Астанада қоқыс жәшігі белгіленген цифрлық карта жасалды

Астанада қоқыс шығару мен қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесі цифрландырылды, - деп хабарлайды malim.kz тілшісі.
Бұл шаралар қала тұрғындарынан түсетін шағымдардың санын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берді.
Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының мәліметінше, 2024 жылдың ортасында қаладағы қоқыс шығару шарттары қайта қаралған. WM "Waste Management" атты арнайы бағдарламалық жасақтама арқылы қаланың барлық қоқыс жәшігі белгіленген цифрлық карта жасалды. Сонымен қатар, әрбір қоқыс таситын көлікке орнатылған GPS навигаторлардың көмегімен техниканың қозғалысы нақты уақыт режимінде бақыланады және жиналған қалдық көлемі есепке алынады. Қоқыс шығару әрбір жекелеген қоқыс алаңы бойынша бақыланады.
"Жүйе қызмет көрсету сапасын бақылауға мүмкіндік береді және қалдықтарды тиімді басқаруға арналған талдамалық деректерді қалыптастырады. Бұдан былай компаниялар атқарылмаған жұмыстарды жасыра алмайды. Бұған дейін мердігерлер мен қоқыс шығарушы ұйымдар деректерді қағаз жүзінде ұсынатын. Қазір барлық процесс цифрлық форматта көрсетіледі: қай уақытта, қай маршрутпен, қанша көлемде қоқыс шығарылғанын дәл біле аламыз. Жұмыстың 85%-ы аяқталды, енді қоқыс полигонына цифрлық құралдарды енгізу ғана қалды – яғни өлшеу құрылғыларын орнату. Бұл жұмыстар жақын арада аяқталады", – деді басқарма басшысы Даулет Доскулов.
Оның айтуынша, процесті цифрландыру көпқабатты үйлердің тұрғындарынан түсетін шағымдарды азайтып қана қоймай, қызметті пайдаланатын, бірақ тіркелмеген тұтынушыларды қамту көрсеткішін 67%-дан 75%-ға дейін арттырған. Сонымен қатар, коммуналдық қалдықтардың көлемі бойынша объектив талдау жүргізіліп жатыр, бұл өз кезегінде қаланың инфрақұрылымын жоспарлауды жақсартуға көмектеседі.
"Цифрландыру жұмыстары толығымен қоқыс шығаратын компаниялардың есебінен жүргізілуде. Қоқысты уақытылы шығару мәселесінің шешілуіне үш жаңа компанияның қосылуы да әсер етті. Бұған дейін қаланы тек бір ғана компания қамтыған. Санитарлық талаптарға сәйкес, қоқыс күн сайын, тәулігіне кемінде бір рет шығарылуға тиіс. Қазір бір ауысымда 60-тан астам көлік рейске шығады", – деді спикер.
Қала мәслихатымен бірлесіп құрылыс қалдықтарын басқару ережелері де бекітілді. Олардың шығарылуы мен көмілуін бақылауға арналған цифрлық платформа дайындалған. Осындай жүйелерді медициналық және қауіпті қалдықтарға да енгізу жоспарланып отыр.
Фото: Астана әкімдігі
Байланысты жаналықтар
MalimBlocks
