Оразбек Сәрсенбаев. Бодықовтың өкінішті өмірі
Бұл мінезі өзіне де талай зиянын тигізді
21 мамыр 1958 жыл
Үйге келсем, Абдулхамидтен хат келіпті, өзі емханадан шығыпты. Анау Оразбек Бодықов деген ағамызды аудандық газет жұмыстан босатып жіберіпті. Абдулхамид досым хатында осы ағамызды біраз әжуалап жазыпты...
О.Бодықовпен мен ертеден таныспын. Әңгімелері газет, журналдарда шығып тұрды. Жақсы жазады. Адам психологиясын ашуға шебер. Өзінің 8 кластық қана білімі бар. Туған-туыстары ерте опат болып кеткендіктен, жасынан «нан табу» жолына түскен. Менің 6-7 жасар кезімде ол «Жансейітке» чечендерге комендант болып жүріп, біздің үйге талай барған. Ол кезде талдырмаш жас жігіт болатын. Мен оған сырттай қызығушы едім.
Бірде өкімет бақылауындағы чечендердің жиналысы өтіп, сонда өзіне қарсы келген бір жігітті Орекеңнің тамақтың астына салып жібергені есімді қалыпты. Ол кез чечендердің Кавказдан «ауып» келген қырқыншы жылдар болатын. Ешкімге мойын ұсынғысы келмейтін. Кішкентай балаларына дейін батыр, өжет. Біз, ауыл балалары, олардан қорқатын едік. Тек біздің Сәруар Баймаханов ешкімнен жасқану дегенді білмеуші еді. Бұл да ерекше қарулы бала. Төбелесте ешкімнен жеңіліп көрген жері жоқ. Сол Сәруар ғана чечен балаларымен тайталасып, жеке келгендерін реті келсе сабап та кететін. Құданың құдіреті, осы Сәруар қазір қой аузынан шөп алмайтын, ақкөңіл, адал, абзал жігіт болды.
Ал О.Бодықов ол кезде чечендердің коменданты еді. Бұл да чечендерге талай зорлық көрсеткен Орекеңнің ең жаман жері. Ақаңмен айырылмас дос. Бұл мінезі өзіне де талай зиянын тигізіп келеді.
Былтыр осы Бодықов ағамыз райисполкомда инструктор болып қызмет істеп жүрді. Орекеңнің бір қолайсыздау әйелі бар-ды. Бізге пәлендей ұнамайтын. Өзі үнемі боянып, таранып жүреді. Оның үстіне ол тумаған, бедеу кісі. Орекеңнің өз айтуынша: осы әйелмен бұрын екі рет ажырасып, екі рет қосылыпты. Биыл О.Бодықов докторға барып көрінсе, доктор оның жүрегінің өте нашар екенін, оның басты себебі – ішімдік екенін ескертсе керек-ті. Орекең бірде дауысы дірілдеп, әрең сөйлеп отырды.
- Бүгін сен ешқайда кетпе!- деп ескерту жасады маған.
- Неге? – деп сұраймын ғой.
- Неге, неге?! Менің артымда жалғыз апам қалып барады. Ендігі бар тілегім – соған пана болып, сыйлай жүр, - дейді. Мен түсіне қоймадым.
Дал болып, сыртқа шықсам, анадайда Темірәлі Әбуов кетіп барады екен. Соны шақырып алып, мән-жайды айттым. Бодықов оқыс бір қимыл жасауға бекінсе, екеуміз соны болдырмауға келістік. «Бұл асылып өлмек екен» деп ойладық. Вокзалға қарай келе жатқанда, Сәрсенбек кездесті. Темірәліні жіберіп, екеуміз қалдық. Вокзалдың ішінде отырып, әр нәрсе айтып, бізге келіп қосылған Бодықовтың көңілін көтеруге тырыстық. Бодықов қоярда-қоймай, вокзал алдына келіп тоқтаған пойыздың ресторанынан бізге сыра сатып алып берді. Содан үшеуміз кері қайттық.
Бодықовтың үйінде ешкім жоқ, есігі құлыптаулы тұр екен. Бұл жай оны тағы ашындырып жібергендей еді. Отырып алып еңіреп жылады-ай келіп. Біз оны жұбатуға тырыстық. Көп ұзамай осы Орекең әйелін төркініне қайтарып жіберіпті деп естідік. Үлкейтілген аудандық газетке қызметке орналасқан екен. Арақты азайтып, бұрынғыдан гөрі түзуірек жүрген. Сол Бодықов ағамыз тағы бүлініпті. Абдулхамидтің жазуынша, біреудің басыбайлы қатынын тартып әкетіп, ауылда зор жанжал болып жатқанға ұқсайды.