Қазақстандық банктердегі депозит иелері салымдарды автопролонгациялау функциясы кесірінен пайыздан түсетін пайданың бір бөлігін жоғалтып алу қаупі бар, деп хабарлайды Malim.kz Tengrinews.kz пен Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына (ҚДКБҚ) сілтеме жасап.
Автопролонгация қалай жұмыс істейді?
Автопролонгация – шартта қарастырылған депозитіңіздің банкке баруды қажет етпестен автоматты түрде жаңа мерзімге ұзартылуы. Бірақ мұнда шарт талаптарына байланысты маңызды мәселелер бар.
Салым мерзімі аяқталғаннан кейін оқиға екі сценарий бойынша өрбуі мүмкін:
Салым дәл сол мерзімге, бірақ өзекті пайызбен ұзартылады. Банк мерзімді бұрынғыша қалдырады (мысалы, тағы бір жылға), бірақ қазіргі уақытта банкте қолданыста бар пайыздық мөлшерлемені белгілейді. Бұл жаңа мөлшерлеме бұрынғыдан жоғары да, төмен де болуы мүмкін – екінші жағдайда сіз әлеуетті пайданың бір бөлігінен айырыласыз.
Салым аз пайызбен (жылдық шамамен 0,1 пайыз) ұзартылады. Ақша "талап етілмелі" салым санатына ауысады. Егер шартта автоматты түрде ұзарту мүлдем қарастырылмаған болса немесе сіз қолжетімді автоұзартулардың максималды лимитін тауыссаңыз, осындай жағдай болады.
Мұндайда ҚДКБҚ өз шартыңызды алдын ала мұқият зерделеуге кеңес береді. Үш нәрсені тексеріңіз: автопролонгацияның бар-жоғы жазылған ба, шартты неше рет автоматты түрде ұзартуға болады және ұзартылғаннан кейін сыйақы пайызы өзгеруі мүмкін бе.
Тәуекел қаншалықты жоғары?
2026 жылдың сәуірінде ұзартылған теңгелік депозиттердің төрттен үш бөлігіне жуығы (73 пайызы) бұрынғы мөлшерлемесін сақтап қалды. Әрбір төртінші (27 пайызы) салымның мөлшерлеме бойынша шарттары өзгерген.
Бұл ретте, ҚДКБҚ деректері бойынша, кейбір жағдайда жаңа депозит ашқан тиімдірек болған.
"Мысалы, толықтыру құқығы бар 6 айлық жинақ салымдары бойынша ұзарту кезіндегі орташа алынған мөлшерлеме жылдық 18 пайызды құраса, жаңа салымдарды тарту кезінде жылдық 20 пайыз болды. Бұл салымды қайта ашқандағы көрсеткіштен 2 пайыздық тармаққа төмен", – деп мысал келтірді қордағылар.
Алайда қордағылар салымды ұзартқаннан кейін, егер банк бұл депозитті жаңа клиенттерге ұсынбайтын болса, мөлшерлеме төмен болуы мүмкін екенін ескертті. Мұндай жағдайда салымшыларға бұрынғы салымды жауып, банктің қолданыстағы өнімдер желісінен жаңасын ашуға кеңес беріледі.
Депозит бойынша табысты қалай жоғалтпауға болады?
Қазіргі уақытта қазақстандық банктер 3-6 ай мерзімге жылдық 20-20,5 пайызға дейінгі мөлшерлемемен жинақ және мерзімді депозиттерді ұсынып отыр.
Егер сіз ақшаңызды салым мерзімі аяқталған бойда алып алуды жоспарласаңыз, автопролонгацияның қосылған-қосылмағанын алдын ала тексерген жөн. Қажет болған жағдайда оны мобильді қосымша арқылы немесе банк бөлімшесінде алдын ала өшіріп тастаған дұрыс.
Сарапшылар ескертеді: егер жинақ салымы жаңа мерзімге автоматты түрде ұзартылса, оны мерзімінен бұрын жапқан кезде ақшаны бірден алу мүмкін болмайды. Бұл жағдайда төлемді кем дегенде 30 күн күтуге тура келеді.
Қазір жеке жинақтарды қайта қарастыратын уақыт па?
Сарапшылар пікірінше, қазір жинақтарды қайта қарастыру үшін қолайлы сәт. Кейінгі бір жылда теңгелік депозиттер ақшаны инфляциядан сақтап қана қоймай, одан артық табыс табуға да мүмкіндік берді.
"Осыдан бір жыл бұрын орташа нарықтық мөлшерлемемен орналастырылған теңгедегі мерзімсіз депозит инфляциядан тыс 4,8 пайыз табыс берді. Ең жоғары нақты табысты 3–6 айлық мерзімді және жинақ салымдары беріп, одан кейін ағымдағы нарықтық мөлшерлемемен сауатты ұзарту арқылы жылына орташа есеппен 18,5 пайыз немесе ағымдағы инфляциядан 8,1 пайыз артық табыс әкелді", – деп атап өтті ҚДКБҚ.
Уақыт өте келе депозиттер бойынша мөлшерлемелер төмендеуі мүмкін. Сондықтан қазір салым ашу немесе барын толықтыру тиімді – осылайша ағымдағы пайызды бірнеше айға немесе бір жыл алға бекітіп қоюға болады. Бұл кейін банктер төменірек мөлшерлемелер ұсына бастаса да, тұрақты табыс алуға мүмкіндік береді.
Бірақ:
"Мәселен, 2 жылға және одан да көп мерзімге арналған ұзақ мерзімді салымдар ерекшелік болуы мүмкін. Қазақстан Ұлттық банкінің инфляция бойынша нысаналы көрсеткіші орта мерзімді перспективада 5 пайыз. Егер ұзақ мерзімді депозит бойынша мөлшерлеме осы мәнге жақын болса, нақты табыстылық кезең соңында да төмен болуы мүмкін", – деп түсіндірді қордағылар.
Мәселе мынада, қазір банктер негізінен қысқа мерзімді салымдар арқылы клиенттер үшін бәсекелесіп жатыр. Ал ұзақ мерзімді жинақтарды тиімді басқару үшін салымшыларға шарттарды мұқият таңдап, мөлшерлемелерді белсенді бақылауға тура келеді.
Бұған дейін Қазақстандағы депозиттер нарығы өсуін жалғастырып жатқанын жазған болатынбыз. Халықтың салымдары 28 триллион теңгеге жетіп, кейбір депозиттер бойынша мөлшерлеме жылдық 20 пайызға жуықтады.