Оразбек Сәрсенбаев: «Менің 3 өлеңімді оқып, біреуін де жаратпады...»
Әрине, оның айтқан кейбір ескертпелерінің жаны болғанымен, көбін мойындағаным жоқ
Жазушы Оразбек Сәрсенбаевтың «Өмірнама» атты күнделігіндегі жазбаларды жариялауды жалғастырамыз. Бұған дейін қаламгердің Сәбит Мұқанов, Қуандық Шаңғытбаев, Әбіш Кекілбаев, Оразбек Бодықов сынды тұлғалармен қарым-қатынасы туралы жазбасын ұсынған едік. Бұл жолы жазушы театр қойылымдары жөнінде көзқарасын білдіріп, басқа да әріптестерінің мінез-болмысы жайында айтады.
7 маусым 1958 жыл
Семей театры әкеліп қойған «Майра» пьесасынеа бардық. Содан спектакльден соңғы әсерлерімізді әңгімеледік. Бізбен серіктес келе жатқан жігіттердің пікірлері маған бірден ұнамады. Театрды, әдебиетті сыйлайтын жастарға ұқсамайды екен. Бұл жақта әншейін уақыт өткізіп, қыздармен танысу үшін жүргендері мәлім болды.
10 маусым 1958 жыл
Бәріміз Семей театры қойған «Ревизорды» барып көрдік. Маған әсіресе Хлестаков роліндегі Жаңбырбаевтың ойыны ұнады. Театрда Бақыт, Лина, үшеуміз қатар отырдық.
17 маусым 1958 жыл
Трамвайға отырып, «Қазақ әдебиетіне» - Ізтайға соқтым. «Өлеңдеріңді жақында газетке жібереміз»,- дейді. Одан шығып,«Лениншіл жастың» редакциясына бардым. С.Тоғысбаев өте көңілсіз отыр екен, менің 3 өлеңімді оқып көріп, біреуін де жаратпады. Әрине, оның айтқан кейбір ескертпелерінің жаны болғанымен, көбін мойындағаным жоқ. Өйткені, осы Совхозбек ағай газетке менің суретімді беріп, бір топ өлеңдерімді жіберуге қарсы шығыпты. Сылтауы –мен әлі бірінші курстамын, жаспын, сондықтан дабыра қылу ыңғайсыз ғой депті. Редакциядағы жігіттердің айтуы осылай.
1 шілде 1958 жыл
Абдулхамид екеуміз Алматыға редакцияларды аралауға шықтық. Әрине, мен жол көрсетушімін. «Қазақстан пионеріндегі» Қ.Мырзалиев Абдулхамидтің әңгімесін ауызша мақтаса да, басуға уәде бермеді.
-Балаларға арналған әңгімелердің сюжеті айрықша қызық болуы керек,-деді Қадыр.
-Түсініксіз сөз екен. Балаларға арналған әңгіменің сюжеті жеңіл, балалар ұғымына лайықты болуы керек емес пе? – деп Абдулхамид қырсыға жауап берді.