнен том-том кітаптарың су татып бара жатқан жоқ па деген емеурінді байқайсыз. Жып-жинақы, тәтті әзілге оралған ащы сарказм. Әсілінде эпиграмма дегеніңіз осындай болуы керек.
70-80 жылдары бұл жанрды Әбдіраштың Жарасқаны биік белеске көтергені айқын. Тұманбай Молдағалиев, Ғафу Қайырбеков, Өтежан Нұрғалиев, Мұхтар Мағауин, Асқар Сүлейменовтерге арналған эпиграммалары-сөзсіз классика. Кейіннен атаған жанрды Көпен Әмірбек, Ғалым Қалибек, Төреғали Тәшеновтер қадари-халінше жалғастырып жүр.
Алғы буын қаламгерлердің шығармаларын шола қарасақ, Сағи Жиенбаев, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Кеңшілік Мырзабеков, Өтежан Нұрғалиевтердің кезінде поэзияның баллада жанры қарқынды дамыды. Кейін бұл күрделі жанрда қалам тербейтін ақындардың қарасы күрт азайып кетті.
Еуропадан келген балладаны қазақ әдебиетіне ақын Саттар Ерубаев әкелді деген пікір бар. Мазмұнға құрылатын бұл жанрды жоғарыда аталған ақындар барынша түрлендіріп, байыта түсті. Олардың балладаларындағы алуан түсті бояулар, түрлі тағдыр көңілде қалған көп көріністерді оятары жасырын емес. Жуырда Светқали Нұржанның балладалардан құралған жинағы оқырманға жол тартты. Қазіргі кезде Ербол Алшынбай, Айдын Байыс сынды жастар ойлы да терең балладаларымен көрініп жүр. Ақтөбелік ақын Ертай Ашықбаев «... Қай жанрға да лайық қазақтар сол балладаларға кейіпкер де бола алмады» деген өкінішін білдіріпті. Қазір балладаға сұранып тұрған кейіпкерлер бар болса да соны өлеңге айналдыру, қағазға түсіру жағынан әлі де дайындық керек сияқты көрінеді.
Әдебиет әлемінен қалыс қалып бара жатқан жанрдың бірі - күнделік. Жазушы Айгүл Кемелбаева «Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Әзілхан Нұршайықовтар секілді күнделік жазатын қаламгерлер ат төбеліндей азайды. Мемуарлық туындылар бір ғана адамның жан толғанысы емес, тұтас уақыттың жылнамасы еді» деп еске алады. Ғалым Тұрсын Жұртбай «Бейнет сусыны» еңбегінде француз жазушысы Эмиль Золяның шығармаларына «азық» ретінде жеке күнделік ұстағанын, Иван Тургенев тіпті әр кейіпкеріне дербес дәптер ашып, олардың өмірдерегін, киімінің түр-түсін, әдет-салты, сөйлеу мәнеріне дейін қағазға түсіріп отырғанын мысалға келтіреді. Мәселен, еліміздегі кітап дүкендерінде әлемдік жазушы Джефф Киннидің «Тентек балақайдың күнделігі» атты кітабы кең көлемде сатылып жатыр. Автор шығармаларын нарыққа бейімдеген баспалар романды комикс түрінде шығарған. Сапалы суретті әрі шытырман оқиғалы жинақ кішкентай өрендерді қызықтырып ала жөнеледі. Отандық балалар әдебиетін өрістету жолында да осы іспетті күнделіктер жарыққа шығуға тиіс.