457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Қазақстанда 1 000-нан астам адам бүйрек обырына шалдыққан

11-15 тамыз аралығында елімізде бүйрек обыры туралы хабардарлықты арттыру апталығы өтіп жатыр. Апта аясында медициналық мекемелерде білім беру және ақпараттық іс-шаралар ұйымдастырылуда.


Қыркүйек айының 22-31 күндері Қазақстанның барлық онкологиялық мекемелері мен емханаларында Ашық есік күндері өтеді. Нақты күндер туралы ақпарат онкология орталықтарының ресми сайттары мен әлеуметтік желілерінде жарияланады.

Апта шеңберінде Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының мамандары сегіз өңірде лапароскопиялық ағзаны сақтау хирургиясы бойынша мастер-кластар, дәрігерлерге арналған оқыту семинарлары, пациенттерге арналған консультациялар, сондай-ақ аурудың алдын алу және емдеу бойынша халықпен кездесулер өткізді. Әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы бүйрек обыры және оның профилактикасы туралы 60-қа жуық ағарту материалы жарияланды.

ҚазОРҒЗИ деректеріне сәйкес, бүйрек обыры онкологиялық аурулардың сирек кездесетін, бірақ ауыр түріне жатады. 2024 жылы сырқаттанушылық деңгейі 100 мың тұрғынға шаққанда 7,6-ны құрап, онкологиялық аурулар құрылымында сегізінші орында болды. 2025 жылдың алғашқы жеті айында 1009 адамға алғаш рет осындай диагноз қойылған.

Еліміздің онкология орталықтарында ТМККК аясында жыл сайын бүйрек онкопатологиясы бар екі мыңнан астам науқас тексеріліп, ем алады. Оның ішінде 500-ден астамы хирургиялық операциядан өтеді. Күрделі жағдайлар Қазақ онкология институтында емделеді, онда жоғары дәлдіктегі диагностикалық зерттеулер, ағза сақтайтын және роботтандырылған операциялар, дәрілік, таргеттік және иммунотерапия халықаралық стандарттар бойынша жүргізіледі.

«Ауруды ерте кезеңде анықтау сәтті емдеу мүмкіндігін айтарлықтай арттырады. Ол үшін барлық онкология орталықтары мен көпбейінді клиникаларда қолжетімді ультрадыбыстық, компьютерлік томография және зертханалық зерттеулер жүргізіледі. Диагноз қойылғаннан кейін иммуногистохимиялық және молекулалық-генетикалық тестілеу жасалып, емдеу тәсілі мен болжам айқындалады», – деді Қазақ онкология институтының хирургі, онкоуролог дәрігер Хусан Тәліпбайұлы.

Оның айтуынша, бүйрек обырының қауіп факторларына темекі шегу, семіздік, артериялық гипертензия, тұқым қуалайтын түрлері және созылмалы бүйрек аурулары жатады. Дәрігер салауатты өмір салтын ұстануды, теңдестірілген тамақтануды, физикалық белсенділікті сақтауды, салмақты бақылауды, сондай-ақ несептегі қан, бел ауруы немесе күрт салмақ жоғалту сияқты белгілер пайда болған жағдайда дереу дәрігерге қаралуды ұсынады.

Фото: ДСМ