Дем алу мүмкін емес, Өскеменде емханаға баратын адамдар 11 пайызға көбейген

Адамдар жүрек айнуына, тамақ пен бас ауруына шағымданып жатыр

Malim Админ

  • 29.11.2024

Қараша басталғалы Өскемен тұрғындары ауа сапасының күрт нашарлап кеткеніне қайта-қайта шағымданып жатыр. Ал соңғы күндері қаланы қою түтін  тұмшалап алған.

Тіпті алғаш рет экологиялық жағдайға байланысты оқушылар онлайн форматқа ауыстырылды. Kazinform тілшісі экологтармен, дәрігерлермен, тұрғындармен және билік өкілдерімен тілдесіп, қалада ауа сапасының неліктен бұзылғанын және мәселені шешу үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын біліп көрді.

«ҚМЖ деген не?» деп өскемендіктерден сұраудың қажеті жоқ. Себебі жиі болатын қолайсыз метеорологиялық жағдайды кез келгені мектептегі үздік оқушыдай жатқа соғады. Соған байланысты қалада ҚМЖ кезіндегі іс-әрекет алгоритмі әзірленіп те қойған. Терезені ашпаңыз, көшеге шықпауға тырысыңыз, ал балалардың дене шынықтыру пәні мен басқа да түрлі шаралары ашық ауада өткізілмейді. Себебі жел соқпағандықтан өнеркәсіп кәсіпорындарының, көліктердің, қазандықтар мен пештердің зиянды шығарындылары ауада қалып қояды.

«Антициклон ауа қозғалысын бөгеп тастаған кезде біз климаттық тұзаққа тап боламыз. Бұған таулы рельефті, тымық күн мен инверсияны қосыңыз. Инверсия дегеніміз - ауаның жылы қабаты суық ауаны бітеп, ауа массаларының қосылуына жол бермеуі. Осының салдарынан барлық ластаушы газдар қала ішінде тұрып қалады. Күз бен қыс айларында ҚМЖ жиі болады. Ал оның ұзақтығы айына 5-тен 14 күнге дейін созылады», - дейді «Қазгидромет» РМК метеорологиялық болжау бөлімінің басшысы Любовь Бухтоярова.

Демек, жергілікті халық жарты ай бойы тұншығуға мәжбүр болып келеді. Бірақ кеше жұрттың сабыры сарқылып, жағдай ушығып кетті. Әлеуметтік желіде Өскеменді қою түтін тұмшалап алғаны көрінетін видеолар қарша борады. Тіпті ауаны қолмен ұстауға болады. Соншалықты тығыз. Бұндайда көлік жүргізу қауіпті. Себебі жол көрінбейді. Ал әуежайда таңғы рейстер кейінге шегерілді. Қалаға басқа аймақтардан келетін ұшақтарды да қонғызбады.

Осы айда емханаларға баратын халық саны 11 пайызға артып кеткен. Адамдар жүрек айнуына, тамақ пен бас ауруына шағымданып жатыр. Сарапшылар бұған ауаның ластануы себеп болып отырғанын айтуда.

- Бұл жай тұман емес. Себебі дем алу мүмкін болмай қалды. Далада сәл жүрсек жөтеліп, тамағымыз ауырып, көзіміз жасаурап шыға келеді. Түтін үйге де кіріп кетеді, - дейді өскемендіктер.

Дегенмен, химиялық заттардың әсеріне қатысты қойылып жатқан диагноз жоқ. Денсаулық сақтау басқармасы биылғы респираторлық аурулар бойынша статистикаға талдау жасады.

- 2024 жылдың 9 айындағы мәлімет бойынша, Өскеменде жоғарғы тыныс жолдарының патологиясы бар 72 мыңнан астам науқас емделген. Аурулардың халықаралық классификациясында «тамақтың химиялық күйігі» диагнозы жоқ, - деп хабарлады басқармадан.

Дәрігерлерге классификацияның жоқтығы «тамақтың химиялық күйігі» диагнозын қоюға мүмкіндік бермей, қолбайлау болып тұр. Әйтпесе бір жылдан астам уақыт бұрын министрлік бұйрық шығарып, осындай диагноз қоюға рұқсат етілген. Дәрігерлер аурудың себебін қалай анықтау керектігін білмейді. Яғни, науқасқа суық тиді ме, әлде ҚМЖ-дан ауырды ма, айыра алмайды.

- ҚМЖ кезінде тұрғындарға далаға көп шықпауға, ашық ауада физикалық белсенділіктен бас тартуға және маска киіп жүруге кеңес беріледі. Сондай-ақ майлы тағамдарды көптеп жеп, тамағыңызды шөптен жасалған қайнатпалармен жиі шайыңыз, - деп кеңес берген облыстың бас терапевті Михаил Бугаицов басқа пікір айта алмады.

Осы ретте, халық арасында да өз білгенімен бөліскісі келгендер бар.

- Біз ҚМЖ күндері балалармен тек бал, лимон қосылған шай ішеміз. Қара зере майы да көп көмектеседі. Ауа дымқылдатқышты сатып алғанбыз. Соның арқасында үйде еркіндеу дем алуға болады, - дейді Согра шағын ауданының тұрғыны Айжан Сәрсенова.

Тәуелсіз сарапшылар бұл мәселеде ресми ведомстволардың берген мәліметтері жеткіліксіз деп санайды. Ауадағы ластаушы заттарды анықтауда олқылықтар да бар көрінеді.

- Ашығын айтқанда, қазір біздің ауада не барын да білмейміз. «Қазгидромет» станциялары 10-нан аз химиялық заттарды талдайтын қытайлық сенсорлармен жабдықталған. Бұл ең арзан құрылғылар болғандықтан олардың дәлдігі күмәнді. Сонымен қатар экология департаменті белгілі бір жерлерге ғана барып, сондағы ауаны бір рет тексереді. Бұл шөмеле шөптен ине іздеумен пара-пар. Сондықтан олар «шекті рұқсат етілген концентрациядан асып кету фактісі анықталған жоқ» дей береді. Ал шын мәнінде бұл газдардың барлығы араласып, жаңа қосылындылар тудырады. Бұны ешкім бақылап отырған жоқ, - дейді Экологиялық қауіпсіздік орталығының директоры Дәулет Асанов.

«Қазгидромет» РМК ШҚО филиалы басшысының айтуынша, Өскеменде қолайсыз ауа райы қараша айының соңына дейін сақталады.

Фото: buqara.kz

Байланысты жаналықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев кеңесшісі Зүлфия Сүлейменованы қабылдады

29.11.2024

Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар қызметінен кетті

28.11.2024

Маралдыда алтын өңдеу фабрикасы іске қосылды

26.11.2024

Бұқтырма су қоймасында балықшылар суға батып кетті

18.11.2024

«Ұзақ ауырдым»: Айнұр Тұрсынбаеваның денсаулығы сыр берді

15.11.2024

Каспий теңізінде мыңға тарта итбалық қырылып қалған

11.11.2024
MalimBlocks
Қасым-Жомарт Тоқаев кеңесшісі Зүлфия Сүлейменованы қабылдады

Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар қызметінен кетті

Жақсылық Омар Өскемен қаласының әкімі лауазымына 2018 жылдың тамыз айында тағайындалған

Маралдыда алтын өңдеу фабрикасы іске қосылды

Бұқтырма су қоймасында балықшылар суға батып кетті

Бірі 31-де, екіншісі 38 жаста

«Ұзақ ауырдым»: Айнұр Тұрсынбаеваның денсаулығы сыр берді

Тұрсынбаева осы жолы қатты ауырып жатқанын атап өтті

Каспий теңізінде мыңға тарта итбалық қырылып қалған

Кешеден бері Ақтаудағы демалыс базаларынан бастап Құрық портына дейінгі аралықтан тағы 115 итбалықтың өлексесі жиналған