Атырау облысындағы Жайық өзенінің суы жасыл болып кетті

Атырау облысы Махамбет ауданына қарасты Чкалов ауылында 1 қыркүйек күні Жайық өзенінің суы жасыл түске енді, деп хабарлайды Malim.kz.
Ауыл тұрғындары өзен суының түсі өзгергенін байқап, бейнежазбаны әлеуметтік желіге жүктеді. Бұл жағдай көпшіліктің алаңдаушылығын туғызды.
Желі қолданушылары түрлі болжам жасады: біреулер судың жасылдануын балдырлардың көбеюімен байланыстырса, енді біреулер мүмкін болатын ластанудан күдіктенді. Көпшілік экологиялық ахуалға алаңдап, жауапты органдардан түсініктеме талап етті.
Экология департаменті мамандары оқиға орнына барып, судың түсінің өзгеруіне табиғи балдырлардың гүлденуі себеп болғанын анықтады.
Жайық өзеніндегі судың түсінің өзгеруіне байланысты тұрғындардың алаңдаушылығын түсінеміз. Экология департаментінің мәліметінше, тіркелген жағдай табиғи балдырлардың көбеюімен байланысты және техногендік ластануға қатысы жоқ. Мамандар халықтың денсаулығына және экожүйеге қауіп төнбеуі үшін бақылауды жалғастырып жатыр. Тексеру қорытындысы жұртшылыққа жарияланады, – деді Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев.
Фото: видеодан кадр

Ең көп оқылған
