Елімізде нәресте мен ана өлімі азайған
Былтыр 367 мың әйел сәтті босанған, ал пренаталды скринингпен қамту көрсеткіші - 90 пайыз

Былтыр 367 мың әйел сәтті босанған, ал пренаталды скринингпен қамту көрсеткіші - 90 пайыз, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі.
Үкімет Денсаулық сақтау министрлігі арқылы аналар мен жаңа туған нәрестелерге медициналық көмек көрсету сапасын арттыруға бағытталған шаралар кешенін жүзеге асырып келеді.
Жаңа медициналық технологияларды енгізу және хаттамаларды жетілдіру неонаталды өлім-жітімді 19%-ға төмендетуге, сондай-ақ кейінгі 10 жылда нәрестелердің шетінеп кетуін 8,3%-ға және ана өлімін 12%-ға азайтуға мүмкіндік берді. Туа біткен ақауларды ерте анықтау үлесі 10%-ға өсті.
Генетикалық аурулар мен туа біткен ақауларды ерте анықтау мақсатында 15 перинаталды орталықта «Бір күндік клиникалар» ашылды. Бүгінгі таңда 50 мыңнан астам жүкті әйел тексеруден өтті. Нәтижесінде, 7 мыңнан астам әйелде ұрықтың дамуындағы ақаулар анықталды. Перинаталды орталықтар базасында «Ұрық медицинасы» жобасы да жүзеге асырылып келеді, оның шеңберінде 37 жатырішілік ота жасалды.
Жастар мен бала тууға қабілетті жастағы әйелдердің репродуктивті денсаулығын сақтау мақсатында арнайы іске қосылған «Аналар саулығы» бағдарламасы шеңберінде жүктілікті жоспарлаған әрбір әйел денсаулық жағдайын анықтау үшін медициналық тексеруден өтуіне мүмкіндік жасалды. Акушерлік-гинекологиялық көмектің 25 клиникалық хаттамасы өзектендірілді.
Акушерлік салада инновациялық технологиялардың үш түрі енгізілді. Мамандардың біліктілігін арттыру шеңберінде 2 мыңнан астам акушер-гинеколог, 400 реаниматолог оқытылды және 100 үйлестіруші даярланды.
Босандыру және ана мен балаға көрсетілер қызметті дамытумен қатар, мемлекеттің жүйелі күш-жігері амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жетілдіруге бағытталған.
Денсаулық сақтау министрлігі халықтың сапалы және қауіпсіз дәрілік заттарға үздіксіз қол жеткізуі үшін бірқатар қадам қабылдады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 2,9 млн науқас тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Дәрі-дәрмектерді тиімді пайдалану үшін стационарларда 78 госпитальдық фармация бөлімшесі ашылды. Препараттарды қабылдауды дербестендірілген есепке алудың жаңа әдістемесі енгізілді.
Дәрі-дәрмектердің шекті бағалары мен үстемелерін реттеу ережелеріне өзгерістер енгізілді, бұл амбулаториялық қамтамасыз ету шеңберінде де, бөлшек дәріхана желісінде де дәрілік заттардың құнын төмендетуге мүмкіндік берді.
Фото: pixabay.com