Келес өзеніне кәріз суы құйылған
Аудандағы лас су құйылатын тоған арнасы бұзылған

Әлеуметтік желіде Сарыағаш ауданының аумағынан өтетін Келес өзеніне санаторийлерден шығатын кәріз суы құйылып жатқаны жайлы ақпарат тарады. Бұл туралы kaz.inform.kz агенттігіне сілтеме жасап Malim.kz хабарлайды.
Айбек Смайлов есімді қоғам белсендісі түсірген кадрлардан сасық судың жылға болып ағып жатқанын көруге болады.
Бір басы тоғанға түсіп жатса, енді бір жағы өзенге құйылған.
Сарыағаш ауданының әкімдігі буландырғыш тоған арнасы бұзылғандықтан болған ақау дер кезінде қалпына келтірілгенін жеткізді.
Көктерек кентіндігі кәріз жүйелерін теңгерімде ұстап, қызмет көрсететін — «Сарыағаш Тұрмыс» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны. Кәріз тазалау кешенінен шыққан кәріз суы буландырғыш тоғанға құйылады. Жауын-шашын әсерінен тоған арнасы бұзылып, Келес өзеніне қарай бағытталған. Бүгінгі таңда «Сарыағаш Тұрмыс» мамандары дер кезінде тиісті техниканы жұмылдырып, тоған арнасын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Кәріз суының ағыны толыққанды тоқтатылды және көлшік жағалауы инертті материалдар көмегімен 2 метр биіктікке көтерілді. Бүгінгі күні кәріз суы тоған арнасынан көтеріліп жатқан жоқ, ақау қалпына келтірілді, - делінген Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Мұрат Байғабылов ұсынған ақпаратта.
Фото: видеодан алынған кадр