Агроөнеркәсіпті қаржыландыру көлемі артады
Ел көлемінде тұқым шаруашылығын дамыту өзекті мәселе

Президент Қ.Тоқаев тікелей субсидиялаудан жеңілдетілген кредит беруге көшу арқылы агроөнеркәсіп мамандарына қаржы беруді ұлғайту межесін қойғаны белгілі. Келер жылы кәсіпте жүрген азаматтар арзандатылған кредит алу мүмкіндігін қолданады. Оны қаржы институттары жүргізбек. Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялау жұмыстарын толықтай іске асырмақ. Демек, диқандар, шаруалар субсидия ресімдеген кезде көлденең кедергілерге кезікпейді, әуре-сарсаңға түспейді.
Алдағы жыл мұғдарында қаржыландыру көрсеткішін өсіріп, 700 миллиард теңгеге дейін ұлғайту көзделген. Жұмыстың алғышарттары қазірден басталып кетті. Премьер-Министрдің пікірінше, жыл соңында агор саладағы мамандардың есепшотына 2025 жылға арналған алғашқы қаражат түсе бастайды.
Алда тұрған айрықша мәселе – агроөнеркәсіп техникасын жеңілдікпен сатып алу. Осы мақсатта қаржыландыру жұмыстары жүргізілмек.
Үкімет сондай-ақ, екі мыңнан асатын кәсіпкерге қолданыстағы паркті жаңғыртуға жол ашып отыр. Ауылшаруашылық мамандары 19 мың қажетті техникасын сатып алған. 5 пайызы жаңартылды. 2025 жылға дейін 5,5 пайызға, келер жылы 6,5 процентке арттыру көзделген. Елдегі нарықтың сқранысын негізге алып, агро техникаларды жасайтын отандық компаниялардың қуатын арттырылмақ.
Осы жылы наурыз айында отандық тыңайтқыштар көптеп сатып алынды. Бұл жұмыстар аванстық субсидиялау бойыншы іске асты. Астық жинау жұмыстарын мемлекет тарапынан қолдаудың нәтижесінде биыл алқаптарға 1,2 миллион тонна тыңайтқыш себілген. Бұл былтырмен салыстыра қарағанда екі есе артық. Президенттің жерлердің тозуының алдын алу туралы тапсырмасы ескерілді. Аймақтарда келесі жылдары 1,9 миллион тоннаға дейін тыңайтқыш себілгелі отыр.
Ел көлемінде тұқым шаруашылығын дамыту өзекті мәселе. Ендігі кезекте бау-бақша дақылдары, жеміс-көкөністерге шет елдерден алынатын тұқым азайтылуға тиісті. Бұл мәселемен Ауыл шаруашылығы министрлігі айналысады. Әсіресе тұқым және селекция шаруашылығын дамытуға мән берілмек. Өз елімізде тұқым өндірушілерге кең көлемде қаржы беру тетігі қайта қаралады.
Тағы бір шешімін табатын жағдай - өнімді қайта өңдеу және экспорттау. Ауыл шаруашылығы министрлігі статистикасына сенсек, биылғы жиналған астық аз дегенде 20 миллион тоннаға жетуге тиіс. Атап айтсақ, Орта Азия, Қытай, Ауғанстан және Иран, ЕО елдері, Солтүстік Африка, Оңтүстік-Шығыс Азияға астығымызды экспорттау жайы қаралады. Жауапты міндет Сауда және интеграция министрлігі мен «Атамекен» палатасына жүктеліп отыр.
Мемлекет берген қаржының орынсыз жұмсалуын болдырмау үшін келер жылы республика көлемінде ауыл шаруашылығы санағы өтеді. Мал басы, қанша техника бар, жер телімдері жеткілікті ме, инфрақұрылым сапалы ма, осы сұрақтарға ауқымды санақтан соң жауап табатын боламыз.
Фото: qazaqstan.tv